"Шамасы жеткендер үйленсін"
"Шамасы жеткендер үйленсін"
8 жыл бұрын 4858
Асқар Болатбекұлы

يَا مَعْشَرَ الشَّبَابِ مَنِ اسْتَطَاعَ مِنْكُمْ الْبَاءَةَ فَلْيَتَزَوَّجْ فَإِنَّهُ أَغَضُّ لِلْبَصَرِ وَ أَحْسَنُ لِلْفَرْجِ وَ مَنْ لَمْ يَسْتَطِعْ فَعَلَيْهِ بِالصَّوْمِ فَإِنَّهُ لَهُ وِجَاءٌ

Уа, жастар қауымы! Араларыңдағы үйленуге шамасы жететіндер уақыт оздырмай үйленсін. Өйткені, үйлену көзді һәм абиырды харамнан сақтаудың бірден бір жолы. Ал үйленуге шамасы жетпейтіндер ораза ұстасын. Өйткені, ораза нәпсіқұмарлықты пышақ кескендей тыяды.

(Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) жеткізген. Бұхари, Никах 10. Мүслим, Никах 1. Әбу Дәуіт, Никах 1. Тирмизи, Никах 1. Нәсәи, Сыям 43)

 

Хадиске түсіндірме

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл хадисте жастарға арнайы үн қатып, үйленіп, отау құрудың ең басты хикметтерінің бірі – көз бен абиырды харамнан тыю екенін айтуда.

Әсілі, көз бен абиырды харамнан тыю арлылықтың басты шарты. Ал арлылық адамгершіліктің бастауы. Өйткені, ардан безген жан адамгершіліктен де қалады. Міне, сондықтан да, атам қазақ «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп, осынау асқақ ұғым, асыл қасиетті бәрінен де жоғары қойған.   

Ендеше, дінімізде ер мен әйелдің Алла алдындағы ақ некемен көңіл қосуындағы басты мақсаттың бірі – табиғи қажеттіліктен туындайтын тән құмарын тояттандырудан бұрын, арды кіршіксіз, пәк күйінде сақтау болып табылады.

«Жалғыздық Аллаға ғана жарасады», демекші, Хақ Тағала Құранда осынау қасиетті салттың Өзінің құдіреті күшті жалғыз Жаратушы екенін көрсететін бірден-бір айғақ екенін білдіріп, былай деген: «Сондай-ақ, Оның (құдіретінің шексіздігін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – бауыр басып, жандарың жай тапсын деп, сендер үшін өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік һәм мейірім сезімін ұялатқандығы. Міне, осыда ақылға салып, ойланатын қауым үшін анық дәлелдер мен талай ғибрат бар»[1].

Иә, Алла Тағала ер мен әйелді адал жолмен көңіл қоссын, бір-біріне бауыр басып, жандары жай тапсын, сондай-ақ ер де, әйел де адал некемен жұптасу арқылы харамға көз тігу, зина жасау сынды арсыздық атаулыдан іргесін аулақ салсын һәм дүниеге нәсілін жалғайтын текті ұрпақ әкелсін деп жаратты. Осыған орай, бірде пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларына: «Жақсылыққа бұйыру – садақа,  жамандықтан тыю да садақа. Тіпті, әрбіреуіңнің өз әйелімен жақындасуы да садақа болады», – дегенде, олар (таңырқап): «Уа, Алланың елшісі! Ерлі-зайыптылардың жұптасуына да сауап жазыла ма?» – деп сұрады. Сонда РасулАлла (с.а.у.) оларға: «Егер ол некесіз жақындыққа барса, күнә арқаламайтын ба еді?! Міне, сондықтан ол өз некелісімен жұптасып, харамға бармағаны үшін әлбетте сауап алады», – деп жауап берген екен[2]. Сондай-ақ ол: «Көңілдеріңе ұнамды, құрсақ көтеруге қабілетті әйелдермен үйленіңдер»[3], әрі «Үйленіңдер, өсіп-өніңдер, өйткені, мен қиямет күні басқа үмбеттердің алдында сандарыңның көптігімен мақтанамын»[4], – деп, үмбетін адал жолмен көңіл қосып, көбеюге және сан жағынан ғана өспей сапа жағынан да өзгелерден артық болуға құлшындырған. Демек, дінімізде үйленудің тағы бір маңызды мақсаты – Аллаға лайық құл, пайғамбарымызға (с.а.у.) лайық үмбет болатын текті де, иман жүзді ұрпақ тәрбиелеп өсіру.

Міне, сондықтан дініміз үйленіп, отау құру мәселесінде жастарға барынша жеңілдік жасауды бұйырады. Осы орайда айта кететін тағы бір маңызды жайт, мұсылмандардың арасында қалың малды көп сұрап, қызын саудаға салатын адамдар да кездесіп жатады. Соның салдарынан, кейбір мұсылман елдерінде бағы байланып, оң жақта отырып қалған кәрі қыздар мен қолының қысқалығынан үйлене алмай жүрген жастар қаншама. Сондай-ақ жастардың кеш үйленуіне қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың да әсері болары хақ. Егер қандай да бір қоғамда жас буын жұмыспен, қол жетімді тұрғын үймен қамтамассыз етілмесе, басқа да әлеуметтік жәрдемдер көрсетілмесе, демографиялық жағдайдың түзелмесі анық. Оны былай қойғанда, ондай қоғамда, әсіресе, жастар арасында арсыздық атаулы белең алып, қылмыстың көбейері сөзсіз. Сондықтан да, Раббымыз Құранда азат адамдарды былай қойғанда, орайы келсе, басыбайлы құлдардың өзін уақытылы үйлендіруді бұйырып, былай деген: «Араларыңдағы үйленіп, өз алдына отау құрмағандарды және құлдарың мен күңдеріңнің арасындағы ізгі жандар мен үйленіп, үй болуға жарайтындарды үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла шексіз шарапатымен оларды қамсыздандырады. Алла – рақымы шексіз кең Құдай және бәрін лайықты түрде білуші. Ал қолының қысқалығынан үйлене алмағандар, Алла Өзінің шексіз шарапатымен оларды қажетті мал-мүлікпен қамтамасыз еткенге дейін, арсыздыққа бармай, арын таза сақтасын!»[5]

Сондай-ақ хадисте меңзелген тағы бір маңызды мәселе үйлену салтының шариғи үкімі адамның жағдайына қарай әр түрлі болып келетіндігі. Мысалы, біреуге үйлену парыз болса, біреуге уәжіп, енді біреуге сүннет, баз біреулер үшін мәкруһ тіпті, харам болуы да мүмкін. Нақтырақ айтқанда, бір адамның денсаулығы мықты, жағдайы бар, шәһуаты да күшті болып, үйленбеген жағдайда нәпсісіне жеңіліп, зина жасап қою қаупі болса, онда ол үшін үйлену парыз болады. Ал егер керісінше, үйленген жағдайда әйел, бала-шағасын асырай алмайтындай жағдайы да, денсаулығы да нашар, не болмаса, тұқым қуалайтын, яки жазылмайтын жаман ауруы бар адам үшін мәкруһ, тіпті, харам болуы да мүмкін. Міне осылайша, шариғат ғалымдары бір хадистің өзінен қаншама үкім шығарған.

Хадистің соңында қандай да бір себеппен үйленуге шамасы жетпейтін жандарға, әсіресе, жастарға жиі ораза ұстау өсиет етілген. Өйткені, ораза – адамның нәпсісін тізгіндеп, ерік-жігерін шыңдайтын сабырлылық мектебі. Ораза – жалындаған жастың тұла бойын кернеген шәһуат күші мен арсыз көңілдің арынын пышақ кескендей тыйып, оны тәннің тар қапасынан құтқаратын және оған шынайы еркіндіктің бір Аллаға ғана құл болу екенін аңғартатын теңдессіз әрі риясыз құлшылық. Міне, сол үшін Алла Тағала бір құдси хадисте: «Ораза тек Мен үшін ұсталады, олай болса, оның қарымын Өзім қайтарамын»[6], – деген.

Мұнда Алла елшісі (с.а.у.) оразаның ең басты қасиетін паш еткен. Ол оразаның асау нәпсіні пышақ кескендей тыятындығы. Осыған орай, мынандай ғибратты әңгіме бар: Алла Тағала ақылды жаратып, одан: «Мен кіммін, сен кімсің?» – деп сұрапты, ақыл мүдірместен: «Сен менің жаратушы иемсің, мен сенің құлыңмын», – деп жауап қатыпты. Осы сауалдың кезегі адам бойындағы нәпсіге келгенде, нәпсі: «Мен менмін, Сен сенсің», – деп кекірейіпті. Хақ тағала нәпсіні тәубесіне түсіру үшін жаһаннамға тастап, азаптапты. Кейін қайта алдырып: «Әй, нәпсі! Мен кіммін, сен кімсің?» – деп қайта сұрапты. Нәпсі баяғы кесірлігі мен қиқарлығынан танбай: «Мен менмін, Сен сенсің», – депті. Сөйтіп Алла Тағала оған қандай азап таттырса да райынан қайтпапты. Кейін нәпсіні аштықпен азаптап: «Әй, нәпсі! Мен кіммін, Сен кімсің?» – дегенде, жүні жығылып, тәубесіне түскен нәпсі: «Сен менің мейірімді иемсің, мен сенің қауқарсыз құлыңмын», – деп жауап қатқан екен. Сондай-ақ бірде пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларымен бірге қанды шайқастан қайтып келе жатып: «Біз кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайтып бара жатырмыз!» – дейді. Сахабалар аң-таң болып: «Уа, РасулАлла! Сонда үлкен жиһад деген не?» – деп сұрайды. Міне сол кезде Алла елшісі (с.а.у.): «Үлкен жиһад – бойдағы нәпсімен күрес», – деген екен.

Иә, нәпсісін, яғни өз-өзін жеңе білген жан үшін алынбайтын қамал, бағынбайтын шың болмайды. Өйткені, пенденің бұл өмірде біліп, білмей істейтін бар күнәсі мен қателігінің және ұшырайтын бар жеңілісі мен сәтсіздігінің басты себепкері өз нәпсісі екені сөзсіз. Осыған орай, Құранда нәпсісіне жеңіліп, тіпті, оны тәңір тұтқан пенде жайлы былай делінген: «(Уа, Мұхамммед!) Өз әуейлігін тәңір тұтып, нәпсінің құлы болған мына бейбақты көрдің бе?!»[7]. Міне, сондықтан да, адам баласы үшін бойындағы нәпсімен күрес бұл өмірдегі ең үлкен күрес болмақ.

Иә, адамгершіліктің алғышарты болып табылатын арды таза күйінде сақтаудың бірден-бір жолы – нәпсіні тізгіндеу. Ал арыны күшті асау нәпсіні тізгіндеудің ең тиімді тәсілі – пайғамбарымыз (с.а.у.) өсиет еткендей ораза ұстау. Өйткені, ораза – нәпсінің асаулығын басатын теңдессіз құлшылық.

[1] «Рұм» сүресі, 21 аят
[2] Мүслим, Зәкәт 53/Мәсәжид 142
[3] Әбу Дәуіт, Никах 2; Ибн Мажә, Никах 1
[4] Бәйхақи, 7/81
[5] «Нұр» сүресі, 32-33 аяттар
[6] Бұхари, Саум 9; Мүслим, Сиям 163
[7] «Фурқан» сүресі, 43 аят

0 пікір