Шалдан да бір насихат
Шалдан да бір насихат
9 жыл бұрын 5795
Салтан САЙРАНҰЛЫ

Шал ақын (Тілеуке) Құлекеұлы (1748-1819) – Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген қазақтың төкпе ақыны. Әкесі Құлеке Абылай ханның сенімді серігі, қадірлі досы, беделді елшісі болған, қазақ-қалмақ соғыстарына қатысқан батыр. Ал өзі жастайынан сөзге жүйрік шешен, өте зерек, тапқыр, ділмәр болған. Суырып салма ақындық таланты 15 жасында оны даңққа бөлеп, сол кездің өзінде халық оның осы қасиеттеріне қарап «Шал» деп кеткен деседі. Оның шығармашылық таланты бүкіл Сарыарқаға кеңінен жайылды. Ақын толғауларында елін имандылық, адалдық, парасаттылыққа шақырады, жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, ізгілік пен надандық, адал мен харам мәселелерін көтеріп талқылайды. 

«Дүние» сөзі араб тілінде «ең төмен», «төменгі», «аяқасты», «мәнсіз», «маңызсыз», «аласа» деген мағыналарды береді. Арабтар бұл дүниенің құнсыз, маңызсыз болғаны үшін, яғни жоғары дәрежелі бағаға да лайық болмағаны үшін оған төменгі деңгейден орын беріп, осылай деп айдар таққан. Осыдан шығып қазақтар да бұ дүниеге тәуір ат бермеген. Қазақтың дүниетанымында бұ дүние «қу дүние», «жалған дүние», «тұрлаусыз дүние», «фәни дүние», «сұм дүние», «алдамшы дүние», «ит дүние», «боқ дүние» деп қана аталып келді. Себебі, қазақтың таным-түсінігінде дүниенің құны осыншалық қана еді. Қазақ ақын-жырауларының шығармаларындағы дүние сипаттарын оқып отырсаңыз бұған қанық боласыз. Бір ғана Шал ақын (Тілеуке) Құлекеұлының өзінде дүниеге қатысты ой салар қаншама өлең-жырлар бар. Сондықтан да, біз бұл мақаламызда дүниенің мәнін тек Шал ақынның өлеңдерімен ғана ашып беруді жөн көрдік.

Мұсылман баласы дүниені өлтпелі бір кезең ретінде ғана көреді. Яғни, дүние бір аялдама тәрізді ғана. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘алейһи уәсәлләм) өзінің сөзінде: «...Мен бұл дүниеде бір талдың көлеңкесінде уақытша саялап, тынығып алған соң, ол жерді тастап кете баратын жолаушы ғана секілдімін», – дейді (Тирмизи). Хазіреті Ибн Омар да (радыйаллаһу ‘анһу): «Бірде Аллаһ Елшісі (саллаллаһу ‘алейһи уәсәлләм): «Бұл дүниеде бір жерде уақытша ғана жүрген жат жұрттық адам немесе жолаушы секілді болғын», – деп айтты», – деп Пайғамбарымыздың өсиетін жеткізеді. Бұл хадистерден кейін дүние Алланың тақуа құлдары үшін, Пайғамбарымыздың шынайы үмбеті үшін өте шығар уақытша бір мекен ғана. Шал ақын да осы хадистерді негіз алып:

Дүние деген осы,

Ешкімнің емес досы,

Болар еді досы,

Аумаса егер қосы, – дейді. Шал ақын дүние өмірін қосқа теңейді. «Қос» дегеніміз – жылқы баққанда, шөп  шапқанда, егін егіп, жинағанда көшіп-қонуға ыңғайлы, тігіп-жығуы қолайлы шағын уақытша баспана. Яғни, ошағын қазып, қазанын асып, уақытша түнеу үшін ғана қолданылатын үйшік, күрке. Әсіресе, қосты жылқышылар тігеді. Себебі, жылқы малы бір орында аялдап көп тұра алмайтындықтан, жылдам тігіп, жылдам бұзу жағынан бұл қос аз уақыттық баспана ретінде жылқышылар үшін таптырмас дүние. Жылқының ауып отыруымен жылқышылардың қосы да бір орында тұрақтамай, ауып отырады. Міне, дүние де осыған ұқсас уақытша болғандықтан, ауып басқа дүниеге өтетіндіктен ақын дүние өміріне қос деп айдар тағып, аялдар бір тұрақ деп қана таниды.

Дүние бір алдамшы тіршілік қана. Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, адамдар! Расында Алланың уағдасы хақ! Олай болса, фәни дүние тіршілігі сендерді алдап, арбамасын. Сондай-ақ, азғырушы сұм шайтан да сендерді Алланың рахымы кең деп алдамасын» («Фатыр» сүресі, 5-аят), – дейді. «Дүние құр алданыштан басқа еш нәрсе емес» («Әли-Имран» сүресі, 185-аят). «Дүние тіршілігі әншейін алданыш, ойын, қызық қана. Тақуаларға, әрине, о дүние абзал («Әнғам» сүресі, 32-аят, «Хадид» сүресі, 20-аят). «Сендерді дүние тіршілігі әсте алдамасын!» («Лұқман» сүресі, 33-аят). Міне, дүниенің алдамшы екенін осылайша тізе беруге болады. Сондықтан да, Аллаһ Тағала адамдарға әсіресе дүниеге алданып қалмауды қатты ескертеді. Өкінішке қарай, көбіміз дүниенің шырмауынан шыға алмаудамыз. Дүние тіршілігіне көмілгеніміз сонша, ақырет қамына мойын бұруға шама жоқ. Шал ақын да осыған налып:

Біздерді алдап келер дүние ғаяр,

Сөйтіп жүріп адамға уын жаяр.

Қолыңды жарты сағат босатпайды,

Бірін тапсаң тұрады бірі даяр, – дейді. «Біздерді алдап келер дүние ғаяр» деген жолдағы «ғаяр» сөзі арабша сөз (عَيَّارٌ). «Сұм», «қу», «көлгір», «залым», «айлакер», «жылпос», «алаяқ» деген мағыналарды білдіреді. Алла Тағаланың Құранда ескерткен дүниеге Шал ақын осылайша өзіне «жарасымды» ат тағады.

Қазақ дүние тіршілігін «қамшының сабындай-ақ қысқа» дейді. Көзді ашып-жұмғанша жарқ етіп өте шығатын бұл өмірді Шал ақын «Бұл дүниенің мысалы, Ұшып өткен құспен тең» деп сипаттайды. Ибн Омардан риуаят етілген хадисте Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘алейһи уәсәлләм): «Кеш батқанда таңға дейін «көрер күнім бар ғой» деп таңның атуын, таң атқанда «кешке дейін өмір сүрермін» деп кештің батуын күтпе. Денсаулығың барда науқастанатын шағыңды ойлап, көзіңнің тірісінде о дүниелік болатыныңды ойлап, ізгі амалдарды көбірек жасап қалғын», – дейді (Бұхари). Яғни, Пайғамбарымыз дүниенің соншалықты қысқа екенін естен әсте шығармауды, ойламаған сәтте өміріміздің соңы келіп қалатынына алаңдауымызды кеңес етеді. Шал ақын да:

Дүние деген шолақ депті,

Жан кеудеге қонақ депті.

Ақырет деген бір киім,

Алып қайтар сол-ақ депті, – деп дүниенің шолақтығын, жанның да кеудеде уақытша аялдаған қонақ екенін және ақырет деген әлем барын, оған да мал-мүліксіз қайтатынымызды ескертеді.

Тағы бір өлеңінде:

Басыма бақыт қонды деп,

Кемімеспін енді деп,

Зауалды жалған дүниеге

Біле білсең таспаңдар, – дейді. Бұл өлеңде «зауал» сөзі де араб тілінен енген сөз. Арабшадағы мәні «жылдам аяқталатын», «қысқа ғана өте шығатын», «тез бітетін», «жылдам ұмытылып кететін» деген мағыналарға келеді. Арабтар «зауал» (زَوَال) деп түстен кейінгі уақытты және күн батуға шақ қалған кешкілік іңір, ымырт шақты айтады. Яғни, бұл уақыттар күннің жылдам батып кететін, уақыттың жылдам өте шығатын кездері. Шал ақынның «зауалды жалған дүние» деп дүниенің ақиқатында да қысқа, жарқ етіп өте шығатындығын меңзегені.  

Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘алейһи уәсәлләм): «Қабірге дейін мәйіттің соңынан үш нәрсе еріп барады: жақындары, дүние-мүлкі және амалдары. Бұлардың екеуі кері қайтып, біреуі онымен бірге қалады. Кері қайтатыны – жақындары мен дүние-мүлкі, ал онымен қалатыны – амалы», – дейді (Бұхари, Мүслим). Бұл хадисті Шал ақын былайша өреді:

Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,

Бір күні ажал келіп жаныңды алар,

Жан шығып дүниеден көшкеннен соң,

Мал-мүлкің, қатын-балаң бәрі қалар.

Ақырет дүниесін Шал ақын «шын дүние» дейді, бұл дүниені «жалған дүние» дейді. Жалған дүние – сынақ дүние.

Жаратты Мекке менен Мәдинаны,

Жаратты иман, дұға, шын дүнияны,

Мұхаммед үшбу жүрген үмметіне

Жаратты сынамаққа бұ дүнияны, – деген Шал ақын шын дүниенің қамын жеуге шақырады. Ақыреттің қайғысы, ақыреттің уайымы адамды бақытқа қауыштырады. Шал ақын:

Қайғы ойлаған жігіттің

Кең дүниесі тармен тең, – дейді. Мұндағы қайғы да ақыреттің қайғысы екені түсінікті. «Кең дүниесі тармен тең» деуі де Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ‘алейһи уәсәлләм) мына хадисінен шықса керек: «Дүние – мү’минге зындан, кәпірге Жәннат», – дейді. Мү’мин кім? Мү’мин ақыретін ойлап, Алладан қорыққан жан. Ал бұ дүние ол үшін Алласымен қауышу үшін, ақырет бақытына жету үшін кедергі болған бір зындан. Зынданда кеңдік жоқ, тек тарлық қана. Ендеше ақыреттің қайғысын ойлаған жігітке дүние тек зындан ғана деп есептейді Шал ақын. 

Ендеше бұл жалған, тұрлаусыз, өтпелі, қысқа дүниеде ақыреттің қамын жеп, қамбамызды игі амал мен сауапқа толтырып өтуіміз керек. Әйтпесе, дүниенің қызығарлық ұсқыны да жоқ. «Шыбынның қанатындай да құны жоқ» (Хадис), «қойдың ешкімге де керегі жоқ өлексесіндей» (Хадис) бір дүние. Шал ақынша айтсақ:

Дүниеге қызығамыз несін біліп,

Аз күнгі қызығына есерленіп,

Жалаңаш келіп, жалаңаш қайтамыз ғой,

Мойынға төрт қары бөз тесіп іліп.

Қорытындылай келгенде, мәшһүр ғалым Имам Ғазали дүние тіршілігін үшке бөледі. Бірінші, ақырет сапарында адамға пайдалы болатын нәрселермен ғана шұғылдану. Ол нәрселерге – ілім мен амал жатады. Яғни, Аллаһ Тағаланы тану мен әмірлерін біліп, Оған бойұсыну. Сондай-ақ, бұл дүниеде жаратқан нәрселеріне қарап, Оның шексіз құдірет иесі екеніне ой жүгірту. Және де алған іліміне сай амал етіп, ғұмырын ғибадат-құлшылықпен өткізу. Яғни, бұған өмірін толықтай ілім мен ғибадатқа арнағандар жатады.

Екіншісі бұ дүниеге де һәм о дүниеге де пайдалы болған нәрселерді қатар алу. Яғни, бұл дүниенің қажеттіліктерін де ескере өмір сүру. Мәселен, үйленіп үй болып, бала-шаға асырап, оларға жақсы тәлім-тәрбие беру секілді. Бұл тұрмыстық тіршіліктерді адам жақсы ниетпен ақырет есебіне де бұра алады. Яғни, «отбасын асырау – садақа», «балаға жақсы тәрбие беру – сауап» деген секілді ізгіліктерді ниет ете отырып өмір сүрген адам ақыреттің де қамын жеген болып есептеледі. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘алейһи уәсәлләм): «Сендердің жақсыларың ақыреті үшін дүниесін, дүниесі үшін ақыретін тәрк етпеген және адамдарға масыл, жүк болмағандарың», – дейді.   

Дүниенің бұл екі түрінің маңызы Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ‘алейһи уәсәлләм) мына хадис шәрифтерімен де ашыла түспек: «Дүние – ақыреттің егістігі», «Дүниені сөкпеңіз, дүние мү’мин үшін жақсы бір мініс көлігі. Жақсылыққа жеткізеді, жамандықтан құтқарады», «Алланың разылығына бөлену, ақыреттің азығын қамдау үшін дүниеден жақсы жер жоқ. Ал мақсат Алланың разылығын алып, ақыреттің азығын қамдау болмаса, дүниеден жаман жер жоқ. Кімде-кім «Аллаһ дүниені қор етсін!» десе, дүние де оған: «Қайсымыз Аллаға асылық қылсақ, Раббым соны қор етсін!», – дейді». Демек, дүние, дұрыс пайдалана білген адамға ақыреттің бақытына қауыштырар бір көлік.

Ал дүниенің үшінші түрі, жоғарыдағыларға теріс келген дүние. Яғни, бұл дүниенің ғана қамымен айналысып, осы дүниеде ғана қалатын нәрселермен шұғылдану, ақыретті ойға да алмау, өмірді бұ дүниелік деп қана білу, бұлардың бәрі дүниенің осы түріне жатады. Міне, ғалымдардың сөккен дүниесі осы үшінші дүние. Шал ақынның меңзегені де осы еді. Ендеше, Алла бұл дүниені ақыреттің бақытына қауыштырар бір көлік етсін!

Сөз соңын да Шал ақынға бермекпіз:

Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы.

Атадан арыстан туып, ассаң-дағы.

Алладан шыныменен жарлық келсе,

Жұлдыз да жерге түсер аспандағы.

 

Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,

Намаз оқы Алланы ойыңа алсаң.

Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқыт та өлген,

Түбінде сөз сенікі өлмей қалсаң.

 

Кәрі өлсе соққан дауыл тынғандай-ақ,

Жас өлсе бәйтерегің сынғандай-ақ.

Жігіттер, жас кезіңде тәубеге кел,

Ажал деген көзді ашып-жұмғандай-ақ.

 

0 пікір