Шайтан көз тігетін әйел
Шайтан көз тігетін әйел
6 жыл бұрын 13592
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ

«Әйел – әурет жерлері жабылуы тиіс жаратылыс. Үйінен шыққан кезде, шайтан оған көзін тігеді. Әйел кісінің Аллаға ең жақын болатын жері – үйінің іші» [1].

Хадиске түсіндірме:

Ер немесе әйел кісі болсын белгілі бір мақсатсыз көше кезіп, базар аралап жүруі дұрыс емес. Әсіресе әйел кісінің орынсыз базар аралап, көпшілікпен араласып, бөтен еркектермен әңгіме-дүкен құрып жүруін дініміз құп көрмейді. Шариғатымыз ер мен әйелдің қарым-қатынасына байланысты күнәнің алдын алу үшін қатаң талаптар қояды. Ислам құқығында бұған «сәдду зарайғ» деп айтылады.

Әйел кісінің сыртқа шығуы үшін белгілі бір қажеттілік болуы тиіс. Қажеттілік туындап, сыртқа шыққанның өзінде күйеуінің рұқсатын алып, әурет жерлерін жабуға міндетті. Яғни, әйел кісі өзінің сыртқа шығуымен жүрегінде дерті бар адамдардың жаман пиғылын оятып, санасының улануына мүмкіндік бермеуі керек. Әйелдің әурет жерін жабуға немқұрайлы қарап, орынсыз көше кезіп, базар аралап жүруі оны шайтанмен арам пиғылды адамдардың нысанына айналдырады.

Дініміз әйел кісінің сыртқа шығуына үзілді-кесілді тыйым салмайды. Бірақ бұл мәселе шариғат белгілеген шеңбер аясында жүзеге асуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.у.)«Әйелдерді Алланың үйі мешітке барудан тыймаңдар» [2], – деген. Басқа бір хадисінде: «Сендерден біреуіңнің әйелі мешітке баруға рұқсат сұраса, тыймасын, рұқсатын берсін» [3], – деу арқылы парыз намазын мешітте жамағатпен оқығысы келген әйелдерге рұқсат берілуін айтқан.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйел кісіге нәпіл намаз бен иғтикаф секілді ғабадаттарды үйде жасаудың абзалырақ екенін жеткізеді. Пайғамбар өсиетінде әйел кісіге парыз намаздан тыс басқа да нәпіл намаздарды мүмкіндігінше үйде орындап, бөгде еркектер көп жиналатын орындарға бара бермеу керектігіне ишарат барын аңғарамыз. Айша анамыз (р.анһа) Пайғамбарымыздың әйел кісілердің мешітке келуіне рұқсат берген жоғарыдағы хадисін оқығаннан кейін: «Егер Алла елшісі бүгінгі таңдағы әйелдердің жағдайын көретін болса, олардың сыртқа шығуына тыйым салар еді», – деп, сол кездегі әйел кісілердің мешітке келуіне көңілі толмайтынын білдірген.

Алла тағала аналарымызға (Алла елшісінің аяулы жарлары) сондай-ақ барша мүмін әйелдер мен ерлерге қарата айтқан «Ахзаб» сүресінің 32-34-аяттарында: «Уа, Пайғамбардың жұбайлары! Сендер өзге әйелдер секілді емессіңдер, (сендердің орындарың басқа әйелдерден бөлек); сендер Алланы лайықты түрде ұлықтауға, Оған қарсы келуден барынша сақтануға һәм өздеріңе лайықсыз іс-әрекеттерден аулақ болуға тиіссіңдер. Міне, сондықтан да (бөтен ер адамдарға тіл қатқандарыңда) қылымсып, назда- нып сөйлемеңдер. Жүрегінде дерті бар (әйелқұмар)әлдекім (шайтанның уәсуәсасына еріп) өздеріңнен дәмеленіп жүрмесін. Сөйлеген сөздерің жақсы әрі салмақты болсын».

«(Сыртта маңызды шаруаларың болмаса) байсалдылық сақтап, үйлеріңде отырыңдар, (ал сыртқа шығу қажет болған жағдайда) Исламнан бұрынғы надандық дәуіріндегідей сәнденіп, сымбат-көріктеріңді ел-жұртқа паш етіп шықпаңдар. Намазды кемеліне келтіріп, уақытылы әрі үзбей оқыңдар, зекеттеріңді толық беріңдер, қысқасы, Аллаға және елшісіне (не бұйырса да, не нәрседен тыйса да) қалтқысыз мойынсұныңдар! Уа, Пайғамбар отбасы! Алла сендерді настық атаулыдан толық арылтып, әбден тазартып, пәк етуді қалайды».

«Үйлеріңде оқылып жатқан Алланың аяттарын және пайғамбар хикметін (сүннеттерін) жадыларыңа жақсылап түйіп алыңдар! Шүбәсіз, Алла – Латиф (шексіз ілімімен жүрек түкпірінде жатқан ең құпия сырлардың бәрін білуші), Хабир (бәрінен толық ха- бардар болушы)» [4] – деп баяндалады.

Осы аяттардан кейін мына сипаттар бойында болған мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге Алланың кешірімі мен мол сый-сияпатының барын айтып сүйіншілейді: «Аллаға мойынсұнған мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдер; шын жүректен иман келтірген мүмін ерлер мен мүмін әйелдер; (Хақ діннің барлық үкімдеріне) қалтқысыз бағынған ерлер мен қалтқысыз бағынған әйелдер; (сөздері мен іс-әрекеттері) түзу әрі шынайы болған шыншыл ерлер мен шынайы да шыншыл әйелдер; сабырлы да табанды ерлер мен сабырлы да табанды әйелдер; (Алланың алдында) өте ізетті әрі кішіпейіл болған ерлер мен сондай инабатшыл әрі кішіпейіл болған әйелдер; (Алла жолында мұқтаждарға) зекет-садақа беретін ерлер мен зекет-садақа беретін әйелдер; ораза ұстайтын ерлер мен ораза ұстайтын әйелдер; арын сақтап, абиырларын күнәдан тыйған ерлер мен арын сақтап, абиырларын күнәдан тыйған әйелдер; сондай-ақ Алланы көп еске алатын ерлер мен Алланы көп еске алатын әйелдер (бар ғой?!) Міне, Алла осынау ізгі жандарға ерекше кешірім мен үлкен сый-сияпат дайындап қойды» [5].

Жоғарыдағы аяттарда Алла тағала әйел кісінің (сыртта маңызды шаруасы болмаса) байсалдылық сақтап үйде отыруын «қарар» сөзімен білдіруде. Бұл (маңызды шаруасы болмаса) әйел кісінің үйде отыруы оған жүрек тыныштығы мен нәпсі тұрақтылығын сыйлайтынын білдіреді.

Сондай-ақ дініміз әйел кісінің күйеуіне қолғабыс етіп, жұмыс жасауына да рұқсат береді. Бірақ төмендегі мына шарттар орындалуы тиіс:

1. Күйеуінің разылығы болуы қажет;

2. Бөгде еркектермен орынсыз араласа беретін орта болмағаны дұрыс;

3. Шариғат рұқсат еткен жұмыс орнын таңдау;

4. Әурет жерлердің жабық болуы шарт;

5. Жұмысбасты боламын деп үй шаруасы мен бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамау.

 

1. Тирмизи, рада 18; Табарани, «Муғжамул кәбир», 9368, 9369; Ибн Хиббан, «Сахих», 5689, 5690; Ибн Хузәйма, «Сахих», .1593
2. Бұхари, жұма 13; Мүслим, салат 36; Әбу Дәуіт, салат 13.
3. Бұхари, жұма 12, азан 162-166, ниах 116; Мүслим, салат 134.
4. «Ахзаб» сүресі, 32-34-аяттар.
5. «Ахзаб» сүресі, 35-аят.
0 пікір