Қасиетті Қағбаға имам қалай таңдалады?
Қасиетті Қағбаға имам қалай таңдалады?
8 жыл бұрын 5135
Жарылқасын Жарбол

Қағбада имамдық міндетін атқару – өте ауыр жұмыс. Ол жерде жүз мыңдаған, қажылық кезінде миллиондаған адамға намаз оқыту өзіндік дайындық пен руханияттың күшті болуын қажет етеді.

Қасиетті Қағбада намаз оқытқан имамдардың даусы өте жағымды келеді. Өте-мөте сол қасиетті орында намаз оқып тұрған болсаңыз, естіген әр аятыңыздың әсерін терең сезінесіз. Ең жақсы қирағатпен арышқа биіктей түсетін аяттар тыңдағанды да өзімен бірге көтеріп алып кететіндей. Осыдан кейін барып Құран Кәрімді жүрекке әсерлі етіп, көзге жас үйіріп оқыған кім болды екен деп ойлайсыз? Ал енді Қағбаның имамдары қалай таңдалады соған көңіл бөліп көрсек.

Қағбада имамдық атқару – өте ауыр міндет. Мұнда жүз мыңдаған, қажылық кезінде миллиондаған адамға намаз оқыту айтарлықтай білімді әрі рухани тереңдікті қажет етеді. Бұл жауапкершілікті көтере алу имамдарды таңдауда маңызды. Имамдар шариғи ілімді, яғни ислами ілімдерді жетік меңгеруі қажет. Не үшін? Өйткені олар осы алған білімін жұртты исламға шақыруда кәдеге жарата білуі тиіс. Неге десеңіз, бұл имамдардың міндеті жамағатқа намаз оқытумен шектелмейді, бұған қоса, олар исламды кең тарату ісіне де айтарлықтай атсалысады. Құран жаттаған хафыздығы, әдемі дауысты болуы, бұған қоса, қирағатты жақсы меңгеруі негізгі талаптардың қатарында. Қағба имамдарының қирағаттарының бір-бірінен өзгеше болуы осы талаптарға жіті мән беретіндігін көрсетуде.

Бәйтуллаға имам болу үшін жеке қабілет жеткілікті емес. Таңдалатын имамның бұған қоса Харамайн шарифайн имамдарының абырой-беделін биіктетіндей болуы да қажет. Аллаға дұға мен жалбарынуда қандай әдістерге сүйенуді жақсы білуі, өзін дұрыс ұстауы, имамдығына кедергі келтіретін денсаулығында кінәраты болмауы, мінезі мен жеке өмірінің мейлінше дұрыс болуы негізгі талаптар қатарында. Қағбада мұсылмандардың алдына шыға алатындай ерекшелікте болуы жеткілікті емес. Бұған қоса, теледидар мен басқа да бұқаралық ақпарат құралдарына шыға алатындай деңгейде болуы әрі сөзге мүдірмейтін шешендігі, осы имамдарды іріктеудегі маңызды талаптар қатарын құрайды.

Харам шарифте имамдық міндет атқару үшін Сауд Арабия патшасының рұқсаты мен ұйғарымы шарт. Көбіне Уммул құра университетінде білім алған Қағба имамдары Сауд королі тарапынан белгілі рулардың балалары арасынан таңдалады. Алайда бұл бұлжымайтын қағида емес. Бәйтуллаға имам болу үшін бұған қоса, ғылыми дәрежесі доктор болуы керек. Өйткені имамдар имамдықтан тыс ғалым ретінде де міндет атқарады. Кейбір имамдар бұған қоса басшылық және сот жүйесінде де міндет атқарады.

Қағбаның имамдары Сауд Арабияның королімен жылына бір рет бас қосады. Сафа патша сарайында жүзеге асатын бұл жиын көбіне Рамазан айының соңғы күндерінде ауызашарға шақыру ретінде көрініс табады. Жиында патша мен имамдармен қатар ғалымдар және басқа да лауазымды кісілер болады. Бұл жиында Қағбаға имамдыққа үміткерлер, қажылық мәселелері, Харам шарифке қатысты мәселелер, басқа да атқарылуы тиіс шаруалар қаралады.

 

Кейбір Қағба имамдары

Шейх Абдуллаһ Ауад әл-Жухани: Қағба имамдығына 2007 жылы тағайындалды.

Шейх әл-Ғамди Халед: 2008 жылы Қажылық маусымынан кейін тағайындалды.

Шейх Салих ибн Абдуллаһ әл-Хумайд: Саудтық Шура мәжілісінің төрағасы.

Шейх Усама ибн Абдуллаһ әл-Хайят: 1997 жылы Қағба имамы ретінде тағайындалды. Әкесі шейх Абдуллаһ ибн Абдул Ғани Хаят та 1952 жылы Қағбаға имам қызметін атқарған.

Шейх Салих әл-Taлиб: 2003 жылдан бері Қағба имамы, бұған қоса, Мекке Жоғарғы Сотында төреші.

Шейх Файсал әл-Ғаззауи: 2008 жылы Қағба имамы ретінде тағайындалды.

Шейх Бандар әл-Балаах: 2013 жылы Сауд Арабия патшасы Абдуллаһ ибн Абдулазиз әл-Суудтың бұйрығымен Қағбаға имам ретінде тағайындалды.

 

Қағбаның бас имамы әс-Судайс

1984 жылдан бері Қағбаның бас имамдығын шейх Абдул Рахман әл-Судайс атқаруда. Ол 12 жасында Құранды толықтай жаттаған. Мектепте оқыған жылдарын шейх Абдуллаһ Мунаиф, шейх Абдуллаһ ибн Абдуррахман әл-Taуаяри секілді ғалымдардан дәріс алған. 1984 жылы патша тарапынан Меккедегі Харам мешітінің имамы ретінде тағайындалған. Алғаш рет 1984 жылдың 24 мaмырында таң намазын оқытады. Алғашқы құтбасын 1984 жылдың 15 маусымында оқиды. Бір жағынан Қағба имамдығын атқара жүріп, екінші жағынан білім алуды үзбеген. Осы жылы Шариғат академиясында магистратураны үздік бітіреді. 1996 жылдан бастап Меккенің Уммул құра университетінде сабақ беруде.

1984 жылдан бері бас имамдық міндетін жалғастырған әл-Судайстың имам болуы да қызық. Негізі өзі бұл жағдайды «Анамның қарғысымен имам болдым» деп еске алады. Себебін былай түсіндірген: «Кішкене кезімде тентектік жасасам, шешем маған ашуланып «Қағбаға имам болғыр Судайс» дейтін. Анамның осы қарғысы маған берген ең жақсы батасы болып шықты. Өскенде, Қағбаға имам болдым».

 

Математика профессорының имамдығы

Негізгі аты Махир ибн Хамад әл-Mуақли, бұл Қағба имамы 1969 жылдың 7 Maмырында Мәдинада туып, сонда өскен. Қызметін колледжде мұғалімдіктен бастаған ол Ханзада Абдулмажид университетінде магистратура бітіреді. Университеттің профессорлығына дейін көтеріледі. Қазір де университетте сабақ беруде.

Имам Махир имамдықты Ибн Саад мешітінде бастаған. Құран оқудың жаңа әдісін ойлап табуымен елге тез танылады. 22 жасында Ибн Саад мешітінен Нәбәуи мешітіне, ол жерден қазіргі Қабаға имамдық қызметке тағайындалады. Ең алғаш таң намазын оқытқан. Қасиетті Қағбаның бұл жас имамы Құран кәрімді мағынасын терең түсініп, бар жан-тәнімен сезініп оқуымен әлем мұсылмандары көп тыңдайтын дәрежеге тез жеткен. Өте-мөте Құран оқығанда өзін ұстай алмай солқылдап жылауы тыңдармандарға қатты әсер ететін. Қағбаға имамдығын 30 жылдан бері жалғастыруда.

 

Әрі бас имам көмекшісі әрі сотта төреші

Қасиетті Қағбаның имамдарының бірі – шейх Сауд әш-Шурайм. Мектеп жылдарында хафыздығын тәмамдаған Шураймның білім жолында жеткен жетістіктері аз емес. Қай мектепке барса да бәрін үздік оқыған. Біраз уақыт мұғалімдік қызмет атқарған. Саудтық ханзадалардың бірінің жаназа намазын оқытқанда, сол кезеңнің королі Фахд оны ұнатып, Қағбаға имам әрі Харам мешітінің жазарманы ретінде тағайындаған. 1992 жылы Харам мешітіне имамдықпен қатар Мекке Жоғарғы Сотында судья міндеті берілген. 1995 жылдан бері Меккеде Уммул-құрра университетінде профессор. 1991 жылдан бері Қағбада оқылған Тарауих намаздарының алғашқысын шейх Сауд әл-Шурайм оқытуда.

0 пікір