Қапаланбаңыз! Өткен шақ өтті, кетті...
Қапаланбаңыз! Өткен шақ өтті, кетті...
3 жыл бұрын 3878

Адамның үкілі үміті мен келешектен әлдебір ғажайыпты күтуі бақытты және алаңсыз өмір сүруді аңсауымен тығыз байланысты. Шынында да, бақытты табу жайлы мәселе көптеген ойшылдар мен философтарды кеңінен толғандырды. Алайда, шын мәнінде, санаулы адамдар ғана өмірде бақыт пен жайлылыққа қол жеткізді. Сондықтан біз қанағат пен рухани тыныштыққа  негізделген бақытты өмір сүрудің рецептін ұсынамыз.

Өткен шақтың іздері жоғалды. Өткен шақтағы жағымсыз жәйттар мен онымен байланысты қайғылы оқиғалар туралы ауыр беймаза ойлар - бүгінгі күні өмір сүруге деген шешімді бұзатын дерттің бір түрі. Мақсаты айқын, рухы мықты адамдар қайтып келмейтін кедір-бұдырлы жолды өткенін әлдеқашан ұмытып кеткен.

Кешегі кезеңнің ауыр естеліктерін, сәулесіз сәттерін санадан өшіру жанның дертіне өте пайдалы: қайғы жоғалғанды ​​ешқашан қайтара алмайды, меланхолия жағдайды түзетпейді, ал депрессия бұрыннан жоғалған дүниені қайта жандандырмайды. Өйткені, өткен өмірдің ізі де жоқ.

Өткеннің қорқынышында немесе жоғалтқанның көлеңкесінде өмір сүрудің қажеті жоқ. Ескі күндердің ессіз елестерінен арылыңыз. Сіз күнді бір минут бұрын шыққан жеріне, жаңа туылған нәрестені құрсаққа, сауылған сүтті сиырдың желініне, болмаса, көздің жасын шыққан жеріне қайтара аласыз ба? Әлбетте, қайтара алмайсыз.

Кешегі кезеңнің елесіндегі жағымсыз оқиғалар жайлы үнемі ойлана отырып, сіз өзіңізді жайсыз сезініп, өте қорқынышты әрі қайғылы жағдайға қайта түсесіз. Өткеннің қиындығына қайта-қайта үңілу – бүгінгі қымбат уақытты сарп ету, есіл күш, қуатты зая кетіру.

«Міне, солар бір үммет еді, өтіп кетті» (Құран, 2:134). Өткен күндер келмеске кетті әрі онымен барлығы мәңгілікке аяқталды, ал егер сіз тарихтың дөңгелегін артқа бұрып, өткеннің мәйітін үнемі қопарып отырсаңыз, қазірде ештеңеге қол жеткізе алмайсыз. Бұрынғы  шақта өмір сүрген адам бөренені емес, тек үгінділерді кескісі келетін адамға ұқсайды.

Ерте кезде адамдар: «Өлгендерді қабірлерінде оятуға болмайды» деп насихаттайтын. Біздің трагедиямыз - қазіргі жағдайды жеңе алмауымыз: қолымыздағы сансыз байлықты елемей, апатты ғимараттарды ойлап  жылаймыз. Егер әлемнің барлық адамдары жындармен бірлесіп,  кешегі кезеңді қайтаруға қанша тырысса да, ешбір мүмкіндік тумас еді.

Жердегі барлық тіршілік атаулы алға жылжуда, келесі маусымға дайындалуда - сіз де солай жасауыңыз керек. Таңертең оянғанда, Аллаға шүкіршілік етіңіз, сізде бүгінгі күн ғана бар, яғни, кештің батуын бірден күтпеңіз – бүгінгі күн сіздің қолыңыздағы, еншіңіздегі  жалғыз қымбат дүние. Жақсылық пен жамандықтың бәрін алып кететін кешегі күн өтті, ал ертеңгі арайлы таң әлі атпады. Біздің жалпы ғұмыр сүру ұзақтымыз-  сол күннің басында туып, кештің соңында дүниеден озатын тұтас бір күн іспеттес.

Өмірді осылайша қабылдай отырып, сіз  өткеннің уайымымен әрі болашаққа деген белгісіз алаңдаушылықпен, беймаза ауыр естеліктермен оңаша қалмайсыз. Бүгінгі күнмен өмір сүріңіз: бұл күні сіз ұйқыдан оянып, ашық жүрекпен дұға етіп, ғибадат жасауыңыз қажет, Құранды түсініп оқып, Алланы шын ниетпен еске алуыңыз өте маңызды.

Осы күні кемел адам сияқты әрекет етіп, өзіңіздің сыртқы келбетіңізге әрі денсаулығыңызға ғана мән бере отырып, бар нәрсеге ризашылық білдіруіңіз абзал. Қайғы, мазасыздық, зұлымдық, қызғаныш пен ашу-ызасы жоқ бүгінгі күнмен өмір сүріңіз. Күніңіздің сағаттарын  реттеңіз, жылдарды минуттардан, айларды секундтардан жасаңыз.

Раббыңыздан кешірім сұраңыз, оны жиі есіңізге алыңыз,  көшпелі ғұмырда  осы сәттен бастап-ақ ақтық сапарға дайындалыңыз және бүгінгі күнді бақытты һәм бейбіт түрде өткізіңіз. Күнәлі болсаңыз, пенделікпен қателессеңіз, дереу тәубеге келіп, Жаратушыдан кешірім сұрап,  әрдайым артыңызды рухани тазалап жүріңіз, кісі хақысы бойда кетпесін. Күн көрісіңізге, балаларыңызға, жұмысыңызға, үйіңізге және өмірдегі жағдайыңызға риза болыңыз.

Алла Тағала Құранда былай дейді: «Менің саған берерімді ал да, ризашылық білдір!» (Құран, 7:144). Сіздің жүрегіңізде тек мынадай оралымды ой орын алуы тиіс: «Бүгінгі күн- менің жалғыз күнім». Егер сіз бүгін жаңа піскен ыстық нан жесеңіз, кешегі жеген кепкен қатты  нанның мәні неде және ертең қандай нан жейсіз? Егер сіз өзіңізге қатысты жағдайда шыншыл болсаңыз, берік әрі нақты шешімге ие боласыз. Өзіңізді келесі сөзге сендіресіз: «Бүгін менің өмірімнің соңғы күні».

Егер сіз осындай сенімде болсаңыз, жеке қасиеттеріңізді дамытып, мүмкіндіктеріңізді кеңейтіп, әрекеттеріңізді  туралап, тазартсаңыз, өміріңіздің әр сәтінен ләззат аласыз.

Содан кейін өзіңізге мынаны айтыңыз: «Бүгін мен өз сөзімді, тілімді ұятты сөздерден  тазартамын. Мен барлық күнә, ғайбаттан, шағымнан бас тартамын. Бүгін үйім мен жұмыс орнымды ретке келтіремін. Олар тәртіпсіздік пен хаос күйінде болмайды, керісінше, баспанамда тазалық пен тәртіп орнайды. Бүгін мен денемді таза ұстауды әрі сыртқы келбетімді ұқыпты ұстауды қадағалаймын.

Мен жүріс-тұрысымда, сөздерімде, әрекеттерімде кемел боламын. Бүгін барынша Раббыма мойынсұнамын, мүмкіндігінше, шын жүректен дұға етемін, шамам жеткенше, көп ізгі амалдар жасап, Құранды және пайдалы кітаптарды оқимын. Мен жүрегімде жақсылықтың дәнін егіп, ол жерден тәкаппарлық, қызғаныш және екіжүзділіктің арам шөбін жұламын. Бүгін мен басқаларға көмектесуге тырысамын, науқастарға барамын немесе жаназаға қатысамын, адасқан адамға жол көрсетемін, ашқұрсақ жандарды тамақтандырамын.

...Мен қорланған әрі әлсіздердің жанында тұрамын, жарымды құрметтеймін, жастарға мейірімділік танытып, қарттарға құрметпен қараймын. О, өткен шақ! Мен сені жоқтамаймын, есіме де алмаймын, сен өзен ағысы сияқты менен алысқа жүзіп кеттің және ешқашан оралмайсың. О, болашақ, сен көрінбейтін патшалықтасың! Мен ертең не болатындығына алаңдамаймын, өйткені, ертең ештеңе жоқ  әрі әлі жаратылмаған. Бүгінгі күн-менің жалғыз күнім».

Бұл бақыт сөздігіндегі өмірді әсемдік пен жарықта өткізгісі келетіндерге арналған ең маңызды кредоның бірі. Болашақ келмейінше, оны қалдырыңыз, алдағы қиындықтар туралы ойлау - бұл бір бөлек нәрсе, ал болашақ үшін өзіңді дамыту жолында білім, ғылымды игеріп, түрлі білік, дағдыларды меңгеру, өз-өзіңді танып, жетілу-бұл өте мәнді дүние, басқа нәрсе. Осы тұста алдағы туындамаған қиындықтар жайлы қапаланып, торығу төңірегінде тілге тиек етіп отырмыз. Исламда біріншісіне қарсылық білдірілсе, екіншісіне, керісінше, қолынан келгеннің бәрін жасап, салдарын Раббыңа қалдыруға қатаң түрде шақырылады.

«Алланың әмірі келді. Сондықтан оның тез келуін тілемеңдер. Алла, олардың қосқан серіктерінен пәк те жоғары» (Құран, 16:1). Жемістерді піспей тұрып жинау ақылға сыйымды ма? Олар әлі шикі, ащы. Ертеңгі сәт әлі тумады, ол бүгінгі күннің шындығында жоқ, неліктен осы жайлы уайымдау керек? Неге пенде болашақ бақытсыздықтан қорқу керек?

Сіз ертеңгі күнді көретіндігіңізді әлі білмейсіз, сонда да жағымсыз ойларға бой алдырасыз ба? Ертеңгі күн көрінбейтін әлемге қатысты екенін білу маңызды және біз сол күн келмейінше көпірден өте алмаймыз. Кім біледі, біз көпірге ешқашан жете алмайтын шығармыз, болмаса, көпірден бірінші қадам жасамай жатып, құлап кетеміз яки  оны күтіп, ертең аман-есен өтеміз. 

Әлемдегі көптеген адамдар болашақта кедейліктен, аштықтан, аурудан және бақытсыздықтан себепіз қорқады. Ібіліс санаға селкеу түсіріп, қорқыныш салып,  негізсіз сыбырлайды, адамның жүрегіне тек үмтісіздіктің шоғын үрлеп, Алланың мейірімінен үміт үздіріп, ұзақтастырады, күйзелістің шұңқырына батырғысы келеді. «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады да арсыздықты әмір етеді. Ал Алла (Т.) сендерге өз қасынан жарылқауды, кеңшілікті уәде етеді. Алла аса кең, толық білуші» (Құран, 2: 268). 

   Көптеген адамдар болашақта аштықтан өлетінін болмаса бір айдан кейін ауырып қалатынын ойлағандықтан жылайды. Қашан өлетінін білмейтін адам осындай ойлармен үмітсіздіктен мазасызданбауы тиіс. Сіз бүгіннің тірлігімен айналысып жатқандықтан, ертеңгі уақыт келгенге дейін барлығын жайына қалдырыңыз. Бұл әлемнің болашақ перспективаларына негізсіз байланып қалудан сақ болыңыз. Қапаланбаңыз! Өткен өмір өтті... Ұлы Жаратушы асқан мейірімді, кешірімді, жарылқаушы, құлдарын аяушы, қиындықтан құтқарушы! Баршамызды Ұлы Алла мейіріміне бөлеп, денімізді сау, иманымызды кәміл, екі дүниеде жүзімізді жарық етсін! 

«Қайғырмаңыз!» кітабынан
Дереккөз: islam.plus.
Аударған: Меруерт Мұхамадиева

 

0 пікір