Қажылық және оның мәні
Қажылық және оның мәні
2 жыл бұрын 2217

Қажылықтың бізге қатысты және қоғамдық өмірге қатысты жағы бар. Алайда оның бізге қатыстылығы аса маңызды. Өйткені қажылық - жалпыға тән ортақ құлшылық. Арнайы мереке қарсаңында қатардағы бір қарапайым әскердің уәзір немесе патшаның жеке мерекелеуіне қатысып сый-қошеметіне бөленгені секілді қажылығын өтеуші адам да жай бұқара халықтың қатарында бола тұра үлкен деңгейге қол жеткізген әулие секілді ғалам иесі Аллаға бет бұрады. Ортақ құлшылықтың абыройы мен бақытына кенеледі.

Жаратушыға тән мәртебелер есігі қажылық кілті арқылы ашылады. Құдайылық ұлылықтың көкжиегіне қажылық дүрбісі арқылы көз жіберуге болады. Қажылық ережеге сай ихрамға оранған мыңдаған ұлттар мен ұлыстардан құралған әр деңгейлес мүминдер «ләббәйк, Аллаһүммә, ләббәйк!» деп дауыстаған күйі құлшылық танымын қиялдарында барынша кеңейтіп, жүректеріне мейлінше тереңдете түседі. «Аллаһу акбар! Аллаһу акбар!» деген сөздері арқылы ұлы Жаратушының құдіреті күшті құдайылығына деген таңғалыстары мен үрейлерін жеңіп, өздеріндегі менмендік пен тәкаппарлықтарынан біржолата арылып, тәубаға келеді. Қажылығын атқарған мүминнің көңіл кірі тазарып, көкірек көзі мен жүрек айнасы да шайдай ашылады. Осы бір тазарыс пен рухани  өсуді ол бұдан кейінгі жамағатпен оқыған әр намазда (айт намазы, жаңбыр намазы, ай мен күн тұтылған кезде оқылатын хусуф пен кусуф намаздарында) сезінетін болады.    

Екінші жағы мұсылмандардың қоғамдық, саяси әрі экономикалық өміріне тікелей қатыстылығы. Меккеге жиналып Қағбада бас қосу ауқымды бір мәселеге орай әлемдік деңгейде шақырылатын конгресс секілді. Осы төңіректегі кейбір маңызды тұстар мыналар:

1. Ислам діні тамыр жайып, қанатын құлаштаған қасиетті мекен, киелі топыраққа барып тәу ету арқылы Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен оның даңқты сахабаларының жан аямай күрескен шайқастары санамызда жаңғырып, Ислам дініне деген ұстанымымызды бекітіп, тереңдете түсеміз. Мыңдаған қасиеттің ордасы, сондай-ақ Аллаһтың сүйікті құлының (с.а.у.) иісі сіңген сол аймақтың әр тасы мен әр уыс топырағында өзінше бір әлемнің құпия тылсым сырлары жатқаны анық. Парасат пайымы биік тұлғаларды, пайғамбарларды дүниеге келтірген бұл аймақ әлі де талай мүминдердің жан сарайына шуақ себері сөзсіз.

2. Қажылық кезінде Құран сөздерін іс жүзінде зерделеу мүмкіндігі туады. Айталық, Құранда былай делінген:

«Кезінде Ибраһимге Қағбаның орнын көрсетіп: - Маған ешкімді ортақ қосушы болма, тауап етушілер, түрегеп, иіліп руку мен жығылып сәждеге бас қоя ғибадат жасаушылар үшін үйімді таза ұста. Халықты қажылыққа шақыр. Олар қара жаяу, мейлі көлікпен болсын алыс-алыстан соған келсін. Олар өздеріне келер пайданы көріп, сондай-ақ  өздеріне берілген малдардан белгілі күндері Аллаһтың атына құрбан шалсын. Одан өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де қарасыңдар. Артынша олар кірлерінен арылсын (Шаш алып, ихрамнан шықсын) және айтқан нәзірлерін орындап Қағбаны тауап етсін, - деп бұйырдық» ("Хаж" сүресі, 27-29).

Бұл аяттар бізге сонау дүбірлі Ибраһим пайғамбар заманын көз алдымызға елестетеді. Хазіреті Ибраһим пайғамбар Әбу Құбайс жотасына шығып: Уа, халайық! Жаратушы раббымыздың үйін тауап етіңдер! - деп жар салды. Аллаһ Тағала оның сол бір даусын әлі күнге ата белі мен ана жатырындағы туылмаған нәрестеге дейін естіртуде. Арадан қаншама ғасыр өткенде пайғамбарымыз Мұхаммед те (с.а.у.) қоштасу қажылығында аят сарынын айнытпай қайталап қажылық міндетін өтеуді халыққа шегелеп табыстады. Міне, осы бір үрдіс күні бүгінге дейін өз қадір-қасиетінен аумай, көңілдерде бүршік жарып келеді. Хақ Тағаланың әміріне аса бір ынта-ықыласпен ден қойған шабытты мұсылмандар сол дауыс естілген жаққа жүздерін қаратып, ұлы Жаратушы міндеттеген қажылық парызын өтейді.

3. Қажылық кезінде адамдардың ағылып әр құрлықтан келуі психологиялық тұрғыдан адамның дүниетанымын кеңейтіп, оның тағы бір беймәлім қырын аша түседі.  Осы наным-сенімді ұстанып, соның үкімін атқарып жүрген жалғыз мен емес екенмін деген ой-пікір қалыптасады. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан әр тілде сөйлейтін, әр түсті, мемлекет басшысынан бастап қарапайым халыққа дейін бай-кедей әр ұлт өкілінің бір жерде бас түйістіріп, қасиетті Қағбаның алдында ерекше бақытты күй кешіп, аппақ ихрамға оранып, бір зікірді қайталап қажылық парызды атқаруы мұсылман жұртшылығының өзара ынтымағы мен бірлігін күшейтіп, иманын нықтай түседі. Бұл біздің үлкен күш, үлкен жамағат екенімізді ұқтырады. Қажылыққа келген мұсылмандардың саны қанша болса, қажылық барысында біздегі иман да сонша есе арта түскендей әсер қалдырады.

Осы бір сырды аңғарғандар сәл бір шу шыға қалса өздерін жақтайтын он-он бес адамның басын біріктіріп жіберіп шеру өткізуге даяр тұрады. Мақсат – сол істі жақтайтындардың аз емес екенін көрсету, өзара күш-қуаттарын арттыру, сенімдерін бекіту. Жалған дүние тірлігінің өзін осыншалықты қызғыштай қорғап жатқанда ақиқат үшін бас біріктіріп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың қаншалықты маңызды екендігі өзі-ақ белгілі болғандай.

Егер мұқият көңіл бөлінсе, адамды жан-жақты қолға алған Ислам діні бес уақыт намаздың өзін жамағатпен оқуды бұйырады. Одан қала берді аптасына бір рет мешітке бас сұғып жұма намазын оқуды парыз еткен. Жыл сайын екі рет айт намазында да мұсылмандардың басын қосады. Ал қажылықта болса бұл дәстүр өз шарықтау шегіне жетеді.

4. Бүкіл мұсылмандарды бауыр деп жариялауын Құран исі мұсылман баласын Меккеге шақыру арқылы дәлелдейді. Осы бір дүниежүзілік конгресте барлық түйкілді мәселелер қаралуы тиіс. Тіпті арадағы кейбір келіспеушіліктердің де осы арқылы тігісі жатқызылады. Оның жөн-жоралғысын да Құран өзі үйретеді: «Егер мүминдерден екі топ соғысса, дереу араларын жарастырыңдар. Егер екі жақтың бірі екіншісіне өктемдік жасаса бас тартқан жақпен Аллаһтың әміріне көнгенге дейін соғысыңдар. Егер қайтса араларын әділдікпен жарастырыңдар, туралық істеңдер. Расында Аллаһ туралық істеушілерді жақсы көреді. Шын мәнінде мүминдер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Аллаһтан қорқыңдар. Бәлкім игілікке бөленерсіңдер» (Хұжурат, 9-10).

5. Ұлтына, нәсіліне қарамастан мұсылмандардың арасындағы имани байланыстардың артуы, Ислам бірлігінің күшеюі қажылыққа келу арқылы іске асады. Өйткені дүниенің шартарабынан келген мұсылмандар мынаны ұғады: «бәріміздің де Жаратушымыз бір, Ризық беруші Иеміз бір, Құлшылық етушіміз де бір... Дініміз де бір... Пайғамбарымыз да бір... Құбыламыз да бір... Осылай бір-бірімен жалғасқан жүздеген бірлер... Осынша бірлер өзара бірлік пен келісімді, сүйіспеншілік пен бауырмалдықты қажет етеді».

Иә, бұлардың барлығы - ғалам мен жерсеріктерді бір-біріне жалғап тұрған рухани шынжыр іспетті жеке адам ретінде әрі мемлекет ретінде Ислам әлемінің бірлігі мен ынтымақ, татулығына негіз болатын байланыстар. 

Қажылық осылайша Ислам бауырмалдығының іске асуын қамтамасыз етеді. Дүниенің түкпір-түкпірінен келген мұсылмандардың өзара бауыр екендігі қажылықта дәлелдене түседі. (АҚШ-тағы қара нәсілді мұсылмандар тобының жетекшісі Малкольм Иксті бұрынғы теріс ұлтшылдық пікірінен арылтқан да осы қажылық барысында көз жеткізгендері болатын).

6. Қажылық - мұсылман ұлттар арасындағы теңдіктің іс жүзіндегі көрінісі. Неге десеңіз, мұсылман ұлттар қажылық кезінде бай-кедей, білімді-білімсіз, ұстаз-шәкірт, шен-шекпен жағынан кім болса о болсын барлық дүниелік атақ-лауазымдарын бір жаққа ысырып қояды. Киімдерін шешіп бәрі бірдей аппақ ихрам киеді. Басқа мұсылман бауырларынан ажыратқысыз кейіпке еніп, ешбір айырмашылықтары болмайды. Сырттай көз тастасаң бәрі бірдей ақ кебінге оранған секілді. Еріксіз Мақшарда мазардан түрегелер сәтті елестетеді.

7. Аллаһ Тағала «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата, Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тану үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Шындығында, Аллаһтың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Күмәнсіз, Аллаһ толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» деп бұйырады. Яғни сендерді ұлттар мен ұлыстарға, қауымдар мен тайпаларға бөлуімнің астары бір-бірлеріңді тануда, бір-біріңнің қоғамдық өмірлеріңмен етене танысуда жатыр, сол себепті қашанда өзара көмектесесіңдер, әйтпесе сендерді әр бөлек қауым ретінде жаратуымдағы мақсат бір-біріңнен суып, бір-біріңе алакөзденіп жауласу емес деген сөз. Аяттағы «теаруф» (танысу) және «тәаун» (көмектесу) сөзін таратып түсіндіру үшін оған мына мысалды келтіре кеткен орынды. Үлкен бір жасақ мыңдықтарға, ол мыңдықтар өз ішінде жүздіктерге, жүздіктер жекелеген ондықтарға бөлініп кете береді. Әр қолдың өз міндеті мен өзара қарым-қатынасы болады. Сол қарым-қатынас негізінде олар бір-бірін таниды. Өзара дем берісіп, көмектесу арқылы әр әскер тобы дұшпандардан қорғану ісіне атсалысып, жалпыға ортақ міндетті атқаруы арқылы өзі де дұшпандардың қастандықтарынан қорғанады. Әйтпесе үлкен жасақты ұсақ бөліктерге бөлу әр бөлік бір-бірімен соғыссын, бір-бірімен қырық пышақ болып талассын, бір-бірімен тайталассын деу үшін емес. Тура сол секілді бүкіл мұсылмандардың қоғамдық өмірі үлкен бір жасақ тәрізді. Ол мұсылмандар да түрліше қауым, тайпаларға бөлінген. Алайда оларды бір-біріне жақындататын ортақ жақтары өте көп. Демек, жасақтың әртүрлі қолдарға бөлінуі секілді мүминдердің де ұлт пен ұлыс, қауым, тайпаларға бөлінуі танысу әрі өзара көмектесу үшін болғаны. Қажылық ғибадатының осы танысу мен қоян-қолтық араласуға ең тиімді себеп екендігі сөзсіз.

1. Қажылық барша мұсылман қауымының дүниелік әрі ақыреттік қандай да бір мәселесін шешуде пәрменділік танытып, қабілет-қарымын шыңдауға себеп. Ол сондай-ақ мұсылмандарды тұтастай бір күш болып ұйымдасқан түрде әрекет етуге үйретеді. Айталық, мына аяттар жер бетіндегі реттілікті мұсылмандарға қадағалау бұйырылғанын, халықты жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю ісі соларға міндеттелгендігін көрсетеді.

«Сендер адам баласы үшін ең қайырлы үмметсіңдер. Жақсылыққа шақырып, жамандықты тыясыңдар» (Әл Имран сүресі, 110).

«Адамдарға куә болуларың үшін осылайша сендерді орташа үммет қылдық» (Бақара сүресі, 143).

«Бүлік қалмағанша олармен соғысыңдар» (Бақара сүресі, 193).

   Тіпті жоғарыда айтылған «Хужурат» сүресінің 9-10-аяттарында мұсылмандардың өз арасында кикілжің немесе келіспеушілік шыға қалған жағдайда оны да мұсылмандардың өзі жарастыруы керектігі ескертіледі.

«Жер бетінде Біз оған (Зұлқарнайынға) зор күш-қуат беріп, мақсатына жетудің қолайлы жағдайларын жасадық. Бет алған жолынан Зұлқарнайын да жаңылмады, жалғастыра берді. Шығандап батысқа жеткенде күнді бір лай сулы бұлаққа батып бара жатқандай сезінді. Осы бұлақ төңірегінен әлдеқалай бір қауымды ұшыратты. «Ей, Зұлқарнайын! Оларды сен не жәбірлеуге не жарылқауға тиіссің»,- дедік. «Кімде-кім азғындық жасаса, біз оларды жазалаймыз,- деді Зұлқарнайын. – Кейін олар Тәңірінің алдына барады, қылмыстарына орай онда бұдан арман азапқа ұшырайды. Ал иманға келсе, ізгілік істесе, оған ең жақсы сыйлық беріледі, оларды қолайлы жұмысқа бұйырамыз ».

(Зұлқарнайын) жорығын одан әрі жалғастырды. Ол күн шығысқа жеткенде күн төбелерінен шыжғырып, күйдіріп жатқан бір халыққа кезікті. Ол қауымға Біз азаптан сақтанар ешбір қалқа бермеген едік. Мұнда да солай болды. Ал Біз оның қолындағы күш-қуаттың бәрінен толық хабардар едік. Жорық одан әрі жалғасты. Үлкен екітаудың арасына барғанда, Зұлқарнайын ол жерден ешкімнің тілін түсінбейтін бір адамдарға жолықты.

«Ей, Зұлқарнайын! Яжуж, Мажуж – жер бетінде нағыз бұзықтық жасаушылар. Солармен біздің арамызға бір бөгет жасасаң, біз малымыздың бір бөлігін (саған) төлер едік»,- деді.

«Аллаһтың маған берген дәулеті жеткілікті,- деді Зұлқарнайын. – Жарайды, бір тосқауыл тұрғызып-ақ берейін, тек сендер маған адам күшімен көмектесіңдер! Маған темір сынықтарын жинап әкеліңдер. Екі таудың арасы темірмен толғанда, көрік басыңдар». Темір сынықтары әбден қызған шақта: «Ал енді маған беріңдер, (темір балқымасын) мен үйінді үстіне төгейін»,- деді ол.

(Яжуж, Мажуж) оның үстіне шығуға да, оны тесуге де лаж таба алмады (Кәхф сүресі, 84-97).

Аллаһ Тағаланың ұлы есімін дәріптеп, оны дүниенің әр шартарабына жаю ісінде иманды, жақсы мінез-құлықты болумен қатар материалдық тұрғыдан да жоғары тұру аса қажет. Яғни дәл Зұлқарнайын секілді заттық әрі рухани мүмкіндіктердің бәрін мұсылмандар өз уысында ұстай білу керек. Алайда ол халықты қанап, ел-жұртты құл мен күңге айналдырып жіберу үшін емес, керісінше өз отанын қорғау үшін, тіпті барша мұсылмандарды, қала берді діні мен нәсіліне қарамастан қиыншылық көрген басқа да елдердің бәріне пана болып, олардың құқықтарын қорғау үшін қажет. Сол арқылы әлемдегі тепе-теңдікті қадағалап, Ислам дінінің қамқорлығы аясында оларға Ислам дінінің ғажайыптарын паш ету, өз қалауы бойынша өзге елдердің мұсылмандықты қабылдауына жағдай жасау болмақ. Халықты Яжуж, Мажуж секілді бұзақылардан қорғап қорған салып, ол үшін титтей де ақы сұрамаған Зұлқарнайынның өнегелі ісі айта кетуге тұрарлық жайт. Міне, осындай игі ниетті іске асыру мақсатында мұсылмандар ірі көлемде ұйымдасқан түрде жыл сайын бас қосып, өздерін толғандыратын барлық мәселелерін талқылауы қажет. Талқылап қана қоймай мейлі рухани, мейлі заттай болсын барлық күштерін жұмылдырып, Аллаһ разылығы мақсатында жұмсай білуі қажет. Осы тұрғыдан қажылық ғибадаты таптырмайтын бас қосу орны.   

2. Қажылық – мұсылмандар үшін сабыр мен талпынысты үйрететін мектеп. Қажылық мектебі үздіксіз ғибадат жасату арқылы нәпсінің тізгінін тартып ауыздығын салады, мұсылман бауырларды бір-бірін сыйлап, сыпайылық танытуға үйретеді. Қажылық сапары барысында ешбір қайтарымсыз мал жұмсау, Аллаһ үшін не нәрсені болса да шығындау парасаты өседі. Жақсылық пен жамандықтың арасалмағы бағамдалып, Аллаһтың дұшпаны мен досының ақ-қарасы ажыратылады. Шайтанға тас атқан кезде, Қағбаны тауап еткенде, Мәдинаға ат басын бұрғанда, қара тасқа сәлем салғанда осындай терең ой құшағында тербеліп, ішкі жан сарайымыз тазарып сала береді.

3. Қажылық кезінде мұсылмандардың небір ішкі керемет сезімдері оянып, жүректері үлкен әсерге бөленеді. Алғашқы мұсылмандардың уахидың таңғажайып күйіне елітіп, әсемдіктерінен сөз етіскендігі, әр бірі Құранның түсіндірмесі секілді адамзатқа ұмытылмас әсер қалдырғаны, осы қасиетті топырақта небір жанкештілік қимыл-әрекет, дархан мінез, өнегелі өмір іздері қалғандығы мұсылмандардың көз алдынан тізіліп өтіп, санада қайта жаңғырады. Мұсылман қажылардың рухын биіктетіп, шабытын шарықтатады.

4. Қажылық – мәңгілікке ойып жазылған иләхи естеліктердің еске түсірілуі. Оған мысал, жалғыз өзі бір үмметті құраған хазіреті Ибраһим мен ұлы Исмайылдың ғибратты ғұмыры, соңғы Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) көктегі періштелердің өзін қызықтырған өнеге-үлгісі, иманын қызғыштай қорғап өмір мен өлімнің арасында ажалмен арпалысқан даңқты сахабалардың ерліктері-бәрі де тізбектеліп қажылық кезінде көз алдымыздан өтіп жатады. Оған қоса, Аллаһ разылығы үшін сәбиін көтерген күйі жолға шыққан ананы да, Аллаһ разылығы үшін деп жанын қиған асыл перзентті де, аяулы ұлын Аллаһ разылығы үшін сапарға аттандырған әкені де,  діндар күйеуінің бір сөзін екі етпей бағынған ананы да - бәрін осы аймаққа келіп қажылық жасағанда еске түсіресің.

5. Дүниежүзілік экономиканың негізі - жәрмеңке мен көрме жүйесі. Осы тұрғыдан қажылыққа көз тастар болсақ, ондағы көп сырдың бірі - мұсылман мемлекеттер арасындағы экономикалық аралас-құраластық пен дамушылықты қамтамасыз ететіндігі. Тағы бір айта кетерлігі, «Хижаз» аймағы (Мекке мен Мәдина аймағы-ауд.) мұнай мен уран қорларымен қатар  алтын, күміс және мысқа өте бай. Темір қорымен дүниежүзін қамтамасыз ете алатын күштегі бұл аймаққа мұсылмандардың жыл сайын ат басын бұруы да олармен әртүрлі серіктестік жасасуға өз септігін тигізбей қоймайды. Басқаны былай қойып тек мұнай тұрғысынан қолға алынар болса, дүниежүзілік елдердің төртте үшінің өндірісін қамтамасыз ете аларлық күшке ие. Мұсылмандардың кем-кетігін түзетуге бағытталған барлық ислам елдеріне тән экономикалық бірлестік құрылса ешбір құқы аяққа тапталмайтын жаңаша Ислам қоғамы, Ислам әлемі пайда болар еді. Жеке адамнан гөрі көпшілік қауымға, жамағатқа деген ырыс-берекенің анағұрлым көбірек ақтарылатындығы шындық. Өйткені «Аллаһтың рақымы жамағатқа тән». Жыл сайын қажылық маусымында Ислам жамағатына деген Аллаһ Тағаланың жақсылығы ерекше. Аллаһтың ризашылығына сай әрекет етілген жағдайда Ислам жамағаты қуаныштан қуанышқа кенелмек.

6. Қазіргі таңдағы білім салалары ұлтаралық үздіксіз қатынас пен өзара ұдайы пікір алмасу нәтижесінде шарықтап дамыған. Азот қышқылы секілді химия ғылымының негізгі элементін ойлап тапқан химиктеріміз, маятник пен механиканың ең алғашқы негізін қалаған физиктеріміз, әлем мәдениетінің ірге тасын құрайтын алгебра ғылымын ойлап тапқан атақты математигіміз Жабирдың еңбектерін қажылықтың рухани мағлұматтарымен қоса мұсылман мемлекеттерге жая алғанымызда өзге елдер тас дәуірінен көз аша алмай жатқанда, біздер ғарыш кемелерін ойлап табатын деңгейге жетер едік. Қажылықтың осы терең сырын әлі біз толыққанды ұғынып, біз одан әлі жеткілікті деңгейде пайдалана алмай келеміз. Әсілі, мейлі қазіргі ғылымдар болсын, мейлі шариғатқа тән ғылымдар болсын осы қажылық арқылы күллі ислам әлеміне тарауы керек еді. 

7. Сауда саласында тауар алу қабілеті, оны тарату мүмкіндіктері, белгілі бір климат пен тұрмыстық шарттар негізінде туындайтын мәселелер, мемлекетаралық кәсіпорындар мен ұйымдар, еңбекке орайлас баға стандарттары, шикізат пен өңделген заттың ең тиімді бағасын келісу секілді бүгінгі сауда заңдылықтары Ислам әлеміндегі қажылық тудырған мүмкіндіктер шеңберінде, мұсылмандар арасындағы бауырмалдық негізінде жүзеге асады. Бұл мұсылмандар үшін өте маңызды әрі үлкен мүмкіндік болып табылады. Еуропа көп көңіл бөліп отырған ортақ базар мен экономикалық күш бірлестігінің нәтижесі болашақта расында да ойлағандарынан әлдеқайда көп пайдаға кенелтетіні сөзсіз. Ал Ислам діні болса бұны қажылықты бұйыру арқылы қанша ғасырдан бері айтып келеді.

8. «Саяхаттап денсаулықты шыңдаңдар» қасиетті кеңесі қажылық сапары барысында қоса атқарылатындықтан заттық әрі рухани тұрғыда көптеген аурулардан айығуға бірден-бір себеп. Қажылыққа әр түрлі қоғам өкілдері келетіндіктен сол қоғамдағы бұрыс ұстанымдар мен теріс пікірлер, жаман әдет-ғұрыптар, жанұя жүйесі, әлеуметтік келеңсіздіктер осы қажылық барысында мұсылмандардың бір-бірімен танысу, жақыннан табысу, достық қарым-қатынас орнатуымен өз шешімін табатыны күмәнсіз. Қажылыққа келу арқылы өзіндегі бұрынғы ұстанымның терістігін ұғып, әһлі сүннет қатарына қосылған Малкольм Икстің өмірі көпшілік жұртқа жақсы таныс.

Иә, Ислам әлеміндегі бүгінгі күнгі рухани дағдарыс қажылыққа барып мұсылмандардың бір-бірімен таныспауынан, өзара сырласпауынан, Ислам әлемі тап болып отырған қиыншылықтарды бөліспеуінен туындауда. Осы тұрғыдан алғанда материалдық және рухани салада қызмет атқарып жүрген басшылардың жауапкершілігі зор.

Ислам мемлекеттерінің біреуі аса пұшайман халге түсіп, халқы да қатты қиыншылық пен күйзелісті бастан кешкен жағдайда қажылыққа жиналған мұсылмандар олардың жай-күйін ортаға жайып салып бауырмалдық көрсетуі аса бір құптарлық жайт. 

С. Сених «Құлшылық құпиясы»

Аударған: Қ. Сабыржанұлы

0 пікір