Қайырымдылық жаса, көмек бер!
Қайырымдылық жаса, көмек бер!
8 жыл бұрын 10574
Жарылқасын Жарбол

Рамазан айы – көмек беру, қайырымдылық жасауға шақыратын ай. Ондайда көбіміз жанашыр, жомарт жандарды еске аламыз. Бірақ зекет немесе пітір беру туралы сөз болғанда, іштей бір сынақ басталары белгілі. Кейбіріміз «Мен зекет беретіндер қатарына жатпаймын» десе, енді біреулер «Қарызым бар, табысым өзіме әзер жетеді» деп түрлі ойға барады. Ал анығында қайырымдылық жасаған сайын Алладан да көмек болатынын еш ұмытпау керек.

Кешірім мол қасиетті Рамазан айында бірге жасалған ауызашар, сәресі, оқылған тарауихтар ауызбіршілікті арттырады. Тек онымен шектелмейді, жетім- жесірлердің жағдайын түсінуге де көмектеседі. Ислам діні бұл тұрғыда көмекке зәру кісілерге жанашырлықпен қарап, қайырым жасауға шақырады, садақа беруді бұйырады. Ардақты пайғамбарымыз садақаның өмірді ұзартатынын, адамды нашар өлімнен сақтайтынын, тәкаппарлықты кетіретінін айтқан. Дінімізде садақа: зекет, пітір және підия деп жіктелген. Әрбірінің кімге, қашан, қанша мөлшерде берілетіні айтылған.

Тазалану деген мағынаны беретін зекет көбімізді материалды қиындықтан, кейбірімізді нәпсінің сараңдығынан тазартады. Барша пайғамбарлардың үмбетіне бұйырылған бұл жауапкершілік әсілі ауыр сынақ. Көбіне алуға келгенде қуанатын адам баласы беруге келгенде қиналатыны белгілі.

 

Зекет бергеннің дүниесі азая ма?

Құранда намаздан кейін ең көп айтылатын тақырып ‒ зекет. Хазірет Фатиманың «Уа, мұсылмандар, біліп қойыңдар, бұл ережелер көктен сіздің бақытыңыз бен кемелденуіңіз үшін түскен. Намаз Алланың алдында сәждеге бару және ұлылығынан жан тыныштығын табу үшін. Зекет те жүрекке махаббат, мейірім мен жақсылық сүйгіштіктің орнығуы, дәулетің тасу үшін міндеттелген» деген сөздері оның адамға ауыр тиюінің алдын алады.

Анығында Рақым иесі бұйыртқан нығмет, дүние-мүлікті өзгелермен бөлісе білген жөн. Кей адам зекет бергенде, малым азаяды деп ойлайды. Жыл сайын Рамазан айында зекет, пітір туралы сөз етілгенде «Біз зекет беруге міндеттелмейміз, менің қанша грамм алтыным бар дейсің, үйді жаңа алдық, қарыздарымыз бар» деген сияқты зекет беруге құлық танытпайды. Не үшін? Алла жолында бермеу үшін. Қандай үлкен ғапылдық десеңші? Барлық нәрсенің шын иесі Алла ғой, Одан нені аямақпыз? Алла үшін бергенде жүрек дірілдеудің орнына қолымыз қалтырайды. Ұят-ақ. 

Пайғамбарымыз зекет берілмесе, Алланың мейірімі де тоқтайтынын айтып былай деген: «Малдың зекеті бермейтін елдерде көктегі рақым есіктері жабылып, жаңбыр жаумайтын болады. Егер жан-жануарлар болмағанда, оларға жаңбырдан нәсіп бұйырмас еді».

 

Алла үшін берсең, өзің де көмек көресің

Табысын бөлісу адамдарды ғана бір-біріне жақындатпайды. Біз сол арқылы Аллаға да жақындай түсеміз. Бірақ Ғалам иесіне тек өзімшілдік пен сараңдықтан арылғанда ғана жақындай аламыз. Яғни жомарттық қана Аллаға жақындатады. Өзгелердің қиналғанына көз жұмып қарамай, мейірімділік таныту мұсылмандық тәрбиемізді де байқатады. Зекет беру арқылы өмірде байлық қуып кетпегендігімізді көрсетеміз. Біздегінің бәрі Аллаға тән екендігін білу  мұсылмандық дұрыс сана қалыптастырады, жүрегімізді тоғышарлықтан тазартады.

Расулалла «Қайырым жасасаң, өзің де қайырым көресің» деп ой салады. Тағы бір сөзінде садақаны Алланың көбейтетіндігін былай деп білдіреді:

«Ең тазасынан (Алла тек ең тазаны ғана қабыл алады) берген әлдекімнің садақасын рахман Алла қабыл алады. Ол бір құрма болса да Рахман ие ол құрманы берекеттендіргені сондай, Ұхыд тауынан да үлкейіп кетеді. Тура араларыңнан әлдекімнің тайын не ботасын өсіргені секілді Алла да сендердің садақаларыңды солай өсіреді».

Байқалғандай, зекеті берілген мал Алланың қорғауында болады әрі Расулының сүйіншілеп айтқанындай еш кемімейді, қайта артады.

Пайғамбарымыз барлық нәрсенің бір зекеті бар дей отырып, жақсы істер істеу керектігіне назар аудартады. Ілімнің садақасы ақиқатты жаю болса, басқа да қабілет не дүниенің өз садақа, зекеті бар.

 

Бар кезде де, жоқ кезде де бере білу

Исламдағы бес негіздің бірі ретінде зекет исламның көпірі болып есептеледі. Құран кәрімде «Зекеттер тек кедей, зекет жинайтын қызметкер, жүрегін жылытып исламға келуін қалаған кісілерге, тұтқын мен құлдықтан азаттыққа шыққысы келетіндерге, қарызға батқандарға, жолынан қалған қиналған жолаушыларға тән. Алла тарапынан нақты осылай парыз етілді. Алла бәрін білетін Алим, әр ісін даналықпен жасайтын Хаким» (Tәуба сүресі, 9/60) деп бұйырған. 

Бұл тұста Құранда өтетін «Алла жолында» (фи сәбилиллахи) деген ұғымға ерекше назар аударуға болады. Яғни «Мен зекет беруге міндетті емеспін» деп қарайтын кісілер өз шамасынша қайыр, садақа бере алады. Бұған үлкен дәлел «Али Имран» сүресіндегі «Олар баршылықта да, жоқшылықта та (Алла жолында) береді» деген аят. Яғни, өзгелерге көмек беруге шын пейілді жандар әрдайым жағдайы өзінен төмен жандарды кезіктіре алады. Әрі шамасы келгенінше, өзі де қайыр, садақа бере алады.

0 пікір