Қабірлердің қадірін кетірмейік
Қабірлердің қадірін кетірмейік
8 жыл бұрын 3368
Құдайберді Бағашаров

Ислам дінінде адам тірі кезінде ғана емес, өлгеннен кейін де құрметке ие.  Ардақты Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) марқұм болып кеткен кісілердің артынан жамандықтарын сөз етуге тыйым салған. Әрдайым өмірге кең түсінікпен қараған мұсылмандардың пайымынша, қабір – ақыретке сапардың алғашқы аялдамасы болып есептеледі. «Кейін оның жанын алды, қабірге салды. Кейін қалаған уақытында оны қайтадан тірілтеді» деген Құранның «Абаса» сүресінің 21 аятында «қабір» сөзі өтеді.

Қабір бұған қоса осы дүниеде тазаланбаған кейбір күнәларға есеп берілетін әрі тазаланатын орын. Кішірігім бұзақылықтар кішігірім әкімшілік орындарда, ал ірі қылмыстар ірі соттарда қаралатыны секілді, Ұлы Сот күніне қалдырылған ірі есептердің тысындағы кішігірім бірқатар күнәлар мен дақтар осы қабірде тазаланады. Кіші күнәлар адамның осы дүниеде көрген ауыртпалықтары мен тартқан азабы, ауырып, сырқап қиналуларымен де азаяды. Ал кейбірі жан тәсілім етер кездегі қиналыспен кетеді.

Исламда қабірлерді зиярат етудің өзіндік орны бар. Хадис кітаптарында ардақты Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) әркез қабірлерді зиярат еткені кездеседі. Анасының қабірін зиярат еткеніне мына сөзі дәлел: «Раббымнан анамның қабірін зиярат етуге рұқсат сұрағанымда, рұқсат берді». Әсіресе Ұхыд соғысында шейіт болған сахабалары жерленген Бақи мазарын жиі зиярат еткені, барып әркез дұға оқып қайтқаны риуаяттарда кездеседі. Айша анамыздың айтуынша, бірде түнде тұрып шығып кетеді. Айша анамыз күңі Барираны артынан қарауылдатады. Күңі қайтып келгенде, ол кісінің Бақи мазарына барып арнайы дұға оқығанын білдіреді. Кейіннен өзі ол туралы: «Жәбірейіл періште келіп, Ұхыд шейіттеріне дұға етіп, кешірім тілеуім керектігін ескертті», - деп түсіндірген.

Қабірлердің жанында: «Ассалаумағалайкум, уа, қабір тұрғындары! Алла сендерді де, бізді де кешірсін. Сендер бізден бұрынғыларсыңдар, біз арттарыңнан келе жатқандармыз» деген мағынадағы дұғасын оқитын. Бүгінгі күні де қабірлердің жанынан өткенде жай ғана бет сипамай, бұл дұғаны біліп әрі айтудың мәні зор. Дұғадағы «Біз де арттарыңнан аялдап келе жатқан жандармыз» деген сөз қабірдің жанында терең ойға барғанын көрсетеді.

Исламның алғашқы жылдарында қабірлерді зиярат етуге біршама уақыт тыйым салынған. Оның себебін мына хадистен ұғамыз: «Мен сендерге қабірлерді зиярат етуге тыйым салып едім, енді зиярат жасасаңдар болады. Өйткені қабірді зиярат ету дүниеге деген құмарлықты азайтады, ақыретті еске түсіреді».

Байқап отырғанымыздай, исламда қабірлерді зиярат ету өмірдің өткіншілігін ұғыну, ақиқатты тереңірек сезіну, өлімді ұмытып кетпеу ниетімен де байланыстырылған.

Осындай барлық деректерді қарастыра келіп, Ханафи ғалымдары қабірлерді ер кісілердің зиярат етуін мұстахаб (ұнамды іс) деп тұжырымдаған. Егер қандай да бір бүлікке себеп болмаса, шариғатқа қайшы іс жасамайтын болса, бұл үкім әйел кісілерге де жарамды деген. Өйткені қабірді зиярат етудегі бір хикмет ретіндегі ақыретті ойлау, өлімді еске алу әйел кісілерге де ортақ. Алайда әйел кісілердің қабірді зиярат етуіне тыйым салатын деректер көбіне жахилия кезеңіндегідей әйел кісілердің ол жерде шашын жұлып, бетін тырнап, тағдырды тілдеп, дауыс салу секілді әрекеттерінің дұрыс еместігімен байланыстырылған.

Хадистерде қабірге қарап намаз оқымау, оның үстіне отырмау керектігі де баса ескертілген.  

Расында бүгінгі күні осы қабірді зиярат ету мәдениетін қайта қарастыратын жағдай туып отыр. Өйткені қабірді зиярат етудің исламдағы орнын жақсы білмегендер әр түрлі келеңсіздіктерге жол беріп жүр. Мәселен, қабірде жатқан өлілерге арнап құрбан шалу, олардан тілек тілеу, шырақ жағып қою, түнемеге айналдыру, жанындағы ағаштарға шүберек байлау секілді істер қайдан бастау алғаны белгісіз ел ішінде тарап кеткен. Бүгінгі күні сауатты имамдар бұл мәселенің ақ-қарасын халыққа түсіндіріп-ақ келеді.

Қабірлерге қатысты тағы бір орын алып отырған келеңсіздік – ол соңғы 20-30 жылда анық байқалғандай бейіт салуда байлардың бәсекелесуі. Жақынының қабірін бір-бірінен асыра салуды мақтан көрулері. Бүгінгі күні қымбатқа жерін сатып алып, алтынмен аптап, күміспен күптеп, үлкен кесене тұрғызып жатқан адамдар қатары азаймай отыр. Тіпті кейбірі айтарлықтай қаражат құйғандықтан, ол жерге күзетші де жалдап отырғанын, мазардың арзаны 2 миллион теңгеден бастап 150 мың долларға дейін баратынын, қалталы азаматтар өздері тұрғызған мазарларды әр 3-5 жыл көлемінде жөндеуден өткізіп отыратынын естудеміз. Арнайы дизайнер жалдап, сәулетшілер мен құрылысшылар әкеліп, мәрмәрмен, гранитпен қаптатып жатқандар бұларды діннің талап етпейтінін білсе дейміз. Хадисте дінді қиындатпау керектігі ескертілген. Дінімізде қабірді қарапайым етіп шамалы ғана қоршап, аты-жөнін жазу жеткілікті. Мазар, басына күмбез тұрғызуға кеткен қаражатты одан да қоғамдағы басқа керектерге жаратса, әлдеқайда сауап болар еді. Айталық, бүгінгі күні республикамыздағы ем қабылдауға қаражаты жетпей қиналып жүрген жандарға, оқуға керекті жабдығын ала алмай, мектепке бара алмай жүрген жағдайы жоқ оқушыларға, қиналған студенттерге, қараушысы жоқ жалғызілікті жандарға т.б. көмек беру әлдеқайда сауаптырақ. Мақтан мен ысырапшылық қазаққа ешқашан жақсылық әкелмесі белгілі.

Бүгінгі күні азаймай отырған тағы бір сорақы іс – ол мазарларға жасалған шабуылдар, құлпытастарды қирату. ҚР Қылмыстық кодексіне сай вандализм үшін 100-500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу, 120-180 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе 1 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза қолданылса да вандалдар бұл жексұрын әрекеттерін тыймай келеді. Кейбірі мазарды тонап, темірлерін арнайы орындарға өткізуді кәсіп етіп алған да сыңайлы. Қабірлерді қирату кей жағдайда материалды дүниеге құмартушылықтан туғанмен ол қазақ түсінігінде әруақты сыйламаушылық ретінде аса ауыр қабылданады. Сондықтан қазіргі уақытта ел және дін жанашырларының қаққан дабылына құлақ асып, осындай келеңсіздіктерді түзейтін уақыт жетті деп білеміз.

Құдайберді Бағашаров,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы,
PhD докторы

0 пікір