Пайғамбардың (с.а.у.) кішіпейілдігі
Пайғамбардың (с.а.у.) кішіпейілдігі
7 жыл бұрын 3551 www.islam.ru
Сұлтанмұрат ӨТЕШҰЛЫ, дінтанушы

Кішіпейілдік – Ислам дінінде ерекше құпталатын мінездердің бірі. Себебі мұсылман діні адамның барлық уақытта кішіпейіл болуына шақырады. Халқымыз «Ұлық болсаң – кішік бол» демекші, адамның өз мансабы мен дәулетіне, қоғамдағы қызметі мен даңқына беріліп кетпей, кішіпейіл болуы тиіс.

Алла Тағала Құранда кішіпейілдік қасиетінің артықшылығымен осы мінезге ие болған пенделердің алатын марапаттары жайында көп айтады. Мысалы:

«Рахманның құлдары жерде сыпайы түрде жүріп, оларға білместер тіл тигізсе де «Сәлеметшілік» деп дұрыс жауап береді» (Әл-Фурқан: 63).

«Міне, ақырет жұрты. Оны жер жүзінде өзін-өзі көтеріп, бүліншілік іздемегендерге нәсіп етеміз. Негізінде соңғы табыс тақуалар үшін» (Қасас: 83).

Кішіпейілдік, пайғамбардың ең көрікті сипаттарының бірі. Алланың елшісі (с.а.у.) барлық әлемнің пайғамбары бола тұра адамдардың ең кішіпейілі еді. Көптеген сахабалардан пайғамбардың (с.а.у.) кішіпейілдігі туралы мынадай риуаяттар келеді (Ибн Әмір (р.а.): «Алланың елшісі (с.а.у.) сұр түйесіне отырып, оны ұрмайтын, не соқпайтын. Ал есегіне отырған уақытта оған масаты жабатын. Науқастың жағдайын сұрайтын, жаназа намазына баратын. Сұрақ сұраған құлға жауап береді, сандалын тігетін, киімін жамайтын және үйінде отбасының қажетін өтейтінін», – көрдім.

Бір күні Алланың елшісіне (с.а.у.) адамды алып келеді. Ол Алла елшісінің (с.а.у.) құзырына келген уақытта, бойын үрей билейді. Пайғамбар (с.а.у.) оған:

– Қорықпа, мен періште емеспін. Мен де тамақ жейтін Қурайыш тайпасының әйелінен туылдым – деп айтты» деген хабарды жеткізеді.

Келесі бір риуаятта: «Алланың елшісі (с.а.у.) сахабаларымен бір сапарда жүріп, оларға қойды бауыздауға әмір береді. Сахабалардың бірі:

– Уа, Алланың елшісі (с.а.у.)! Оны бауыздау менің мойынымда – деп айтады. Келесі сахаба:

– Қойды жіліктеуді мен аламын – дейді. Үшінші сахаба:

– Оны әзірлеу (пісіру) менің мойынымда – деді.

Сонда Алланың елшісі (с.а.у.): – Мен болсам, отын жинаймын – дейді. Сахабалар бір ауыздан:

– Уа, Алланың елшісі (с.а.у.)! Барлық істі өзіміз орындаймыз – дейді бір ауыздан. Сонда пайғамбар (с.а.у.):

– Сендерден істің артық қалмайтынын білдім бірақ, мен сендерден ерекшеленуді қаламаймын. Себебі Алла субхана уа Тағала достарынан ерекшеленген адамды жақсы көрмейді – деді» деген хабар бар.

Сондай-ақ пайғамбардың (с.а.у.) қарапайымдылығын Әбу Һурайраның (р.а.) риуаят қылған келесі хадисінен де көреміз: «Алланың елшісі (с.а.у.): – Алланың пайғамбарлары шетінен қойшы болған деді. Сахабалар:

– Сіз ше? – деп сұрады. Сонда пайғамбар (с.а.у.):

– Ия, мен олардың арасындағы ең қырағысы едім... – деп жауап берді (Мүслим).

Алланың елшісі (с.а.у.) ақыр заман пайғамбары бола тұра өзін басқа адамдармен тең ұйстаған. Ешкімді әлеуметтік жағдайына, нәсіліне немесе түсі мен жынысына қарап алаламады. Ияз ибн Химардың (р.а.): «Алланың елшісі (с.а.у.): «Расында Алла маған сендердің бір-бірлеріңе кішіпейіл болуларыңды, тіпті біріңе-бірің мақтанбауларыңды және қысымшылық жасамауларыңды уахи қылды», – деп айтты» деген хадистіне сүйнетін болсақ Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) қарапайым және кішіпейіл болуға қаншалықты көңіл бөлгенін көреміз. Ол кісі артынан ерген сахабалар мен барлық мұсылмандар үшін үлгі. Өкінішке қарай біз бүгінде дініміз үйреткен асыл қасиеттерді бойымызға сіңіре алмай келеміз. Керісінше, қолымызға аз дүние бітсе, билік тисе немесе мансапта көтерілсек дереу көкірегімізге нан пісетіндей керіліп, тәкаппар бола қаламыз. Күні бүгінге дейін қасымызда жүрген бауырымызды танымай қаламыз. «Мен сенен асып түсемін» деп бәсекелестікке бас ұрып, ашуға беріліп, бірімізге біріміз сәлем де бермейміз. Осының барлығы тәкаппарлық немей немене? Әлде пайғамбар (с.а.у.) бізді қатыгез болуға, ашушаңдыққа, көре алмаушылыққа, жаман болуға шақырды ма? Әрине, жоқ.

Жоғарыда келтірілген бірнеше риуаяттың өзі бізді басқаларға кішіпейіл болуға үндейді. Пайғамбардың (с.а.у.) көзін көрген, тәлім алған сахабалар да мұсылманшылыққа тән кішіпейілділікті кеңінен насихаттады. Мысалы, Анас ибн Мәлик (р.а.) бір күні балақайлардың қасынан өтіп бара жатып оларға сәлем береді екен, кейін: «Алланың елшісі (с.а.у.) осылай жасайтын», – деп айтқан (Бұхари, Мүслим).

Қалай ойлайсыз, хадисте көргендей не үшін сахабалар жасөспірімдерге сәлемді бірінші берді? Анас ибн Мәлик (р.а.) ірі сахабалардың бірі. Ол кісіні барлығы танитын және құрмет қылатын. Бірақ, солай бола тұра ол кісі алдынан шыққан адамдардың барлығына үлкен-кішісіне қарамастан бірінші болып сәлем береді. Өйткені, кішіпейлдік мұсылманның белгісі, ал «сәлем» (бейбіт, амандық) сөзін тарқату дін исламның көрінісі. Біз осындай құндылықтардан ажырап қалмауымыз керек.

0 пікір