Ойыңызды өзгертсеңіз, өміріңіз өзгереді...
Ойыңызды өзгертсеңіз, өміріңіз өзгереді...
6 жыл бұрын 9558
Аударған Меруерт БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ
Жағымды, оң ойлау

   Жағымды, дұрыс  ойлау сіздің өміріңіздің сапасын арттыруға көмектеседі. Ол сізді қуаттайды, сіздің жинақталуыңызға көмектеседі және жан дүниеңізде өзі-өзіңізге деген сенімділікті арттырады. Жақсы, ой ойлау – бұл тек қана қозғаушы идея емес, ол сіздің жеке тұлғаңызға, денсаулық пен энергетикалық деңгейіңізге әрі шығармашылық қуатыңызға ықпалын тигізеді. Сіз неғұрлым оң (позитивті) әрі оптимистік тұрғыдан үнемі жақсы ойласаңыз, өз өміріңіздің әрбір саласында бақытты боласыз.

  Жағымсыз ойлар (негативті) сіздің өміріңізге кері нәтижесін береді. Олар сіздің күш, қуатыңызды жоғалтып, өзіңізді әлсіз әрі өз-өзіңізге сенімсіз етеді. Сіз қашанда бір жағымсыз нәрселерді айтқанда немесе ойлағанда энергияңызды кетіресіз. Ішкі дүниеңізден зұлымдық пен қорғануға деген тілек пайда болады. Сіз өзіңізді өмірде көңілі қалған және бақытсыз сезінесіз. Уақыт өте келе жайсыз, жағымсыз ойлар сіздің жан дүниеңізді жаулап, өзіңізді физикалық тұрғыдан ауру етеді әрі жеке қарым-қатынасыңызды бұзады. Ал оң ойлау сізді рухани тұрғыдан сау етіп, еңбекке деген қабілетіңізді арттырады. Жағымсыз ойлар денсаулығыңызды құртып, еңбекке деген тиімділікті жоғалтады. Егер сіз ғажайып өмір сүргіңіз келсе, санаңызда жағымды эмоцияларды қалыптастырып, жағымсыз ойлардан құтылуыңыз қажет. 

  Жағымсыз ойларды тоқтату, арылу - өзіңіздің денсаулығыңыз бен бақытыңыз үшін, жеке игілігіңіз үшін жасайтын маңызды қадам. Егер сіз өзіңіздің ойларыңыз бен сезімдеріңізді толық бақылауға алсаңыз, дұрыс бағытқа қарай бағдарласаңыз, онда сырттай да, іштей де өзіңіздің өміріңіздің сапасы жақсарады. Жағымсыз эмоциялардан арылу нәтижесінде біздің санамыз автоматты түрде бізді  бақыт сезімін тудыратын әрі тілектердің жүзеге асуына жол ашатын оң импульстармен толтырады. 

 

Теріске қарсы әлемнің оң көзқарасы

   Әлемде екі түрлі көзқарас бар. Сіз оң әрі жағымды көзқараспен немесе жағымсыз сыни көзқараспен қарай аласыз. Егер сіз өзіңізге жауап беруге дайын болсаңыз әрі сізге не болып жатқанын білсеңіз, сіз әлемге оң көзқараспен қарай  аласыз.

  Егер сіз әлемге оптимистік тұрғыдан қарай білсеңіз және өзіңіз бен өзіңіздің мүмкіндіктеріңізді жоғары бағалай білсеңіз, бақытты әрі табысты боласыз. 

Керісінше, сіз әлемге жағымсыз оймен,  зұлым ниетпен қарасаңыз, барлық жерден  шешімін таппаған мәселелерді, әділетсіздікті, қудалау мен зұлымдықты ғана байқайсыз. Сіздің айналаңыздағы адамдардың баршасы бір нәрселерге кінәлі сияқты көрінеді;  сіз мүмкіндіктер мен үміттің орнына барлық жерде шектеулер мен тосқауылдарды көріп отырсыз. Алайда,  ең қиыны сол, сіз өзіңіздің алтын уақытыңызды ысырап қылып,  кінәлілерді іздеп,  олардың қателіктерін теріп жатырсыз.

 

Уақыттың екі бөлімі

  Өмірде уақыттың екі бөлігі бар: өткен мен болашақ. Осы шақ - қысқа әрі қас-қағым сәт. Сіз назарыңызды қайсысына аударсаңыз да құқылысыз:  өзгертуге келмейтін өтіп кеткен шақ немесе келешекте болатын, оны қандай деңгейде басқара алатыныңыз жайында. 

  Көптеген адамдар өткен өмірінің көлеңкесінде қалып қойған реніш пен өкініш, қайғыға толы оқиғалардың шырмауынан шыға алмай, бүкіл өздерінің эмоциялық энергияларын соған жұмсайды. Өкінішке орай, сіз бұл энергияңызды  текке жоғалтып жатырсыз.  Өтіп кеткен ренішке толы өмірдің қараңғылығында өзіңіздің бітпейтін арыз-шағымдарыңызбен жалғастырып жүре беруіңіздің ешбір мәні жоқ.  Ең сорақысы, сол көлеңкелі кезеңдерді, көңілсіз оқиғаларды қайта-қайта "тірілтіп" жаңартқан сайын жағымсыз эмоциялар еселеніп, күннен-күнге арта береді.  Сәулелі жарқын болашақ пен ізгілікке толы келешекті ойлаудың орнына осындай кері ойлардың нәтижесінде сіз өзіңізді күллі қуаныш атаулыдан, жақсылық пен жағымды әсерлерден мақрұм қалдырасыз. 

 

Оларды өзіңізден босатыңыз, бейбітшілікке жол беріңіз!

 25 жыл еңбек өтілі бар бір психиатр бақытсыз адамдармен жұмыс істеп, әңгімелесу барысында  барлығына ортақ бір жайды байқаған. Олардың барлығының айтатыны: "Егер солай болғанда...". Зерттеу нәтижесінде ол адамдардың басым бөлігі өткен  өткен уақыттағы жайсыз  оқиғалардың  тұтқынында қалғаны анықталды, әрі өткен көлеңкелі жайды өздері де ешбір ұмыта алмаған. Олар наразылықтан, ашу мен күйзелістен құтыла алмаған, себебі, біреулер  бір кездері оларға қорлау сөздер айтты, оларға жамандық жасады немесе керісінше, өздері күткен нәрсені оған жасамаған, яки айтпаған. Олар ата-анасының біріне немесе екеуіне де, бауыры немесе әпкесіне, бұрынғы сәтсіз некеге, басшыға немесе іскерлік қарым-қатынасқа, ойланбаған  инвестицияға, болмаса қаржы істеріндегі қатал қателіктерге тап келген.

 Ең бастысы - бұл өмір жолы өмірдегі қиындықтар мен үздіксіз мәселелердің қатарынан әрі уақытша сәтсіздіктерден тұрады. Бұл күтпеген және қалаусыз қателіктер мен үмітсіздік- сөзсіз сіздің қарапайым, табиғи  өсуіңіздің  бір бөлігі болып табылады. 

 Бірақ сіз өзіңіздің ойыңыз бен өміріңізді өзгерткіңіз келсе, өткенге қарайлай бермей, осы айтылған бұрынғы естеліктермен біржола қоштасу жайында шешім қабылдауыңыз қажет.  Егер өзіңізден осы жайларды босатпасаңыз, өткеннің құлы болып, ешқашан өзгермейсіз.  Бүгін шешім қабылдаңыз: енді сіз дәл қазіргі сәттен бастап өзіңіздің өміріңізден "егер тек солай болғанда ..." деген сөздерді алып тастайсыз.

 

Б.  Трейси.  "Ойыңызды өзгертіңіз және сіз өзіңіздің өміріңізді өзгерте аласыз" кітабынан
0 пікір