Моңғолия тұрғындары қай дінді ұстанады: Ислам, әлде Буддизм?
Моңғолия тұрғындары қай дінді ұстанады: Ислам, әлде Буддизм?
8 жыл бұрын 13962
Марфуға ШАПИЯН

Моңғолия – Орта Азияның шығыс бөлігінде орналасқан, солтүстігінде Ресеймен, оңтүстік, шығыс, батысында Қытаймен шекараласатын мемлекет. Десек те, бұл елдің батыс нүктесі Қазақстанға өте жақын, аралық бар-жоғы 18 шақырым. Әрі Моңғолиядағы моңғолдардан кейінгі екінші ұлт қазақтар саналады. Осыдан кейін бе, Моңғолияны көруге деген құштарлығымыз ерекше артып, әлемдегі туристердің үлкен қызығушылығын туғызып отырған бұл жұмбақ елге біз де саяхаттап көрдік. Төменде сол сапар барысында көрген-білгеніміз бен көңілге түйгеніміз баяндалады. 

Ақкөл ауылы. Моңғолия

      Моңғолия шекарасынан өтісімен біздің бірінші ат шалдырған жеріміз шекараға да, қазақтар ең көп шоғырланған қала – Баянөлгейге де жақын орналасқан Ақкөл ауылы болды. Ақкөлде моңғолдар аз, негізінен қазақтар тұрады. Діннің басты қағидаларын ұстанбаса да, қазақтың қай-қайсысы да өзін әлімсақтан мұсылман санайтыны белгілі. Мұнда да солай. Дінге ерекше көңіл бөліп, құлшылық жасап жатқан жанды көрмесем де, халықтың көл-көсір пейілі мен ниетінен мұсылмандықты байқадым.

     “Моңғолия тұрғындары дінді қаншалықты ұстанады?” деген сұраққа жауап іздеп, ауылдың мешітін көруге ниет білдірдім. Өйткені, мешітке қарап-ақ, біраз дүниені аңғаруға болатын еді... 

Мынау ауылдағы “Тәуба” мешіті. Әрине, Қазақстанның көрнекті, көрікті мешіттерімен салыстыруға келмес, дегенмен Моңғолия секілді буддизмді ұстанатын елде мұндай мешітті көрудің өзі көңіл қуантады. Біз келген уақыт екінті намазының кезі саналса да, мешітте имам жоқ. Өзге барлық мешіттердегідей бұл мешіт те ашық тұр екен. Ішіне ендік. 

Жинақы, шағын ғана мешіттің кіреберіс маңдайшасында "Лә иләһә иллә Аллаһ, Мұхаммадур расулАллаһ" деп жазылса, ішінде де "Аллаһ", "Мұхаммед" деген жазулар араб қарпімен бедерленген. 

Қабырғаларда мешіттің әртүрлі жылдарда алған құттықтау, марапаттау хаттары ілінген. 

Келесі бөлме дәріс бөлмесі болса керек. Тақта мен ескі Құран кітаптары көзге шалынады. Бірақ мына бөлмеде қандай да бір сабақ өтті деу қиын. Еш жағдай жасалмаған. 

Халифа Алтай атамыздың аудармасымен шыққан Құран Кітап көзімізге оттай басылды. 

1990 жылдарға дейін Моңғолияның да социалистік мемлекет болғаны белгілі. Елдің саяси ұстанымы халықтың дініне де әсер етті. Бірен-саран жұрт болмаса, халықтың негізгі бөлігі Құранды, дінді адам өлген кезде соңғы сапарға шығарып салатын жөн-жоралғы үшін ғана керек деп ұқты. Бірақ соған қарамастан, моңғол жерінің қазақтар тұратын аймағында мынау секілді ағаштан жасалған ескі мешіттер де болған екен. 

Моңғолия құрамында тұрғаннан кейін бұл ұлттың сондағы қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына белгілі бір дәрежеде ықпал еткені анық. Соның ішінде, әсіресе, менің көзіме түскені - моңғол қазақтарының ішімдікке жақындығы. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен, мен барған уақытта Моңғолияның тәуелсіздік мерекесі әрі партиялар жеңісі тойланып жатты да, жайлаудағы ұлан-асыр тойдың куәсі болдым. Ондағы жас демей, кәрі демей сыраға жүгірген адамдарды көріп, қаймағы бұзылмаған қазақтың бұл әрекетіне кәдімгідей көңілім түсіп, бұл тұрғыда біздерге орыстардың әсері қалай болса, оларға моңғолдардың ықпалы солай болғанын түсінгендей болдым.

Баянөлгей - Моңғолия қазақтарының басты қаласы. Қаланы қақ жарып Қобда өзені ағып жатыр. Бұл аймаққа 90 мыңнан астам қазақ қоныс тепкен. Көшеден моңғолды сирек кездестіресіз. Сондықтан, мұндағы тұрғындардың негізгі діні - Ислам. Қалада 8 мешіт бар. 

Бұл - Өлгей қаласына тиесілі "Хасан" мешіті. 

Бір байқағанымыз, Моңғолиядағы мешіттердің атаулары Қазақтстандағыдан басқашалау. Бізде негізінен орналасқан жерге байланысты "Нұр-Астана",  "Шұбар" "Таугүл", "Ақсай" мешіттері немесе белгілі тұлғаларымыз, ата-бабаларымыздың атымен аталса, Моңғолиядағы мешіттердің көпшілігіне "Әбу Бәкір", "Ғусман", "Хасан", "Хамза",  "Біләл" деген секілді атақты сахабалардың есімдері берілген екен. 

Баянөлгейдегі біз кірген "Хасан" мешітінен де имамды кездестірмедік. Есесіне, есікте қажет деп тапқан адам шақырып алсын дегендей, имамның аты-жөні мені телефон нөмірі жазылып, ілулі тұр екен. 

"Хасан" мешітінің ішкі көрінісі осындай. Еденге әдемі, оюлы сырмақ төселіпті.  Ал дәрет алатын бөлме жұпынылау көрінді. Әрине, адам аз баратын мешітті ұстап тұру оңай емес. Өйткені мемлекеттен қаржыландырылмайтын әрі садақа түспейтін мешіттердің негізі сипаты осындай болса керек. 

Моңғолиядағы тағы бір назар аударатын дүние, ол - халал ет мәселесі. Өйткені, моңғолдар малды бауыздап емес жүрегіне пышақ сұғып өлтіріп барып соятын көрінеді. Моңғолдың ортасына бардым дегенше, ет жеуден қалдым дей беріңіз. Жергілікті жұрт моңғолдың қолынан ет жемейді. Қазақтар тұратын аймақта бұл тұрғыда қорқыныш жоқ. Соған қарамастан, Баянөлгей қаласының бірнеше жерінде халал кафе, мейрамханалар орын теуіпті. Еркін барып, тамақтануға болады. 

Мынау сондай мейрамханалардың біріндегі Намазхана. 

 Сапарымызды Моңғолияның астанасы Ұлан-Баторда жалғастырып, қалың моңғолдың ортасына келдік. Ұлан-Батор Баянөлгейдей мешіттері көп шаһар емес, керісінше мұнда пұтханаларды жиі кездестіресің. Дегенмен қала ортасынан аяқталмаған зәулім мешіт құрылысы көзімізге оттай басылды. Қаланы аралатып жүрген жолбасшымыздан мешіттің жайын сұрап едік, көптен бері бітпей тұрғанын, моңғолдардың "азан шақырылмасын" деп әдейі аяқтатпай отырғанын айтты. Көңіліміз түсіп-ақ кетті. Әйтпесе, қаланың қақ ортасындағы әдемі-ақ мешіт болайын деп тұр екен. 

Ақыры Ұлан-Батордағы аяқталмаған мешіт астындағы намазханада Моңғолия Мұсылман Ұйымдары Одағы жетекшісі Батырбек қажы Қадысұлымен кездесіп, әңгімеге тарттық:  

1990 жылы Моңғолияға демократия келгеннен кейін мұндағы белгілі қоғам қайраткері, танымал саясаткер Сайран қажы Қадырұлы Моңғолия Мұсылман қоғамын құрды. Ол кісі Кувейт, Мысыр секілді арабтың көптеген елдерінде Моңғолияның елшісі қызметін атқарған. 1990 жылға дейін бізде мешіт мүлде болмаған. Моңғолияның қазақтары мешіт көрмей өстік. Алғашқы мешіт құрылысы 1991 жылы Баянөлгейдің орталығында басталып, 1992 жылы аяқталды. Содан мешіт салу үрдісі аймақтардағы ауылдарға тарала бастады. Өткен 2015 жылы 25 жылдықты тойлағанда Құдайға шүкір, сол аралықта 45 мешіт бой көтерген екен. Нөлден бастадық. 

Ұлан-Батордағы қазіргі мына отырған жеріміз уақытша мекен. Мұны Моңғолия мұсылмандар одағы кеңсесі және намазхана деп атаймыз. Үлкен мешітті 2009 жылы Сауд Арабиясының “Рабитал ғалам исламия” деген одағы “астанасында мешіті жоқ қалаларға мешіт саламыз” деген бастамамен келіп, құрылысты бастаған еді. Екі жылда 80 пайызы бітіп, қазір аяқталмай тұрып қалды. Алғашқы ақшасы келіп, соңы келмеді. Басқа адамдар бөлек мемлекеттің бастаған ісіне кіріскен жоқ. Бес-алты жылдай тұрды, көп күттік. Жалғастырып саламыз деп еді, салмады.

 Моңғолияның астанасында Шыңғысханның кезінде Қарақорымда мешіт, пұтхана, шіркеу де болған. Моңғолия мемлекеті 1205 жылы құрылды ғой. Содан 800 жылдан кейін Моңғолия астанасында салынып жатқан алғашқы үлкен мешіт осы. Мұндай үлкен мешіт салу, астананың орталығынан көлемді жер тию, келер жүз жылда орындалар, не орындалмас. Оны біз білмейміз. Бірақ бұл мешіттің үлкен тарихи мәні болатынына сенімдіміз. Алла қаласа, төрт этажды, медресесі, еркектер, әйелдер намаз оқитын жерлері бөлек, 2000 адам сиятын үлкен мешіт болады деп отырмыз.  

Сіздердің ұйым Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасымен байланыс орнатқан ба?

– Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасымен байланысымыз өте жақсы. Алғаш Рәтбек қажы мүфти болмай тұрып, қазы кезінде 1990 жылы осы Баянөлгейге қонақ болып келіп, діни оқуға төрт баланы өзімен атамекенге алып кетті. Сол төрт баланың бірі болып елге мен кеткен едім. Ол кезде Қазақстанда екі-ақ медресе бар болатын. Біреуі Алматыда, екіншісі Меркіде. Төртеуміз сол Меркіде оқыдық. 1992 жылы бітіріп келіп, Моңғолиядағы алғашқы имамдардың бірі болдық. Содан кейін Қазақстанмен байланысымыз азайып кетіп, 2008 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев осында келгенде діни өкіл ретінде “Қазақстанмен ресми, діни байланыс жасағымыз келеді” деген өтінішімді айттым. Ол кісі елге бара сала Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына тапсырма беріп, жыл болмай бізді Әбсаттар қажы шақырып, ресми меморондумға қол қойып, байланысымызды бастағанбыз. Содан бері қарым-қатынасымыз өте жақсы. Имамдарды курсқа жіберіп, Ислам университетіне балаларымызды қабылдайды. Қазақстан мұндағы имамдарды шапанмен, кітап, оқулықтармен қамтып тұрады. Қазіргі бас мүфти Ержан қажы екеуміз замандас жігітпіз. Ол әл-Әзһарда, мен Мәдинада оқыдым. Ол кісіні осында қонаққа шақырып отырмын. Күзде келеді. Ержан қажыға айтқымыз келетін өтінішіміз бар. Біз мына 45 кішкене мешітті араб, түрік ағайындардың көмегімен салдық. Өзіміз қазақпыз, Қазақстанның бөлігіміз. Моңғолиядағы тілімізді, дәстүрімізді сақтап отырған екі-ақ ұлттың ішіндегі бір ұлтпыз. Енді бізге Қазақстанның белгісі керек. Моңғолияда Қазақстан салып берген мешіт болса деген тілегіміз бар. Өлгейде мешітке деп алып қойған үлкен жеріміз тұр. Сол жерде “Қазақстан” деген әдемі бір мешіт салынса дейміз. Тіпті, мүмкіндік болса, осы мешітті жалғастырып, бітіріп жіберуге де болады. Бірақ айналып келгенде бізде, Моңғолияда Қазақстаннан бір белгісі қалса, ол белгі діни орда – мешіт болса дейміз. Кішкентай, шағын емес, көрнекті. Әйтпесе басқа жағынан Құдайға шүкір, үкіметтен қыспақ болып жатқан жоқ. Мына жердің өзін орталықтан Президентіміз берген. Қаламызда түрік ағайындармен бірігіп салынған медреселер, пансионаттар бар. Шығарып жатқан кітаптарымыз, “Шарапат” деген газетіміз бар. Мешіттің жобасы мынау.

  Батырбек аға алдымызға мешіттің сызбасын, өзге кітап-құралдарын жайып тастап, әңгімесін жалғастыра берді.

Мешіттің жобасы мынау. Бұрынғы мұнарасы мына жағында еді. Қазір құбыла жағына екеуін салайық деп отырмыз. Сосын мұны біз мешіт емес, Моңғолиядағы Ислам мәдениет орталығы деп атамақшымыз. Тек қана діни орын емес. Мұнда келген адамдар қазақ тілін үйренсе, компьютер оқыса, әйелдеріміз тігін тіксе дейміз. Халал дүкен де ашып қалуымыз мүмкін. Өйткені мұндай үлкен ғимаратты жылытып, қаражатын табу, қамтамасыз ету оңай емес. Мысалы, Қазақстан, Астана болса онда бәрі мұсылман ғой. Олардың садақасымен көтеріп кетер еді. Біздің адамдардың мешітке келуінің өзі оңай емес. Тұрғындардың жағдайына қарайлауымыз керек. Кішкентай мешіттер де осындай есеппен салынған. Шама-шарқымызша қимылдап жатырмыз. Діні басқа, тілі басқа, ұлты басқа елдің ішінде оңай емес. Бірақ қазіргі жағдайымызға Құдайға шүкір дейміз. Қыспақ жасап, мынауың болмайды деп жатса қайтер едік? Аллаға шүкір, жұма намазда бірнеше жердегі намазханаларымыз толып кетеді Басқа уақытта кілтті күзетшіге тастап кетеміз. Намаз оқығысы келген адам кез-келген уақытта келіп, кілтті алып, ашып оқи алады.

Қанша дегенмен діні өзге ұлт қой. Моңғолдардың Ислам дінін ұстанушыларға көзқарастары қандай?деп сұрап, жергілікті қазақтардан естіген “Мешіттің құрылысын моңғолдар азан естімес үшін әдейі тоқтатқан” деген пікірдің рас-өтірігін сұрадым.

Оны айтып, шығарып жүрген өзіміздің қазекемдер. Ондай нәрсе айтылған емес. Халықтың көп күтіп қалғанын сеземіз. Көп тұрғаннан кейін “Ақша болды, ішті, жеді” деген де әңгіме де шығады екен. Бірақ оның бәрінің есебін көрсетіп отырмыз. Қаржы табылса, тезірек бітірсек деген ойымыздан басқа ештеңе жоқ. Бастысы салып алу ғой. Азан одан кейінгі мәселе.

Бірақ азан шақыртпаулары мүмкін ғой?

Мүмкін. Өйткені, моңғолдар ешқашан азан естімеген, ондайды түсінбейтін халық. Алдымен мешітімізді салып алсақ, сосын азанымызды басында бес уақыт емес, жұма күндері шақыртып, халықтың құлағын үйретіп, бір амалын табармыз. Ең басты мәселе салып алу. Ал моңғолдар тарапынан еш кедергі болып жатқан жоқ. Қаражат шешілсе, қазір де салынып кеткелі тұр. Енді бір қайыры болар. Алла өзі бастаған үйін тастамас.  

Аға, жалпы бұл жақтағы қазақтардың Ислам дінін ұстануы қандай? 1990 жылдарға дейін мешіт болмағанын айттыңыз. Діннен алыстап кеткен жоқ па?

Ешбірі өзін мұсылман емеспін демейді. “Мұсылманмын” деп тұрады. Бірақ мешітке келе қоюы қиын. Жастар жағы жақсы. Кезіндегі жергілікті қазақтардың келуі өте қиын. Әйтеуір оразада келіп бір ауыз аштыру, жаман түс көрсе, садақасын салу бар. Түсінде аруақты көрсе бір Құран оқытады. Ал енді жастар, жан-жақтан оқып келген студенттердің арасында мешітке келетіндері өте көп. Сол жастар халал балабақша аша бастады. 

 

Ұлан-Баторда халал тамақ табу мәселесі қиындау екен, иә?

– Бұрын тіпті қиын болатын. Қазір ақырын-ақырын халал асханалар көбейіп келеді. Қазір Ұлан-Баторда бес жерде  халал кафе бар. Бір кезде бір-ақ жерде болған. Бір кезде болмаған. Қойды өзіміз сойып аламыз да, соны жеп жататынбыз. Үкіметтің стандарт деген нәрсесі болады ғой. Үш жыл жүгіріп, соған еттің “халал” деген стандартты кіргіздірттім. Халал дегеннің қандай болатынын түсіндіріп, малды сойғанда “Бисмиллә” мен “Аллаһу әкпарды” қалай айтатынына дейін үйретіп, кіргіздірттім. Өйткені  Моңғолиядан Арабия секілді елдер халал ет сұрайды. Олар экспорттайын десе халалдың қандай болатынын білмейді. Қазір бізден арнайы сертификат алатын болды. Өздерің Шыңғысхан ескерткішін көрген, Налайханнан өткенде жолдың бойында тауық өндірісі бар. Мысалы, соны біз халал етіп қойғанбыз. Иесі – моңғол, бірақ Налайханның қазақтары “бисмилләсін” айтып, бауыздап береді. Қазір дүкендерде халал тауықтың етін сатамыз. 

Міне, Моңғолиядағы Ислам дінінің жалпы жағдайы осындай. Дәл қазіргі уақытта Моңғолияда 100 мыңнан астам қазаққа 45 мешіт бар. Бұл көп пе, аз ба, білмейміз. Оған моңғолдардың арасында да Ислам дінін қабылдап, мұсылман болғандарды қосыңыз. Дегенмен, ұлты, діні, тілі, ділі басқа елде қазақтың қазақтығын, салт-дәстүрін, тілін сақтап, дінінің кеңге қанат жаюы жолында қызмет етіп жатқаны қуантады-ақ! 

Фото автордікі

3 пікір