Миғраж түні
Миғраж түні
8 жыл бұрын 10251
Қ. Сабыржанұлы

Миғраж – барша мұсылмандар үшін ең қасиетті түндердің бірі. Бұл түннің  қасиетті үш айдың алғашқысында келуі де тегін емес. Ол миләди 621 жылы Режеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні, дүйсенбіде Мекке қаласында орын алған тарихи оқиға.

Бұл түні ерекше ірі мұғжиза жүзеге асты. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құддыстағы (Йерусалим) әл-Ақса мешітіне сапар шекті. Ең қасиетті үш мешіттің бірі әл-Ақсада күллі пайғамбарлармен жүздесіп, имам болып намаз оқытты. 

Исра және миғраж оқиғасы пайғамбарлықтың 10-жылы болған. Бұл жыл Ислам тарихында «қайғылы жыл» деп аталғаны мәлім. Себебі осы жылы пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұлдары Қасым мен Абдулла қатар шетінеді. Өзіне қорған болып жүрген көкесі Әбу Тәліп пен қадірлі жары Хадиша анамыз (р.а.) да осы уақыттарда дүние салды. Бұған қоса, мүшріктердің мұсылмандарға көрсеткен жәбірі де тым асқынып тұр еді. Мұндай оқыс оқиғалар мен қайғылы қазалар Расулулланың қабырғасын қайыстыра түсті.

Осындай қатты қиналған уақыттарда миғраж хазірет Мұхаммед пайғамбарымызға (с.а.с.)  үлкен жұбаныш сыйлады. Көңілін серпілтті. 

Сол түні күтпеген жерден Жәбірейіл (а.с.) періште келіп сүйінші хабар айтты. «Уа, Мұхаммед, Алла тағала бүгін бұрын-соңды ешкімге нәсіп етпеген жақсылығын саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырды».

Іле Жәбірейіл (а.с.) Пайғамбарымызды әл-Харам мешітінен демде-ақ Ақса мешітіне алып келді. Бұл туралы Құранда мынандай дерек кездеседі:

سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلاً مِّنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آيَاتِنَا إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ البَصِيرُ

«Алла – пәк. Мұғжизаларымызды көрсету үшін (Алла тағала) бір түні Өз пендесін (Мұхаммедті) әл-Харам мешітінен төңірегі тұнған береке-байлық – әл-Ақса мешітіне алып келді. Шынында, Ол (Алла тағала) естуші әрі көруші»(Исра сүресі, 1-аят).

Араб тілінде «исра» сөзі түннің бір бөлігінде серуендеу деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттың терминде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) түннің бір сәтінде әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне барғандығы меңзеледі. 

Исра оқиғасын түске жатқызуға болмайды. Ол таза шынайы өмірде орын алған құбылыс.

Миғраж сөзі биікке көтерілу, аспандау, жоғарылау дегенді білдіреді. Осы түні Пайғамбарымыз (с.а.с.) Бәйтул-Мақдис мешітінен аспандағы «Сидратул-мүнтәһәға», яғни Алла тағала құзырына көтерілген. «Сидрат» арабшада ағаш, ал «мүнтәһә» – соңғы деген мағынаны меңзейді. Яғни әлемнің соңғы шегі деген түсінікті береді. 

Мүшріктер әрине бұл оқиғаға сенбестік танытты. Алайда мұсылмандар бұндай мұғжизаның орын алғанынан бек сенді. Өйткені Алланың құдіреті шексіз.

Миғраж түні ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) құдіреті шексіз, ұлы Алла тағаламен жүздесті. Көптеген тосын жағдаяттаға куә болды. Бұның барлығы түннің бір қас-қағым сәтінде-ақ жүзеге асты. Бұған қоса, бірқатар маңызды міндеттер қабылдап қайтты. Атап айтқанда: 

1. «Бақара» сүресінің соңғы екі («Әмәнәр-расул») аяты уахи етілді;

2. Қиямет күні Пайғамбарымызға (с.а.с.) үмбетіне шапағат ету құқығы берілді;

3. Бес уақыт намаз парыз етілді.

Ғалымдар Режеп айының 27 түніне сай келуіне орай Миғраж түні мен Қадір түні арасынан ұқсастық тауып, бұл түнді Қадір түнінен кейінгі қасиетті түн ретінде бағалаған. Бұл түн қасиетті болғандықтан, көбірек құлшылықпен өткеру аса маңызды. Күндізінде ораза ұстаған сауап. Анығында әр мүминнің миғражы – намаз. Сондықтан нәпіл намаздар мен қаза намаздарға көбірек мән беріп, қасиетті Құранға ден қойғанымыз жөн. Жаратушы иеге жалбарынып, көп тілек тілеген дұрыс. Отбасы мүшелерімізге мұғжизалар туралы түсіндіріп, ардақты пайғамбарымыздың өсиеттерінен құлағдар еткен жөн.

Қазақ ақындарының шығармаларында да Миғраж оқиғасы кездеседі. Мәселен, Шәді Жәңгірұлының (1855-1933) шағатайша жазылған «Назым сияр шәриф» шығармасында миғраж туралы, пайғамбардың көкке Жебірейіл періштемен бірге көтеріліп, ондағы жайлармен танысқаны сөз етілген:

Әмір етіп Мәлік айтты Сухайылға,

Жебірейіл Мұхаммедпен келді мұнда.

Барлығын өз көзімен көріп шықсын,

Көрсеткін жаһаннамды осы күнде.

Сухайыл төмен қарап назар салды

Жарылып екі жаққа жер ашылды.

Құдайдың құдіретімен пайда болып,

Көрініп жеті тозақ қатар тұрды...

0 пікір