Мерейлі Құрбан айт мерекесі
Мерейлі Құрбан айт мерекесі
2 жыл бұрын 1808 muftyat.kz
Тұрдыбаев Камалжан

بسم الله الرحمن الرحيم 

Құрбан айт - Зүлхиджа айының қасиетті он күндігінің 10-шы күні тойланатын мұсылмандардың ең ұлы мейрамдарының бірі. Бұл күні мұсылмандар ең көркем түрде зейнеттеніп, Алла Тағалаға шүкіршіліктерін айтып, құрбан шалып, қонақ күтіп, жақсылықтарын арттыратын күн. Балалардың сыңғыр күлкісі мен тұрмысы төменнің көз қуанышы, үмметтің мерейі.

Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уа саллям өзінің хадис шарифінде: «Құрбан айт күнін мереке етуге бұйырылдым. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке етті», - деді. (Әбу Дәуіт, құрбан, 1/2789) Аллаһу Тағала құлдарына не нәрсенің жақсырақ екенін біледі. Мейірімі мен Рахымы зор, барлығын Білуші. Осынша қамқорлық пен нығметке шүкірлік көрсетіп, әркімнің өз атынан үлес қосуы, мұсылман міндеті, тақуалық. Қасиетті құран кәрімнің "Хаж" сүресінің, 32-аятында:

 ذَلِكَ وَمَن يُعَظِّمْ شَعَائِرَ االله فَإِنَّهَا مِن تَقْوَى الْقُلُوبِ.

Яғни, «Кімде-кім Алланың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан»,-деген.

Алла Тағала бұйырған құрбандық шалу рәсімінің тарихы сонау Ибраһим пайғамбар алейһиссалям уақытынан бастау алатыны белгілі. Бұл уақиға Қасиетті Құран кәрімнің «Саффат сүресінде» былайша баян етіледі: «Ол (баласы) оның өзімен бірге жүріп, әрекет етуге жеткен кезде Ол (Ибраһим (алейһиссалям)): Балам! Мен түсімде сені (құрбандыққа) шалып жатқанымды көремін. Байқап қарашы, сен не ойлайсың? – деді. Ол: Әкешім! Өзіңе бұйырылғанды орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табасың,– деді» (102-аят). Аль-Хаким болған Алланың әрбір ісі даналыққа толы болатыны баршамызға мәлім. Олай болса, бір сәт құрбандық шалу рәсімінің астарына үңілейік. Бұл сырды Алла бізге тура осы сүренің 106-107-аяттарында ашады: «Анығында, бұл – ашық сынақ. Және Біз оның орнына үлкен құрбандық бердік». Бұл аяттағы үлкен құрбандық ол – Ибрахим пайғамбар (алейһиссалям) толықтай мойынсұнып,Алла бұйрығындағы өзінің міндетін толық орындаған сәтінде пышағы, Алла қалауымен, өтпей қалып, көктен бала орнына түскен құрбандық малы көк қошқар. Аталмыш оқиғаны қуаттап Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уа саллям): «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол - Ибраһим бабаларыңның сүннеті» деген болатын. Осылай жасаудың міндеттілігін мына хабарда баяндалған бұйрықтан білеміз: Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уа саллям) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!». Бұл ескерту қаттылығы оның орны үлкен екендігіне сілтейді. Бірақ егер де, шынымен-ақ, тұрмысыңыз төмен болып қой шалуға жағдайыңыз, шама-шарқыңыз келмейтін болса, бұл жауапкершілік Сіздің мойныңыздан түскендігін біліңіз. Өйткені, Аллаһ елшісі (саллаллаһу алейһи уа саллям): «Кедей мен жолаушыға құрбан шалу міндетті емес» деген. (Лубаб, Китабул- удхия, 1/350)

Сахаба Жәбир ибн Абдулла былай дейді:«Пайғамбарымызбен (саллаллаһу алейһи уа саллям) бірге құрбан айт намазын оқыдым. Ол (саллаллаһу алейһи уа саллям) намаздан шығып, бір қошқар алып келді. Оны құрбандыққа шалып жатып: «Бисмилләһи Аллаһу әкбәр. Уа Раббым! Бұл (құрбандық) менің және үмбетімнің ішінен құрбандық шала алмағандар атынан», – деді». ( Ахмәд -14423) Сонымен бірге, Ибн Омар (р.а.): «Алла елшісі (саллаллаһу ғалейһи уа саллям) Мадина қаласында он жыл тұрды, (әр жылы) құрбандық шалды», – деп риуаят етеді. (Тирмизи)

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды» (Тирмизи, Адахи, 5) деген. Сондай-ақ, құрбандық ниетімен сатып алынған малы өліп қалса, тұрмысы төмен кісі басқа мал сатып алып, құрбандық шалуына міндетті емес. Бақуатты кісіге – міндет. (Бадаиғ – 289-290 бет)

Қашан шалу керек дегенге келетін болсақ, Бәрә ибну Азибтің риуаяты бойынша: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз-намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізе ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес», - делінсе, басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді. Үлгермей қалған кісілерге қатысты айтсақ, құрбандық шалу ниетімен сатып алынған малды уақытысында соя алмаған тұрмысы төмен кісі ол малды тірідей садақа етіп береді.  Ал, бай-бақуатты кісі малдың құнын ақшалай кедей-кепшікке таратуы тиіс. (Әл-Айни, әл-Биная – 12/31 бет)

Қалай құрбан шалу керектігін Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уа саллям) өзі көрсеткен. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын» (Муслим, Сайд,57) «Әл-Мүстәдрак» атты хадис жинағында келген бір риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с.) қызы Фатимаға: «Ей, Фатима! Құрбандыққа шалынатын малыңның қасына барып, қарап тұр! Оның қанының алғашқы тамшысы сенің өткен күнәларыңның кешірілуіне себеп болады. Құрбан шалынып жатқанда мынаны оқы: «Сөзсіз менің намазым да, құлшылығым да, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббысы Аллаһ тағала үшін!», – деп кеңес еткен. (Әл-Мүстәдрак: әл-Адзахи – 3129 баб/7599 хадис)  

Пайғамбарымыз хадисінде: «Адам баласы Құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар». Әнас бин Малик (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.) мүйізді екі қошқарды құрбандыққа шалды. Екеуін де өз қолымен, бисмилла мен тәкбір айтып, (малдың) бүйірін аяғымен басып тұрып бауыздады», – деп риуаят етеді. (Бұхари, Муслим) Басқа бір хабарда: Айша (р.а.) риуаяты: «Алла елшісі (с.ғ.с.) бір қошқарды алдырды. Оның аяғы қара, іші қара, көзі қара (еді). Құрбан ету үшін алдырды. Айша анамызға: «Пышақты алып кел де, оны таспен қайра», – деді. Солай етті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қошқарды жерге жатқызып, бауыздап: «Бисмилла! Уа, Алла! Мұхаммедтен, Мұхаммедтің отбасынан және Мұхаммед үмбетінен қабыл ет», – деп құрбан шалды» (Муслим)

Құрбандыққа шалынған малды бірнеше бөлікке бөлген дұрыс. Қасиетті Құранда: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» (Хаж, 22/28).

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін - кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын». Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз», – деді». (Муслим, Хаж, 348) Тирмизидін хадис жинағында келген риуаятта Мүжәһид былай дейді: «Сахаба Абдулла ибн Амрдің үйінде бір қой құрбандыққа шалынды. Сонда Абдулла ибн Амр: «Көршіміз Яһудиге (еттен) бердіңдер ме? Көршіміз Яһудиге (еттен) бердіңдер ме? – деп сұрады да ары қарай сөзін – Мен Пайғамбарымыздың былай дегенін естідім: «Жебрейіл маған көршіге жақсылық жасауды көп кеңес еткендігі соншалықты, көршіні де мұрагерлікке кіргізеді ме деп ойлап қалдым»,– деп өрбітті». (Тирмизи, Китабуль бирь уәс силә, №1943-хадис)

Алла баршамыздың ниеттеріміз бен құрбандықтарымызды қабыл етсін! Пайғамбарымыз Мұхаммед пен әулетіне салауат-сәлем, Аллаға мадақ болсын!

0 пікір