Криптовалюта "алтын балық" па?
Криптовалюта "алтын балық" па?
6 жыл бұрын 2318 aikyn.kz/
Майра БАҚЫТ

Жаңа жылдан бері жаңа валюталар «жарысы» басталды. Сандық басқаруға негізделген криптовалютаға аяқасты қызығушылық күрт көбейген. Депозитте жинауға төзімі жетпегендер, криптовалюта сатып алуға ден қойған. Бірақ криптовалюта «алтын балық» емес. Аляқтарға алданып, сан соғып қалмаңыз.

Оған себеп, «Қазақстанның блокчейн және криптовалюта қауымдастығы» ЗТБ қауымдастық кеңесінің төрағасы Есет Бутиннің қазақстандықтарды Halykcoin криптовалютасын сатып алмауға, сақ болауға шақыруы негізсіз емес. «Жақында БАҚ бетінде Halykcoin жобасының іске қосылғаны туралы ақпарат тараған еді. Біз, сарапшылар, заңгерлер, қаржыгерлер – бәріміз бірігіп аталған жобаны толығымен зерттеп шықтық. Бұл жобада алаяқтық белгілері бар екенін нақты айта аламын. Тіпті жоба сайтында заңды мекенжайы, ұйымдастырушылардың кім екені көрсетілмеген. Біз олардың кім екенін білмейміз, мүмкін олар Қазақстан резиденттері емес шығар. Әйтеуір азаматтардан ақша алу тетігін мықтап жазып көрсеткен. Сайтын ашып қарасаңыздар, жобаның мәні мен мақсаты бір-екі абзац қана, ал валюта сатып алу тәртібі үш бетке сыймайды. Яғни Halykcoin-ді сатып алудың түрлі жолдарын көрсеткен. Біз бұл жобаны алаяқтардың ісі деп санаймыз, сондықтан Halykcoin-ді еш уақытта сатып алмаңыздар. Бұл әдеттегі мерзімі қысқа жоба екені анық», — деді Бутин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Сонымен қатар ол Halykcoin криптовалютасын шығарғандар халықтың сеніміне кіру үшін «Халық банкінің» символикасына ұқсас белгіні қолданғанын да айтты. «Олар осылайша, халықтың сеніміне кіріп, жобаның «Халық банкпен» байланысы барын көрсетпек болған. Сондықтан өте мұқият болу керек», — деп ескертті.

«Алтын балықтай» бір күнде байлыққа белшесінен батырады деген криптовалюта бір-ақ сәтте тақыр кедейге айналдырмасына әзірше кепілдік жоқ. Мамандардың елді сақ болуға шақырып шырылдайтыны негізсіз емес. Мәселен, бұған полицейлер алаяқтық жасады деген күдікпен 28 жастағы Алматы тұрғынын ұстағанын Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы хабарлаған еді. Полицияға қаланың екі тұрғыны қаражатын алаяқтар қолды қылғанын айтып шағымданған. Олар криптовалюта сатылатынын бір сайттан оқып «сатушыға» хабарласқан. Қалада кездесіп, криптовалюта сатып алмақ оймен күдіктінің қолына 11 200 доллар қаржыны ұстатқан. Күдікті криптовалюта әпермек тұрмақ, ізім-ғайым жоғалған. Алданғанына көз жеткен тұрғындар полицейлерден көмек сұраған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ұсталып, қазіргі кезде аталған фактіге байланысты ҚР ҚК 190-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр екен. Астана қаласының ІІД-і қаржылай операциялар кезінде қырағы және мұқият болуды ескертеді. Астананың Есіл ауданының ІІБ-і осы азаматтың заңға қайшы іс-әрекетінен зардап шеккен тұрғындарды мына телофондарға 71-65-50, 8 700 099 96 79 хабарласуын сұрайды. «Сақтансаң, сақтаймын» деп текке айтылмаса керек.

0 пікір