Көп ізденіп Исламды қабылдаған ұлыбританиялық Брюс Патерсонның оқиғасы
Көп ізденіп Исламды қабылдаған ұлыбританиялық Брюс Патерсонның оқиғасы
7 жыл бұрын 3126 youthwavebd.com
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ

Брюс Патерсон: “Құран - өмір сүрудің нұсқаулығы жазылған оқулық”

Брюс Патерсон - Ұлыбританияның тумасы, христиан дінін ұстанушы болған. Исламды қалай қабылдағаны туралы былай әңгімелейді.   

Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, Исламға қалай келгенімді айтып өтсем деймін. Өзімнің тәжірибеммен бөлісе отырып мүмкін сіздің де өмірлік таңдауыңызға көмегім тиіп қалар. Адамдар әр түрлі мәдениетті қабылдап, сан алуан елдерде туып, түрлі дінді ұстанып, беймаза әлемде өмір сүріп жатады. Шын мәнінде қоршаған ортамыз туралы ойымызды сараптай отырсақ, онда мазасыздықтың бәрінің түп-төркіні – соғыс, кедейлік, қылмыс екенін байқау қиын емес. Ары қарай жалғастыру керек пе? Тәрбиеміз бен білімімізге қарасақ, бізге айтылғанның бәрі ақиқат дегенге қалай сенбекпіз?

Өкінішке қарай, жер бетіндегі көп адам дүниежүзінің түйткілдерінен безіп кеткісі келеді. Шешімін табуға талпынғысы да келмейді. Ақиқатты тану – тар жол, тайғақ кешу. Ақиқатты шынымен танығыңыз келе ме, мәселе осында. Ақиқатты тануға күш-қуатыңыз жеткілікті ме? Өзгелер сияқты қашып-пысып жүрмексіз бе?

Ақиқатты іздеуім осыдан бірнеше жыл бұрын басталды. Өмірге келудің мәнін іздей бастадым. Өмірдегі түрлі қиындықтарды жеңіп шығу үшін өмірге не үшін келгенімді білуім керек емес пе?! Мен христиан отбасында дүниеге келдім, өмірлік жолым да сол жерден басталды. Мен ең алдымен Інжілді оқыдым. Санамда көптеген сауалдар туындады. Бойымды қанағатсыздық билеп, сұрақтарыма жауап табылмағаннан кейін көңілім қала бастады. Шіркеу қызметшісі маған: «Тек сену керек» дей берді. Інжілді оқыған сайын бір-біріне кереғар тұстарын көп көрдім, осының өзі дұрыс еместікті көрсетіп тұрды. Құдай өзіне өзі қарсы келе алмайды ғой? Құдай жалған сөз айтар ма еді? Әрине, жоқ!

Солай христиандықтан алыстай бердім. Иудейлер мен христиандардың жазбалары бұрмаланған деп білдім. Онда өтірік пен шындықты айырудың мүмкіндігі жоқ дедім. Ендігі жерде шығыстың діндері мен пәлсапасын зерттей бастадым. Әсіресе, буддизм қызықтырды. Буддалық ғибадатханаларда медитация жасап, монахтармен әңгімелесіп, олардан тәлім алып көп уақыт өткіздім. Медитация жасау барысында өзімді тазарып жатқандай сезінетінмін. Бірақ сұрақтарым сұрақ күйінде қалды, буддизм де оған жауап бере алмады. Ондай сұрақтардан буддизм сақтықпен айналып өтіп кететін.

Солай ақиқатты іздеп әлемнің түкпір-түкпірін араладым. Тайпалық діндерді зерттедім. Спиритизмнің ойлау жүйесін де назардан тыс қалдырмадым. Бұл діндердің барлығының айтатын бір бөлігі ғана шындық екенін ұқтым. Бірақ ол діндерді тұтас қабылдай алмадым. Олардың айтары христиандықтың ауылынан алыс емес еді.

Мен ақиқат әр нәрседе бар деген ойға беки түстім. Шын мәнінде неге сенетінің, нені ұстанатының маңызды да емес деуге келдім. Әрине, бұл басымды алып қашудың бір түрі ғана еді. Яғни, бір адам үшін бір ақиқат, келесісі үшін басқа ақиқаттың болуының не мәнісі бар? Әлбетте, ақиқат -жалғыз.  

Не істерімді білмей, қатты ой үстінде жүрген бір күні еденге отырдым да Құдайға: «Құдайым, адасқан пендеңді тура жолыңа сала гөр» деп жалбарына бастадым. Міне, осы кезде маған Исламның есігі ашылды.  

Әрине, Ислам діні туралы бұрыннан хабарым бар болатын. Негізінен Батыс елдерінде айтылатын дүниелерді білетінмін. Исламнан тапқаным мені таң қалдырды. Құранды оқыған сайын, сауалдарыма жауап тауып, ақиқатты тани түстім. Исламның өзге діндердің бәрінен үлкен айырмашылығы – Ислам Жаратқан ие мен жаратылған тіршілік арасында айырманы нақты көрсететін дін. Исламда біз Жаратушы иемізге бағынамыз. Бәрі түсінікті. Өзге діндердің бәрінде жаратылғанға табыну бар. Адамға Құдайдай табыну, немесе тастарға иілетіндер бар. Егер табынғыңыз келсе, бүкіл әлемді жаратқан, сізге жан беріп, ертең соны алатын Жаратушыға табыныңыз. Шын мәнінде Исламда Құдай кешірмейтін жалғыз күнә - Аллаға серік қосу.   

Исламның ақиқатын Құраннан табасыз. Құран – өмір сүрудің нұсқаулығы жазылған оқулық. Бар сауалыңызға жауапты Құраннан аласыз. Өзім туралы айтсам, әр түрлі діндер хақында білгенім, ақиқат деп танығанымның бәрі де пазлдың бөлшектері сияқты бір-біріне қиюласа кетті. Қолымда барлық бөлшектер болған екен, бірақ оларды қиюластар алмаппын.

Сондықтан Ислам туралы білуге асығыңыз. Дәл қазір! Ақиқаттың бәрі исламда! Құранда жазылған! Нағыз Исламды танығың келсе, Батыста айтылатын дүниелерді емес, Құранды оқыңыз. Ақиқатты іздеген саяхатыңызды бірден Құранды оқып бастап қысқартсаңыз болады. Қолыңыздан сол келсін деп дұға қылдым!     

Арнайы islam.kz үшін

 

 

0 пікір