Киім киюдің Исламдағы 5 әдебі
Киім киюдің Исламдағы 5 әдебі
7 жыл бұрын 5384
Дайындаған Хадиша Ермекқызы

1. "Бисмиллә" деп Алла тағаланың есімін айтып кию. 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): "Алла тағалаға мақтау болсын" деп айтылмай басталған әрбір іс кәміл, яғни берекелі бола алмайды", - деген. 

2. Оң жағынан бастап кию. 

Оң жағынан дегенде: оң қол, оң аяқ, оң жең, оң балақтан бастау керек. Бұл мәселеге қатысты Айша анамыздың (р.а.): "Нәби (с.а.у.) барлық істі, аяқ киім кию, шашты тарау, тіпті дәрет алуда оң жақ мүшеден бастауды ұнататын", - дегені бар. 

3. Шешкенде сол жағынан бастап шешу. 

Хафса анамыз (р.а.) айтады: "Расулуллаһ (с.а.у.) оң қолымен ішіп-жейтін және кигенде оң жеңінен бастап киетін. Басқа жағдайларда сол қолын қолданатын еді". 

4. Киімі әдемі, өзіне жарасатын болу.

Ибн Масғуд (р.а.) айтады: "Нәби (с.а.у.): "Жүрегінде шаңның тозаңындай тәкаппарлық болған адам жәннатқа кірмейді", - дегенінде, бір адам: "Адам киімі мен аяқ киімі әдемі болғанын қаламай ма?" - деп сұрады. Сонда Нәби (с.а.у.): "Есімдері мен сипаттары көркем болған Алла тағала көркемдікті жақсы көреді. Ал тәкаппарлық дегеніміз, ол - ақиқатты мойындамау және адамдарды жаратпау", - деп жауап берді".

5. Кигені адал еңбекпен табылған болу.

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: "Расулуллаһ (с.а.у.): "Ей, адамдар! Алла тағала ізгі, сондықтан ізгіден басқаны қабыл етпеді. Алла тағала пайғамбарларға: "Ей, Пайғамбарлар! Тек халалды жеп, игілік іс істеңдер", - деп бұйырып, мүминдерге: "Ей, иман келтіргендер! Сендерге ризық етіп берген халал нәрселерден жеңдер", - деп әмір етті", - деді. Кейін Расулуллаһ (с.а.у.) ұзақ уақыт бойы сапарда болған, үстін шаң басқан, шашы ұйысып, сабалақтанып қалған, алақанын жайып: "Я, Раббым! Я, Раббым!" деп жалбарынған адам жайында айтып: "Ішіп-жегені, кигені және қорек еткені харам болса, оның дұғасы қалай қабыл болсын?" - деді" делінеді.

0 пікір