Карьера жасаймын деген жас талапқа 10 кеңес
Карьера жасаймын деген жас талапқа 10 кеңес
4 жыл бұрын 3848 mcpir.spb.ru/

 

Осы бір өмір өзенде өзінің жолын белгілеп, таңдаған саласында биік шыңдарды бағындыруға ниетті жандарға англиялық жазушы, публицист Бернард Маррдан 10 кеңес.

(Бернард Марр - танымал спикер, футурист, бизнес және технологиялық стратегия бойынша кеңесші, көптеген әлемдік бестселлерлердің авторы).

КІСІ ҒҰМЫРЫ ҚЫСҚА

Бес күндік тіршілігіңізді татымсыз тірліктің соңында өткізбеңіз. Компанияның бағдары бұлыңғыр, бастықтың мінезі байламсыз болса, бірден аулаққа кетіңіз. Көп жұрт жұмыстың тұрақтылығын, жалақының молдығын, ертеңгі күннің күңгірттігін алға тартып, өздері сұқаны сүймейтін құрылымда салпақтап жүре береді. Өрескел қателік. Өмірдің қысқа екенін естен шығармаңыз.

ТАНЫСТЫҚ-БІЛІСТІК АЙРЫҚША МАҢЫЗДЫ

Көңіліңіз соқпаса да, (шақырған) жиын-тойдан қалмаңыз. Достық пен ағайыншылықты ұмытпаңыз. Томаға-тұйық жан болсаңыз, дәтіңізді бекітіп, бейтаныс жұртпен араласып кетуге машықтаныңыз. Зерделі зерттеулер таныс-туғаны көп, қоғамы үлкен адамның басындағы бағы түгел болатынын әйгілеп отыр. «Бәйгеден көтермесе, ат  келмейді» деген.

БІРІНШІ БАЙЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ

Салтанатқа бөгіп, дәулетке жету бағдарында айрықша тыраштанатын жандар көп жағдайда салауатты өмір салтын ұстанбайды. Ал, бірақ ертең денсаулықтары сыр беріп жатса, қолындағы байлық түкке де жарамай қалады. «Ауырғанда ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, жер ортасы жасқа келгенде айықпас дертке ұшырамас үшін қазірден бастап ішіп-жеміңізі бен жүріс-тұрысыңызға мән беріңіз.

СМАРТФОН МЕН КОМПЬЮТЕРГЕ ҰЗАҒЫНАН ТЕЛМІРМЕҢІЗ

Ғалам ұштасқан интернет дәуірінде адамның жеке өмірі жоққа сайды. Жас та, жасамыс та виртуалды кеңістікке қопарыла көшіп, орайсыз тіршілікке жегілді. Өмірдің ең айшықты сәттері өсек-аяң мен болмашы жаңалықтардың арасында өтіп жатыр. Пайдасынан зарары мол, келіссіз тренд екені күмәнсіз. Алдағы уақытта зая кеткен сағаттар мен күндерді еске алып өкінбес үшін анда-санда интернеті өшіріп тастауды әдет қылыңыз.

ОҚУ-ТОҚУДЫ ТОҚТАТПАҢЫЗ

Технологиялардың екпіні айрықша қатты. Жаңалықтан қақас, жаңадан қалыс қалуға болмайды. Білім-білігіңізді қанағат қылып, тоқмейілси бастасаңыз, көп ұзамай қатардан шығасыз. Әмәнда алымды боп тұру үшін машықты шыңдап, білімді тереңдете беру керек. Күнбе-күн бірдеңе үйреніп, ұғым-түсінігіңізді арттыра беріңіз. «Үйрен де жирен» деген.

ӨРІСІҢІЗ КЕҢ БОЛСЫН

Оқумен бірге қашанда машықтарыңыз бен қабілеттеріңізді көбейте беріңіз. Себебі бүгінгі мамандығыңыз бен жұмысыңыз ертең қажетсіз боп қалуы бек мүмкін. Мәселенки, тәжірибесі мол такси жүргізушілері UBER-дің келісімен клиентурасын жоғалтты. Ай мен күннің аманында барыңыздан айырылып қалсаңыз, сіз қайтесіз?!

ЖАЛҒЫЗДЫҢ ШАҢЫ ШЫҚПАС

Айталық, сіз креативті, айрықша қабілетті адамсыз. Мол түсім әкелетін әлемет жобаңыз, көрген жұрт сұқтанатын керемет стратегияңыз бар. Әзірше, балаңқы, қызыл шақа күйінде. Ал бірақ ертңе іске асып жатса, абырой-беделіңіз көтеріліп, сән-салтанатыңыз артады. Алайда, бар игілік өзімдікі болсын деп, ешкімді жолатпай, аталмыш жобаны соқа басыңызбен бастап кетсеңіз, біліңіз, барқадар таппайсыз. Ынтымақты тобы жоқ адамның қарымы шектеулі, мүмкіндігі аз болады. Ең болымды бастамасының өзі баян таппайды. Сондықтан түу бастан мүдделес кісілермен бірлесе, селбесе әрекет етуді үйреніңіз. Жалғыздың үні бәсең шығатынын тарих ақсақал талай мәрте әйгілеген.

УАЙЫМ-ҚАЙҒЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА АПАРМАЙДЫ

Уайымға беріліп, қайғыға батпау үшін елгезектік танытыңыз. Ойдағы жобаны іске асырудың орнына әрнені бір ойлап, күдік пен күмәннің жетегінде уақыт өткізіп жатсаңыз, көзеген мұратқа жете алмайсыз. Жөргектегі жоспарыңыз өсіп-жетілмейді, толысып тұлғаланбайды. Ал егер бар уайымды ұмытып, алдағы шаруаңызға қойып кетсеңіз, манағы үрей мен қорқыныштың жұқанасы да қалмайды.

СӘТСІЗДІК – ҰТЫЛЫС ЕМЕС

Егер жығылған кезде қайта көтерілуге жарамасаңыз, онда айрықша құнды сабақтан тиесілі қорытынды шығара алмайсыз. Қандай да сәтсіздікті – тағлымы мол, ұлағаты көп мүмкіндік деп білу керек. Сонда ғана арманды тұғырға жетесіз. Кейінде көлденеңнен соққан боран мен дауылған да оп-оңай төтеп бересіз. Себебі атаулы биікке кездейсоқ емес, қажетті төлеу мен бодауын өтеп келдіңіз. Біршама уақыт мызғымайсыз деген сөз.

БАҚЫТ – НӘТИЖЕ ЕМЕС, САПАРДЫҢ ӨЗІ

Көп жұрт пәлен мансапқа жетсем, осынша байлыққа бөксем, сол кезде бақытты болар едім, деп көңіл делбейді. Шындап келгенде, бақытты болу үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Жұпыны тіршілігін қанағат қылып, болмашы оқиға мен елеусіз жағдайдан ләззат алатын адамдар бар. Олар бақытты сырттан емес, іштен, жүректің түкпірінен іздейді. Сондықтан алдамшы үміт жетегінде жүре бермей, қазіргі халіңізге шүкір етіп үйреніңіз. Басыңыздағы бақыт құсы ұшып кеткенде ес жиып жатсаңыз, өкініштің көкесі сонда болады[1].


[1] «Жаһан» журналы.  01.07.2017 жыл.

0 пікір