Кәпір де болса әділеттілік орнаған мемлекетке Алла жәрдем етеді...
Кәпір де болса әділеттілік орнаған мемлекетке Алла жәрдем етеді...
17 күн бұрын 1346
Абдусамат Қасым

Шынында әділеттілікті ту етіп, халқының құқығын қорғау – кезкелген мемлекетті өркендеуге, өміршен болуына жетелейтін бірден-бір себеп. Әділдік орнаған мемлекеттің келешегі баянды. Кәпір де болса, әділ болуға талпынған мемлекетке Алланың өзі жәрдем етеді екен. Керісінше, әділдік кеңже қалған ел тоқырауға дұшар.

Әділдіктің антонимы – зұлымдық. Әділетсіз адам – залым адам. Жаратушы иеміз халқының құқын қорғамайтын, әділетсіз, залым мемлекетке мұсылман болса да жәрдем етпейді, ондай елді өз халіне қалдырады.

Осыған байланысты Ислам ғалымдарынан мынадай сөз жеткен:

«Алла Тағала әділ болған мемлекетке кәпір болса да жәрдем береді, ал, залым мемлекетке мүмин болса да жәрдем етпейді».

Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заманында Құрайш руына жататын «Махзум» тайпасынан шыққан бір әйел ұрлықпен ұсталады. Пайғамбарымыз ол әйелге шариғат заңына сайкес қолын кесуге үкім шығарады. Сонда Құрайш руының ру басылары Алла елшісінен жазаны жеңілдетуін сұрап Усама ибн Зәитті араға салады. Олардың өтінішін Усамадан естігеннен кейін Пайғамбарымыз оған: «Алланың қойған жазасына шапағатшы болмақпысың?! – дейді де, орнынан тұрып халыққа былайша үндеу жасайды:

«Сендерден алдыңғы елдердің жоюылуының себебі - олар қашан беделді біреу ұрлық жасаса, оған тимейтін де, ал әлсіз ұрлық жасаса жазалайтын. Аллаға ант етейін! Егер, менің қызым – Мұхаммед қызы Фатима ұрлық жасаған болса да, қолын кесемін!»[1].

Аталмыш оқиға - шынайы әділдіктің кіршіксіз көрінісі екендігі сөзсіз.  

Әділетсіздік, аманатқа қиянат, адам құқығының аяққа тапталуы, бұлар – тоқырау мен төмендеудің алғы шарттары. Қай мемлекетте әділдік үстемдік етсе, сол мемлекет өрлейді. Қай мемлекетте әділетсіздік үстемдік етсе, сол мемлекет өледі. Орта ғасырлық атақты мұсылман әлеуметтанушы ғұлама Ибн Халдун былай деген:

«Зұлымдық (әділетсіздік) – әлдебір мемлекеттің құлайтындығының жаршысы»[2].

Яғни, әлдебір мемлекетте әділетсіздік кең етек алған болса, бұл –сол мемлекеттің көп ұзамай құлайтындығына ишара екен.

Жоғарыда «кәпір болса да, әділдік орнаған жерге Алла жәрдем етеді» дедік.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадисінде былай деген:

«Алла Тағала мүмин-мұсылманның жақсылығына зұлымдық етпейді. Онысы үшін осы дүниеде қарымтасы беріледі, ақыретте де сыйлыққа бөленбек. Ал, кәпірдің құдай үшін жасаған жақсылығына осы дүниеде тамақтандырылады (қарымтасы беріледі), ал қашан ақыретке көшкенде онысы үшін сыйлық болмайды»[3].

Бұл хадис - кәпірдің істеген ісінің нәтижесі мен жақсылығының қарымтасын осы дүниеде көретіндігіне дәлел. Бұл дегеніміз, мұсылман болмаса да, өркендеудің алғы шарттарын ұстанған елді, Алла Тағала дамытып, әрекеттеріне қарай берекетін береді деген сөз. Бұл - Алланың осы дүниедегі заңдылығы. Яғни, «сүннетуллах».  

 «Сахих Мүслім» атты хадистер жинағында орын алған мына риуаят тақырыбымызды аша түспек:

«әл-Мүстәурид ибн Шәдәд: «Қиямет қайым болар кезде адамдардың ең көбі римдықтар болмақ» деген хадис жеткізеді. Мұнысын сахаба Амр ибн Ас естігенде: «Айтқан сөзіңе дәлел келтір» дейді. Ибн Шәдәд: «Мен Алла елшісінен естігенімді айтып отырмын» деп жауап береді. Сонда Амр ибн Ас «Егер, олай десең (сөз басқа)» дейді де әрі қарай: «Римдықтарда төрт ерекшелік бар: Сынақ (фитна) кезде (сынаққа дұшар болғандарында), олар - адамдардың ең парасаттысы (бекем болып, парасаттылық көрсетеді). Бастарына әлдебір қиындық келгеннен кейін, қайта аяққа тұру жағынан (қайта қалпына келу жағынан) адамдардың ең жылдамы (жылдам аяққа тұру жолын іздеп, шешімін табады). Жеңілістен кейін қайта (жеңу үшін) оралады. Әлсізге, жетімге, міскінге қарасты адамдардың ең қайырымдысы. Және де бесінші тамаша жақсылық – патшаларының зұлымдығынан (әділетсіздігінен) өзге елге қарағанда көп дін аман (патшалары әділетсіздік етпейді)»[4].

Аталмыш хадисте «Римдықтар» деп отырғаны жалпы христиан әлемін айтып тұрса керек. Өйткені, о заманда әлемнің жарымын жаулап тұрған Рим империясы христиан дінінде етін. Адам санының көптігі – олардың әлуақыттылығын меңзесе керек. Ал, олардың ондай дәрежеге жетуінің себептерін сахаба Амр ибн Ас баяндап берді.   

Ендігі жерде, салыстырмалы түрде айтқанда, қазіргі христиан батыс елдерінің дамып, алдыңғы қатарлы елдерге айналуының бір себебі де халқының құқын қорғап, әділеттілікті үстем еткендігінен десек қателеспеспіз. Тіпті ол елдерде жан-жануарлардың да құқығы жіті қадағаланатындығы мәлім.

Керісінше, мұсылман елдерінің көбінде әділетсіздік жайлап, қаншама адамның құқы аяққа тапталуда. Соның нәтижесінде кедейліктен көз ашпауда.

Аталмыш хадистегі "Римдықтар" дегенді бүгінде батыс христиан елінің дамуына жорамалдасақ, мұны Пайғамбарымыздың айтқан сөзінің тағы да тура шыққандығының айғағы деуге болады.

Осы тұрғыда, Алла Тағала мұсылман қауымының жасаған күнәларының жазасы ретінде, оларды мұсылман еместерге тәуелді етіп қою да мүмкін екен. Атақты сопы, әрі хадисші ғалым әл-Фудайл ибн Аяздың* мынадай сөзі бар: «Алла Тағала кейбір пайғамбарларына былай деп уахи етіпті: «Егер мені танитындар маған қарсы келсе, оларға мені танымайтындар билік етеді»[5].

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Тасым өрге домаласын дейтін мемлекет - өз елінде ең алдымен әділеттілікті үстем етуі тиіс! 


[1] Сахих Бұхари – 3475 хадис.
[2] Ибн Халдун: Муқаддим. : الظلم مؤذن بخراب العمران
[3] Сахих Мүслим.
[4] Сахих Мүслім – 2898 хадис.
[5] Рабиъ ибн Мұхаммәд: әл-Ғоррату ъләл аләмиль Ислами

*
Фудайл ибн Аяз ибн Мәсғуд әт-Тәмими - милади 8-9 ғасырларда өмір сүрген атақты тұлғалардың бірі. Самарқанд өңірінің тумасы. Өмірінің соңғы бөлігін Меккеде өткізген. Аса тақуалығымен танымал болған. Көптеген өнегелі өсиет сөздері жеткен. Хадис риуат еткен хадисші. Деректерге қарағанда, Фудайл ибн Аяздан - Ибн Ъуайна, Суфуанус Саури, Имам Нәсәи, Ибн Мүбарак, Имам Шафиғи сыңды ғұлама-мүжтәһидтер хадис риуаят еткен екен. "Сиқо" деген атаққа ие. Жатқан жері жаннат болсын! 

0 пікір