Хадис: «Тым ымырагер келісімпаз болмаңдар! Маған жақсылық жасағанға жақсылық, жамандық жасағанға жамандық жасаймын демеңдер!»
Хадис: «Тым ымырагер келісімпаз болмаңдар! Маған жақсылық жасағанға жақсылық, жамандық жасағанға жамандық жасаймын демеңдер!»
6 ай бұрын 2574
Хадис тағылымы

Сахаба Хузайфа ибн әл-Ямән (Алла оған разы болсын) пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләмның былай дегенін жеткізеді: 

-  لاَ تَكُونُوا إِمَّعَةً، تَقُولُونَ: إِنْ أَحْسَنَ النَّاسُ أَحْسَنَّا، وَإِنْ ظَلَمُوا ظَلَمْنَا، وَلَكِنْ وَطِّنُوا أَنْفُسَكُمْ، إِنْ أَحْسَنَ النَّاسُ أَنْ تُحْسِنُوا، وَإِنْ أَسَاؤوا فَلاَ تَظْلِمُوا.

«Тым ымырагер келісімпаз болмаңдар! Егер адамдар бізге жақсылық жасаса жақсылық жасаймыз, ал жамандық жасаса біз де жамандық жасаймыз демеңдер. Керісінше, адамдар жақсылық жасаса жақсылық жасауға (жақсылықпен жауап беруге), ал қашан жамандық жасаса зұлымдық жасамауға (жамандықпен жауап бермеуге) өз өздеріңді дағдыландырыңдар!» (Хадис хасан. Имам Тирмизи, «Сүнән»).


 Хадис түсіндірмесі: 

1) «Тым ымырагер келісімпаз болмаңдар...». Хадистің арабша нұсқасындағы «иммәъа» ( إمَّعةً) сөзі - әркімнің сөзіне ілесуші, кім не айтса да мақұлдаушы, дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс дей алмайтын өзіндік пікірі жоқ адамды айтады. Біз оны қазақшаға «тым ымырагер келісімпаз» деп аударып отырмыз, ондай адамды ғылымда «оппуртунист» дейді. Мұндай адам болу күнә ма? Күнә емес әрине, бірақ Алла елшісі мұсылмандарға мұндай адам болмауды кеңес етуде. Соқырсенімділікпен бүкіл нәрсені қабылдай бермей, әркімнің сөзіне құлақ аса бермей, ақыл мен ар-ождан таразысына салып, дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс дей алатын мәрттік болсын деп отыр Алла елшісі (с.а.у.). Ақылыңды қолдан. Пікір жүгірт. Ойлан дейді. Абай атамыз бір сөзінде айтады:
...Көп айтты деп алданып, уағда күтсең.
Ғапіл боп көп нәрседен бос қаласың,
Аңдамай көп сөзімен жүріп кетсең
- дейді. Қандай керемет айтқан! Абайдың осы бір сөзі ардақты Пайғамбарымыздың жоғарыдағы сөзін ашып тұрғандай. 

2) «...Егер адамдар маған жақсылық жасаса жақсылық жасаймын, ал егер маған жамандық жасаса мен де жамандық жасаймын демеңдер». Орыстардан қалған бір сөз бар: «сәлем қалай болса, жауап солай болады» деген, яғни, "жақсымен жақсымын, жаманмен жаманмын" деген мағынада. Бүгінгі қоғамда көп адам осы бір принциппен жүреді. Осының нәтижесінде адамдар арасында дұшпандық артып, алауыздық белең алып жатады. Түрлі қылмыстар мен түрлі келеңсіздіктер орын алып жатады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса, ондай түсінік пен ұстанымның қате екендігін үйретіп отыр. Кешірімді болыңдар дейді. Кекшіл болмаңдар дейді. Бұрын атам қазақ айтатын: «таспен ұрғанды аспен ұр» дейтін. Міне қазақтың осы бір аталы сөзі Алла елшісінің жоғарыдағы сөзінің қазақша тәпсірі іспетті. 

3) «...Керісінше, адамдар жақсылық жасаса жақсылық жасауға (жақсылықпен жауап беруге), ал қашан жамандық жасаса зұлымдық жасамауға (жамандықпен жауап бермеуге) өз өздеріңді дағдыландырыңдар!». Кім сізге жақсылық жасаса, жақсылығына жақсылықпен жауап беріңіз. Өйткені Құранда айтқандай: «жақсылықтың қайырымы тек жақсылық емес пе?» («Рахман» сүресі, 60 аят). Ал егер біреу жамандық жасаса, оған жамандықпен жауап берместен, кешірім бер, зұлымдық қылма. Алла елшісінің «зұлымдық жасамауға дағдылан...» деген сөзінен: саған жамандық жасаған адамға кешірімді бол, кек ұстама, тіпті оған жақсылық жасамай-ақ қой, бірақ зұлымдық та қылма, зиян тигізбе. Айналып кетіп қал. Ұмыт деп отыр. Осыған өзіңізді дағдыландырыңыз дейді. Өйткені, кекшілдік және жамандыққа жамандықпен жауап беру - әуелі адамның өзіне зиян, екіншіден - қоғамға зиян. Кешірімді болу ең бірінші адамның өзіне пайдалы. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

А. Қасым

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір