"Дүниеге деген құмарлықты жоюшыны (өлімді) жиі еске алып тұрыңдар!"
"Дүниеге деген құмарлықты жоюшыны (өлімді) жиі еске алып тұрыңдар!"
2 жыл бұрын 2502

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.):

أَكثروا ذِكرَ هاذمِ اللَّذَّات يعني الموتَ

«Дүниеге деген құмарлық жоюшыны (өлімді) жиі еске алыңдар!» – дейді[1].

Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбарға (с.а.с.) онның оныншысы болып келдім[2]2 . Ансарлардан бір ер кісі: «Уа, Аллаһтың елшісі! Ең ақылды және жомарт адам кім?» – деп сұрады. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Өлімді көп еске алғандар және оған ең жақсы дайындалғандар. Міне, солар ақылдылар. Олар бұ дүниеде көп шүкірлік етіп, Ақыреттің кереметін жан-тәнімен сезетіндер», – деді», – деген[3]3.

Әл-Ғазәли «әл-Ихия» атты кітабында: «Біл, әлбетте өлім – қиын, қатері зор. Кімде-кім оны ойламаса жүрегінің бостығынан емес, бәлкім, дүниеге қызығушылықтан ойламаса жүрегіне өлімді еске алуды орнықтырсын! Мұны жүзеге асыру жолы – пенде өзінің жүрегін тек өлімді еске алумен орнықтырып, басқа барлық істен қағыс қалдыруы керек, құдды бір қауіп-қатерлі сахараға немесе теңізге сапар шегуді қалаған адам сияқты болсын, себебі ол одан басқа еш нәрсе ойламай, тек соны ғана ойлайды. Егер өлім қатерін жан-тәнімен сезінсе ол әсерлене бастайды, сол сәтте оның дүниеге құмарлануынан туған қуанышы, шаттығы азайып, жүрегі жұмсарады.

Өлімді еске алудың ең жақсы жолы – адамның өмірден өткен серіктерін жиі-жиі еске түсіруі. Сөйтіп олардың дүниеден қайтқанын және топырақ астындағы хал-ахуалын ойлайды, өлгенге дейінгі жақсы жағдайларын, атқарған қызметін есіне алады. Енді міне, топырақ олардың жақсы дәуренінен белгі де қалдырған жоқ. Қабірлеріндегі өмірі қалай өтіп жатқаны белгісіз. Әйелдері, балалары жетім-жесір атанды. Мал-мүліктерін өздерімен бірге алып кеткен жоқ, мешіттер мен мәжілістердегі орындарын басқа біреулер иемденді. Олардың қалай қайтыс болғанын ой елегінен өткізсе өмір сүру, тірі қалу үшін жасаған әрекеттерін есіне алса, өлімді ұмытып, әр түрлі қызықтарды алданыш тұтып, жастықтың күш-қуатына сүйенгендерін, ойын-күлкіге берілгендерін, сөйтіп, ажалдың тез жетіп келетінінен бейхабар болғандарын түсінер еді.

Сондай-ақ марқұм досы шешен тілімен, әсем үнімен қалай саңқылдап сөйлейтін еді, енді міне, оның тілі құрттардың жеміне айналды. Қалай жарқылдап күлетін еді, енді топырақ аппақ тістерін шірітті. Ажалына бір апта қалғанда ол өзін не күтіп тұрғанын сезген де жоқ. Бар мақсаты баю болып, алдағы он жылға жоспар жасады. Егер күтпеген жерден өліп қалуы мүмкін екенін ойласа, көз алдына періштенің бейнесін елестетіп, жаннатқа не тозаққа шақырған үнді естігендей беймаза күй кешіп немесе өзінің құлшылықты ұмытып, қаннен қаперсіз дүние қызығына беріліп кеткен басқа да күнәкар пенделерге ұқсайтынын және солар сияқты жазаға ұшырайтынын түсінер еді», – деп жазады.

Абдуллаһ ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.) иығымнан ұстады да: «Дүниеде бөтен немесе жолаушы сияқты бол», – деп айтты», – деген.

Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) осы хадисін есіне алса: «Егер кеш батырсаң таңды күтпе, егер таң атырсаң кешті күтпе. Саулығыңнан науқасыңа ал (денсаулығыңды пайдалан) және өміріңнен өліміңе (ал)», – дейтін[4]1.

Діндар, ізгі адамдардың өлімді еске алғанда айтқан сөздері мен жағдайлары

Омар ибн Абдул-Азиз күн сайын кешке фиқһ ғалымдарын жинап, барлығы өлім, Қиямет және Ақыретті еске алатын, сөйтіп бейне өздерінің жаназасы шығарылып жатқанын көргендей

жылайтын еді. Ибраһим әт-Тәйми: «Мені дүниенің ләззаты мен қызықтарынан екі нәрсе: өлімді еске алу және Алла тағаланың алдында (яғни намазда және өзге ғибадаттар кезінде) тұруым алыстатты», – дейді.

Кағб: «Кімде-кім өлімнің не екенін білсе, оған өмірдің қиыншылықтары мен ауыртпалықтары жеңіл тиеді», – деп айтқан.

Сафия (Алла оған разы болсын): «Бір әйел өзінің жүрегінің жібімейтінін айтып[5] Айшаға (Алла оған разы болсын) шағымданғанда, оған Айша: «Өлімді жиі еске ал, сонда жүрегің жұмсарады», – деді», – деген.

Омар ибн Абдул-Азиз бір ғалымға: «Маған уағыз айт», – дегенде, ол: «Өліммен кездесетін халифалардың алғашқысы емессің...», – деді. Омар: «Тағы айта түс», – дегенде, ол: «Адам атадан бергі әкелеріңнен өлім дәмін татпаған ешкім жоқ, сенің де кезегің келеді», – деді. Сонда Омар көңілі босап жылады.

Бірде Амр ибн әл-Ас (Алла оған разы болсын) зират жақтан көзін алмай ұзақ қарап тұрады да, көлігінен түсіп, үйіне кіріп екі ракағат намаз оқиды. Сонда оған серіктері: «Бұрын бұлай істемейтін едің ғой?» – дейді, сонда Амр: «Қабір иелерін және олардың ғибадатқа қолдары жетпей тұрғандарын еске алдым, сөйтіп Аллаға  сол екеуі арқылы жақындауды жөн көрдім», – дейді.

Әбу Зарр (Алла оған разы болсын): «Пақыр, жоқшылық халге ұшырайтын күнімнен хабардар етейін бе? Ол – қабірге қойылатын күнім», – депті.

Әбу Дәрда (Алла оған разы болсын) кейде зират басында ұзақ отыратын. Себебін сұрағандарға: «Барар жерімді есіме түсіретін, егер кетіп қалсам артымнан ғайбаттамайтын (өсектемейтін) қауыммен бірге отырамын», – дейтін.

Жағфар ибн Мұхаммед түнде молаға келіп: «Уа, қабір иелері! Менде қандай ақау бар? Шақырсам неге жауап бермейсіңдер?» – дейтін. Содан кейін: «Аллаһтың атымен ант етемін! Олар сұрағыма жауап қата алмайды, мен де солар сияқты болармын», – дейді. Содан соң үйіне қайтып, таң атқанша намаз оқитын.

Омар ибн Абдул-Азиз өзімен бірге отырғандардың біреуіне: «Ей, пәленше! Бүгінгі түнді қабірді және оның иелерін еске алумен өткіздім. Егер мәйіт жерленіп, үш күн өткен соң оның қабірде не халге ұшырағанына көз салсаң ол кешегі сыйлас досың болса да, оған жақындаудан қорқар едің. Жатқан жерінде жәндіктер қаптап, құрт-құмырсқа өріп жүргенін, мәйіттің иісі қолқаны атып құрттарға жем болғанын көресің. Тірі кезінде таза көйлек, хош иіс, сәнді киімдер көрік берген кірпияз кісінің ұсқынсыз кейіпке түсуі.., періштелердің қатты шыққан даусынан, мәйіттің дірілдеп қоя беруі.., міне осы көріністен жаның түршікпей ме?» – депті.

Хатим әл-Асам: «Кімде-кім молалардың жанынан өткенде өзінің де солардай болатыны туралы ойланбаса, оларға дұға етпесе, онда өзіне және оларға қиянат жасағаны», – деген.

Хасан ибн Салих қабірлерге барлай қарап тұрып: «Сыртқы көріністерің қандай әдемі, әйтсе де қиыншылықтар мен жаманшылықтарыңды ішке бүгудесіңдер», – дейтін.

Ата әс-Суләми әр түн сайын бейітке келіп: «Уа, көр иелері! Өлдіңдер, мен де өлемін, амалдарыңның нәтижесімен қауыштыңдар, мен де қауышамын», – дейтін. Содан соң: «Ертең Атаның орны қабірде, ертең Атаның орны қабірде», – деп таң атқанша қайталайтын.

Рабиғ ибн Хусәйм ауласының бір түкпірінен қабір қазып қойыпты. Егер жүрегінен сәл қаталдық, дүниеге құштарлық, иманы әлсірегенін байқаса әлгі көрге кіріп, біраз отырып: «Раббым, мені кері қайтар, сонда мүмкін жақсы амалдар істермін»[6]1, – деген аятты оқып, сосын өз-өзіне: «Ей, Рабиғ! Кейін қайттың, енді жақсы амал жаса!» – деуші еді.

Мәймун ибн Мәһран: «Омар ибн Абдул-Азизбен бірге ауыл шетіндегі бейіттерді араладық. Зираттарды көрген кезде Омар жылады, сосын маған қарап: «Ей, Мәймун! Бұл бәну умәйиәдан шыққан әкелерімнің молалары, бейне олар бұ дүниедегі адамдармен бірге өмірдің ләззаттарының дәмін татпаған, тіршілік қылмаған тәрізді. Олардың сынаққа түскенін білмейміз бе? Бәлкім, оларға жаза берілді, ауыр үкім шығарылды. Ал көмілген соң мәйіттерін жәндіктер, құрт-құмырсқалар жайлады...», – деді. Содан соң жылап тұрып: «Аллаһтың атымен ант етемін! Бұл қабірлерге айналған адамдардан Алла тағаланың азабынан аман қалып, көрге кірісімен нығметке бөленген ешкімді білмеймін», – деді», – деген.

Сәбит әл-Бәннәни: «Қабір басына бардым, одан шыға бергенімде біреудің: «Ей, Сәбит! Көр иелерінің үнсіздігі сені алдамасын, өйткені онда қаншама нәпсілер қиналып, азап шегуде», – дегенін естідім», – деген.

Мутарриф ибн Әбу Бәкір әл-Һәзәли: «Абдулқайс тайпасында құлшылық етуді сүйетін бір кәрі кісі бар еді. Ол түнде ғибадатқа дайындалып михрабқа тұратын, ал күндіз зиратқа баратын. Тіпті бірде ол бейіт басына көп баратындығы үшін сөгіс алыпты. Сонда ол: «Әлбетте, қатып қалған жүректерді тек қорқынышты көріністерден басқа ештеңе жібіте алмайды. Сол себепті мен моланы зиярат етемін. Мәйіттер бейне қабірдің қуыстарынан шығып жатқандай сезінемін, солған жүз бен қураған сүйектерді көретін сияқтымын», – депті», – деген.

Бірде Омар ибн Абдул-Азизге бір фақиһ ғалым келіп, оның көп құлшылық еткендіктен түрі өзгергенін көріп таң қалады. Сонда Омар: «Ей, пәленше! Егер көрге көмілгеннен кейін үш күн өткен соң көрсең – қазір жайнап тұрған жүзім іріп-шіріп, еріндерім тістерімнен ажырап, аузымда құрттар қаптайды. Ішек-қарным ақтарылып, ұрықтар жауырын тұстан шығады, алды-артымда жәндіктер өріп жүреді. Сонда қазіргі таңданғаның жайына қалып, сұмдық қорқынышты көріністен естен танар едің!» – депті.

 

"ҚАБІР АЗАБЫ" кітабынан. 
Арабшадан аударған:
А.Зулай


[1] Ахмад, әт-Тирмизи.
[2] Яғни, Исламды алғаш қабылдаған он адамның оныншысы.
[3] Ибн Мәжәһ. 11
[4] Әл-Бұхари. 12
[5] Яғни иманның ләззатын сезінбейтінін.
[6] «Муминун» сүресі, 99-100 аяттар.

0 пікір