Діни және дүниелік істерде орта жолды ұстану
Діни және дүниелік істерде орта жолды ұстану
2 ай бұрын 1245

Ислам діні діни және дүниелік істерде шектен шықпай орта жолды ұстануға шақырады. Кез келген нәрсені дұрыс істеуді насихат етеді. Өйткені ислам дінінің мақсаты - адамзат баласына көңіл тыныштығын және рухани кемелденуді ұсынып, жақсы ғұмыр кешуіне мүмкіндік таныту болып табылады.

Аллаһ Тағала былай дейді: "Осылайша сендерді (шектен шығу мен кемшілік атаулыдан арылған) орташа үмбет қылдық!" (Бақара сүресі, 143-аят).

Орта жолды ұстану дегеніміз, кез келген нәрсенің бұзылмай сақталуын қамтамасыз ететін тепе-теңдікті ұстап тұру дегенге саяды.

Орта жолды ұстану дегеніміз, кез келген нәрсенің бұзылмай сақталуын қамтамасыз ететін тепе-теңдікті ұстап тұру дегенге саяды. Ұлық Раббымыз барша ғаламды керемет тепе-теңдік ішінде жаратты. Құран Кәрімдегі әмірлер сол тепе-теңдікті ұстап тұруға үлкен септігін тигізеді. Сондықтан өмірде орта жолды ұстанудың ең дұрыс әдісі Аллаһ Тағаланың әмірлеріне мойынсұну болып табылады. Аллаһ Тағала негізін қалаған қағидалар бұзылған күнде ғұмыр кешу қағидасы машақатқа айналып, бассыздық кең етек алады. Бұған құран Кәрімдегі мына аят айғақ бола алады:

"Ол аспанды көтеріп, тепе-теңдік орнатты. Олай болса, шектен шығып тепе-теңдікті бұзбаңдар!" (Рахман сүресі, 7-8 аяттар).

Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінде былай дейді:

"Істердің ең қайырлысы, орта жолдан шықпағаны" (Бәйһақи, Шұғабул-иман V, 261).

"Орта жолды ұстаныңдар! Амалдарыңды кемелдендіруге, Аллаһқа жақын болуға күш салыңдар! Таңертең және түс пен ақшамның арасында жұмыс істеңдер! (Бұл жерде Мекке мен Мәдинаның климатына сәйкес жұмыс істеуді меңзеп отыр). Түннің бір бөлігінен де пайдаланыңдар! Алдарыңа мақсатқа жету үшін, асығып-аптықпаңдар!" (Бұхари, Риқақ 18).

"Орта жолды ұстану, асығып-аптықпау, хал мен жүрісте шектен шықпау, пайғамбарлықтың жиырма төрт бөлігінің бір бөлігі" (Әбу Дәуіт, Әдеп 2/4776; Тирмизи, Бирр 66/2010; Муатта, Шағар 17).

Жоғарыда айтылған аят пен хадистерден діни және дүниелік істерде шектен шықпау деген мағына шығады. Аллаһ және Оның елшісі негізін қалаған қағидалар өмірде жүзеге асып жатса, қоғамда тыныштықтың орнайтыны сөзсіз. Өйткені кез келген нәрсенің өміршеңдігін орта жолды ұстану қамтамасыз етеді. Бұл жайлы Аллаһ елшісі (с.а.у.) былай дейді:

"Сөз бен іс-әрекеттерінде шектен шыққандар құрып кетті" (Мүслим, Білім 7).

Кез келген мұсылман құлшылықтың өзінде де шектен шықпауы қажет. Төмендегі мына хадис шәріптер соған дәлел бола алады:

"Парыз болмаған амалдарды шамаларың жеткенше істеңдер! Өйткені амалдардың ең қайырлысы, аз болса да жалғасымды болғаны" (ибн Мәжә, Зүһд 28).

"Араларыңнан кімде-кім адамдарға (имам болып) намаз оқытса, қысқа оқысын! Өйткені олардың арасында халі нашар, ауру, жасы ұлғайған жандар бар. Өз басына намаз оқығанда, қалағанынша ұзартсын!".

"Сендердің араларыңдағы (Аллаһтан) ең қатты қорқатын, әрі тақуасы менмін. Мен кейде ораза ұстаймын. Бағзы уақытта нәпіл намаз оқимын. Ал кей кезде оқымаймын. Демаламын! (Сонымен қатар) әйелдерге үйленемін" (Бұхари, Неке 1; Мүслим, Неке 5). Яғни, ислам дінінде монах секілді әрекет жоқ. Адам рухының рухани азыққа мұқтаж болғаны тәрізді, тәнінің де біршама мұқтаждықтары болады. Бұл мұқтаждықтар қамтамасыз етілмеген жағдайда тепе-теңдік бұзылып өмір сүру салты қиындай түседі.

Аллаһ Тағала инфақта  (садақа, қайыр беру) орта жолдан таймауды әмір етеді:

"Сараң да болма, қолы мүлдем ашық жан да болма! (Өйткені елдің) табалауына тап болып, қасірет шегесің!" (Исра сүресі, 29-аят).

"(Сонымен қатар олар) дүние-мүлік сарп еткенде, ысырапшылдыққа жол бермейді. Әрі сараңдық танытпайды. Осы екеуінің арасындағы (орта жолды) ұстанады" (Фұрқан сүресі, 67-аят).

Жомарттық пен садақа істерінде ысырапшылыққа түсу яки сараңдық таныту мұсылман баласын Аллаһтың қаһарына іліктіреді. Ысырапшылық, қажеттіліктен тыс жұмсау, ал сараңдық - игілікті тек өз басына ғана тілеу деген мағынаға саяды. Аллаһ Тағала осы екі жағымсыз қасиеттен арылып, жомарт болуға үндейді.

Аллаһ Тағала құран Кәрімде былай дейді:

"(Елшім!) олар сенен (Аллаһ жолында) нені инфақ (садақа) ететіндіктерін сұрайды. Сен: "(қажеттіліктен) артығын инфақ етіңдер!" - деп айт!" (Бақара сүресі, 219-аят).

Инфақ (садақа, қайыр беру) мәселесінде шектен шығу - пақырлық кебін киюге, бала-шағаны аш-жалаңаш қалдыруға жол ашатындықтан дұрыс әрекет деп бағаланбайды. Өйткені, бір қиыншылыққа тап болып, мұқтаждықтың дәмін татқан кісі қайтып инфаққа беттемеуі әбден мүмкін. Бағзы сахабалар кейде қатты тебіреніске түсіп, күллі дүние-мүлкін инфақ етуді қалайтын. Алайда Пайғамбарымыз (с.а.у.) инфақ етуге ниеттенген кісінің материалдық жағдайына немесе рухани деңгейіне қарай кей шақта дүние-мүлкінің жартысын, ал кей сәтте үште бірін, тіпті кей уақытта тек бір бөлігін қабыл алатын. Өзі және Хазірет Әбубәкір (р.а.) бұлардың қатарына кірмейтін.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) кейде бір күннің ішінде өз пайына түскен олжадан байып қалатын. Бірақ қолына тиген дүние-мүліктің бір бөлігін негізгі мұқтаждықтарын өтеуге жұмсайтын. Ал қалып қойған үлкен едәуір бөлігін түгелдей инфақ ететін (қайыр садақаға беретін). Өзінің мұқтаждығынан артық дүниені кедейлерге таратпайынша жаны тынышталмайтын.

Хазірет Әбубәкір (р.а.) қандай да бір жағдай болып, қаражат мұқтаждығы туып жатса күллі дүние-мүлкін арқалап Аллаһ елшісіне (с.а.у.) келетұғын. Аллаһ елшісі (с.а.у.) сахабаларының арасынан тек оның дүние-мүлкін толығымен қабыл ететін. Өйткені ол басына іс туса да, инфақ еткен дүниесіне пұшайман болмайтын.

Иә, Аллаһ елшісінің (с.а.у.) яки Хазірет Әбубәкірдің жөні бөлек. Ал олардан басқа барша мұсылман баласы орта жолды ұстануы қажет. Өйткені басты мақсат, ниеттегі шын пейілділік пен ықылас болып табылады. Бұған төмендегі мына хадис айғақ бола алады.

Бір күні Аллаһ елшісі (с.а.у.) маңайындағы сабаларға қарап: "Орта жолды ұстаныңдар! Туралықтан таймаңдар! Біліп қойыңдар! Ешбірің амалының саясында құтылмайды!" - деді. Маңайындағы сахабалар:

"Сенде құтылмайсың ба?" - деп таңданыстарын жасыра алмады. Аллаһ елшісі (с.а.у.): "(Иә), мен де құтылмаймын. Тек Аллаһ мейірімі мен рақымдылығына бөлеп жатса, әңгіме басқа!" - деп жауап берді (Мүслим, Мұнафиқун 76, 78; Бұхари, Риқақ 18, Марда 19).

Құлшылықта енжарлық, жалқаулық таныту кісіні ақыретте үлкен өкінішке душар етеді. Ал құлшылықта шектен тыс әрекет етуден - жалығушылық, қателік туады, содан соң Аллаһтың әмірлерін толықтай атқаруға кедергі болады. Сол себепті орта жолды ұстану қажет.

Өздеріңіз көріп отырғандай құлшылықтың өзінде шектен шығуға рұқсат берілмейді екен. Міне осының өзі өзге іс-әрекеттерде орта жолды ұстанудың дұрыс екендігін көрсетеді. Сондықтан ішіп-жеу, киім-кешек кию тәрізді материалдық қажеттіліктердің өзінде орта жолдан шықпау қажет.

Аллаһ Тағала былай дейді:

"Жеңдер, ішіңдер! Бірақ ысырапшылдыққа жол бермеңдер! (Өйткені) Ол (Аллаһ) ысырапшылдыққа жол бергендерді сүймейді" (Ағраф сүресі, 31-аят).

Өйткені ішіп-жеу де, киіну де орта жолдан таю - денсаулыққа, дүние-мүлікке зарарын тигізері сөзсіз. Сонымен қатар адамдармен жасалар мәміледе кездесетін махаббат және жек көру іспетті сезімдерде де орта жолды ұстанудың тигізер пайдасы мол.

Аллаһ елшісі (с.а.у.) былай дейді: "Досыңды сүйсең, мөлшерлі сүй! Өйткені күндердің күнінде дұшпаның болып шығуы мүмкін. Дұшпаныңды мөлшерлі жек көр! Өйткені күндердің күнінде досың болуы мүмкін" (Тирмизи, Бирр 60/1997).

Ұзын сөздің қысқасы, мұсылман баласы сөзінде, іс-әрекетінде орта жолды ұстануы ләзім. Асығып-аптықтау Аллаһ Тағала жақсы көретін қасиеттердің бірі болып табылады. Яғни кез келген істі іске асырғанда асықпай, алды-артын ойлау керек. Бұл қасиет қателікке ұрынудан сақтайды.

Ислам діні асығып-аптықпауға үлкен мән береді. Өйткені істің басында болмашы болып көрінген нәрселер, үлкен қайшылықтарға себеп болуы әбден мүмкін. Хазірет Мәулананың "Мәжалисус-сабға" атты еңбегінде келтірген төмендегі мына мысалы нендей өнгелі:

"Дәнді көрген құс бейшара, құрылған тозақ жоқ па деп жан-жағына жүз мәрте қарайды. құс әрдайым теріс нәрселерді ойлағандықтан, оның бойындағы жан қайғысы, жем қайғысынан артық болады".

Аллаһ елшісі (с.а.у.) бойында асығып-аптықпау қасиеті бар сахабасын былай деп мақтайды:

"Сенің бойыңда Аллаһ сүйетін екі қасиет бар:

1. Момындық. Жұмсақ мінезділік.

2. Асығып-аптықпау. Асықпай әрекет ету" (Мүслим, иман 25, 26; Әбу Дәуіт, Әдеп 149; Тирмизи, Бирр 66/2011).

Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа хадисінде:

"Асығып-аптықпау Аллаһ Тағаладан, ал асығу шайтаннан", - дейді. Хазірет Әбубәкірдің Худайбия келісім-шарты жайындағы төмендегі мына сөздері осы хадистің мағынасын аша түседі.

Ислам (тарихында) Хұдайбия бейбіт келісім-шартынан артық "фатх" (жеңіс) болған емес. Алайда адамдар, болашақты ойлай алмағандықтан осы келісім-шартқа әуелде қарсы шыққан болатын. Адамдар, Аллаһ Тағала мен Пайғамбардың арасындағы істердің тез арада бітуіне асығады. Ал Аллаһ Тағала олар секілді асықпайды. Кез келген істі мерзімі келген шақта жүзеге асырады" (Уақиди II, 610; Халаби II, 721).

Сонымен қатар, игі іс екендігінде шүбә болмаған істерді жүзеге асыруға асығу қажет. Бұл, игі іс екен деп, асығып-аптығып қалай болса солай тәмамдауға емес, тезірек шешім қабылдау маңызды.

Аллаһ Тағала былай дейді:

"Араларыңдағы кез-келген жанның біріне өлім келіп: "Уа, Раббым! Менің өлімімді азғана уақыт кешіктірсең, садақа беріп, ізгі жандардың қатарына кірер едім!" - деп айтпастан бұрын, өздеріңе нәсіп еткен ырыздықтан сарп етіңдер!" (Мұнафиқун сүресі, 10-аят).

Бұл жайлы Аллаһ елшісі (с.а.у.): "Асығып-аптықпау, ақыретке қатысты амалдардан өзге күллі істе қайырлы", - дейді (Әбу Дәуіт, Әдеп 11/4810).

Әйгілі ғұлама қазы ғияд: "Ақыретке қатысты амалдарда, сылбырлық таныту дұрыс әрекет емес. Аллаһқа жақындау әрі пейіштегі дәрежені көтеру үшін ақыретке қатысты амалдарда тез шешім қабылдауға жігер танытатын жан болу қажет", - дейді.

Аллаһ Тағала құран Кәрімде былай дейді:

"Игі істерді істеуде бір-біріңмен жарысыңдар!" (Бақара сүресі, 148-аят).

"(Өйткені) олар игі істерді істеуге асығатын. (Азабымыздан) қорқып, мейірімімізден үміттеніп бізге шын ықыластарымен дұға етіп жалбарынатын" (Әнбия сүресі, 90-аят).

Ал ұлы тұлғалар: "Асығыстықпен жүзеге асырылған істің соңы жақсы болмайды. Асығып-аптығып ішіп-жеген астан көптеген ауру тарайды. Сондықтан әрдайым байсалдылықты, аптықпауды өзіңе серік ет. Бірақ құлшылыққа келгенде тез әрекет ет", - дейді.

Сонымен қатар қарызды өтеу, жаназаны жерлеу, кәмелетке толған балаларды үйлендіру іспетті істерде асығуға өсиет етілген.

Хазірет Айшадан (р.а.): "Аллаһ елшісі (с.а.у.) қандай да бір күнге маңыздылық танытушы ма еді?" - деп сұралды. Қадірлі анамыз (р.а.): «Жоқ. Аллаһ елшісінің амалы тоқтамай себелеп жауып тұратын жауын секілді еді. Қайсыңның Аллаһ елшісінің (с.а.у.) істеген ісіне шамаң жетеді?» - деп жауап берді (Бұхари, Саум 64, Риқақ 18; Мүслим, Мусафирун 217).

Пайғамбарымыз (с.а.у.) құлшылықта шектен шықпай орта жолды ұстанатын. Бірақ оның құлшылықтары үзілмейтін. Ол аз да болса, үзілмейтін амалдың артық, қайырлы екендігін әрдайым айтатын...

Ұзын сөздің қысқасы, һәм шектен шықпай, һәм асығып-аптықпай орта жолды ұстану ислам діні насихат ететін ұлық әрекет болып табылады. Ал жалқаулық пен шектен шығушылық - кез келген істің берекетін кетіріп талқанын шығарады. Қоғамдағы адамдар арасындағы қарым-қатынасты бұзады. Сондықтан мұсылман орта жолдан ауытқымай әрекет етуі қажет. Әрбір әрекетін алдын ала ойлап, таразылауы керек. Ал құлшылық және игі істерде жинақылық танытуы ләзім.


"Өркениет шыңындағы жауһарлар", Осман Нұри Топбаш. 

 

0 пікір