Бұхара - Тұрмағамбет білім алған, Науан хазірет ұстаздық еткен медреселер қаласы (ФОТО)
Бұхара - Тұрмағамбет білім алған, Науан хазірет ұстаздық еткен медреселер қаласы (ФОТО)
7 жыл бұрын 6763
Марфуға ШАПИЯН

Бұхара - Орта Азиядағы ең көне әрі тарихи қалалардың бірі. Мұнда жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен туристер үздіксіз ағылады. Көктемнің жаңбырлы күндерінің бірінде, бізге де осы қаланы көріп, аралау бақыты бұйырды. 

 Қаланы б.з.д. бірінші мыңжылдықта Нумижкат деп атаған екен. Ал Бұхара атауы Қытай жазба деректерінде V ғасырдан кездеседі. 

 Бұхара 709 жылы арабтар жаулап алған кездің өзінде ірі сауда әрі мәдениет орталығы болыпты. Ал бұл топыраққа Ислам діні келген соң мәдениет одан ары жаңғыра түсіп, түрлі медреселер мен мешіттер салына бастады.  

Мұнда 140-қа жуық архитектуралық ескерткіш бар. Біз барлығын болмаса да, біразын аралап көрдік. 

 Мынау 1651 жылы салынған "Әбдуләзиз хан" медресесінің ішкі көрінісі. Мұны хан байлығы мен сән-салтанатының өзге тәж иелерінен артығырақ екенін көрсетіп, мақтану үшін салдырған.   

 "Әбдуләзиз хан медресесі" ішкі интерьеріне көбірек мән беріліп салынған. Әрі қарсысындағы "Ұлықбек" медресесіне қарағанда көлемді, сәулетті. 

 Бүгінде бір кездегі мешіт-медреселердің іші осындай бұйымдарға толы. Айналасында алмасыңа қоймайтын саудагерлер. 

 Бұхара қаласы Ислам дінінің келуімен Орта Азиядағы мұсылмандардың діни орталығына айналды. 

 Мұнда Орта Азияның әр бұрышынан, Татарстан, Қазақстан секілді мемлекеттерден білім іздеп, медреселерде сабақ алған шәкірттер көп болған. 

 Көне деректер  Бұхарада кезінде 103 медресе болғандығын айтады. 

Осында көп жылдар білім алған Садриддин Айни де Бұхарада 100-ге тарта ірі және сол шамалы ұсақ медреселер болғандығын жазады. 

  Олардың көпшілігі өз кезінде сәулет өнерінің ең озық үлгілерімен салынып, әлі күнге дейін ерекше әсем де әдемі ансамбль құрап, қалаға сән беріп тұр екен. 

"Әбдуләзиз хан" медресесі - Бұхарадағы ең ірі мешіттердің бірі. 

Кезінде білім орталықтары болған медреселердің ішіне осындай Құран кітаптары қойылған. 

 Ал мына Құран қолмен жазылыпты. 

 Құран аяттары жазылған бұл шапанның көрінісі бізге де қызық көрінді. 

 ХІХ ғасырға тиесілі бұл киімді Имамдар киіп жүрсе керек. 

Ал "Әбдуләзиз хан" медресесіне қарама-қарсы орналасқан кезінде Самарқанды Әмір Темірдің немересі Ұлықбек басқарғанда салдырған оқу орны. Ол мұндағы медреселердің ең көнесі болып табылады. 

"Ұлықбек" медресесінің іргесі 1417 жылы қаланған. Оның жобасын сызған Әмір Темірдің бір жорығында тұтқынға түскен парсы ұстасының ұрпағы деседі. 

Медресе Абдуллахан заманында, яғни 1586 жылы қайта жөндеуден өткен. 

 Ғимарат кішкене бөлмелер мен оқу залдарынан, шаршы ауладан, мешіттен тұрады. 

 

 Бұхарадағы біздің заманымызға жеткен тағы бір көрнекті ескерткіш - "Мір-Араб" медресесі. 

Ол да Бұхарадағы сәулет өнерінің XV ғасырдағы ең үздік ескерткіштерінің бірі. 

 Әшекейлі күмбездер мен сәулет және қолданбалы өнердегі поэтикаландырылған геометрияның таңғажайып суретті көрінісін осы "Мір-Араб" медресесінен көруге болады.  

"Мір-Араб" медресесінің архитектурасы мен өрнектелуі аса жоғары мәдениетпен және талғаммен жасалған екен. 

Ал қалаға көрік беріп тұрған Кәлән мұнарасы - 1127 жылы Арыслан ханның кезінде бой көтерген. 

Мұнара - Бұхарадағы ең биік ғимараттардың бірі. Ұзындығы 46,5 метрді құрайды.  

 Ертеректе бұл мұнара азан шақырылумен қатар айналаны бақылау үшін де қолданылған. 

Іргесі ертеректе қаланған бұл мешіттер бүгінгі күні де жұмыс істеп тұр.

 Бұхарадағы басқа да басты медреселердің қатарында ""Көгілташ", "Қош", "Әмір-Әлімхан", "Надир Диуан бегі" медреселері кіреді.  

 Олардың ішінде әсіресе, "Көкілташ" медресесі қазаққа жақын. Дәл осылай аталатын медресе Ташкент қаласында да бар. Бірақ біздің дін қайраткерлеріміздің негізінен Бұхара қаласында білім алған соң, олардың өмір тарихында айтылатын "Көкілташ" медресесі осы Бұхарадағысы болар деген жорамал жасаймыз. 

 Көкілташ медресесі туралы Мәшһүр Жүсіп бабамыз:  «Көкілташта сытқамыт қылған адам не бай болып, не әулие болып, не молда болып шығады, құр алақан шықпайды», - деген тамаша сөзі бар. Осы пікірдің өзі бұл медресенің қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек. 

Солай деген Мәшһүр Жүсіп Көпеев те осы Бұхара медреселерінен білім алған. 

 Ал белгілі дін қайраткері, Ислам дінінің Қазақстанның солтүстік өңіріне кеңінен жайылуына ықпал еткен атақты теолог-ғалым Наурызбай Таласов (Науан хазірет) те 15 жылға жуық Бұхара медреселерінен дәріс алып, осында ұстаздық еткен. Тек кейін Қазақстанға да дін жаятын адам керек болғаннан кейін қайтқан. 

Ал белгілі ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлы болса, осы қаладағы 1896-1899 жылдары Мір-Араб медресесінен, кейін 1899-1905 жылдары Көкілташ медресесінен білім алған. “Көкілташ” медресесінде тәжік жазушысы Садриддин Айнимен достасып, қабырға газетін бірге шығарысқан. 

Тіпті Қожа Ахмет Яссауидың  Бұхара қаласындағы Юсуф Хамаданидан діни білім алғаны туралы дерек бар. 

Біз осылай Бұхара қаласының тарихи ескерткіштерін аралап болып, вокзалды бетке алдық.

 Мұнда өзбектердің атақты "Афросяб" жүрдек пойызына отырып, тағы бір көне шаһар Самарқанды бетке алдық. Алда біздерді Әмір Темір, Ұлықбек әлемі күтіп тұрған болатын. 

 Фотосуреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ

 

0 пікір