Бараат түні қандай құлшылық түрлерін орындаса болады?
Бараат түні қандай құлшылық түрлерін орындаса болады?
5 жыл бұрын 26878
Мүфти Таки Усмани

Бәраат түнін дұрыс қарсы алу үшін, бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Осылайша бұл түнді тек құлшылықпен өткізгені жақсы. Алайда, кімнің оған шамасы жетпесе, ол осы түннің кез келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Мәселен, түннің екінші бөлігінде тұрып, мына ғибадат түрлерін атқарса болады:

1. Намаз. Намаз – осы түнде атқарылатын ең абзал құлшылықтардың бірі. Намаз ракағатының белгіленген саны жоқ, алайда ракағат саны сегізден кем болмауы тиіс. Сондай-ақ, намаздың әр рукуғында, қиямында және сәждесінде ұзағырақ тұрғаны абзал. Намазда Құраннан ұзақ аяттар не сүрелер оқылғаны жақсы. Егер кімде кім ұзақ сүрелерді есіне түсіре алмайтын болса, бір ракағатта қысқа бір сүрені бірнеше рет қайталауына да болады.

2. Тиләуәт. Қасиетті Құранды оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылықтардың бірі. Намаз оқып болған соң, я болмаса, басқа уақытта шамаңыз жеткенше Құран оқыңыз.

3. Зікір. Бұл түнді зікірге арнаған өте жақсы. Әсіресе Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айту. (Сондай-ақ зікірді жүріп бара жатқанда, төсекте жатып және де жұмыс кезінде немесе жұмыстан тыс уақытта да оқуға болады).

4. Дұға. Бұл түні бізге көп пайда әкелетін ғибадаттың бірі де - дұға тілеу. Осы түні Алла Тағала дұғамызды қабыл етеді деген үміт бар. Дұға – ғибадат. Алла Тағала жасаған әрбір дұға үшін сұраушының мұқтаждығын өтеп қана қоймай, сауап та жазады. Тіпті сұраған нәрсесі қол жетімсіз болса да, ол адам жасаған дұғасы үшін сауапқа кенеледі. Сонымен қатар барлық ғибадаттың өзегі болып табылатын дұға - Алла мен адамның байланысын арттырады. Адам  баласы қалағанынша, кез келген түрде дұға ете алады. Дегенмен, ең жақсы дұға – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен дұғалары. Бұл дұғалар Оның (с.а.у.) шебер сөздерімен пенденің бұл өмірдегі әрі ақыреттегі барлық мұқтаждығын қамтиды. Расында да Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен дұғаларының мағынасы терең екендігі соншалықты, пенденің оған баға беруге шамасы жетпес.

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғаларын қамтыған көптеген кітаптар әр тілде жарық көрген. Мұсылман адам Алла Тағалаға сол дұғалар арқылы, араб тілінде болсын, өз ана тілінде болсын, сол дұғалардың мағынасын айта отырып жалбарынуы керек.

Нәпіл намазды, я болмаса Құранды белгілі себептерге байланысты оқи алмаған адамдар (ауру, әлсіздік немесе шұғыл тірлігі бар болса) осы берекелі түннің сауабынан құр қалмас үшін төмендегі амалдарды орындауларын ұсынамыз:

1. Ақшам, құптан және таң намаздарын мешітте оқысын (егер сырқат болып, шамасы жетпесе үйінде оқысын).

2. Үнемі зікір айту, әсіресе салауат. Кез келген халде, адам ұйықыға кетпейінше зікірде болуы тиіс.

3. Алладан кешірім тілеу. Мұны төсекте жатып та сұрауға болады.

Әйел адамдар етеккір кезінде намаз бен Құран оқи алмайтындықтан, олар кез келген зікірді айтып, тасбих тартып, салауат айтуы керек. Сонымен қатар Құран мен хадистерде келген араб тіліндегі дұғаларды да дұға ету ниетімен оқи алады.

"Әлсіз" бір хадисте, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы түні "Бақыйъ" қорымында болып, сол жерде жерленген мұсылмандарға дұға еткен деп айтылады. Осыған негіздеп кейбір фақиһтар осы түні қорымға барып, ол жердегілерге «Фатиха» сүресін я болмаса Құраннан аяттар оқуды ұнамды іске жатқызған. Алайда бұл амал міндетті емес әрі мұны парыз амалдың дәрежесіне көтерудің қажеті жоқ.

Шағбан айының 15-і күнгі ораза

Бараат түнінен соң келесі күні, яғни Шағбанның 15-і күні ораза тұту - мұстахаб амал болып саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы оразаны тұтуды өсиет еткен. Бұл хадистер бірнеше ғалымдардың көзқарасы бойынша "әлсіз" болып табылғанымен де Шағбан айының бірінші жартысындағы тұтылған оразаның сауабы мол екендігі басқа да (сахих) риуаяттардан аңғарылады. Және де сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шағбан айында көп ораза тұтқан болатын. Үмметтің үлкендері (сәләф ас-солихтар) Шағбан айының 15-і күні ауыз бекіткен. Үнемі амалға асырылып келген бұл тәжірибеден олардың аталмыш хадисті сенімді деп танығандарын аңғарамыз. 

Сондықтан да, Шағбан айының 15-і күні ерікті түрде сауабынан үміт етіп, нәпіл ораза тұтуға кеңес береміз. Сондай-ақ қаза болған оразаны ұстауға да болады.

 Орыс тілінен аударған Azan.kz
  (Ықшамдалған түрі).

0 пікір