Мен бұл отбасыны 5 жылдан бері танимын. Алғаш Нұр-Мүбәрак Ислам университетіне түскенде, Жұлдыз группаласымның бірі болды. Үнемі үйіне асығып тұратын сол қыздың отбасы мен қыздары бар екенін естігенде таңданысымды жасыра алмадым. Оның жағдайына терең бойламасам да «Қалай үлгересіз?» деп сұрап қоятынмын. Ал тағы бір күні қыздардан оның күйеуінің мүгедек екенін естідім... Және Жұлдыз оған мүгедектігіне қарамастан тұрмысқа шыққан, дүниеге сәби әкеліп әрі оқып жүр. Мұндай жағдайды естігенде “Мен сондай қадамға бара алар ма едім?” деген сұрақ барлығының көкейінде тұрады. Мен де ішімнен осы сұрақты қайталай бердім. Әй, қайдам!
Арада өткен бес жылда мен оларды жақынырақ тани түстім. Балтабай аға мүгедектігіне қарамастан бес уақыт намазының өзін мешітте оқуға ұмтылатын әрі қашан көрсең достарын айналасына үйіріп алып, уағыз айтып жататын жан екен. Ол жүрген жерде Алланың еске алынбауы мүмкін емес. Ал Құранға деген ықыласы тіпті ерекше. Күнделікті жоспарында Құранға орын болғаннан кейін, оны екі айда бір хатым етеді. Ал Рамазанда жатақхананың аядай бір бөлмесінде тұрса да бұл үйде міндетті түрде ауызашар болады. Алдыңнан жүгіріп шығатын екі қызы мақтанышпен өзің әлі жаттап үлгермеген сүрелерді жарыса айтқанда сүйсінбей көр!
Қоңыр ғана тіршілік етіп, бес жан бір бөлмені мекен етсе де, жоқшылық кейде қолды байлап, тағдыр жан-жақтан қыспаққа алса да бұл отбасының бір де бір рет Аллаға шағым айтқанын естіген емеспін. Қайта керісінше, Балтабай аға шүкірді дені сау біздерден де көп айта ма дерсің. Алланың разылығын алуға, Жәннаттан үйлі болуға бар жан-тәндерімен ұмтылған осы бір отбасында қонақ болған сайын Аллаға жақындай түскенімді сезінем...
Тәнім сау болмағанмен жаным – сау
– Балтабай аға, Астанадан Алматыға келудегі бір мақсатым – марафонға қатысу болса, екіншісі өзіңізден сұхбат алу еді. Денсаулығыңыздың мүмкіндіктеріне қарамастан намаз оқып, Құдайға құлшылық жасап жүргеніңіз көпке үлгі. Ал бүгін дені сау кей адамдардың өздерінің тәуекелі жете бермейтін марафонға қатысқаныңызды естіп тіпті таңғалып отырмын. Сізді марафонға қатысуға не нәрсе итермеледі?
– Алғаш 2013 жылы Алматыда өткен ІІ марафонға қатыстым. Марафон болғалы жатқанын естігеннен кейін бірден қатысу туралы ой келді. Мақсатым жүлделі орын алу немесе көзге түсу емес, жастарға мотивация беру еді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): “Адамдар екі нәрсенің қадірін білмейді, денсаулықтың және уақыттың” дегені бар еді ғой. Соны негізге ала отырып, адамдар арбаға таңылған маған қарап, денсаулықтарының қадірін білсе, сәл де болса ойланса, өз мүмкіндіктерін түсінсе, ештеңге қарамастан алға ұмтылса деген ниетім болды. Марафонға биыл екінші мәрте қатысып отырмын. Екеуінде де 10 шақырымға «жүгіріп», финишке жеттім. Биылғысы ұйымдастырылуы жағынан өте жоғары деңгейде өтті. Арбамен жоғары қарай жүру қиындау екені белгілі. Ондайда өзге қатысушылар демеп, артымнан итеріп, көмектесіп жіберіп отырды. Осы жылы алғашқы елуліктің ішінде келгенімді мақтанышпен айта аламын.
Жалпы, жанның саулығы деген бар да, тәннің саулығы деген бар. Құдайға шүкір, физикалық тұрғыдан денім сау болмаса да, рухани тұрғыдан өзімді сау адаммын деп есептеймін. Және соған мың да бір шүкіршілік айтамын.
– Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз?
– Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Шардара қаласында дүниеге келгенмін. Шымкентте тұрдық. Тоғыз жыл жарымжан балаларға арналған интернат-үйінде оқыдым.
– Кешіріңіз, тіке сұрап отырғаныма айып етпеңіз, дегенмен оқырмандарымызға анық болсын. Негізі сіздің мүгедектігіңіз туабітті емес қой? Бұл жағдайға кейіннен ұшырадыңыз емес пе?
– Иә, шамамен үш жасымда ауырыппын. Екпеден түскен ауыр вирусты жүйке жүйесі көтере алмаса керек, аяғымның буындары ұстамайтын болып қалады. Ата-анам, туыстарымның айтуына қарағанда, оған дейін құлдыраңдап жүгіріп жүрген бала болыппын. Көршілерім велосипед тепкенімді де көргендерін айтады. Бірақ тағдырдың жазуы ғой, бір-ақ күнде мұрттай ұшып, аяғымды баса алмай қалыппын. Шамамен бес-алты жасымда балдақпен жүріп үйрендім. Бірінші сыныпқа 8 жасымда бардым. Әке-шешем “Мектепке барып-келе алмайды. Оқуға қалай берем? Қайда берем?” деп уайымдап отырғанда Құдай қарасып, Шымкенттің маңайынан жарымжан балаларға арналған интернат табылып қалып, мені сонда береді. Таудың бөктерінде орналасқан интернаттың табиғаты Алматыныкіндей еді. Сонда біріншіден тоғызыншы сыныпқа дейін оқыдым. Тоғызды бітіргеннен кейін Шымкенттегі заң колледжіне оқуға түстім. Колледжді бітірген жылы отбасын құрдым. Бір жылдан кейін Қазақ Ұлттық Университетінің заң факультетінің бакалаврын оқыдым. Мен бакалаврды бітірген соң әйелім Жұлдыз оқуға түсті. Ал магистратураға екі жыл қатарынан тапсырып түсе алмай, тек үшінші жылы бағым жанды. Ақылы оқуға жағдайымның келмесі белгілі, грантқа түскім келді. Ағылшыншаны оқып, дайындалып үшінші жылы түсіп, оны да бітіріп алдым. Магистратураға дейінгі екі жылды да бос өткізген жоқпын. Заң компанияларына барып заңгерлік қызмет еттім. Екі жылға жуық соттарға қатыстым, іс жүргіздім, мамандығым бойынша тәжірибе жинадым. Магистратура біткен соң университеттің өзінде қалып, сондағы мұрағат бөліміне қызметке тұрдым. Қазір сонда істеп жатырмын. Жұмыс жақсы, Құдайға шүкір, өзіме ұнайды.
– Мамандығыңыз бойынша жұмыс табылмады ма?
– Университетте заң саласынан мұғалім болсам ба деп ойлағанмын. Ол үшін конкурсқа тапсыру керек екен. Былтыр конкурсқа іліне алмай қалдым. Сабағымды бітіріп жүріп үлгермедім. Енді биыл үміттеніп отырмын. Конкурсқа қатысып, заң саласынан білгенімді студенттерге үйретсем деймін. Әр мамандық иесі өз саласы бойынша қызмет еткені жақсы ғой.
– Университетке қалай барып-келесіз? Жұмыс бабында жүріп-тұру қиындық тудырмай ма?
– Ары-бері жүру мәселесіне келсек, мен оқыған колледждің ғимараты төрт қабатты еді. Сол төрт қабатты, лифті жоқ ғимаратта оқыған үш жылымда себепсіз сабақтан қалған емеспін. Әрине, қиын. Бірақ мойымадым. Арбамның дөңгелегі жетпеген жерлерге балдақтың күшімен жететінмін. Қыстың суық күндері болсын, жаздың ыстық уақыттары болсын сабақтан қалмадым. Жатақханамыз бен колледждің арасы шамамен он шақты аялдама, әжептәуір алыс еді. Екі араға қоғамдық көлікпен қатынайтынмын. Автобусқа отыру үшін аялдамаға дейін 500-600 метр балдақпен барып, ары қарай автобусқа отырып, сабақтан соң тура солай жатақханаға келетінмін. Қазір сол кездегі ерік-жігеріме, табандылығыма өзім таңғаламын. Балдақпен мұздың үстінде құлап қалмай, қаншама жолды қалай жүргенмін?!
Адам мына өмірде құламайды, тек қана сүрінеді
– Мен де сүйсініп отырмын. Сонда сізді алға сүйреген қандай күш? Әлде қандай да бір үлкен мақсаттарыңыз болды ма?
– Мен мектепте жақсы оқыдым, жақсыға бітірдім. Колледжді де солай бітірейін деп тырыстым. Ойым жүзеге асып, колледжді де қызылға бітірдім. Бұл – бір жағы. Екіншіден, бізді мектепте сабақтан қалмауға, ұстаздардан себепсіз сөз естімеуге үйретті. Мұғалімдерден «Неге кешіктің?» немесе «Неге сабаққа келмедің?» деген сөзді естімеуге барымды салдым. Өйткені, мен оқыған интернатта сабақтан қалу деген нәрсе жоқ еді. Тәртіп қатал болды, барғың келсе де, келмесе де баруға, таңертеңгі уақытта сабақта болуға тиіссің. Тоғыз жыл сол тәртіпке үйреніп қалғаннан кейін бе, үлкен бір себеп болмаса сабақтан қалмайтынмын. Алланың қалауы, Өзі берген күш-қуатының арқасы ғой. Колледжді бітіріп, оқу іздеп ҚазҰУ-ға келген кезім әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Шымкенттен Алматыға автобус азанғы сағат алтыда келеді ғой. Автобустан түсе сала университетке тартып кеттім. Азанғы алтыда кім болсын, тірі жан жоқ. ҚазҰУ-дың алдындағы орындықтардың біріне жантая тұрайын деп жатқанмын, түнімен автобуста шаршасам керек, ұйықтап кетіппін. Көзімді ашсам, күн баяғыда көтерілген, айналам толған адам. Сағат тоғыздар шамасында сұрастырып жүріп заң факультетіне, қабылдау комиссиясына келдім. Келісімшартта оқудың құны 250 мың теңге делінген екен. Өзім тамыз айында барғанмын, ақшасын қыркүйекке дейін төлеуім керек. Колледжден кейін барған соң емтихан тапсыратын, грант алатын мүмкіндік болған жоқ. Қыркүйекке дейін оқуға төлейтін ақшаны таппадым. Сол жылы оқудан қалып, келесі жылы қайта тапсырдым.
– Бір жыл бойы не істедіңіз?
– Оның алдында отбасын құрғанмын. Қызым дүниеге келді. Ол кезде айтарлықтай жұмыс істемедім.
– Отбасыңызды қалай асырадыңыз?
– Ата-анам көмектесті. Әпкем істейтін желілік маркетингпен де айналысып көрдім.
– Мектепте оқып жүргенде өзіңіз секілді мүмкіндігі шектеулі балалармен оқыдыңыз. Сол кездері дені сау, төрт құбыласы түгел адамдарды көріп «Неге мен ғана осылай болдым?» деген сияқты ойлар болмады ма? Мүгедек жандар арасынан тағдырына өкпе артатын жандарды жиі кездестіріп жатамыз. Тұйықталып, қоғамнан шеттеп қалып жататын адамдар да бар. Ал сіздің әрекеттеріңізден қоғамға бірден араласып, соның бір мүшесі болып кеткеніңізді байқаймын...
– Мектепте бірге оқыған достарымның арасында тұйықтары да, ашық-жарқын мінезділері де бар еді. Бірақ ондағылардың барлығының өзім секілді мүмкіндіктері шектеулі болатын. Бәрі «қисық» болғаннан кейін сен де солармен бірге қисайып жүре бересің. Бәрі түзу болып, сен қисық болсаң біртүрлі ғой.
– Бірақ колледжге келгеніңізде жағдай басқаша болды ғой? Айналаңыздың барлығы сау адамдар...
– Біз интернаттан ішкі рухымызды, жан дүниемізді басқа жағдайға толықтай дайындап келдік. Бізге мұғалімдеріміз: «Бұл жерде сендерге бәрі жақсы. Ертең сыртқа шыққан кезде қиын болады. Ол жақта өмір сүру мүлде басқаша. Оған мойынсұнғандар мойынсұнады, мойынсұнбағандар сынады», – дейтін.
– Шамалауымша сіздерді мектепте рухани әрі психологиялық тұрғыда қоғамға бейімделуге жақсылап дайындаған сияқты. Солай ма?
– Расымен де, қазір ойласам, солай сияқты. Мектепте бірге оқыған достарымның барлығы қоғамнан өз орындарын тапты. Көпшілігі жұмыс істеп жүр. «Мүгедекпін» деп, үкіметке алақан жайып отырған ешқайсысы жоқ. Өмірге де өкпелі емес. Қайта сондай ортада тәрбиеленгіме шүкіршілік айтамын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді ғой. Біздің ұямыз жақсы болды. Сондай тәрбие алмағанымда, рухани ерік-жігерімді жанып, өнегелі өмір кешуді үйренбегенімде қандай болып қалыптасатынымды бір Құдай білер еді. Интернаттағы ұстаздарымның дұрыс тәрбие, дұрыс бағыт, жол көрсеткендеріне алғыс айтамын. Менің ұстанымым сол – адам құламайды, тек сүрінеді. Адам бір-ақ рет құлайды. Ол – өлген кезде. Өмірдегі қалған сәтсіздіктердің барлығы – сүрінулер. Мұқағалиша айтсақ, қай кезде де «қайта тұрып, жүгіруге қақымыз бар». Кеудеңде жаның тұрса – құламағаның, шалынғаның. Кім шалынбайды, бәрі шалынады. Тек құламау керек.
Барымызға қанағат етсек, молшылық сол екен
– Жұбайыңыз Жұлдызбен қалай таныстыңыз? Шаңырақ көтеруде қиындықтар болмады ма? Сіз бұл тәуекелге қалай бардыңыз?
– Мен заң колледжінде оқығанда, Жұлдыз медколледжде оқитын. Екеуміз бір жатақханада тұрдық. Сонда жүріп таныстық. Үш жыл бойы бір-бірімізді жете таныдық. Көрісіп, білістік. Ол қыз үнемі менің жағдайымды жасап бөлмемді жинап, тамағымды дайындап, киімімді жуып беретін. Бітіргеннен кейін сөз салып, отбасын құрмақ ниетімді білдірдім.
– Сізде мүгедектігіңізді ойлап, «Бұл қыз маған тұрмысқа шыға ма? Келісімін бере ме?» деген секілді қорқыныштар болмады ма?
– Шынымды айтсам, Марфуға, мен өзімнің мүгедектігім, жүре алмайтыным туралы аз ойлайтынмын. Адам өзін шектей берсе, шектеліп қалады ғой. Ал мен өзімді шектемейтінмін. Қандай жағдай болмасын алға ұмтылуға тырысатынмын. Мектепте жүргенде «20 жасымда отбасын құрамын» дейтінмін. Сол ниетім, мақсатым 20 жасымда орындалды. Өзім 1987 жылғымын, 2007 жылы үйлендім. Алла тағала ниетіңе қарай береді екен ғой.
– Ал алғаш әке атанған күн есіңізде ме?
– 2008 жылдың қаңтарында әке болдым. Өте күшті сезім. Жауапкершілік пайда болды. Үйленген соң Шымкентте бір жылдай тұрып, 2008 жылдың күзінде ҚазҰУ-ға қайта келдім. Ақшасын бірінші орынға қойып, Қаржы орталығынан кейін жұмыс істегенде қайтаратын болып, бірінші оқу жылыма 170 мың теңге алдым.
– Отбасыңыз Шымкентте қалды ма?
– Оқуға түскеннен кейін жатақханада жігіттермен тұрдым. Ол кезде университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов деген кісі еді. Ол кісінің алдына кіру қиын ғой. Бірақ Алла сәтін салып, мен барып қалғанда ол кісі есіктен шығып қалды. Мені көріп "кел» деп кіргізіп алды. Солай өзіне тікелей кіріп, жағдайымды айтып, «Маған бір бөлме беріңіз, отбасым бар, бірге тұрайын» деп едім, ол кісі: «Оқу деген оңай емес. Мен де Ленинградта оқығанмын. Жатақхана берген жоқ. «Бір жыл бойы көше сыпырасың, содан кейін береміз» деді. Орын – аз, студенттер – көп. Мәселең шешіліп қалар, күте тұр. Алғашқы кезекте гранттарға береміз», – деді. Бір айдан кейін жатақханаға келіп, жағдайымызды көріп, бөлме бергізді. Шымкенттен отбасымды шақырып алып, бірге тұрдық. Сөйтіп жүріп бірінші курс бітті. Сол кезде оқуға алған кредитімнің Ислам тұрғысынан құпталмайтынын түсініп, оқуыма демеуші таптым. Ол кісі бір жылдық ақшамды төлеп берді. Бірінші курсты беске аяқтағаннан кейін университет маған Президент стипендиясын тағайындады. Екінші, үшінші курста сол стипендияны алып тұрдым. Басқа стипендиялар 15 мың теңге болса, біздікі – 30 мың теңге. Келесі жылдың оқуы сонымен-ақ жабылды. Ниетімді дұрыстап едім, Алла ар жағының бәрін реттеп берді.
– Ал Исламның құндылықтарын қай кезден жете түсіне бастадыңыз?
– Намазды толыққанды университетте жүргенде, 2-курста бастадым. Қатарлас оқитын балалардың уағызын тыңдадым. Жатақханамызға Нұр-мүбәрак мешіті жақын, сонда барып тұрдым. Достарыммен бірге ораза тұтып, арбаммен тарауихқа барып жүрдім. Өзім кішкентай кезімнен анам үйреткен Фатиха мен Ықыласты білетінмін. Іштей қайталап қойып жүретінбіз. Бірақ шариғаттан, намаздан алыс едік. Нұр-Мүбәрактағы Құрмет ұстазымыздан тәжуид сабақтарын алып, Құран оқи бастадым. Күн сайын ақшамнан кейінгі сабаққа қатысып, діни білімімді тереңдеттім. Сөйтіп жүргенде, 2009 жылы екінші қызымыз дүниеге келді. Атын Кәусар қойдық. 2011 жылы оқуымды бітірдім. Сол жылы әйелім Жұлдыз Нұр-Мүбәрак университетіне исламтану факультетіне оқуға түсті.
– Жұлдызды бұл университетке түсіру кімнің идеясы? Неге медициналық білімін жалғастырмады?
– Елімізде студенттерге грант беретін «Бота» деген қайырымдылық қор бар екен. Соның грантын иеленді. Екі дүниенің жақсылығына жетелейтінін айтып, діни білімді алу туралы ұсынысты әйеліме білдіріп ем, ол бірден қабылдады. Әйел –бала-шағаның негізгі тәрбиешісі. Балаларымыз ғана емес, өзіміз де үйренеміз дестік. Солай Жұлдыз да оқуын бітіріп алды. Ал өзім университет бітірген жылы көлік алдым. Көлікпен ары-бері таксист болып жүріп, соның арқасында жұмыс таптым. Бәрі реттеліп кетті, Аллаға шүкір. Алла тағала: «Ризық менің мойнымда» дейді ғой. Бізге тек әрекет ету керек. Әрекет етсек болғаны, Алла тағала ризықсыз қалдырмайтын көрінеді. Барымызға қанағат етсек, молшылық сол екен.
– Алла тағаланың мұғжизасы өмірімізде жиі кездесіп жатады. Сіздің өміріңізде орын алған бір оқиғаны айтып беріңізші.
– Құдайдың құдіреті деген шексіз ғой. 2011 жылы болса керек. Жасұлан деген стоматолог досым бар еді. Тісім ауырған соң сол досым «Алла разылығы үшін емдеп берейін» деп Шамалғандағы клиникасына шақырды. Шамалғанды көріп, ұнатып, қайтып келе жатқанымда «Осы жақтан жерім болса, үй салсам» деп армандадым. Алланың қалауы ғой, көп ұзамай-ақ сол жақтан, ойламаған сәтте жер бұйырды. Қазір жамағатпен асарлатып, үй салып жатырмыз. Апта сайын студенттер бар, өзге де мұсылман достарым бар, бір-бір кірпіштен қалап, үйді бітіріп қалдық. Азғандай ғана шаруасы қалды. Құдай қаласа, биыл кіріп қалармыз. Аллаға сансыз шүкіршілік, ойымызға алған барлық нәрселер орындалып жатыр. Алланың нығметі шексіз екен.
Рас, қимылсыз аяқтарымды сүйретіп балдақпен жүру оңай емес. Сыртымнан қараған адамдар аяп қарайды. Баспалдаққа шықсаң да, түссең де сырттан қарағанда қиналып жүргендей көрінеді ғой. Енді оңай емесі анық. Дені сау адамның өзі бірнеше қабатқа көтерілгеннен шаршайды ғой. Бірақ Құдайдың құдіреті, бұл өміріме ешқашан шағынбақ емеспін. Қайта күш-қуат беріп, ары-бері жүріп-тұруыма мүмкіндік беріп қойғаны үшін Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын. Менен де жағдайы қиын адамдар бар. Көздері ғана қимылдап, орнынан тұра алмай жатқан мүгедектер бар. Олардың жанында менің жағдайым әлдеқайда жақсы емес пе?! Үйім салынып, балалы-шағалы боп жатырмын. Осының барлығы Алланың нығметі емей немене?! Жұмыс істеп, ел қатарлы жүргенім де – Алланың нығметі. Адам басына түскен сәл қиыншылыққа сабыр етсе, жоқшылыққа қанағат етсе, Алланың берері таусылмайды екен.
– Алла қаласа, төртінші сәбилеріңізді күтіп отыр екенсіздер. Жұлдыздың аман-есен аяқ-қолын бауырына алуына тілектеспіз. Бала тәрбиесінде ең алдымен не нәрсеге назар аударасыздар?
– Екі қызым, бір ұлым бар. Оларға бар білгенімізді үйретуге тырысамыз. «Нанды оң қолмен же!», «Әр істі бисмилламен баста» деген секілді ескертулерді айтып, шариғатқа неғұрлым бекем болса екен дейміз. Шамамыздың келгенінше Құран, дұға жаттатып жүрміз. Қазақтың салт-дәстүрі мен шариғаттың құндылықтарын бойларына сіңіруге тырысудамыз. Ибраһим сүресінің аяттарындағы дұғаларды келтіре отырып, ұрпағымыз үшін тілек тілейміз. Дұға етсек, Алла тағала жайған алақанымызды бос қайтармайды екен ғой. Анасы Аллаға шүкір, діни білім алды. Ол өз тәрбиесін береді, біз мешіттен, өмірден үйренгенімізді айтамыз. Балаларым болашақта еліне, дініне қызмет ететін азаматтар болып өссе екен дейміз.
– Қазір көптеген адамдар дені сау, уайым-қайғысы жоқ болса да құлшылыққа, намазға, Алланы тануға асықпайды. Сөйтіп жүрген замандастарыңызға не айтар едіңіз? Қандай кеңес берер едіңіз?
– Намаз оқымай тұрып бір досыма «ертең бастаймын» дегенімде ол: «Бауырым, сен ертең оқимын, бүгін оқимын деме. Қазір оқимын де! Міне, қазір уақыты кірді, намаз оқы», – деп құлшылыққа шақырды. Әлі дұғаларын, ретін жаттамаған едім. Бірақ жаңағы бауырымның сөзі қамшы болып, намысқа тырысып бастап кеттім. Намаз кітабын алып, басынан аяғына дейін оқи бердім. Алғашқы намазым бір сағатқа созылған шығар. Тілді сындырып, арабша оқып болам дегенше сол болды. Солай күніне 5 минуттан қысқара берді ғой. Сөйтсек, бұрын қиын көрінетін намазға көп те уақыт кетпейді екен. Сылтаулардың барлығы – нәпсінің қалауынан. Мүгедек болсам да, намаз, құлшылық еш қиындық тудырмайды. Қандай қиындықтар болса да Алланың қалауымен жеңіл шешіліп кетеді. Аллаға шүкір. Осы уақытқа дейін өмірде бір қиындық көрдім деп айта алмаймын. Алла тағалаға дұға етсек, Ол бізге келе жатқан қайғы-қасіретті жеңілдетіп қояды екен. Дін – жеңіл. Алла тағала адамзатқа ауырлық қаламайды әрі көтере алмайтын дүниені жүктемейді. Намазымызды оқысақ, құлшылығымызды арттырсақ өміріміздегі қалған дүниенің бәрі өз-өзінен реттеле береді екен.
Жұлдыз СҰЛТАНОВА:
КҮЙЕУІМ МЕН ЕНЕМДІ ОСЫНШАЛЫҚ БАҚЫТТЫ ЕТЕМ ДЕП ОЙЛАМАППЫН
– Жұлдыз, Балтабай ағамен қалай таныстыңыз? Қандай қасиеттерін бағалап тұрмысқа шықтыңыз?
– Мен кішкентай кезімнен мүгедек жанды көрмей өскенмін. Таршылықта емес, молшылықта бой жеткенмін. Сондықтан болар Балтабайды алғаш көрген кезде оның жай-күйі маған қатты әсер етті. Отбасымда да, туыстарымның арасында да, көшемізде де мұндай жан жоқ еді. «Осындай да адамдар болады екен ғой» деп ойға батып кеттім. Екеуміз бір жатақханада тұрдық. Сабаққа қалай барып-келетінін, қалай өмір сүретінін бәрін-бәрін байқап жүрдім. «Мына баланы-ай» деп көрген сайын жаным аши берді. Бәрі сол жан ашудан басталды. Студент болғаннан кейін, қосымша ақша болсын деп тігін цехына ары-бері зат тасып, жұмыс істеп жүргенмін. Қолымда үнемі пакет. Балтабай қол арбамен жүреді. Кейде далада кездесіп қалғанда менің пакетімді көріп, көмектеспек болып: «Пакетіңді арбама іліп қойсаңшы, апарысып тастайын»,– дейді. Мен келісіп, пакетімді қойып, коляскасын итеремін. Арбаны итеру пакеттен де ауыр екені белгілі. Сонда да «апарып тастайын» деп көмекке құлшынып тұрған көңілін түсірермін деп сыр бермейтінмін. Аз да болса қуантқым келетін. Балтабайға анасы қарап жүретін. Ол кісіні көріп жүрегім тіпті ауыратын еді. Өзіне қарауға шамасы жоқ, тек «Балтабай, Балтабай» деп бар жақсысын баласының аузына тосып жүрген кісі екен.
– Өздері отбасында қанша бала еді?
– Үш ұл, екі қыз. Ең кенжесі – Балтабай. Мамасы оны қай жаққа барса да арқалап жүрген, жанынан тастамаған. Маған Балтабайдың анасы ұяда аузын ашып шиқылдап тұратын балапандарына жем таситын тынымсыз қарлығаштай елестейтін. Баласының жағдайын жасап бір тынбайтын. Сөйтіп жүргенде мамасымен де таныстым. Кейін ол кісі маған: «Ақшаңды төлеп тұрайын, Балтабайдың тамағын істеп тұршы. Жұмыстарым бар еді, Түркістанға барып келейін», – деп өтініш жасады. Мен келістім. Күнде сабағымнан кейін Балтабайдың тамағын істеп, бөлмесін жинайтынмын. Солай жақын араласып кеттім. Балтабай сабаққа тек ақ жейде, қара шалбармен барады, күнделікті солай жүреді. Бір күні сол қалпында күліп, менімен амандасып, балдағына сүйеніп сабаққа кетіп бара жатты. Түске қарай сабақтан шаршап келіп, бөлмемде киімді ауыстырып жатқанмын. Терезеден жол көрініп тұрады. Қарасам, Балтабай коляскасымен сыртта жүр. «Сабаққа кетіп еді ғой. Тыныштық па?» – деп сыртқа шықтым. Мамасының келгенін айтты. «Анасы келген соң қайтып келген ғой» деген оймен амандасуға бөлмесіне барсам, Балтабайдың жейдесі мен шалбары лай-лай, батпақ күйінде тегеште жатыр.
– Сабаққа арбамен бармайтын ба еді?
– Сабаққа балдақпен баратын. Коляскамен автобусқа отыра алмайды, ешкім көтеріп жүрмейді ғой. Оның кір киімдерін көріп, көзіме жас келді. Алғашында «Біреу ұрды ма екен?» деп ойладым. Сөйтсем, аялдама мен жатақхана арасындағы кішкентай арықтан аттап өте алмай жиі құлап қала береді екен. Сәті түсіп, өтіп кетсе, бағының жанғаны. Қыстыгүні тіпті қиын. Құлап, киімі жыртылатын кездер де болыпты. Құлайтынын көргенде жанашырлығым тіпті артып кетті. Ол ұялды ма, сол жолы құлап қалғанын маған айтпады. Жатақханадан аялдамаға дейін біраз жер. Анасы қыстыгүні сол екі аралыққа килограмдап тұз сатып әкеліп, соны сеуіп шығатын. Тұз себілген жолмен тайраңдап, рахаттанып адамдар өтіп жататын. Оған қарап тұрып менің ішім күйетін. Еңгезердей ер-азаматтар тазаласа болады ғой деп ойлайтынмын. Тұз қатып тұрған мұзды жібіткендей болады. Былшылдап, езіліп жатқан қарды мамасы қайта барып тазалайды. Сөйтеді де, қап-қара жол етіп ашып қояды. Балтабай сол жолмен жүреді. Кемпір адам тазалаған сол жолмен жүруге қатты ұялатынмын. Жүріп бара жатып жылағым келетін. Жатақхананың алдында үш қана баспалдақ бар. Қашан көрсем, анасы соның қатып қалған қарын тазалап отыратын. Бір күні қараңғыда келе жатсам, ол кісі әлі отыр. Азанда сабаққа баратын Балтабайының жолын тазалап отыр. Көрген сайын жүрегім езіледі. Ең сорақысы, «көмектесейін-ау» деген ой басыма келмепті. Жаным ашып, қасынан өтіп кете берем.
– Ал әкесі қайда?
– Әкесі мен анасы Балтабайдың кішкентай кезінде ажырасып кеткен екен. Әкесінің басқа отбасы бар. Бірақ араласып тұрамыз. Балтабай, немерелері десе шығарға жаны бөлек. Анасы да әлі күнге дейін «Балтабай, Балтабай» деп жүреді. Үйленгеннен кейін менің асты-үстіме түсетін болды. Не болса да қолына түскенін бірінші маған әкеліп береді. Алақандарына салып, төбелеріне көтерді. Олардың маған деген ықылас-пейілдерін көріп жылайтынмын. Тұңғышымыз Мөлдір дүниеге келгенде олардың бақыттан бастары айналды. Күйеуім мен енемді осыншалық бақытты етемін деп ойламаппын.
– Мүгедек жанға тұрмысқа шығып, оны бақытты етуге талпыну, бар ауыртпалықты өз мойнына алу – кез-келген нәзік жандының қолынан келетін іс емес қой. Оған үлкен тәуекел керек. Ата-анаңыз тұрмысқа шығу туралы ойыңызды білгенде қарсы болмады ма?
– Мен Балтабайдың қуанышты күндерінде де, қайғылы күндерінде де қасында болдым. Отбасының бір мүшесіндей болып кеттім десем де болады. Ол маған бірден “Тұрмысқа шығасың ба? Мен сені жақсы көрем” деп кинодағыдай ұсыныс жасаған жоқ. Әңгімелерінен, қарым-қатынастарынан көзқарасын өзім де байқап жүрдім. Байқаған сәттері “Менде ойы бар екен ғой. Не істеп жүрмін? Соңы не болады?” деп ойлана бастадым. Біз – қожа руынанбыз. Өзге руға барғанымыз отбасымызда құпталмайды. Оның үстіне мүгедек. Қатты ойланып жүрдім. Білмеймін... Балтабайдың көңілін қалдырғым келмеді. Отбасын құру туралы әңгіме қалай басталғаны есімде жоқ. Әйтеуір, Балтабай біздің үйге барып маған құда түсуге мамаларын жіберді. Менің ата-анам оларды қабылдамады. Мамам жатақханаға келіп жүріп, Балтабайды көрген, таниды. “Екінші келуші болмаңдар, әкесі мұны естімесін”, – деп барған құдаларын шығарып салыпты. Анасы кішкентай кезінде Балтабайға атап бір уыс алтын алып қойған екен. Құдалары қабылдамағаннан соң, тұрмысқа шыққанымнан кейін соны өзіме берді. Мен де Балтабайға олардың келіспейтінін айттым. Қатты қарсы болды. Әлі күнге дейін туысқандарым “Қараға кеттің, қараның ішіндегі мүгедегіне кеттің” деп бетіме басып отырады. Сол біз бітірген жылы Балтабайлар Шымкенттен үй алды да, жатақханадан көшті. Ал мен ойымда ештеңе жоқ, сол үйге құтты болсын айтуға барғанмын. Туған-туыстары басыма орамал жауып, алып қалды. Негізі көңіліне қарап келісім бере салған сияқтымын. Бауыр басқаным да бар. Келісімімді бермесем, түңіліп кетеді ғой деп ойлаған болуым керек. Қалай Балтабайға тұрмысқа шығып кеткенімді әлі күнге дейін өзім де білмеймін. Ата-анам құдалық секілді рәсімдердің бәрінен бас тартты. “Бармаймыз да, көрмейміз де, біздің ондай қызымыз жоқ” деп жауап берді. Солай-солай ақыры отбасы болып кеттік.
– Балтабай ағаның заң жағынан жақсы білім алғанын білдік. Ал діни тұрғыдан өзін қалай жетілдіреді?
– Намазды бірінші күйеуім бастады. Орамал тағып, намаз оқимын деген нәрсе менің ойыма да кіріп шықпаған. Бірақ ашық-шашық киініп, жаман қылықтарға да бармағанмын. Балтабай намазға күнде Нұр-Мүбәракқа коляскамен барып келетін. Мен алғашында түсінбей: “Намазды күнде мешітте оқу керек пе? Үйде оқысаң болмай ма?” – деп ренжитінмін. Солай-солай ол өз үйренгендерін маған үйрете бастады. “Мешіттің жанында университеті бар екен. Оқисың ба?” – деді, бір күні. Мен қорықтым. Маған діни нәрсенің барлығы қорқынышты көрінетін. Уақыт өте келе мешітке бірге баратын болдық. Арбасын итеріп барып, мешіттен намаз үйреніп жүрдім. Ең қызығы, сүрелерді жаттауым өте оңай болды. Фатиха сүресін туғалы білетіндей бір сағат болмай жаттап алдым. Өзім де аң-таңмын, күйеуім де таңғалып жатыр. Екінші қызым дүниеге келген соң 5 уақыт намазға мен де келдім. Бір жылдан кейін орамал тақтым.
– Енеңіз қайда? Шымкентте тұра ма?
– Негізі біздің қолымызда. Астана мен Шымкентте ұлдары, келіндері бар. Үш ұлының ортасында қайсына көмек қажет болса, солардың жанына барып, қарайласады. Мен университетте оқығанда қыздарыма қарауға негізінен сол кісі көмектесті. Ұлым оқып жүргенде дүниеге келді. Екі қызымнан кейін екі рет түсік тастадым. Екінші түсікте өзімді қатты кінәладым. Ары-бері пәтерден-пәтерге көшеміз. Үйде Балтабайдан өзге еркек кіндікті болмағаннан кейін ауыр заттарды өзімнің көтеруіме тура келеді. Солай ауыр зат көтеріп қойып баламды түсіріп алдым. Әкесінің бір жағынан шығысатын, ер баланың керек екенін түсініп, үшінші перзентім ұл болса екен деп Құдайдан қатты тіледім. Балтабай «Он қыз тусаң да разымын» деді. Оразаның кезінде: «Алла тағалам! Перзент бергеніңнің өзіне сансыз шүкір! Енді күйеуіме бір көмекші берші» деп дұға еттім. Дұғамның қабыл болғаны ғой, үшіншіміз ұл болды. Күйеуім есімін «Мұхаммед» деп қойғысы келіп еді, енем «Нұрмұхаммед» болсын деп нұрды қостырды.