Тәкаппарлықты таста, отбасыңды сақта!
Тәкаппарлықты таста, отбасыңды сақта!
1 жыл бұрын 2855

Қысқа күнде қырық ойласаң та, санамызға сыймайтын, ақылымыз жетпейтін бір сауал бар. Ерлі-зайыптылар бір-бірін таңдап үйленген соң, Алланың алдында ақ некелері қиылған соң неге осы ажырасады? Алланың өзі орнатқан «отбасы» деген құрылымды неге бұзады? Не жетпейді? Асықпай отырып ойланайықшы, шаңырақ шайқалтуға лайық не себеп бар? Айналамызда отбасынан жылылық іздеп, бірақ таба алмай жүргендер күн санап көбейіп отыр. Әйелім бағынбайды, күйеуім алдап жүр, ата-аналар араласып кетті, ақшамыз таусылды, қонаққа бара алмай қалдым, т.б. себептер ер мен әйелді күйзелтіп бітіретін болды. Өз өмірімізді жап-жақсы қылып ұйымдастыруға тырысайықшы. 

Байқауымша, осыған көп кедергі келтіретін нәрсе тәкаппарлық. Қанша отбасылармен сөйлестім: не ері, не әйелі тәкаппар секілді. «Сіз енді бір саты төмендей салыңыз, көне салыңыз. Тату-тәтті өмір сүріңіздер» десек, екінің бірі көбінесе көнбей отырады. "Жоқ", – дейді, – мен оны кешіре алмаймын!» Не әйел, не еркек, я болмаса екеуі де осыны айтады. Сонда қалай болғаны? Екі ортада жылап жүрген, достарының бетіне қарай алмай тірі жетім болып жүрген балалар да жүректерді жібіте алмағаны ма? Не деген тастай қатып қалған жүректер бұл?

Рас, нәпсінің азғыруымен арам іске барып жүрген опасыз еркекті кешіру қиын шығар? Қит етсе, төркініне шаба жөнелетін, ә десе, мә деп жауап қайырып отыратын әйелді кешіру қиын шығар? Сендерді қайтсем де ажыратып тынам деп ортаға от сап жүрген қасиетсіз туысқандарды кешіру қиын шығар. Бірақ қалай болғанда да, ер де, әйел де өзімен жұмыс жасамаса болмайтын секілді. Алдымен екеуі де тәкаппарлықты тастауы керек. Содан әркім өз кемшілігін жойып, қажет болса бір-бірінен кешірім сұрап, біріне-бірі күліп сөйлеп, шаңырақтың іргесін бекітуге бірігіп ат салысуға тиіс. Ертең, арғы күні осы ер мен әйелден талай-талай ұрпақ өрбиді. Олардың арасынан ата-бабасына Құран бағыштай алатын небір опалы нәсіл тарайды. Міне, мұның бәрі тәкаппарлықты тастауға тұрарлық. 

Уа, Алла тағалам, елімізде құрылған отбасылардың іргесін берік ете гөр. Оларды шайтанның азғыруынан сақтай гөр. Бұл елдегі бір де бір шаңырақтың құлауына жол берме! Жас отбасыларға адалдық пен пәктік бер! Үлкендерге тақуалық беріп, Өзіңнен қорқуды нәсіп ет! Ата-анасынан тірідей айырылған жас балапандарды жылата гөрме! Олардың жылай, жылай құрғауға айналған жастарын тыя гөр. Иман, ықылас, ар-намыс пен ұятты жүректерімізге сала гөр! Әмин. Әмин. Әмин. 

Асылбек Әуезханұлы, "Жанұя жарасымы". 

0 пікір