ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ
ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ
3 жыл бұрын 6372

Араб тілінде «Тауазу» – сыпайы болу, кішіпейіл болу, Аллаһтың ұлылығының алдында өзіңің түкке тұрмас әлсіз екендігіңді білу деген мағынаны  білдіреді. Адам баласы өзіне берілген ілім, ансап және байлық сияқты кез келген бір нығметі масаттанып, бұлардан  мақрұм  болған  кісілердің  алдында өзін олардан жоғары санап, зұлымдық жасамауы керек. Ақын қандай тамаша жырлаған:

Мал-мүлкіңе алданып, айтпа мен сияқты кім бар деп,
Бір жел тұрар кенеттен, топандай әкетер ұшырып.

Себебі, әрбір сәт пен ертеңгі күннің иесі тек Аллаһ Тағала. Сондықтан, келешекте адамның басына не жағдай туатыны беймәлім. Аллаһ Тағала былай деп бұйырады:

«Соңыңнан ілескен мүминдерге сыпайы бол!» (Шұғара сүресі, 215-аят). 

«Рахманның құлдары жер бетінде сыпайы болып жүреді. Егер надандар оларға (ұнамсыз сөз айтып) тіл тигізсе, «сәлем» деп жөндерімен кете береді» (Фурқан сүресі, 63-аят).

Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дейді:

«Аллаһ Тағала маған «Сыпайы болыңдар, ешкім ешкімге даңдайсымасын және ешкім ешкімге зұлымдық жасамасын!» деп бұйырды». (Мүслим, Жәннат 64).

«Кімде кім Аллаһ Тағаланың разылығы үшін (Аллаһтың құлдарына) бір сыпайылық танытса, Аллаһ сол амалы үшін оны бір дәрежеге көтереді...». (Ибн Мәжә, Зүһд 16).

Ыдырыс пайғамбар (аләйһис-сәләм ) өзінің қауымына даналы сөздер  айтып,  насихат жасайтын. Сол насихаттарының бірінде былай дейді:

«Ақылды кісінің дәрежесі жоғарылаған сайын сыпайылығы да арта түседі».

Хазірет Юсуф Асбат қарапайымды болып қалай өмір сүру керектігін былай деп түсіндіреді:

«Таңертеңмен үйіңнен шыққаныңда алдыңнан кімді жолықтырсаң да оны  өзіңнен  жоғары  сана.  Тауазу (қарапайымдылық) дегеніміз,  кім  саған  ақиқатты  айтса, оны қабыл алуың және сенен төмен дәрежедегілерді өзіңнен жоғары деп білуің. Сені  жамандаған кісі мен сені мақтаған кісі сенің назарыңда  теңдей  болсын...».

Аллаһ Тағала ақырет  бақытын дүниеде даңдайсып, кібірленбеген, бүлікшілік шығармаған әрі жүрегінде Аллаһқа деген махаббаты толып-тасыған  кісілерге нәсіп етеді. Өйткені, сыпайылықтан жұрдай болып, жаман қасиеттермен оранғандар залым Перғауын сияқты болады. Олай болса, сыпайылыққа ұмтылу арқылы мұндай жаман қасиеттерден арылу керек.

Осыған орай, Құран аятында былай делінген:

«Міне, ақырет жұрты! Біз оны жер бетінде даңдайсымаған, бүлікшілік іздемегендерге береміз. Ең тамаша ұтыс тақуалардікі». («Қасас» сүресі, 83-аят).

Ақын қандай әспеттеп жырлаған десеңізші: 

«Тұқым топыраққа түспейінше, өніп, өспейді. Сол сияқты Аллаһ Тағаланың рақымы тәкаппарларды емес, сыпайы болғандарды жоғарлатып, асқақтатады».

Ардақты сахабалар Аллаһ Тағаланың өздеріне аманат еткен дүниелік мансап-мәртебелерді  ешуақытта  мақтаныш  және  тәкәппәрлық себебі ретінде көріп, оларды жоғарылық немесе артықшылық ретінде қолданбаған. Керісінше, Хазірет Пайғамбарымыздың (саллаллаһу  аләйһи  уә сәлләм) қарапайым өмір сүру салтын үлгі етіп ұстанып, қарапайым әрі сыпайы өмір  сүрген. Мәдинада шамамен төрт  жүз  отбасыдан  құралған  шағын Ислам мемлекетінің шекарасы он жыл ішінде Ирак және Палестина жерлеріне дейін созылады. Хазірет Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүниеден өткен кезде Византия және парсыларға қарсы шайқас жүріп жатқан  болатын. Мәдинаға олжалар  ағылып,  төгіліп келіп жатты. Бірақ, мұсылмандардың он жыл бұрынғы жағдайы, яғни мал-дүниеге көңіл бөлмеушіліктері, қарапайым өмір сүрулері, үйлерінің құрылысы, қайырымдылық жасауға деген құмартушылық сезімдері еш өзгермеді. Олар «иманнан алған ләззаттарын жойып аламыз ба?» деген қорқынышпен дүние нығметтерін қара бастары үшін пайдаланбауға аса мұқияттылықпен көңіл бөлген. Сондықтан, олар бүкіл  өмірлерін Аллаһтың разылығын табуды көздеген және соған қарай бағыттаған.

ӨНЕГЕЛІ КӨРІНІСТЕР

Бүкіл  әлемге  рақым  болып  жіберілген  әрі  күллі  жаратылыс  өзінің құрметі үшін жаратылған Әлемнің мақтанышы мырзамыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аса қадірлі, аса мәртебелі, сондай-ақ ең тамаша әрі ең жоғары қасиеттер мен артықшылықтарға ие болғанына қарамастан, әрдайым  «Мақтанушылық  жоқ» дей отырып, өзінің сыпайылық қалпын үнемі сақтап жүрген.

Бір күні қадірлі сахабалар өз араларында әңгімелесіп, Аллаһтың өзі жаратқан  пенделерінің  бірі  Хазірет Ибраһимді өзіне халил, яғни дос еткеніне, Хазірет Мұсамен сөйлескеніне, Хазірет исаның да Оның сөзі әрі рухы болғанына және Хазірет Адамды таңдағанына таңырқап отырды. Пайғамбарымыз  олардың  қастарына  келіп,  әңгімелерін  тыңдады. Сосын «иә, солай» деп айтқандарының шын екендігін растады. Артынан өзінің сипаттарын былай деп баяндады:

«Мен  Елшілердің  мырзасымын,  бірақ,  мақтанушылық  жоқ!  Мен пайғамбарлардың  соңғысымын,  бірақ  мақтанушылық  жоқ!  Ең  алғаш шапағат  қылатын  және  шапағаты  бірінші болып қабыл болатын да менмін. Бірақ, мен (бұларды әсте) мақтану үшін айтып отырғаным жоқ» - дейді. (Дарими, Мұқаддима 8).

«Қиямет күні жер қақ жарылып, ашылғанда ең алғаш мен тірілтілемін. Бірақ,  мақтану  үшін  айтып  жатқаным  жоқ.  Хамд жалауы  маған беріледі. Бірақ, мұнымен де мақтанбаймын! Мен қиямет күні адамдардың мырзасымын.  Бірақ,  мақтанушылық  жоқ!  Қиямет  күні  жәннатқа  ең алғаш мен кіремін. Бірақ, мұны да мақтану үшін айтпаймын. (Дарими, Мұқаддима 8; қосымша қараңыз: Тирмизи, Мәнақиб 1/3616).

***

Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) төрт адам әрең көтере алатын «ғарра» дейтін  қазаны  бар  болатын.  Сәске  уақыты  болып, Дұха намазы оқылған соң ішінде пісірілген асымен бірге әлгі қазанды әкеледі. Ардақты сахабалар қазанның айналасына жиналды. Сахабалар көбейіп кеткен соң Расулуллаһ саллаллаһ алейһи уә сәлләм жиналып, тізерлеп отырды. Мұны байқап тұрған бір бәдәуи:

– Бұл қандай отырыс? - деп сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

– Аллаһ Тағала мені қасарысқан қыңыр, қатал етіп емес, шарапатты құл етіп жаратқан! - деді. Сосын сөзін арықарай жалғастырып:  

«Табақтың шетінен бастап жеңдер, ортасынан жемеңдер, сонда тамақ берекелі болмақ!» деді. (Әбу Дәуіт, Атғима 17/3773).

***

Абдуллаһ бин Жубайр (радиаллаһу анһу) былай дейді:

Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір топ сахаларымен жолда  келе  жатқанда араларынан біреуі Аллаһтың Елшісін жапқышпен көлеңкелеп, күннен қорғамақ болады. Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жапқыштың көлеңкесін көріп қалып, басын көтергенде әлгі кісінің өзін көлеңкелеп тұрғанын байқайды. Пайғамбарымыз ол кісіге жапқышты алып тастауын деді. Сосын оны қолына алып, жерге қойды да: «Мен де сендер сияқты адаммын!» деді» - Абдулла ибн Жүбайр (Хайсами іХ, 21).

***

 Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

–  Сұқ саусақпен  көрсетудің өзі күнә ретінде  адамға жеткілікті,  -  деді.

– Жақсы жағынан болса да ма, уа, Аллаһтың Елшісі? - деп сұрайды сахабалар.

Пайғамбарымыз: 

«Аллаһтың өзі сақтағандардың тысында, жақсы болса да. Егер жаман болса, онсыз да ол үшін бұл жағдай өте ауыр» - дед. (Табарани,  Кәбир  Хііі, 138/14971. қосымша қараңыз: Тирмизи, қиямет 21/2453).

 

***

Расулуллаһ (саллаллаһу  аләйһи  уә  сәлләм) ешқандай адамның өзін достарынан ерекше санауын ұнатпайтын. Бір сапарда сахабаларынан қой сойып, ас әзірлеулерін сұраған еді. Сахабалардың бірі:

– Уа, Аллаһтың Елшісі, қойды мен бауыздайын, - деді.

Келесі біреуі:

– Уа, Аллаһтың Елшісі, терісін мен сыпырайын, - деді.

Келесі біреуі де:

– Уа, Аллаһтың Елшісі, пісіру менің мойнымда болсын, - деді.

Әлемнің мақтанышы мырзамыз:

– Олай болса, отынды мен жинайын, - деді.

Сахабалар:

– Уа, Расулаллаһ! Біз оны да істейміз. Сіз шаршамай-ақ қойыңыз, - десе де Хазірет Пайғамбарымыз:

«Сендердің менің ісімді істей алатындарыңды жақсы білемін. Бірақ, мен сендерден ерекше  болғанды  ұнатпаймын.  Өйткені,  Аллаһ Тағала өз құлының достарының арасында (өзін артық) ерекше болғанын жақсы көрмейді» деді.  (Касталлани, әл-Мауаһибул-Ләдунния, Мысыр 1281, І, 385).

Міне, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәл осындай керемет сыпайы жан еді. Оның қайғысы өзінің қара басы үшін емес еді. Оның  бар  дерті, тіпті өзін жеп, тауысқан уайымы – адамдардың һидаятқа келіп, дүние және ақырет бақытын табулары еді.

***

Пайғамбардың  қолында  тәрбиеленген  Әнас  (радиаллаһу  анһу) кішкентай балалардың қасынан өтіп бара жатып оларға сәлем беретін. Артынша былай деуші еді: «Пайғамбарымыз  алейһис-солату  уәс-сәләм  да  балаларға  осылай сәлем беруші еді». (Бұхари, истизан 15; Мүслим, Сәләм 15).

Үммү Зуфар есімді ақыл-есі кем бір әйел  бар  болатын. Сол әйел бір күні Расулуллаһқа келіп:

– Уа, Расулаллаһ! Сізбен жолығатын шаруам бар, - деді. Пайғамбарымыз аләйһис-салату уәссәләм:

– Жарайды, қай жерде жолығуымызды қаласаң, жолығып, мәселеңді шешейік, - деді. Сосын жолдың шетіне шығып, мәселесін шешіп бергенше әйелдің сөздерін тыңдады». (Мүслим, Фадайл 76; Әбу Дәуіт, Әдеп 12/4818).

***

Бибі Айшадан:

–  Хазірет  Пайғамбарымыз  үйінде  немен  айналысушы  еді?  -  деп сұрады бір кісі. Сонда Айша анамыз:

«Жұбайларына көмектесетін. Намаз  уақытысы  келгенде  намазға баратын» деп жауап берді (Бұхари, Азан 44; Нәфақат 8, Әдеп 40).

***

Аллаһтың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз жұмыстарын өзі істеп, жұбайларына қолқабыс беретін. Осы жайында келген риуаяттарды қорытып айтар болсақ:

Расулуллаһ  үйінде  киімдерін  өзі  тазалайтын,  қойларды  сауатын, жыртығын  жамайтын,  аяқ-киімін  жөндейтін,  үй  сыпыратын,  түйесін байлап, жемін беретін, қызметшісімен бірге отырып тамақ жейтін, онымен бірге қамыр илейтін, базардан алған заттарын өзі таситын. Бір жолы сатып алған киімдерін Әбу һұрайра (радиаллаһу анһу) қолынан алып, арқаламақ болған кезде: «Адамның өз заттарын өзі тасығаны дұрысырақ. Алайда, көтеруге шамасы  келмеген  жағдайда  мұсылман бауыры оған жәрдем береді» - деп оған киімдерін бермеген.(Хайсами  V,  122) 

Хазірет Омар мен Хазірет Али (радиаллаһу анһума) халифа болған жылдарында  дүкен, базарларды аралап, үйлеріне керек-жарақтарды өздері алатын.

***

Бір  күні  Ахнаф  бин  қайс  (радиаллаһу  анһу)  бірнеше  араб көсемдерімен  бірге  Хазірет  Омарды  зиярат  етуге  барғанда  көйлегінің етегін беліне жыйып алып, жүгіріп жүргенін көреді. Омар радиаллаһу анһу) Ахнафты байқап қалып:

–  Бері  келіп, жәрдем ет!  Мемлекеттің  бір  түйесі  қашты. Ол малда қанша кісінің хақы бар екенін білесің бе? - деді. Сол кезде бір адам:

–  Неге  сонша  қиналып  жүрсің?  Түйені  ұстауды  бір  құлға  тапсыра салмайсың ба? - деді. Сонда Хазірет Омар (радиаллаһу анһу):

– Менен артық құл бар ма?! - деп жауап қайырды. (Шибли Нұғмани, Бүтүн Иөнлериле Хазірет Омар ве Девлет Идареси, Талип Яшар Алп, Ыстамбул, 384-385 б.).

Неткен керемет ахлақ, қандай терең түсінік, неткен керемет сыпайылық десеңізші...

***

Йылдырым  Баязид  хан  Ұлы  мешіттің  ашылу  салтанатында  Әмір Бұхаридан (Әмір Сұлтан) бастап бүткіл ғұламалар мен машайықтарды шақырған болатын. Жұма күні таңертеңмен барлық адам өткізілетін салтанатты рәсімге жиналды. Біраз уақыттан соң Сұлтан Йылдырым Баязид келіп, күйеу баласы Хазірет Әмір Бұхариға:

– Ей, Әмір! Төрлет, мешіттің есігін сен ашып, намазды да сен оқыт! Бұл мәртебе үмбеттің ұлығы ретінде саған ғана лайық, - деді.

Алайда Хазірет Әмір Бұхари сыпайылықпен ұсынысты қабыл алмады:

– Жоқ, сұлтаным! Бұл мәртебені Хазірет Шайх Әбу Хамидуддинге беруіңіз қажет, - деді. Осы уақытқа дейін мұндай есімді кісіні естімеген Баязид хан:

– Ол кім еді? - деп сұрады.

Хазірет Әмір Бұхари болса:

– Сұлтаным! Бәлкім естіген боларсыз. Ол «Сомунжы баба» лақабымен танымал болған қарапайым бір наубайшы. Ұлы мешіт құрылыс кезінде жұмысшыларға  қайырымдылықпен  молынан  нан  таратқан. Міне сол кісі – әулие құлдардың ұлығы Хазірет Шайх Әбу Хамидуддин. Бұл тілекті Сұлтан да қабыл етті. Әмір Бұхари орнынан түрегеліп, жамағатқа Сомунжы бабаны таныстырды және мінберге шақырды. Сомунжы баба ыңғайсыздана:

– Әмірім! Бұл не істегенің, бізді баршаға жария еттің! - деп үлкен сыпайылықпен мінберге көтерілді. Сол күні Сомунжы баба мінберде Фатиха сүресінің жеті түрлі ишари тәпсірін  жасады. Алайда, сырының амалсыз жария болғандығы үшін шәкірті уәли Хажы Байрамды жанына алып қажылыққа бармақ болып, Бурса қаласынан айрылды.

***

Қорыта айтқанда, сыпайылықтың пайдалары өте көп. Сыпайы адам қолы  ашық  жомарт болып  келеді. Жомарт  адам  мейірімді  болады. Мейірімді адам барша жаратылысқа қол ұшын созып, қызмет етеді. Ал бұл  Раббымыздың  разылығын  табуға  үлкен  септігін  тигізеді.  Дөрекі адам болса, мұндай жақсы қасиеттердің барлығынан мақрұм болады. Сыпайы пендеде терең ұғыну қабілеті мен парасаттылық пайда болады. Сондықтан, олар осы бір қасиеттері арқылы дос пен дұшпанды оңай ажырата алады.

Сыпайылық – адамды жақсартатын, құлдықты кемелдендіретін, ахлақты көркемдейтін тамаша қасиет. Хазірет Мәулана құддиса сирруһ мұны былай деп тамаша түсіндіреді:

«Көктем мезгілінде қай тастың көгергенін  көрдің? Олай  болса, топырақ сияқты сыпайы  бол! Сол кезде сенен алуан түрлі гүлдер өніп шығады!..»

Расында, топырақтың үстін басып  жүрген тіршілік иелері оны аяқтарымен таптайды. Онымен қалмай нәжістерін де оның үстіне төгеді. Алайда,  топырақ үлкен сыпайылық танытып, ластықтың бәрін тазалап, бір-бірінен керемет алуан түрлі өсімдіктер өндіріп шығарады. Әрі үстінде жүрген  барша тіршілік иелерін  сонымен қоректендіреді. Міне, сол сияқты салих мүминнің көңілі де құнарлы топырақ  іспетті болуы  керек.  

«Өркениет шыңындағы жауһарлар» атты кітаптан.
Авторы: О.Н.Топпаш.
(Ықшамдап алынды).

0 пікір