Нағыз махаббат Ромео мен Джульеттаныкі емес, Мұхаммед (с.а.у.) пен Хадишанікі (р.а.)
Нағыз  махаббат Ромео мен Джульеттаныкі емес, Мұхаммед (с.а.у.) пен Хадишанікі (р.а.)
9 жыл бұрын 30078
Марфуға Шапиян

Шыны керек, “махаббаттың символы кім?” десе, бүкіл әлем бірауыздан Шекспирдің кейіпкерлері Ромео мен Джульеттаны айтады. Ал қазақ Қозысы мен Баяны, Төлегені мен Жібегі, Еңлігі мен Кебегінің қиссасын баяндайды. Бірақ аңызға сенсек, олар – қосыла алмаған ғашықтар. Қосылған күнде олардың бір шаңырақ астында бақытты өмір сүрер, сүрместерін бір Алла ғана білер еді. Ал бір-бірін ұнатып үйленіп, бір-біріне ерекше сүйіспеншілік көрсеткен, бірі өмірден өтсе де екіншісі есінен, жүрегінен еш шығармаған, бір-бірімен өмірлерінде ренжісіп көрмеген Мұхаммед (с.а.у.) пен Хадишаның оқиғасын халық біле ме екен?! Әй, білмейді-ау! Білген болса, Ромео мен Джульеттаны ысырып қойып, “нағыз махаббат Мұхаммед (с.а.у.) пен Хадишаныкіндей болсашы” деп жырға қосар еді...  

 

Талай жігіттің арманына айналған парасатты Хадиша

Хуайлидтің қызы Хадиша (р.а.) бүкіл мүміндердің анасы, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйікті жары, дініміздің жарқыраған жақұты, бұл әлемдегі әйелдердің ең қайырларының бірі еді. Алла Тағала оған Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) жары, оның ұлдары мен қыздарының анасы болу бақытын бұйырды. Ол ақылды, дана, сабырлы, талантты, барлық көркем мінездерді бойына жинаған жан болатын.

Хадиша – текті әулеттен шыққан қыз. Оның үйі мен Қағбаның арасы бірнеше метр ғана болатын. Оның әке-шешесі Меккедегі ең бай, текті отбасылардың бірі еді. Ақылды, абыройлы, парасатты, жібектей сыпайы мінез-құлықты Хадиша бой жеткенде оған үйленуді армандамаған еркек кіндік болмаған шығар, сірә?! “Пәк, таза” деген мағынаға ие “Таһира” есімінің иесі болған Хадиша Әбу Хәлә ибн Зурараға тұрмысқа шығады. Бірақ ол жұбайы өмірден ерте өтеді. Ал екінші некесі сәтсіздеу болып, ажырасып кетеді. Одан дәмелілер көп еді. Қанша адам айттырып келсе де, Хадиша олардың барлығынан бас тартты. Өйткені, Меккеде деңгейі оның дәрежесімен теңесетін жігіт жоқ болатын.

Міне, осыдан былайғы өмірін Хадиша анамыз балалары мен сауда ісіне арнай бастайды. Кей ғалымдар Мекке тұрғындарының ішінде ең үлкен капитал Хадишада болғанын айтады. Ақылды, парасатты, сауда-саттық, мәмілені терең меңгерген ол бір қаладан екінші қалаға керуен жіберіп, саудасын жасауды жалғастыра берді. Жылдар жылжып өтіп жатты. Күндердің күнінде Хадиша анамыз (р.а.) айналасындағылардан ағасы Әбутәліпке отбасын асырауға көмектесіп, қой бағып жүрген қарапайым ғана жас жігіт Мұхаммед туралы естиді. Адамдар оның аманатқа ерекше адалдығын, шыншылдығын тамсана әңгімелейтін. Кей деректер Хадиша анамыздың Пайғамбар (с.а.у.) дүниеге келген үймен байланысы болғанын, Әмина анамыз Мұхаммедті (с.а.у.) босанарда орын алған мұғжизаларды көргенін айтады. Мұхаммед (с.а.у.) те Мекке тұрғындары арасындағы ең текті әулеттен, олардың ішіндегі ең құрметтісі, ерекше көркем мінез-құлық иесі, ең сұлуы, қарым-қатынастағы ең сенімдісі болатын.

 

Мұхаммедтің мінезі жібектей Хадишаға үйленуі

Ел  мақтаған жігітті жақынырақ біле түспек ниетпен Хадиша оның ағасы Әбу Тәліпке келіп, өзінің сауда-саттығын жүргізуге Мұхаммедті (с.а.у.) сұрайды. Әбу Тәліп бала-шағасы көп, кедей адам еді. Сонысына қарамастан ел ішінде ең абыройлы жандардың бірі болатын. Хадишаның ұсынысына бірден рұқсатын беріп, Пайғамбарымыз онымен бірге жұмыс жасай бастайды. Мұхаммед (с.а.у.) бастаған алғашқы керуен Шамға аттанады. Жанына көмекшілікке қосылған Майсара жол бойы небір кереметтердің куәсі болды. Мәселен, күннің қатты ыстығында Мұхаммедтің (с.а.у.) басына сая болып, екі шөкім бұлт көшіп жүретін. Ал Бусра шаһарына тоқтағанда, Бахира атты монах оның тек пайғамбарлар демалатын ағаштың саясына аялдағанын көріп, болашақ пайғамбар екенін ұғып, оны Майсараға айтады. Керуен Меккеге үлкен табыспен оралды. Хадиша түсінде Меккеде шыққан күн мен, оның нұрының өз үйіне кіргенін көріп, түсін жорытуға немере ағасы Уарақа ибн Нәуфәлға барған болатын. Ол оны “Сен біздің арамыздан шығатын соңғы пайғамбардың әйелі боласың” деп жорып береді. Хадиша анамыз осы жағдайдың орын алуын асыға күтіп жүрген. Майсара сапардан оралған соң Мұхаммедтің (с.а.у.) бар жақсы қасиеттерін, жолда куә болған ғажайыптарды айтып береді. Осы әңгімеден кейін Хадишаның Мұхммедке деген махаббаты арта түседі. Оның керуені онсыз да көп табыс әкелетін, ал бұл жолы берекеге толып, бірнеше есе олжаға ие болды. Осылай Мұхаммедтің тегін адам еместігіне Хадишаның көзі анық жетеді. Сөйтіп құрбысын болашақ елшіге жіберіп, үйленетін ойы бар-жоғын сұратады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйленгісі келетінін, бірақ материалдық жағдайының жоқтығын тілге тиек етеді. Өзі ағасы Әбутәліпке келіп, Хадишаның ойын айтып, ақылдасады. Ағасы “Хадиша – текті жердің қызы, ақылды, дана әйел. Саған әбден лайық” деп қуана келіседі. Құдалыққа екеуінің ағалары жүріп, екеуін үйлендіреді. Осылай берекелі отбасының жаңа ғұмыры басталады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің неке қию рәсіміне сүт анасы Халиманы шақырып, құрмет көрсетеді. Хадиша анамыз да оған ризалықпен 40 қой сыйлайды. Солай бұл некенің қуанышы күллі Меккеге жайылады. Бұл кезде Хадиша анамыздың жасы 40-та, ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) 25-те болатын.

 

25 жыл отбасылық өмірде ешқашан ұрсыспаған ерлі-зайыпты

Хадишаның бұрынғы некесінен екі баласы бар еді. Үйленгеннен кейін де олар анасымен тұруды жалғастыра берді. Хадиша анамыз Мұхаммедке (с.а.у.) пайғамбарлық келгенге дейін 15 жыл, кейін 10 жыл, барлығы 25 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешті. Құдайдың құдіретін көрмейсіз бе, олардың арасында ешқашан ұрыс-керіс, түсініспеушілік деген болған емес. Хадиша анамыздың Пайғамбарымызға (с.а.у.) реніш білдіріп, сөз қайтарған сәті де болмапты. Мұндай жағдай әлемдегі еш әйелдің басынан өткен емес. Себебі, осы уақытқа дейін Хадишадан басқа бір әйелдің күйеуімен ұрсыспағаны жөнінде деректі құлағымыз естіген емес. Барлық шаңырақта ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмаған.

Міне, Хадиша анамыздың басынан өткен дәл осы оқиға қазіргі бір-бір үйдің шамшырағына айналып отырған қыз-келіншектерімізге үлкен сабақ болуы тиіс. Мүмкін сіз “Менің басымдағы қиын жағдай оларда болмады ғой” деуіңіз мүмкін. Онда қателесесіз, Хадишаның басынан да талай қиындықтар өтті. Бірақ сол үшін ол Пайғамбарымызға (с.а.у.) шағым жасаған емес.   Пайғамбарымыздың (с.а.у.) да оған көңілі әр кез толы болатын. Кейінгі әйелдерімен аз-маз келіспеушіліктер болып, тіпті ажыраспақ ниетпен талақ бергендері де кездесті. Ал еш деректе Хадиша анамыздың Пайғамбарымызға (с.а.у.) кішкентай болса да ауыртпалық түсіргенін, тіпті сәл ренжігенін келтірілмейді.

 

Әйелдер үй шаруасында да Хадишадан үлгі алсын!

Пайғамбарлық келерден бұрын Мұхаммед (с.а.у.) адамдардан оңашалануды жақсы көре бастады. Ол көбіне тыныштық іздеп тауға шығып кететін. Сауданы, үй шаруасын Хадишаға тастап, үйден жиі жырақта жүретін болды. Тіпті апталап, айлап кететін кездері кездесетін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) тауға барып ойланатын, құлшылық жасайтын. Осы сәттердегі Хадиша анамыздың даналығын көрмейсіз бе?! Ол күйеуінің шаруаның бәрін тастап, оңашалануында бір хикмет барын ұқты. Тіпті, қабақ та шытқан жоқ. Бұл да Хадишаның жарына деген махаббатының кемелдігінен болса керек. Бар ауыртпалықты өзінің нәзік иығымен көтерді. Үй шаруасын да, сауда-саттықты да өзі басқарды. Бірінен кейін бірі 4 қыз (Зейнеп, Үммү Гүлсім, Ұрқия, Фатима), екі ұлды (Абдулла, Қасым) дүниеге әкеліп, алты баланың тәрбиесімен айналысты. Үйде олардан өзге қаншама адам бар еді. Әли ибн Әбутәліп (р.а.), Заид ибн Харис және Майсара секілді өзге де қызметшілер  бірге тұрды. Бізге жеткен деректер сол уақытта Хадишаның шаңырағында 16-ға жуық адамның тұрғанын айтады. Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл уақытта оңашаланып, Аллаға құлшылық етумен болды. Хадиша бұған “шаршадым” да деген жоқ, ренішін де білдірмеді. Керісінше, олардың махаббаттары бұрынғыдан да беки түсті. Бүгінгі күннің қай әйелі Хадиша анамыз атқарған істі атқара алар?!

 

Таудағы кездесулер

Хира үңгірінде ұзақ уақыт жатқан Пайғамбарымыз (с.а.у.) тамағы таусылғанда таудан түсіп, үйінен азық алып кететін. Кейде күйеуі ары-бері жүрмесін, ойы бөлінбесін деген Хадиша анамыз тауға өрмелеп шығып, үңгірде жатқан Пайғамбарымызға (с.а.у.) тамақты өзі алып келетін. Оның келе жатқанын сезген Мұхаммед (с.а.у.) таудан жүгіріп түсіп, жұбайының алдынан шығатын. Ондағысы Хадиша тауға шығып, шаршамасын дегені еді. Жастардың өзіне тауға шығу үшін үлкен күш керек, ал ол кезде Хадиша анамыздың жасы 55-терге келіп қалған. Сонысымен қоймай, күйеуіне тамақ таситын. Ал Алла елшісі әйелім тауға шығып, шаршап қалмасын деп, жүгіріп алдынан шығатын. Егде тартқан шақтарында да бір-біріне жанашырлығы артқан не деген махаббат десеңізші! Солай Пайғамбарымыз (с.а.у.) тау етегіне келген Хадишаның жанына тез жетіп, екеуі ұзақ уақыт әңгімелесіп отырар еді. Біз бүгіндері романтикаға балайтын ол түндері екі сүйген жардың арасында қандай әңгіме өрбігенін Алла Тағала ғана біледі. Сол ұзақ түндері Алла елшісінің (с.а.у.) өз сүйіктісіне қандай әңгіме айтқанының бір ширегін біз де білсек етті, шіркін! Қырықтан кейін дүниеге алты бала әкеліп, оларды тәбиелеп, арасында таудағы күйеуіне тамақ тасыған Хадиша! Саған Алла разы болсын! Егер әлемдегі әйелдер сенің даналығың, сенің жүрегіңдегі махаббат туралы білер болса өздеріне өзіңді үлгі етіп алар еді ғой!

 

Пайғамбарлықтың келуі

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл оңашалануы тегін емес болатын, Алла Тағала оны осылай пайғамбарлыққа дайындады. Мұхаммед (с.а.у.) 40 жасқа келген жылы, Рамазан айында, Алла Тағала Оған алғашқы Құран аяттарын түсіріп, құрметті етті. Жебірейіл періште қатты қысып тұрып, “Оқы!” дегенде бойын діріл мен қорқыныш жайлаған Пайғамбар (с.а.у.) үйіне қарай асыққан еді. Ал Хадиша анамыз оны құшағына қысып тұрып жұбатқан болатын. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайына деген өзгеше махаббаты емей немене, Ол (с.а.у.) басынан өткен жайтты алдымен әйеліне айтты, оның қолдауын күтті. Ал әйелінің сөздеріне қараңыздар: “Жаратушым саған ешқашан жамандық әкелмейді, Мұхаммед!” деп күйеуінің тамаша қасиеттерін айта бастады. Міне, әлемнің әйелдері! Көрдіңдер ме? Қазір күйеулер әйелдеріне проблемасын айтса, ол проблема одан сайын ұлғайып кетеді. Ал біздің асыл анамыз Хадиша қалай көрегендік танытты?! Қалай күйеуін сабырға шақырды. Осыншама даналық пен ақылды Хадиша анамыздың көкірегіне Жаратқанының өзі құйған болатын.

Күйеуіне пайғамбарлық келген соң Әбу Бәкір, Әлилерден де бұрын алғаш иман келтірген Хадиша болды. Осы әрекетімен-ақ әлемнің барша мұсылман қыздарының жол көрсетушісіне айналғанын Хадиша білді ме екен?!

 

Хадиша анамыздың Пайғамбарымызға (с.а.у.) махаббаты

Исламның алғашқы жылдары ауыртпалығымен келді. Пайғамбарымызға (с.а.у.) кәпірлер тарапынан небір зорлық-зомбылықтар, қысым көрсетіле бастады. Осы кезде жұбайының жанынан табылып, оны жақсы күндерге қанаттандырған, сабырға шақырған жан Хадиша еді. Ол осы Ислам жолында бар байлығын тәрк етті, денсаулығынан да айырылды. Бірақ күйеуіне деген махаббаты сондай, еш мойып, сол күніне бір ауыз шағым айтқан емес. Мүшріктер Пайғамбардың отбасымен және оның соңынан ергендермен барлық қарым-қатынасты үзді. Сөйлеспеді, азық-түлік сатпады, былайша айтқанда байкот жариялады. Бұл үш жылға созылды. Хадиша анамыз қолындағы бар байлығын мұқтаждарға таратып, өздерінде де ішіп-жемге ештеңе қалмаған жағдайға жетті. Сол ауыр кезді ойлап көріңізші! Хадиша анамыздың екі қызы Үммү Гүлсім мен Зейнепті күйеулері қайта әкеліп берген болатын. Анаға одан ауыр не болсын?! Аштықтан, ауыр азаптан түнде олардың жылағаны естілетін. Осы кездері екі ұлы Абдуллаһ мен Қасымнан да айырылып, азап үстіне қаза жамалды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) жылаған әйелін жұбатып тұрып: “Хадиша, жылама! Оған Алла Тағала жұмақта емізетін әйел дайындады” дейтін. Осындай ауыр күндерге қарамастан, Пайғамбарымыз (с.а.у.) Хадиша анамызды тек жымиған күйде көретін. Оның жүзіне қараған жан қиындық бар десе, сенбес еді. Ерінің жүрегін жараламайын деп, өз мұңын жасырған жар Хадишадай-ақ болар. Тіпті денсаулығының сыр беріп жүргенін де жұбайына білдірмеді. Осы сабырлығы, төзімдігіне сый болар, ауырып жатқанында Жебірейіл періште оған Алланың сәлемі мен өзінің сәлемін жолдады. Ғалымдар Алла Тағала тарапынан мұндай құрметке ешкім ие болмаған деседі. Осылай 65 жасында біздің сүйіктіміз Пайғамбардың (с.а.у.) аяулы жары Хадиша анамыз бұл дүниені артқа тастап, өмірден өтті. Ол қайтыс болған жыл “Қаралы жыл” аталды. Өйткені дәл осы жылы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ағасы Әбу Тәліп те қайтыс болған еді.

 

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Хадишаға деген теңдессіз сүйіспеншілігі

Әрине, қиын кездер артта қалды. Ислам қанатын кеңге жайды. Ауыр күндер ұмытылды. Бірақ Пайғамбарымыз (с.а.у.) ерекше махаббатымен, сүйіспеншілігімен бір сәт те естен шығармаған бір адам бар еді. Ол – Хуайлидтің қызы, Алла Тағаланың өзі сәлем жолдаған Хадиша болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Хадиша анамыз туралы жиі еске алатын. Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін бірнеше жылдан соң сырттан Хадишаның сіңлісі Халәның дауысын естіп, оны өз жұбайының дауысына ұқсатып: “Тәңірім-ау, Халә!” деп орнынан тыпыршып кеткені жайлы дерек те бар. Үйіне Халә келсе, орынан тұрып құрмет көрсетеді екен.

Ал үйінде қой сойылса, бір бөлігін Хадишаның құрбыларына жіберту, сыйлық келсе, оны да соларға сыйлау Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұлжымаған заңы болатын. Айша анамыз: “Пайғамбарды (с.а.у.) Хадишадан қызғанғанымдай басқа әйелдерінен қызғанған емеспін. Оны әсте көрмегенмін де. Күндердің бір күнінде Пайғамбарымыз Хадиша анамыздың жақсылықтарын тағы есіне алады. Айша анамыз шыдай алмай: “Үнемі Хадишаны айтасыз. Алла Тағала сізге одан да жас әрі әдемі әйелдер берді емес пе?”– дейді. Тозаңдай жақсылықты ұмытпайтын Пайғамбар (с.а.у.): “Алла Хадишадай қайырлы жар сыйлады. Ел мені мойындамай күпірліктің күңсіген қоқсығын ақтарып жүргенде, ол иман келтірді. Жұрт түгел мені өтіріксінгенде, ол растап, қолдады. Халық менен не нәрсесін болса да аяп итіне жегізгенде, ол дәулетіне ортақ етті. Аллаһ Тағала тек ғана содан маған перзенттер нәсіп етті”,– деді. Хадиша анамыз жайлы бұл сөздерді естіген Айша анамыз айтқанына ұялып: “Уа, Расулаллаһ! Сені пайғамбар етіп жіберген Аллаға ант етейін, бұдан кейін Хадиша жайлы естеліктеріңді айта жүруіңді өтінемін”, – деп Пайғамбарымыздың көңілін аулаған еді.  Не деген құрмет, не деген сүйіспеншілік!  

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірінің соңына дейін Хадишаны есінен шығарған емес. Ол Меккеге келгенде де қаланың жоғарғы жағынан кіреді екен. Өйткені онда сүйікті жары Хадишаның қабірі болатын, соған баратын. Қажылыққа барғандар көрген болар, ол қабір әлі күнге сақталған деседі. Хадиша анамыздың қабірін зиярат еткен сол қажылар Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен Хадишаның (р.а.) осы бір ғибратқа толы махаббат хикаясын талай еске алған да болар...

11 пікір
  • СубханАлла! Марфуға керемет тақырыпты қозғап, ғажайып бір әлемге саяхаттап келгендей болдым, көз алдыма сол кездерді елестеп, жүректі бір жылулыққа толтырдыңыз! Алла Тағала сізге разы болсын! Баршамызға Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен Хадиша анамыздай махаббатты көруге нәсіп қылғай! Тамаша мақала екен!
    9 жыл бұрын
  • Бірақ күйеуіне деген махаббаты сондай, еш мойып, сол күніне бір ауыз шағым айтқан емес. Мүшріктер Пайғамбардың отбасымен және оның соңынан ергендермен барлық қарым-қатынасты үзді. Сөйлеспеді, азық-түлік сатпады, былайша айтқанда байкот жариялады.
    9 жыл бұрын
  • <Мұхммедтің мінезі жібектей >

    Мақаламен әлі танысып үлгергенім жоқ. Дегенмен, мұндай үлкен орфографиялық қателікті ескеру қажет
    9 жыл бұрын
  • Нағыз махаббат хикаясы. Жазарыңыз көбейсін.
    9 жыл бұрын
  • Марфуға Алла разы болсын.Бұл мақалаңды көзіме жас ала отырып оқып шықтым.Керемет.
    9 жыл бұрын
  • Ма ша Аллаһ. Адамзат үлгі тұтатын тұлғалар. Пайғамбарымыз с.а.у. мен Хадиша (р.а) анамыздың қыздары да керемет үлгі қалдырған еді. Өзінің Жəннəттық досым деп атап кеткен Осман (р.а) Үммү Гүлсім, Ұрқия беріп, қырық қызым болса бəрін берер едім деп кеткен еді. Сондай Сахабаларға лайық жар болған аналарымыз. Марфуға қарындасым тақырыпты тамаша таңдап, терең ой салдың оқырманға. Рахмет, əлі жақсы дүниелер күтеміз.
    9 жыл бұрын