Сахабалар уақытында орын алған мынадай бір оқиға бар. Әлдебір досы әйелімен ренішін айтпақ болып халифа хазірет Омардың (р.а.) үйіне келеді. Есігінің түбіне отырып, халифаның сыртқа шығуын күтеді. Осы кезде іштен ұрыс шығып, әйелінің хазірет Омарға айғай салғаны естіледі. Бірақ халифа ләм-мим деп жауап қайтармайды. Бұған куә болған әлгі кісі: «Мүминдердің әміршісінің жағдайының өзі осындай болса, менікі айтуға да тұрмас», - деп кетуге ыңғайланады. Дәл осы кезде сыртқа шыққан халифа: «Жайшылық па, не шаруамен жүрсің?» - деп сұрайды. Ол кісі жағдайын айтады. Осы кезде хазірет Омардың (р.а.) жауабы былай болады: «Бауырым, әйелімнің алдындағы міндеттерім үшін сабыр етуге тырысудамын. Неге десең, менің аспазшым да, нан пісірушім де, киім жуушым да, балаларымды емізетін де сол. Анығында бұларды істеуге мәжбүр де емес. Бұған қоса, көңілімді харамға бұрғызбай тұрған да осы кісі. Осы себепті анау мынауын көтеремін. Сен де шыда. Өмір тым қысқа, көзді ашып-жұмғанша өте шығады».
Бұл оқиға бізге отбасылық өмірде шыдамның маңызды екенін еске салса да, өкінішке қарай, қазіргі уақытта бұл ережеге бағынатын жұптар саны өте аз. Мәселелерімізді шешу әдісі не сөз таластыру, ренжу немесе қара күшке сүйену екені жасырын емес. Пиғылымызға «айтқанымды қайткенде де істетемін» не «оның алдында төмендемеймін» деген ой араласқан болса, кері шегіну тіптен қиын. Әсілі бұлардың бәрін былай қойып, жарымызға дұға етер болсақ, махаббатымыз да, сүйіспеншілігіміз де басқаша болар еді.
Бір негізден жаратылған жұптар хадистерде айтылғандай бір-бірінің жартысы, бір-бірін толықтырушы. Бұған қоса, діндес бауыр. Бауырлар бір- бірін жақсы көреді, құрмет тұтады, өзара көмек беріседі. Көмектің алғашқысы бауырына сырттай дұға ету. Өкініштісі, өзімізге ең жақын, күн сайын бір жастыққа бас қойған әйелімізге немесе күйеуімізге дұға ету ойымызға келе бермейді. Ал анығында Расулалла (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) жұбайлардың бір-біріне ұнамсыз қылығын өзгерту немесе бақыттары артуы үшін дұға етуге кеңес беруде. Өзі де Тахажжуд намаздарында жан жары Айша анамыздың қолын алақанына салып тұрып дұға ететін. Тіпті Алла елшісі мен сахабалары өз жақындары мен жұбайларына дұға ету үшін бір-бірінен өтініш те жасайтын.
Мұсылман ғалымдар жарымызға қалай дұға етуіміз керектігін үйретіп, бізге жол көрсетуде. Кейбір ғалымдар мына дұғаны ұсынған: «Иә, Аллам, хазірет Адам мен хазірет Хауа, хазірет Мұхаммед (әлайһис салату уә сәлләм) пен хазірет Хадиша, хазірет Али мен хазірет Фатиманың арасындағы махаббат, сүйіспеншілік, құрмет пен сыйластықты біздерге де нәсіп ете гөр!» Бұдан бөлек: «Уа, жүректерді сәт сайын құбылтып тұратын Аллаһым! Жүрегімізді дұрыстай гөр! Отбасы, ошақ қасымызға тыныштық пен бақыт бере гөр!» деген дұға да тілден түспеуі тиіс мінәжаттардың бірі. Түйткілді мәселелердің шешімі үшін: «Уа, раббым! Үйленуді нәсіп еттің. Жарымның маған ұнамсыз мынандай қылығы я мінезі бар. Сол мінезін дұрыстауына көмек бере гөр!» деп Жаратушыға жалбарыну ең дұрысы.
Исламтанушы ұстаздар да ұмра немесе қажылыққа барғанда Ижаба мешіті деген жерде ерлі-зайыптылардың екі рәкат намаз оқып, бір-біріне дұға оқуына кеңес береді. Өйткені пайғамбарлық міндеті келмей тұрып Расулалла (әлайһис салату уә сәлләм) жиі-жиі Хира үңгіріне барып, қаншама күнді сонда өткізетін. Хазірет Хадиша анамыз ондай уақыттарда артынан ас дайындап апарып тұратын. Екеуі Хира үңгірі бар таудың етегіндегі Ижаба мешітінде кездесіп, сол жерде бірге дұға ететін.
Ерлі-зайыптылар өзара махаббат пен сүйіспеншілікті арттырам десе: «Уа, Уәдуд», «Уа, Рауф», «Уа, Рахим», «Уа, Рахман» атты Жаратушы иенің көркем есімдерін айта жүру керектігін де әулие кісілер ескерткен. Шын ықыласпен жасалған кез келген дұғаның қабыл боларын ұмытпаған жөн!