Шүкірі жоқ нығмет: Мал-дүние.
Шүкірі жоқ нығмет: Мал-дүние.
4 жыл бұрын 7146

Нығмет – Алланың берген бүкіл жақсылықтардың атауы. Санасақ санына жете алмақ емеспіз. Бірақ, өкінішке орай қанша көздер бар – берілген нығметті көрмейді. Ғапылдыққа салынып, шүкір етуден әлсіз. 

Нығмет болған мал-дүние 

Мал-дүние де нығмет. Алла Тағала оны саған пейішті сатып алсын деп берді. Құранда былай делінеді:

إِنَّ اللَّهَ اشْتَرَىٰ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ أَنفُسَهُمْ وَأَمْوَالَهُم بِأَنَّ لَهُمُ الْجَنَّةَ ۚ

«Күдіксіз Алла Тағала мүміндердің жандары мен мал-дүниелерін жәннәтпен сатып алды»[1].

Сахаба Осман ибн Аффан – Ол, пейішті екі мәрте сатып алған адам. Алғашқысында Алла елшісінің (с.а.у.): «Кім жағдайы болмай тұрған әскерді жасақтаса, ол адамға пейіш болады», - дегенін естиді де, бірден әскерді өз дүниесінен жасақтайды. Екіншісінде – Алла елшісінің (с.а.у.): «Кім Раума құдығын қаздырса, оған пейіш болады», - дегенін естиді де "Раума" құдығын өз қаражатымен қаздырады[2]. 

Бұған қарамастан Әзіреті Осман өте қарапайым жан болған. Сахаба Абдулла ибн Мәсъудтың ол жайында айтқан мынадай бір сөзі бар:

«Біз Османның үйіне барғанда, оны қызметшілерінен ажырата алмайтынбыз».

Бауырым! Ислам діні саған дүние жима демейді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан:

نِعْمَ الْمالُ الصّالِحُ لِلرَّجُلِ الصّالِحِ

«Ізгі сүйер кісінің қолындағы ізгі (адал) дүние - неткен керемет дүние!»[3].

Мысалы, сахаба Осман ибн Аффанды алалық. Ол - қазіргі тілмен айтқанда миллиардер сахаба еді. Бірақ, оның мал-дүниесі Алла жолында күресуге оған кедергі жасады ма? Әсте! Өйткені, дүние оның жүрегінде емес, қолында еді. Ол мал-дүниенің жаратылуындағы негізгі мәнін жақсы түсінген тұғын. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен бір хадисте Алла елшісі былай дейді: «Шынында Алла Тағала: «Біз мал-дүниені намаз оқылсын, зекет берілсін» деп түсірдік», - деген»[4].  

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйінде бір қой сойылады. Сойылған қойдың барлық етін садақаға таратып, тек қана кәрі жілігі ғана қалады. Сонда мүміндердің анасы, Алла елшісінің жұбайы Айша (р.а.): «Өзімізге қойдың жауырын етінен басқа ештемесі қалмады», - дейді.

Оны естіп тұрған Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның сөзін түзетіп:

«Барлығы қалды, жауырын етінен басқа», - деген екен.  

Яғни, не нәрсені садақа етіп, Алла үшін жұмсасаң – сол қалушы. Сол сенің қабіріңді нұрландыру үшін және пейіштегі мәртебеңді көтеру үшін берілетін құн. Ал, қолыңда қалғаны болса, ол негізінен алып қарағанда ештеңе емес. Қолдың кірі.

Пәле болар мал-дүние 

Кейде керісінше мал-дүние Құдайын ұмыттырар ең үлкен құрал болуы мүмкін екен. Ол - адамда ақыретке деген немқұрайдылықты тудырар себеп болуы мүмкін. Фәни дүниемен мәшғұл етіп, бақилықты ұмыттыруы мүмкін. Бұл жағдай күнделікті өмірімізде жиі кездеседі. Осыған орай, Алла елшісі (с.а.у.) былай деп ескерткен:

«Әрбір үмбеттің сынағы бар. Менің үмбетімнің сынағы – мал-дүние».

Адам баласының дүниеге деген құштарлығының шегі жоқ. Егер, бір адамның екі сай толы алтыны болса, ол үшіншісін сұрайтын болады. Дүниеқоңыздығы оны қайдан болса да мал жинауға итермелейді. Адам баласы харам жолмен мал жинай бастаса, денесінде харам еттен бір қабат пайда болады. Осылайша, харам жеген сайын денесіндегі арам еті де қалыңдай береді. Бара-бара оны, тек тозақ оты ғана тазалай алатын күйге жетеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

لَا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ لَحْمٌ نَبَتَ مِنْ سُحْتٍ ، النَّارُ أَوْلَى بِهِ

«Араммен қоректенген ет (дене) пейішке кірмейді. Оған от лайығырақ»[5].

Тәубе еткен саудагер

Бір күні Харис әл-Мухасиби[6] деген кісі бала кезінде қатарластарымен бірге бір құрма сатушысының дүкенінің алдында ойнап жүреді. Құрма сатушысы оларды дүкенінің алдынан қуғысы келіп, оларға бір сатып алушыдан түсіп қалған құрмаларды береді. Балалар алған құрмаларына мәз болып, ол жерден кетеді. Харис қана кетпей тұрады. Ол сатушыға басынан аяғына дейін көзін алартып қарап, бірер секундтан кейін бұрылып кетуге ыңғайланады. Сатушы баланың қарасына таң қалып:

- Аллаға ант етейін, не ойлағаныңды айтпайыңша сені жібермеймін, - дейді. Сонда Харис оған:

- Сен мұсылмандардың балаларына харам жегізесің бе?! Сен мұсылмандардың балаларына харам жегізесің бе?! Егер мен сенің орнында болғанымда, шөлдеген адамның су іздегені сияқты ол құрмалардың иесін іздер едім..., - деп, бұрылып өз жөнімен кете береді.

Кішкене Харистің бұндай сөзінен бір жағынан сасып, бір жағынан қорқып кеткен құрма сатушысы өз-өзіне:

«Уаллаһи! Енді бұдан былай дүние үшін сауда жасамаспын», - деген екен...

"Нәсә'иму имәния".
Араб тілінен аударып, дайындаған А. Қасым.


[1] Құран Кәрім: «Тәубе» сүресі, 111 аят.
[2] «Сахих Бұхари». (Раума құдығы – Әзіреті Осман ибн Аффанның Мединелік бір яһудиден сатып алып, мұсылмандардың игілігіне тапсырған құдығы. Әзіреті Осман ол құдықты сатып алғаннан кейін кеңейтіп, тереңірек қазғандығы айтылады. Жоғарыдағы хадистегі «Кім Раума құдығын қазса...» деген сөз сол жағдайға қатысты айтылған деген болжам бар).
[3] Имам Бұхари: «Әдәбуль Мүфрад». Сахих.
[4] Имам Табарани: «әл-Муъжәмуль Кәбир». 3302. Сахих.
[5] Ахмед ибн Ханбәл: «Мүснәд». №14032 хадис.
[6] Әл-Харис ибн Әсәд әл-Мухасиби. Милади 781-857 жыл. Басра қаласының тумасы. Өз-өзін көп есепке алып отыратындықтан оған «Мухасиби» деген лақап ат таққан деседі. Жүнейд әл-Бәғдадидің ұстазы.

0 пікір