14 ғасыр бұрын Алла Тағала адамзатқа ақиқатқа бастайтын жолды көрсететін кітап жіберді. Дүние күннен күнге өзгеруде. Әлем ағысы түрлі арнамен ағуда. Адамдардың бірі өмірден өтіп, орнын басқа біреулер басуда. Бірақ түскеніне 14 ғасыр өтсе де, өзгермеген бір кітап бар. Ол – Құран. Ондағы жазудың ақырзаманға дейін бір әріпі де өзгермек емес. Бұл – әлем туралы кітап. Мұнда дүниенің небір сыры кездеседі. Құранның әр аятының астарында, бір-бір ғылымның жүгі бар. Ғылым дамыған сайын ол құпиялар біртіндеп ашылуда. Ал ашылмағандары қаншама?! Ал біз бүгін теңдессіз кітап – Құрандағы өзімізге мәлім болған ғылыми жаңалықтар жөнінде әңгімелеп көрмекпіз.
Мұнай қалай пайда болады?
Өмірбойы зерттеп, ашқан жаңалықтары баяғыда Құранда жазылып қойылғанын білген талай ғалымның еш ойланбастан Исламды қабылдағаны белгілі. Сол секілді мұнайдың қалай пайда болатыны білім мен ғылым дамымаған сонау VII ғасырда «Құранда айқын жазылып қойды» десем сенесіз бе?!
Мұнай – көмірсутектер қоспасынан құралған жанатын, майлы сұйықтық. Жердің тұнбалық қабатында орналасқан. Табиғатта қызыл-қоңыр, кейде қара түске жақын немесе әлсіз жасыл-сары, тіпті түссіз түрлері де кездеседі.
Мұнайдың осыдан миллиондаған жыл бұрын өмір сүрген теңіз жануарлары мен өсімдіктерінің қалдықтарының шөгінділерінен пайда болатыны бүгінде халыққа жақсы белгілі. Сол шөгінділер су түбінде жинала беріп, олардан мұнай түзілген. Ертеректе «тас майы» деп аталған мұнайдың өте құнды элемент екенін болжаған орыс ғалымы М.В.Ломоносов 1763 жылы: «Жер қойнауында тереңнен орналасқан шымтезекті шөгінділерден жерасты ыстығымен қою, майлы материя шығарылып, саңылаулар арқылы ағады. Бұл – сирек, әртүрлі сұрыпты, жанатын және құрғақ, қатты материялардың пайда болуы, тас майы – мұнайдың негізі», – деп жазды.
Құран мұнай туралы не дейді?
Құранның «Ағлә» сүресінің алғашқы 5 аятында мұнай былай сипатталады: «Ұлы Раббыңның атын дәріпте! Ол (бүкіл затты) жаратты, үйлесімді етіп кемелдендірді. Ол (бүкіл заттың) тағдырын белгілеп, жүрер жолын көрсетті. Ол шөптерді өсірді. Содан соң оны қара қошқыл қоқымға айналдырды». Құран түскенде адамзат әлі мұнай туралы да, оның пайда болуы жөніндегі де ғылыммен таныс емес болатын. Ал кейін ғылым мұнайдың қалай пайда болатынын ашқан кезде, оның Құранда айтылған осы аяттармен үйлесетінін біліп, таңғалысты. Төртінші аятта келетін «әлмар'а», яғни «шалғын шөптер, өріс» сөзі мұнайдың түзілуі жолында қызмет атқаратын органикалық заттарға меңзейді. Ал екінші назар аударатын сөз –«ахуа», аудармасында қара немесе қарақошқыл, қою жасыл түс. Жоғарыда айтылған екі сөз де аяттағы «ғусәан» сөзімен байланыстырылған. Кей аудармаларда бұл сөз «шіріген қалдықтар, балдырлардың қалдықтары, шіріген өсімдіктер, шөптер мен жапырақтар» деген мағынада келеді. Ал енді бірінде «селден кейін пайда болған шөгінділердің массасы» деп айтылады. Осылайша бұл аятта баяндалған процесті мұнайдың қазіргі ғылым дәлелдеген түзілу, өндірілу жағдайымен салыстыратын болсақ, бәрі ап-айқын болып шыға келеді. Аятқа қарасақ, мұнайдың түсіне дейін ап-анық айтылып тұр.
Мұнай қалай «қара алтынға» айналды?
Мұнай тұңғыш рет 1539 жылы Америка құрлығынан Еуропаға тасымалданатын тауарлардың тізіміне еніпті. Сол жылы Венесуэладан Испанияға жөнелтілген алғашқы мұнай бірнеше құтыны ғана құраған. Оның өзге пайдасын білмеген дәрігерлер тек артрит ауруын емдеуге қолданған екен. XVIII ғасырға дейін мұнай табиғи, тазаланбаған күйде қолданылып келді. 1733 жылы ресейлік әскери дәрігер Иоганн Лерхе мұнайдың жанатыны, сол арқылы түрлі түске енетіні жайында жазған. Ал мұнай ұңғымасы алғаш Пенсильванияда ХІХ ғасырдың ортасына қарай бұрғылана бастады.
Міне, осыдан былай қарай мұнайдың жанар-жағармай энергетикалық саласында үлесі арта берді. Бүгін де ол адамзат пайдаланатын қуат көздері ішінен 48%-ын құрайды.
Адамзат ғылым-білімнен алшақ кезде мұнайдың нақты түзілуін білді деуіміз артықтау болар. Ал қасиетті кітапта мұнайдың қалай түзілетіні айқын жазылған. Өміріміз үшін осыншалық құнды қазба байлықтың Құранда ап-анық жазылуы тегін болмаса керек. Бұл – Құранның Алла Тағаланың сөзі екенінің тағы бір дәлелі.
Осындай айқын дәлелдер бола тұра Құранда жазылған бұйрықтарды орындауға асықпайтынымыз неден екен?