Намаз оқымау күнә ма?
Намаз оқымау күнә ма?
11 ай бұрын 6045

Бес уақыт намазды оқымау – үлкен күнә. Намаз оқымағандардың жазасы жайлы Құран кәрімде:

«Пайғамбарлардан кейін намазды қойып, нәпсілеріне ергендер келеді. Олар адасқандары үшін сазайын тартады» [1]– делінген.  

Намаз – құл мен Аллаһтың арасын байланыстыратын құлшылық. Ешбір технология сымсыз әсте іске жарамайтыны секілді намазсыз Аллаһпен байланысы болмаған адам да қараңғы қапаста қамалып, рухани азығын таба алмай әлсірейді. Жоғарыдағы аятта да үмбеттің азғындауына басты себеп – намазға немқұрайлы қарау екені айтылған. Өйткені, діннің тірегіне, мұсылманның миғражына баланған намазды оқымаған жан діннің басқа да міндеттеріне селқос қарап, күнә жасауға бейім болады. Осылайша намазсыз пенде мойнына күнәнің қамытын іліп, өзіне қиянат жасайды.

Аятта сонымен қатар нәпсіге еріп, дүниенің алдамшы қызықтары мен күйбең тіршілігіне салынып, ойын-сауыққа беріліп намаздарын орындамағандардың ақыреттегі азабының қандай қиын болатыны айтылған.

Аллаһ елшісі (с.а.с.) «Қиямет күні адам алғаш болып парыз намаздары үшін есепке тартылады»[2]– деген.

Намаздың әрбір мұсылманға парыз екенін біле тұра жалқаулықпен ғибадатын орындамаған жан күнәһарлар мен пасықтардың сапында болады. Ал намаздың парыз екенін мойындамаған жанның мұсылман болуы мүмкін емес. Өйткені намаздың парыз екенін Аллаһ елшісі (с.а.с.) сөзімен де, ісімен де дәлелдеген[3].

Мына хадистер де намаз оқымаудың үлкен күнә екенін айшықтай түседі:

«Әдейі намазды тастаған адамға Аллаһ пен Пайғамбардың көмегі болмайды»[4], – десе, намаз оқыған пенде жайында хадисте: «Үздіксіз намаз оқыған жанға қиямет күні (қараңғылықта) нұр, (туралыққа) дәлел және (азаптан) құтқарушы болып келеді. Намазын оқымаған жанның нұры, дәлелі және құтқарушысы болмайды. Ол адам қиямет күні Харун, Перғауын, Һаман және Үбей ибн Халафтармен бірге болады»[5] – делінген.

Бұл хадистерден намазды қасақана тастап кету адамды діннен шығаратынын көреміз. Бірақ ислам ғалымдары намаздың парыз екенін мойындамағанда ғана діннен шығатынын айтады. Өйткені «шаһадат» сөзін айтқан пенденің тозақ отында мәңгілік күймейтіні жайлы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисі бар. Ол жерде:  

«Аллаһтан басқа Құдай жоқтығына иланып, Аллаһтан басқаға құлшылық жасамаса, оның малы мен жаны басқалар үшін харам болады, ешкім тиісе алмайды. Құпия істері болса Аллаһқа қалады»[6], –деп айтқан.

Тағы бір хадисінде: «Ләә иләһә иллаллаһ» деген адамның жүрегінде бір арпаның дәніндей иман болса да, тозақтан шығады»[7]– деген.

Үлкен күнә істеген (ішімдік ішу, зина жасау т.с.с.) адамда арпаның дәніндей иман болса, діннен шықпайды. Егер бұл адам тәубесіне келе алмай о дүниеге аттанса, Аллаһ қалауымен кешірім беріледі немесе күнәсіне қарай жазасын өтеп, ақырында жаннатқа кіреді. Намазды тәрк еткендер күнәлардан қорғана алмайды[8].

Жасаған әрбір күнәлары жүректерін қарайтады[9] және діннен алыстауына себеп болады. Тіпті өмірден имансыз өтіп кету қаупі бар. Сондықтан күнделікті бес уақыт намазын шынайы ықыласпен оқып, Аллаһқа құл бола білу мұсылманның осы дүниедегі міндеті.  

Нұрлан Сайлауұлы,  
Еркебұлан Ыбырайымұлы, «Намаз – діннің тірегі». 


[1] Мәриям, 59.
[2] Тирмизи, Мауақит 188.
[3] Абдул - хамид Махмуд Таһмаз; Фиқһул - Ханафи фи саубил-жадид 1/173
[4] Бухари, Мауақит, 15, 34; Насаи, Саләт, 15.
[5] Муснад 2, 169.
[6] Мүслім, Иман 37.
[7] Бухари, Таухид, 36; Муслим, Иман 32 6.
[8] Анкабут 29/43.
[9] Мутаффифин 83/14.

0 пікір