Нәжістерді тазартудың жолдары
Нәжістерді тазартудың жолдары
5 ай бұрын 2155
Қудуридің кітабынан

Намаз оқушы кісі денесін, киімін және намаз оқитын жерін нәжістерден тазалауы - уәжіп. 

Нәжістерді сумен және нәжісті кетіре алатын барлық таза сұйық заттармен тазалауға болады. Мысалы, сірке су, гүл суы т.б

Егер мәсіге (немесе етікке т.б.) пішіні бар нәжіс жағылып, артынан ол құрғаса, оны жерге үйкеп тазартуға болады (ал кеппеген болса, жуу арқылы тазарады). 

Мәни (шәует) - нәжіс саналады. Оның құрғамаған түрін тек жуу керек. Ал киімдегі құрғаған мәниді үйкелеп тазартуға болады. 

Айна немесе қылышқа (т.б. сол сияқты жылтыр заттарға) тиген нәжісті сүрту жеткілікті (тазарған болады, жуса да артық болмайды-ауд.). 

Жердегі нәжіс күнге кепсе және ізі жойылса, сол жерге намаз оқуға болады, бірақ ол жерге таяммум соғылмайды. 

Нәжістің намазға кедергі болатын көлемі 

Бір кісінің денесіне қан, зәр, үлкен дәрет, шарап сияқты «ауыр нәжістің» бірі жағылып, көлемі «дирхамның» көлеміндей, не, одан аз болса, намаз оқи беруге болады, ал көлемі одан көп болса, намазға кедергі. Ал егер еті желінетін хайуандардың зәрі секілді «жеңіл нәжістердің» бірі денеге тисе, көлемі - киімнің төрттен біріне жетпей, намазға кедергісі жоқ. (*Дирхамның көлемі - алақанның ойығындай болады).

Нәжістің түрлері 

Жуылуы керек болған нәжістердің тазалануы екі түрлі:

  • Біріншісі - көзге көрінетін заты бар нәжіс (мысалы, қан). Бұлардың тазаруы - көзінің жойылуы арқылы болмақ, бірақ егер орнында ізі қалып (мысалы, түсі, иісі), жойылуы қиынға соқса, ол басқа (оған кешірім бар, алайды ізін кетіре алса, кетіргені абзал).
  • Екіншісі - көзге көрінбейтін заты жоқ нәжіс (мысалы, зәр). Мұндай нәжіс түрінің тазалануы - тазалаушының ойына «тазаланды» деген ойы басым болғанға дейін жууы.

 Имам Қудуридің «әл-Китаб» атты фиқһ мәтінінен аударылды.
А. Қасым.

 

0 пікір