«Мына ілімдерді әрбір мұсылманның оқуы парыз»
«Мына ілімдерді әрбір мұсылманның оқуы парыз»
1 жыл бұрын 5994
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Ілім оқудың «парыз айн», яғни, әрбір жеке басқа міндетті болуы жайында Алла елшісі (с.а.у.) хадисінде былай деп баяндаған:

«Әрбір мұсылманға ілім алу парыз».

Және тағы бір сөзінде:

«Қытайға барып болса да ілім алыңдар» - деген.

Осы тұрғыда ғалымдар хадистің «парыз» деп тұрған «ілім» саласының қай түрі екендігін әртүрлі топшылаған. Бұған байланысты 20-ға жуық болжам бар. Біз мұнда оның бәрін айтып, жазбамызды ұзатпайық...

(Қысқасын айтқанда) Әбу Толиб Мекки былай дейді: «Хадисте айтылған ілім, ол - Исламның бес шарты. Яғни, пайғамбарымыздың «Ислам бес негізге құралған: Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед (с.а.у.) Алланың елшісі екендігіне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару» хадисінде айтылғандар.

Парыз болған осы бесеуі. Ендеше осы бесеуін қалай орындамақ керектігін және олардың міндеттілігін оқып-білу әр мұсылманға парыз болмақ.

(Діни) білімдер екі түрлі: Практикалық ілімдер (мәміле ілімдер) және «Кәшф» ілімдер (мүкашафа). (Жоғарыда келтірілген хадисте айтылған) ілімнен мақсат - практикалық ілім түрі екендігі анық. (Яғни, іс жүзінде ағзаларымен істейтін ілім түрлері).

Ақыл-есі дұрыс және балиғат жасына толған мұсылманға жүктелген үш іс бар:

1) Сену.

2) Істеу (амалға асыру).

3) Істемеу (Тыйым).

«Түсінде жүніп болу арқылы» немесе «белгілі жасқа» келіп балиғатқа толған мұсылманға (мысалы, сәске уақытта балиғатқа толғанын білген жас мұсылман), оған ең бірінші кәлимә-и-шәһәдәтті, яғни, "әшһәду әллә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммәдән абдуһу уә расулуһу" сөзін үйреніп, оның мағынасын түсінуі ләзім. Бірақ оған (жаңа балиғатқа толған кісіге немесе енді дінге кірген кісіге) бұл «кәлимә» сөзінің мәнін терең пікірлеп, оның астарындағы қамтылған мәселелерді зерттеп-зерделеуі және дәлел-дәйектерін қарастыруы міндет емес. Оған кәлимәда айтылғанды растап, еш күмәнсіз сену ғана міндет. Ол міндетті біреуден естіп, қайталау арқылы да орындай алады, ол үшін зерттеп-зерделеп, дәйек іздеудің қажеті шамалы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қарапайым араб халқына кәлима үйреткенде, олардың оны тек жүрекпен растап, тілмен айтуларын жеткілікті санаған еді, қосымша дәйектерін білулерін талап етпеді...

Енді жоғарыда айтылған үшеудің екіншісі «істеуге» (амалға асыруға) келсек. Мәселен, жоғарыдағы мысалда айтылған - сәске уақытында балиғатқа толған кісі, сол күнгі бесінге аман-есен жетсе, бесін намазының уақыты кіргеннен бастап, оған дәрет алуды және намаз оқуды үйренуі парыз болады. Егер дәрет пен намазды үйренемін дегенше сол күнгі бесіннің уақыты шығып кететіндей қауіп бар болса, бесін намазы кірмей тұрып оқып-біліп үйренуді бастауы парыз. Бұл жерде бесін намазын мысал қылып айтып отырмыз, одан өзге намаздарда да солай.

Одан кейін, аталмыш кісі (енді дінге келген кісі немесе енді балиғатқа толған кісі) Рамазан айына аман-есен жетсе, Рамазан айының келуі себепті, оған ораза ұстаудың негізгі үкімдерін білмегі парыз, айталық: ораза уақытының таңнан, кеш батқанға шейін екендігін білу, ниет етіп бастап, күні бойы ішіп-жеуден және төсек қатынастан тыйылу керек екендігін білуі...

Сондай-ақ, аталмыш кісіге мал бітсе немесе балиғат жасына толмай тұрып өзінің жеке дүниесі бар болса, оған балиғатқа толғаннан соң Зекетке байланысты негізгі қажетті мәліметтерді оқып-біліп үйренуі парыз. Бірақ зекетін сол мезетте беруі парыз емес, арадан бір жыл өткеннен кейін берсе болады. Бұл кісінің тек түйе малдары ғана бар болса, ол кісіге түйенің зекетіне қатысты үкімді ғана білуі парыз. Қалған зекетке жататын дүниелер де солай (қой болса, қойдың зекетінің үкімдерін білуі керек т.б.).

Кейін қажылық айлары келгенде, ол кісіге бірден қажылықтың үкімдерін білуге талпынуы парыз емес, өйткені қажылық парызын Шәфиғи мәзхабында (Имам Ғазали Шәфиғи мәзхабының ғалымы) кешіктіріп өтеуге болады, сол себепті оның үкімдерін бірден үйрену парыз емес1. Бірақ ғалымдар қажылық амалын кешіктіріп болса да өтеу барлық шамасы жететін кісіге парыз екендігін айтып еске салып отырғандары жөн. Мүмкін естіген адам сол жылы қажылыққа баруды ниет қылар. Қажылыққа баруды ниет қылған кісі қажылық амалының қалай атқарылатын білуі парыз. Оған қажылықтың алдымен шарттарын, уәжіптерін білуі міндет болады. Қажылықтың нәпіл амалдарын білуі парыз емес, ерікті. Нәпіл амалдарды білу парыз болмайды.

Қалған парыз болған амалдардың үкімдерін біліп, үйрену де осы қажылық сияқты әсте-әсте жүзеге аспақ (алдымен шарттары мен уәжіптерін білуі міндет болады, одан өзге нәпіл, мұстахабтарын білуі ерікті амал)...

Енді үшіншісі «тыйымдарды» білу. Яғни, істемеуі керек істерді де жағдайына қарай оқып, білу парыз болады. Бұл адам әлеуетіне қарай өзгереді. Мысалы, мылқау адамның «айтылуы харам болған сөздерді» білуі парыз емес. Соқыр адамның «қарауға харам болған нәрселерді» білуі парыз емес. Жазық далада көшіп-қонып жүрген мұсылманның «қай жерлерде отырып уақыт өткізуге болмайтындығын» білуі парыз емес (өйткені жазық далада ондай мекендер жоқ). Оны да білу жағдайға қарай міндет болады. Яғни, ешқашан кездеспейтін бір харам іс жайында білу кісіге парыз емес. Алайда айналасындағы харам істерге мән беруі тиіс. Мысалы, бір мұсылман емес адам, мұсылмандықты қабылдаған сәтінде үстінде жібек матадан тігілген киім киген болса немесе біреудің үйінде рұқсатсыз тұрып жатқан болса яки бөтен қыз-келіншектерге қараса, ол адамға бұл істердің бәрі харам істер екендігін айтып түсіндіру керек. Және де ол істемесе де, оның жақын төңірегінде кездесіп жататын харам істердің де (мысалы, арақ-шарап, зина секілді) харам екендігін оған айтып түсіндірмек ләзім. Мысалы, егер доңыз етін жеу және шарап ішу әдеті жайылған бір елде тұрып жатқан болса, оған (енді дінмен танысқан адамға) ол істердің Исламда харам екендігін білдіру міндет болады.

Кәлима шәһәдәт сөздерінің қамтитын сенім төңірегінде бір күмәні бар адам, күмәнін жоятын мәліметтерге қанығып, білуі парыз. Ал жүрегінде кәлимә шәһәдат сөздерінің қамтыған мағынасы төңірегінде ешқандай күмәні болмаса және ол сол күйінше өліп кетсе, ол кісі «Алланың сөзінің мәңгі», «ақыретте мүміндер Алланы көреді», «Алланың жаратылыстарға енбеуі» т.б. осы сияқты кейбір сенім, теология саласындағы мәселелерді білмесе де, ол кісі (кәлиманы айтқандықтан әрі күмәнданбайтындықтан) мүмін болған күйі өлген болып есептеледі, мұнда ғалымдар арасында талас жоқ...

Және де кімде-кім алып-сатарлықпен айналысатын саудагер болса және ол өсімқорлық кең етек алған елде тұрып жатса, оған өсімнен сақтану үшін, өсімге не жатады, не жатпайды, білуі парыз...

Имам Ғазалидің "Ихия улумиддин" атты еңбегінен ықшамдап аударылды.


1Бірақ Әбу Ханифа мен Имам Мәлік бойынша, қажылық парызын өтеуге шамасы жетіп тұрған кісіге кешіктіруі жөн емес, оның үкімдерін білуі оған парыз болады. 

Абдусамат Қасым

0 пікір