КАРАНТИН – Мұхаммед пайғамбарымыздың үйреткен сүннеті
КАРАНТИН – Мұхаммед пайғамбарымыздың үйреткен сүннеті
19 күн бұрын 5305

Сахаба Абдур-Рахман ибн Ауфтан жеткен хадисте (р.а.) Алла елшісі Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

«Егер сіз қандай да бір жерде оба пайда болғанын естісеңіз, ол жерге бармаңыз және егер оба сіз тұрған жерге жетсе, онда ол жерден кетіп қалмаңыз»[«Сахих Бұхари».] 

Сондай-ақ Имам Ахметтің хадис кітабында келтірілген хадисте:

«Оба індеті шыққан жерден кеткен адамдың халі – соғыс майданынан қашқан адам іспетті (күнә). Ал, кім шыдамдылық танытып, оба індеті жайылған жерден шықпаса, шейіттің сауабын алады», - делінеді. 

Яғни, карантин.

Пайғамбарымыз басқа бір хадисінде:

فِرَّ مِنْ الْمَجْذُومِ فِرَارَكَ مِنْ الْأَسَدِ

«Алапес ауруына шалдыққан адамнан, арыстаннан қашқандай қаш!», - деген.[Имам Ахмад: «Мүснәд».].

Осы хадисті түсіндіре келе, ертеректе өмір сүрген ғалымдарымыз былай деп өткен:

«Алапес ауруына шалдыққан адамның сау адамдармен араласуына болмайды. Билік иелері де оларды сау адамдармен араласуына шектеу қоюлары керек. Мысалы, өздерін ғана бір жерге оқшауландыру арқылы т.б. Ал егер, мұндай сақтық шараны жасаудан Билік иесі бас тартса немесе алапес адам бағынбаса, күнәһар болады. Егер, міндетті орындамауға табандылық танытса, пасық болады»[Әл-Бәһути: «Кәшфуль Қинаъ».].

Ендеше, Мұхаммед пайғамбарымыз індет жайлаған жағдайда карантин жариялап, жұқпалы ауру шыққан жерден ешкімді шығармай, ол жерге ешкімді кіргізбей, сақтық шарасын жүзеге асыруымызды үйретуде. Бұған түсіністікпен қараған адамға сауап бар.

Қазіргі таңда еліміздің кейбір қалаларында карантин жарияланып, өкімет ол қалаларға кіріп-шығуды тоқтатты. Ендігі жерде, бұл жағдайға түсіністікпен қарау әрбір азаматтың борышы.  

Хадистің ғылыми түсіндірмесі

Жақында ғылым микроорганизмдердің және олар қоздыратын аурулардың таралу жолдарын анықтады. Ғалымдардың пікірінше, тіпті оба аймағындағы сау адамның өзі қанша індетке шалдықпаған болса да, бәрібір оның микробын жұқтырған болады екен. Бұл дегеніміз, ол аймақтағы сау адамның өзі қауіпті деген сөз.

Бүгінде қолданылып жатқан карантин әдісі бүкіл әлемде профилактикалық шара ретінде бекітіліп отыр. Бірақ, әлем карантиннің бірден бір сақтық шарасы екендігін мойындағанға дейін, жер беті көптеген адам шығынын бастан өткерді. Мысалы, XV ғасырда оба ауруы христиан Еуропасын жалмап, халқының төрттен бірін жайпап кеткендігі белгілі. Бір қызығы, бұл ғасырларда өмір сүрген мұсылман елдерінде жұқпалы аурудан қаза тапқандар саны аз болды.  Оның бірден-бір себебі, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) өсиетін негізге алулары болып табылады. 

Кезінде, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Егер, сендер бір жерде оба тарап жатқаны туралы естіген болсаңдар, ол жерге бармаңдар. Ал, егер ол сендер тұрған жерде жайылған болса, ол жерден қашып кетпеңдер», - деп ескертті. Тіпті, мәліметтерге қарағанда Пайғамбарымыз ондай індет жайылған аймақтың айналасына қоршау орнатып, ондағы халыққа «кім шыдамдылық танытса, шейіттің сауабын алады» деп басу айтқандығы айтылады. Пайғамбарымыздың сөзін екі етпейтін сахабалар, оба шыққан жерден кетпейтін және оба шыққан жерге кірмейтін. Тыйымның мәнісін түсінбеген айналадағы кәпірлер сахабалардың бұл әрекеттерін мазақ қылып, олардың бұл сақтық шараларын ақымақтыққа балаған еді.

Бірнеше ғасыр өткеннен кейін ғана, Алла елшісінің үйреткен сақтық шарасының әлдебір індеттің жайылмауына септігін тигізер бірден-бір тәсіл екендігі анықталып, қазігі таңда іс жүзінде орындалып келеді.  

Енді ойлап қарасақ, XIV ғасыр бұрын өмір сүрген оқу, жазу білмейтін Мұхаммед пайғамбар мұндай пайдалы әдісті қайдан білді? [1] Оның бұл білімі шексіз Құдай Тағала тарапынан білдірілгендігіне күмән жоқ. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Ол (Мұхаммед ғ.с.) өз ойынан сөйлемейді. Оның сөйлегені - оған білдірілген уахидан басқасы емес», - деген . («Нәжм» сүресі, 3,4 аяттар).  

 islam.kz 



[1] Мәлімет "islam-today.ru" сайтынан алынды.

0 пікір