"Ижма" дегеніміз не?
"Ижма" дегеніміз не?
4 жыл бұрын 5486
Абдусамат Қасым

Ислам шариғатында негізгі дәлелдер төртеу: Құран Кәрім, Пайғамбарымыздың сүннеті (хадис), ижма және қияс. Мүжтәһид ғұлама шариғи үкімдерді анықтау кезінде осы негізгі төрт дәлелге сүйенеді. Бұлардан бөлек, истихсан, истисхаб, масолихуль мүрсәлә, ъурф (әдет-ғұрып), шаръу ман қобләнә сынды дәлелдер де бар.

Бүгінгі жазбамыз ижма жайында болмақ.

«Ижма» тілдік тұрғыда: нақты шешімділік, діттеу, ымыраласу деген мағыналарды білдіреді.

Шариғаттағы терминдік анықтамасы: «Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) үмбетінен шыққан «мүжтәһид» ғұламалардың бір ғасырда, әлдебір шариғи үкім жайында ортақ пікірге келулері».

Демек, ижма:

Біріншіден – Мұмаммед үмбетіне (мұсылмандарға) тән дәлел.

Екіншіден – ижма жасау құқы мүжтәһид ғұламалардың еңшісінде болып, қарапайым халықтың әлдебір нәрсеге ымыраласулары, ортақ пікірге келулері «ижма» ретінде саналмайды.  

Ижма – шариғат үкімдерінде жүзеге асады. Ол - ғибадаттар мен фиқһи (құқықтық) мәселелерге қатысты дүниелерде орындалады. Ал, Алла Тағаланың барлығы, пайғамбарлықтың ақиқаттығы деген сияқты ақидаға қатысты сенім-негіздері тек бір ижмамен ғана бекітілмейді. Сондай-ақ, ақыреттік өмір, қиямет қайым, пейіш-тозақ сияқты «шаръи мубиннің» (аят-хадис) баяндауына тәуелді мәселелер де ижмамен білінбейді. Мысалы, қабір азабының болатындығын ижмамен емес, хадистерден білеміз.

Сондай-ақ, әлемнің жаратылысы сияқты ақыл мен логикаға сүйенетін мәселелерде немесе әлдебір дәрінің, әлдебір сырқатқа шипасы болады деген сияқты діні емес мәселелерде, яки тарихи бір оқиғалар төңірегінде ижма жүзеге аспайды.

Ижманың шарттары

1. Ижма иесі болуы керек. Күнәға бармайтын және ижтиһад жасай алатындай терең білімі бар діндар ғұламалар болуы керек.

2. Бір ғасырда өмір сүрген барлық мүжтәһид ғұламалардың бір ауыздан келісім білдірген болулары керек. Сондықтан да, әлдебір мәселе төңірегінде замандас мүжтәһид ғұламалардың бір бөлігі ғана келісім білдіріп, қалған бөлігі қарсы пікір білдірген болса, «ижма» жүзеге аспайды. Кейбір ғалымдар, замандас мүжтәһит ғұламалар арасынан бір-екеуінің қарсы көзқарас білдіруі – ижманың туындауына кедергі емес деген. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Көпшіліктің соңынан ілесіңдер» деп бұйырған. Көпшілік деген сөз, бәрі деген сөз дейді олар.

3. Тек Рашид Халифалардың (төрт халифа) ижмасы немесе Әһли бәйттің (Пайғамбардың ұрпақтары) ижмасы, яки тек қана Мәдина қаласындағы ғұламалардың келісімдері (әлдебір үкімді бір ауыздан қабыл етулері) – ижма ретінде есептелмейді.

Бірақ, Имам Мәліктің (р.а.) тұжырымына қарағанда, Мәдина-и Мүнәууәра халқының келісімдері «ижма» ретінде есептеледі.

Сондай-ақ, шиіттік бағыттың Зәйдия және Имамия тармағының өкілдері бойынша, Алла елшісінің мүбәрак ұрпағынан басқаларының «ижмасы» - ижма емес.

Заһирия мәзһабында және Имам  Ахметтен жеткен екі түрлі тұжырымның бірінде, Сахабалардың ғана ижмасы дұрыс саналып, сахабалардан емес мүжтәһиттердің ижмасы заңды емес деп санаған.

4. Имам Ахмед пен Имам Шафиғидің көзқарасы бойынша, ғұламалардың келісімі ижма ретінде есептелуі үшін бір ғасыр өтуі керек. Яғни, оларға қарағанда бір үкім төңірегінде келісім білдірген мүжтәһид ғұламалар түгелдей қайтыс болғанға дейін, ол келісім «ижма» ретінде есептелмейді. Өйткені, арасындағы кейбір ғұламалардың уақыт өте келе көзқарастарын өзгертулері мүмкін. Дегенмен, көпшілік ғұламалар бойынша, бір ғасырдың өтуі шарт емес. Тіпті, ижма жасаған ғұламалардың бірі кейіннен ол мәселе жайында көзқарасын өзгертіп жатса да ижма бұзылмайды.

5. Бір ғасырда өмір сүрген мүжтәһид ғұламалар бір мәселенің үкімі төңірегінде «иттифақ» еткен болса (бір ауыздан келіскен болса), ол үкім - «ижмамен» бекітілген үкім ретінде есептеліп, одан кейінгі уақыттарда басқа да мүжтәһиттер бой көрсетіп, арадан ғасырлар өтсе де ол ижма бұзылмайды. 

6. Алдынғы буын ғұламалар арасында талас тудырған мәселе төңірегінде, кейінгі буын ғұламалардың ижма етулеріне болады. Мысалы, бір мәселе жөнінде алдынғы мүжтәһид ғұламалар үш көзқарас білдірді делік, одан кейінгі келген мүжтәһиттер сол үш көзқарастың бірінің дұрыстығына тоқтам жасаған болса, ол да ижма саналады. Алайда, үш көзқарастан басқа бір тұжырымға келіссе, ол ижма саналмайды. Өйткені, алғашқы мүжтәһит ғұламалар ол мәселеде тек үш көзқарастың ғана бар екендігін бір ауыздан қабыл еткен болып отыр. Сол себепті, кейінгі ғасырлардағы мүжтәһиттердің оған қайшы келулеру дұрыс емес.

7. Ижма дәлелге сүйену керек. Мүжтәһит ғұламалардың бір мәселе төңірегінде білдірген келісімдері – тек ойларына ғана емес, шариғи дәлелге сүйенуі керек. Бұл дәлел ахад хадис, қияс секілді «занни дәлел» болуы мүмкін немесе аят пен мүтәуәтр хадис сияқты "қатъи дәлел" болуы мүмкін. Егер ижма ахад хадистегі үкімге немесе қиястан шығарылған үкімге жасалған болса, онда ол үкімнің дәлелі бұдан былай, хадис немесе қияс емес, ижма боп есептелінеді.

Алайда, ижманың сүйенген дәлелі аят немесе мүтәуәтр хадис секілді «қатъи дәлелден» (бұлтартпас дәлел) тұрса, онда ол үкім ижмаға емес, сол «қатъи дәлелге» тән етіледі. Бірақ, оның нақтылығы ижма арқылы қуаттай түскен болды. Мысалы, бес уақыт намаздың парыздығы аят пен хадистермен де, ижмамен де бекітілген.

«Ижма-и сукути»

Мүжтәһиттер өз келісімдерін ауызша білдірген болса, оны «қаули ижма» дейді. Алайда, бірсыпыра мүжтәһиттер алынған қарарға үндемеген болса, соның нәтижесінде «сукути ижма» туындайды. Өйткені, ойланып-толғанып, дұрыс-бұрысын таразылау мүмкіндігі бола тұра мүжтәһид ғұламалардың үндемеуі, ол мәселеде өзгелердің келісіміне разы екендіктерін білдірмек. Өйткені, мүжтәһид ғұлама ақиқатты жасырып қалмайды. Егер ол жерде бір қателік болса, міндетті түрде айтар еді. Хақты айтпай, үндемей қалу – харам болып саналады.

Ижманың үкімі

Ижма – бұлтартпас дәлел болып табылады. Ижмамен бекітілген үкім - нақты әрі шүбәсіз.

Ижманың бұлтартпас дәлел екендігін қабыл етпеу – Ханафи фиқһ ғұламалары бойынша, күпірлікті тудырады. Бірақ, сукути ижманы» қабыл етпеу – күпірлікті тудырмайды. Мысалы, Шафиғи мәзхабында «сукути ижма» - ижма ретінде саналмаған. 

Кейде бір мәселенің ижмамен бекітілгендігі мүтәуәтр жолымен жеткен болуы мүмкін, кейде мәшһур жолмен білінген болуы мүмкін, ал кейде ахад жолмен білінген болуы мүмкін. Мүтәуәтр жолмен белгілі болған ижманың ең ұлығы Сахабалардың ижмасы. Мұндай ижмамен нақтыланған үкімді жоққа шығару күпірлікті тудырады. Мүтәуәтр жолмен білінбеген ижманы қабыл етпеу күпірлікті тудырмаса да, кісіні бидғат иесі етеді. Ол - адасушы саналады. Бірақ кәпір болмайды.

"Ижмамен бекітілген үкімдерді жалпыға ортақ және жалпықа ортақ емес" деп бөліп қарау керек деген ғұламалар да болған. Бұған қарағанда, егер, ижмамен бекітілген үкім - жалпыға ортақ мәселе болса, оны жоққа шығару күпірлікті тудырады. Мысалы, намаздың саны, рүкүндері, қажылық, оразаның уақыты мен парыздары, зинаның, өсімнің харамдығы т.б.

Алайда, егер ижмамен бекітілген үкім – жалпыға ортақ мәселенің үкімі болмаса, онда үкімді жоққа шығарушы адам кәпір болмайды. Адасушы болады[1]... 


[1] Омар Насуһи Білмен: «Хукук-и Исләмия уә Истиләһәт-и фиқһия камусу» - Ижма.

 

0 пікір