Хадис пен сүннеттің Ислам дініндегі орны
Хадис пен сүннеттің Ислам дініндегі орны
8 жыл бұрын 4068
Шәмшат Әділбаева

Ислам дінінің өркендеуі мен қысқа уақыт ішінде кең жайылуында хадис пен сүннеттің атқарған рөлі зор. Ислам мемлекеті 622 жылы мұсылмандардың Меккеден Мәдинаға хижретінен кейін құрылған. Алайда, ол құрылған кезінде Мәдинаның тек қана кішкентай бөлігін иеленген. Қаланың қалған бөлігінде мүшірік арабтар мен еврейлер тұратын. Мәдинада иләһи жүйеге негізделген жаңа мемлекеттің іргесі қаланып жатқанда,  арабтар әлі де қараңғылықтың шырмауынан шыға алмай бәдәуилік өмір салтын ұстанып, тағылық тірліктің соңында салпақтап, сайда саны, құмда ізі жоқ, мәнсіз, мағынасыз күн өткізіп жүрді. Олардың белгілі бір басқару жүйесі, заң жобасы  жоқ болатын, тек қана тайпалық дәстүрмен күн кешуде еді.

Меккеден бастау алып, Мәдинада құрыла бастаған Ислам мемлекеті сол кезеңге дейін бәдәуилік күй кешіп, кейін мұсылман болған тайпаларға жаңа өмір жүйесін ұсынды. Бір жағынан некелесу, ажырасу (талақ), сауда-саттық, қылмыстық істер (адам өлтіру, ұрлық) сияқты адамдардың қарым-қатынасына қатысты мәселелерде мұсылман қоғамының әдет-ғұрып нормаларының шекарасы белгіленіп жатты, екінші жағынан Мекке кезеңінде қысқаша баяндалып өткен сенім мен құлшылыққа байланысты діни мәселелер қайтадан қолға алынып, нақтылана түсті.

Мұсылмандар осы жаңа жүйеге тез бейімделіп, жылдам үйренді. Олардың бұл жүйені тез үйренгендігі соншалық, қазірге дейін адамзат бұған таңғалады. Әрине, мұның себебін Ислам дінінің сол кезеңдегі адамдардың бойына сіңірген қасиетті рухынан және адамдардың бұл дінге деген ыстық ықыласынан, сол ыстық ықыластағы шын пейілінен іздеген жөн. Себебі, қыз баланың дүниеге келуі масқаралық саналып, “отбасы” ұғымы аяқ астында тапталып, ішкілік, құмар, пайыз, өсімқорлық секілді рухқа қаскөй жаман әрекеттер  жеке тұлғалардың жан-дүниесін кеміріп, солуына жол ашып, елді аздыратын азулы аурулар кең етек жайып, солардың салдарынан белі бүгіліп, құлағалы тұрған қоғамның кенеттен аяғынан тік тұрып, қысқа уақытта көптеген елдерді өзіне қаратып, белесі жоғары беделге ие болуының басқа себебі де жоқ болса керек. Жаңа құрылған мемлекеттің шекаралары аз ғана уақыттың ішінде Оңтүстік Африкадан Испанияға, бір жағынан Амудария мен Мәуереннәһрге дейін созылып, бір ұшы Үндістанға, келесі ұшы Арменияға дейін, тіпті одан да ары кеңейе түскен. Олар қысқа уақыт аралығында осындай жеңіске жеткізген күшті қайдан алған?! Арабтар гректер мен парсылар сияқты соғыс өнерін білмейтін әрі олардың қару-жарақ пен әскери күші де жоқ еді. Бар білгендері көшпелі өмір салты, ру-руға бөлініп, бір-бірінің малын барымталау, елін шабу, яғни жай ғана басқыншылық болатын. Қараңғылық дәуірде арабтардың соғыс саласындағы бар “өнері” осы-тұғын. Әрине, бұл “өнермен” мемлекеттерді өзіне қаратуы мүмкін емес-ті. Демек, мұсылмандарды жеңіске жетелеп, табысқа кенелткен буырқанып тасған имандары болатын. Бұл иман ең әуелі Құран мен сүннеттен қуат алып жатты.

Хазірет Пайғамбар кезеңінде сахабалар Исламға қатысты мәселелерді Құран Кәрімнен алатын еді. Көбінесе түскен аяттар қысқа әрі нұсқа болатын. Мұсылмандар бұл аяттарды түсіне алмаған кездерінде Алла Елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) барып, аяттың мағынасын түсіндіруін өтінетін. Мысалы, Құран мұсылмандарға намазды белгілі уақыттарда оқу парыз болғандығын айтып,  намаз оқуды көп жерде әмір етеді. Сахабалар бұл әмірдің мәнін түсінгенімен, намаздың қай уақытта, қалай оқу керектігін  Пайғамбарымыздан үйренген. Ардақты Елші (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намаздардың бес уақыт: бесін, екінді, құптан намаздарының 4 рәкаттан, ақшам намазының 3 рәкат, таң намазының 2 рәкат оқылатынын түсіндіріп, қалай оқу керектігін артындағы жамағатқа «Менің оқығанымдай етіп оқыңдар!», – деп көрсеткен. Ал өзі намаз оқуды  Жебірейіл періштенің артында тұрып үйренген. 

Құран Кәрім: «Ей, иман еткендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар және сауда жасауды сол уақытта доғарыңдар»  деген аятымен мұсылмандарға жұма намазының парыз екенін білдірген, алайда бұл намаздың қалай оқылатынын баяндамаған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға жұма намазының 2 рәкат оқылатынын және құтба айтылуы тиіс екенін үйреткен.

Сондай-ақ, Құран Кәрімде мұсылмандардың зекет беруі керек екені бірнеше жерде мәлімделген.  Оларға қай малдан қанша көлемде зекет берілу керектігін Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) толық түсіндіріп берген. Құранда шамасы келетіндер үшін қажылық жасаудың парыз екендігі баяндалған, ал оның уақытын, киімін, тауап жасау, Арафат пен Муздалифадағы қажылыққа қатысты амалдарды мұсылмандарға түсіндірген – Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) еді.

Міне, осы сияқты Құрандағы көптеген мәселелер Хақ жолының хабаршысы Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үйретуі мен түсіндіруі арқылы мұсылмандардың көкірегіне қонған. Әрине, ол бұл істі Алла Тағаланың әмірімен орындады. Құранда Алла: «Біз саған Құранды адамдарға түсіндірсін деп түсірдік»; «Біз саған Кітапты адамдардың бір шешімге келе алмаған мәселелерін түсіндіруің үшін және мұсылмандарға тура жол мен рахымдылық көзі болсын деп түсірдік», – деп бұйырады.

Алла Тағала хазірет Пайғамбарға Құранның аяттарын мұсылмандарға жеткізу мен түсіндіруді  жүктеген, мұсылмандарға да Пайғамбарға бағынып, оның жолымен жүруді әмір етіп: «Расулдың сізге үйреткендерін алыңдар, тыйым салған нәрселерінен де бойларыңды аулақ ұстаңдар» , «Аллаһқа және Оның елшісіне мойынсұнып бағыныңдар» , «Кім Алла Елшісіне бағынса Аллаға бағынған болады», – деген.

0 пікір