Хадис: «Киімдеріңді жуып, тістеріңді жуып, әдеміленіп, тазаланып жүріңдер...»
Хадис: «Киімдеріңді жуып, тістеріңді жуып, әдеміленіп, тазаланып жүріңдер...»
7 ай бұрын 3368

Әзіреті Әлиден жеткен хадис деп келтірілген бір хадисте Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: 

اغسلوا ثيابَكم ، و خذوا من شعورِكم ، و استاكوا ، و تزيَّنوا ، و تنظَّفوا ، فإنَّ بني إسرائيلَ لم يكونوا يفعلون ذلك ، فزَنَتْ نساؤهم

«Киімдеріңді жуып, шаш пен түктеріңді алып, тістеріңді мисуакпен жуып, әдеміленіп, тазаланып жүріңдер. Шынында исраиль қауымы кезінде солай істемегендіктен әйелдері зинаға барды!»  

(Имам Суютидің хадистер жинағынан. Әлсіз хадис).


Хадистен алынар тәлім: 

1) Таза киім кию. Кір-кір киім кимей, киімді ауыстырып, жуып тұру керек.

2) Шашты қысқартып, мұртты алып, қолтық пен әурет жерлердегі түктерді тазалап жүру керек. Қолтық пен әурет жерлеріндегі түктерді қырық күннен асырмай алып тұру керек.

3) Ауыз тазалығы. Тіс тазалағыш пастасымен тісті ең кемі күніне екі мәрте жуып, ауыз тазалығына мән беру керек.

4) Әдеміленіп жүру. «Адам көркі шүпірек» деп атам қазақ айтпақшы, мұсылман адам қалтасына қарай жарасымды киім сатып алып киіп, үсті-басын ретке келтіріп жүргені жөн, тіпті үйінде де мүмкіндігіне қарай жөні дұрыстау киім киіп жүргені абзал.

5) Жиі шомылып тұру. Исламда мұсылман адам ең кемі аптасына бір рет шомылып тұруы керек. Үстіне хош иіс себініп, жуынып-шайынып жүргені абзал. Осы тұрғыда, ер адамдардың әтірі айналаға сезілер өткір әрі аңқыған болғаны жөн, ал әйелдердікі жұмсақ және айналаға сезілмейтіндей аңқымаған болуы тиіс1.

6) Әйеліне әдемі көріну. Ер адам өзінің әйелінің тазаланып, әдемі болып жүргенін қалайтыны секілді, әйелі де ерінен сондай ерекшелікті күтеді. Имам Әбу Юсуфтың (рахимаһуллаһ) мынадай сөзі бар:«Әйелімнің, мен үшін әдеміленгені маған ұнайтыны сияқты, әйеліме де ол үшін әдеміленгенім ұнайды»2. Олай болмаған жағдайда, мысалы, ері жуынбай, (кешіріңіздер) сасып-бықсып өзіне қарамай жүре берсе, шайтан жаман ойлар салып, әйелінің көңілі басқа біреулерге ауа бастауы мүмкін, тіпті күнә, харам тірліктерге де барып қоюы ықтимал екен. Әрине, барлық әйел осындай деуден аулақпыз, өйткені жалпы әйелдер қауымын алып қарасақ, тұрмыстағы әйел кісілердің ондай күнә іске оңай бара қоюы екіталай. Себебі тұрмыстағы әйелдің бала қарау, кір-қоңды жуу, тамақ істеу деген сияқты үй істерімен уақыты өтеді де, басқамен көңіл жарасу дегенді ойлауға да уақыты болмайды. Дегенмен де, күйеуі әйеліне көңіл бөлмей, не өзіне көңіл аудармай, қалай болса, солай жүре берсе, әйелдің де көңілі суый бастауы бек мүмкін екен. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жоғарыдағы хадисінде біршеті «әйелдеріңнің алдында әдемі болып жүріңдер» дегенді де айтқысы келіп тұрғандығын ұғыну қиын емес. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


1  Тирмизи: «Сүнән», 2788 хадис.
2  Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр».

0 пікір