Жақсы сөздің пайдасы
Жақсы сөздің пайдасы
2 ай бұрын 2662
Араб тілінен аударған Құрманғазы САДЫБАЕВ

Мұсылмандарды Һишам ибн Абдулмалик халифа басқарған тұста шөл далада қоныстанған мұсылман араб отбасылары құрғақшылықтан қатты зардап шегеді. Жылма-жыл жалғасқан құрғақшылықтан қиыншылық көрген ел халифаға өз жағдайларын айтып жеткізу үшін бір топ адам жібереді. Олардың ішінде он төрт жасар бала бар еді. Халифа оны кішісініп сарай қақпашысынан: “Мәжіліске мына жас бала қалайша кірді?” - деп сұрағанда Дәурас ибн Хабиб есімді бұл бала: “Ей, мүминдердің әміршісі, менің сарайыңызға кіруімнен сәніңіз бұзылып, бір нәрсеңіз кемімейді. Бұл қауым сізге басына түскен істі айта келіп отыр,” - дейді. Халифа оған разы болып: “Өзіңнің және мына келген кісілердің қажетін айт,” - дейді. Бала: “Жерімізге келген құрғақшылық үш жыл бойы жалғасуда. Бірінші жыл сүйегімізді жеді. Екінші жыл сүйек майымызды ерітті. Үшінші жыл өзімізді жеді. Қолдарыңызда артық мал бар. Егер ол мал Алланың малы болса, бізге таратыңыздар, біз де — Алланың құлдарымыз. Егер ол халықтың малы болса, неліктен бізге сараңдық етесіздер? Ал егер мал сіздердікі болса, бізге садақа жасаңыздар. Алла Тағала ол үшін сіздерге сый береді. Халық дене болса, ел басшысы сол дененің жаны секілді. Ал жансыз дене не істей алады?!” - дейді. Баланың бұл сөзі халифаға қатты ұнайды. Ол қызметшілеріне келген адамдарға жүз мың динар беруді әмір етеді. Ал, балаға үлкен сыйлықтар берді. Бала оны халыққа таратады.

Ғибрат: Баланың әдебі мен шешендік сөзі өзіне де, қауымына да пайда келтірді. Ол өзінің жеке басынан гөрі көптің жағдайын жоғары қойып, өзіне тиесілі нәрсені де халықпен бөлісе білді.

 

0 пікір