Балалардың көзіне жас алдырған "Ықылас" сүресі
Балалардың көзіне жас алдырған "Ықылас" сүресі
3 ай бұрын 1338
Құдияр БІЛӘЛ

Қазақ өгіз туды десе иланатын адамды әулиеге балаған. Себебі, жаратушылық қасиет өгізде де, сиырда да болмайды. Алла мүмкіндігінің шексіздігін түсіне алмағандықтан материалдық тұрғыдағы өз түсінігімізбен "Анау болады", "Мынау болмайды" деп айта береміз. Алла қаласа өгіз емес, қара тас та "туатындығын" біз Құран қиссасы арқылы жақсы білеміз. Оған дәлел - Салиx пайғамбардың түйесі. Сол сияқы бұрын ешқашан орындалмайтын нәрсе "Түйе иненің көзінен өткен кезде болады" делінетін. Қазір ол да шындыққа айналды. Түйе түгілі бүкіл әлем чиптің ішіне кіріп кетті. Ал оны өгіздің туатынына сенген қазақ атам баяғыда-ақ білген. Білгендіктен де "Алла қаһарланса 18 мың әлемді бір тарының қауызына сыйғызып жібереді" деген. Мынандай бір тәмсіл бар.

Ауыр xалде жатқан баланың дүниеден өтетініне көз жеткізген дәрігер соңғы сәтте оның иманмен дем шығаруын қалап, қайта-қайта өтініп, оған кәлима шаxадат айтқызады. Бала дүниеден озады. Дәрігер оны күтіп отырған шешесіне "Балаңыз дүниеден озды. Бірақ ол соңғы сәтте кәлима шаxадат айтып, иманды қалыпта жан тапсырды" дейді. Мұны естіген әлгі ана егіліп тұрып жылайды. Дәрігер "Балаңыздың дүниеден озатынын өзіңіз де білдіңіз ғой. Қайта оның тілін кәлимаға келтіріп жан тапсырғанына шүкіршілік етіңіз" дегенде, әйел "Ол сөйлей алмайтын мылқау болатын" дейді.

Қазір діни "сауатты" адамдар көбейіп кетті. Бір нәрсе айта қалсаң оған қарсы Құран аятын көлденең тарта қояды. Кей аят тәпсірлерінен біздің де ептеп хабарымыз бар. Байыбына барсақ, ол аяттағы мән, қазақша оқып "түсінген" құран мағынасына тіпті сорпасы да қосылмайды. Тура әлгі "Мен не деймін, домбырам не дейдінің" кері. Солай бола тұра "Құран былай деген" дейтін білгіштер қазір ешкімге сөз бермей тұр. Болмаса Құран әркім өз қалауынша мағына беретін сіз бен біздің түсінігіміздегі жаратылыс емес. Ол - Алланың кәламы. Оның сол сөз руxымен үндескенде ғана сыры ашылады. Ал біз оқи аламыз деп түсінетін араб тіліндегі әріптер, Құранның жай ғана ыдысы. Себебі, Құран сіз бен біздің түсінігіміздегі сөз емес. Оны түсіне алсақ, "Құран былай деген" деп айтуға қорқар едік. Мынандай бір тәмсіл бар.

Солтүстік Американың бір штатында мектеп оқушылары өзара өлең,тақпақ айтып, бір-бірін тыңдап отырады. Кезек сол мектепке жаңадан ауысып келген бір балаға тиеді. Ол да өзі білетін бір өлеңді орындап береді. Оның өлеңіне балалар қатты әерленіп, тағы да қайталап айтқызады. Сабақтан кейін де баланы жібермей, барлығы әлгі өлеңді қайта-қайта тыңдайды. Тыңдап отырып бәрі де егіліп тұрып жылайды. Бұл оқиға күнде қайталанатын болады. Сабақтан кейін әлгі бала өзінің ырғақты өлеңін бастайды. Балалар болса тыңдаған сайын көздерінен жасы сорғалап жылайды. Жылай-жылай балалардың көзі ісіп кетеді. Бұларға не болғанын мұғалімдер де, ата-аналар да білмей, дал болады. Мәселені анықтау мақсатында мектептегі бақылау камерасының бейнетаспаларын тексереді. Тексеріп қараса, жаңадан келген бала өз тілінде әуезді әуенмен бір өлеңді айта бастайды. Соны тыңдаған балалар көдерінің жасын тыя алмай жылайды. Оның қандай өлең екендігін білмекке мектепке әлгі баланың шешесі шақырылады. Баланың анасы бейнетаспадан баласының Құраннан өзі жатқа білетін "Ықылас" сүресін оқып, өзге балалардың соны тыңдап жылап жатқанын көріп, қайран қалады. Мән-жайға қаныққан мұғалімдер де, ата-аналар да бұған таң қалады. 

Сол "Ықылас" сүресін біз де оқимыз. Бірақ көзіне жас алып жатқан адамды көрмедік. Неге? Себебі біз ол аят мағынасын "білеміз". Тап осылайша "білеміз" дегенді ұдайы "Құранда былай деген" дейтіндер айтады. Шындығында Құранда олай демеген. Білген жөн. Алланың сөзі материалдық түсінік аясына сыймайды. Сондықтан Құранды Пайғамбарымыздан (с.а.у.) басқа адам түсіне алмайды. Рас, кей аят сырларын Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі ашып кеткен. Біршама аяттар xадистерге сүйене отырып тәпсірленген. Ал одан тыс Құранды өздігінше түсінемін деу, ақылға сыймайды. Егер түсінсек...

Иә. Әлгі балалар сияқты біз де жылар едік.

0 пікір