Әзіреті Османның бетінен ұрған қолдың ақыры
Әзіреті Османның бетінен ұрған қолдың ақыры
10 ай бұрын 5762

Төрт шадиярдың бірі Әзіреті Османды танымайтын қазақ жоқ шығар. Қазақта оның есімімен «ассалаумағалейкум, адыраспан, атыңды қойған Омар, Оспан» деген сөз қалған. 

Әзіреті Осман ибн Аффан - Пайғамбарымыздың (с.а.у.) күйеу баласы. Өте биязы, ұялшақ әрі аса жомарт болған. Әзіреті Омар қайтыс болғанда сахабалар оны халифа қылып тағайындайды. Он екі жыл ел басқарады. Осы он екі жыл ішінде қоғамға және Ислам әлеміне көп еңбегі сіңеді. Оның халифалығы кезеңінде түйенің ақ қарны жарылған заман болады. Халық молшылықта өмір кешеді. Алайда, билігінің соңғы алты жылында қоғамда бүліктер көбейіп, жұртты халифаға қарсы қоюшылар көбейді. Мұның ақыры көтеріліске ұласып, сырты мұсылман іші кәпір болған екі жүзді Ибн Сәбә есімді адамның бастауымен Әзіреті Османның үйіне шабуыл жасалып, ардақты сахаба Құран оқып отырған сәтінде шейіт етіледі. Төмендегі оқиға ардақты сахабаға шейіт болғаннан кейін де тыныштық бермей оның жүзінен ұрған пәтшағардың жағдайы баяндалады. 

Бұл әңгіме Имам Бұхаридің «Тәрих» атты еңбегінде келтіріледі. Жеткізуші - тәбиғин Мұхаммед ибн Сирин (радиаллаһу анһ, тәбиғин - сахабаның көзін көрген адам). Ибн Сирин былай деп әңгімелейді: 

«Бір күні Мекке қаласында Қағба тасты тауаф етіп жүргенімде бір ер адамның «Уа, Құдайым! Мені кешір. Бірақ бәрібір мені кешірмейтіңді білемін!» деп жалбарынып жүргенін көрдім. Кейін оған жөнеліп: 

- Ей, Алланың пендесі! Сен сияқты сөздер айтып құдайдан кешірім тілегенді бірінші естуім, - дедім олай деуінің себебін сұрап. Сонда әлгі адам олай деуінің себебін былай деп әңгімелеп берді: 

- Кезінде мен «Османның бетінен ұрмай қоймаймын» деп, Аллаға ант берген-тұғым. Кейін Осман шейіт болды. Шейіт етілгеннен кейін денесі үйінде төсегіне жатқызылды. Жұрт үйіне кезекпен кіріп, жаназасын оқып шығып жатты. Мен де кірдім. Бөлмеде ешкім болмады. Бұрынғы Аллаға берген антым ойыма келді. Антымды орындау үшін бұдан артық оңтайлы сәт болмас дедім де, жүзін жауып тұрған матаны көтеріп, бетінен шапалақпен ұрдым. Қайта бетін жауып, бұрылып кетіп қалдым. Алайда содан кейін ұрған оң қолым құрғап кетті, - деп етегі жасқа толған күйі әңгімесін аяқтады.

Оның қолына қарағанымда, расында да қолы құдды қураған бұтақ тәрізді құп-қу таяқ болып қалыпты» дейді Мұхаммед ибн Сирин сөзін аяқтап (рахимаһуллаһ)1. Әзіреті Осман сияқты әулие жанның бетінен ұрғанның ақыры осылай болған екен. 

Әзіреті Осман - Ислам діні енді насихатталып жатқан шақта ең бірінші иман еткен сахабалардың бірі және пейішпен сүйіншіленген он сахабаның бірі. Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) екі қызын алғанына қарап  оған «екі нұр иесі» деген ат берілген (біріншісі қайтыс болғаннан кейін, екінші қызын алады). Әзіреті Осман өте бақуатты және өте жомарт сахабаның бірі еді. Оның бір яһуди саудагерден қомақты ақшаға (30-40 мың дирхам) сатып алып, мұсылмандардың игілігіне тапсырған құдығы «Османның құдығы» деген атпен әлі күнге дейін ел игілігіне жарап келеді. Құдық - Медине қаласында. 

Пейіштің төрінде шалқығай, ардақты сахаба! Радиаллаһу анһ!


1Ибн Кәсир «әл-Бидая уән Ниһая» - Отыз бесінші жылғы оқиғалар. Әзіреті Осман.

0 пікір