Қажымұқанды жеңген қазақ кім?
Қажымұқанды жеңген қазақ кім?
4 ай бұрын 3465 alashainasy.kz/

Қазақ әдебиетінің классигі Әбділда Тәжібаев Қажымұқаннан: «Сізден күші асқан қазақ бар ма?» – деп сұраған екен. Қажымұқанның жауабы:

«Болды. Семейге келгенімде бір бейтаныс жігіт келіп: «Ассалаумағалейкум!» – деп сәлем бере үйге кіріп келді. Бір тізерлеп отыра қалып, нан ауыз тиді де, маған: «Қажы-аға, уақытым аз, асығыспын. Сізді қонаққа шақыра келдім. Осы қазір жүріңізші!» – деп орнынан түрегелді. Атып тұрып, ере жөнелдім. 

Пәуескеге отырып, Ертіске келдік. Бір қайықшы қайығымен тосып тұр екен. Қайыққа отырдық. Содан өзен ортасындағы Түйемойнақ аралына алып келді. Аралда дастархан жайылып, дәмге отырдық. Сонда мені шақырған жігіт себебін түсіндіргені: «Аға, арманым – елдің даңқын көтеріп жүрген сізді бір көру, қонақ етіп, құрмет көрсету еді. Алла бұл тілегімді қабыл етті. Енді сізден бір өтінішім: мені бір сынап көріңізші. Өйткені өз күшімді сынайтын адамды жолықтыра алмай жүрмін», – дегені. «Қалай? Күресіп пе?» – деп сұрадым. «Иә», – деп жауап берді.

Аралда ағаштардың арасындағы таса жердегі алаңқайға бардық. «Жол – сіздікі. Жасыңыз үлкен», – деп, аяқтарын алшақ қойып тұра қалды. Әлгіні олай-бұлай итеремін, тартып қаламын, тамыры терең емен секілді, былқ етпейді. Тұрған орнынан қозғай алмай-ақ қойдым. Қақиған мойны да иілмей қойды. «Ал енді өзің көр», – деп кезекті бердім. Сол-ақ екен, ол бір қолымен иығымнан қапсыра ұстады да, шыр айналдырып, дедектете жөнелді. Бір уақытта екінші қолымен қоса ұстады да, жерден көтере айналдырды. Дүние жүзінің қанша мықтысымен күрессем де ешуақытта мұндай күйге түспеп едім. Әлгі жігіттің қолында орамалдай желпілдеп, айнала ұшып жүрмін. Бір уақытта тік көтеріп алды да, жерге екі аяғыммен дік еткізіп қоя қойды. Сосын басын иіп, тізесін бүгіп, еңкейіп тағзым етіп: «Кешіріңіз, аға! Жа­уырыныңыз жерге тимесін», – деді. 

Күші асып тұрып, тағы да аға деп сыйлап, жықпай тұр. Ешкімді маңайына жолатпауы да менің абырой-даңқыма сызат түспесін дегені. 

Мен қазақ болып туылғаныма, үлкенді сыйлайтын әдет-ғұрпыма, оны білетін інілер барына қуанып, жүрегім елжіреп, иілген басын көтеріп, құшақтап алдым. Көзімнен жас та шығып кетті. Осындай ініні көтеріп, бағын ашсам, армансыз болатындаймын. 

«Жүр, бауырым, менімен бірге. Дүние жүзінде саған тең келер ешкім жоқ. Өзім аралатамын. Үнемі жаныңда боламын. Дүние жүзінің балуандарын енді сен жығасың. Жүр менімен бірге», – дедім. Сөзіме, көңіліме риза болып, бірақ басын шайқады. Өмір бойы көре алмай жүрген туысын тапқандай, елжіреп, «ағалай» береді. «Аға! Жан аға! Дүние жүзі балуандарын жығатын, қазақты әлемге танытып жүрген сіз барсыз ғой. Мен несіне барамын? Менің жолым бас­қа болып тұр ғой», – дегенді алға тартты». 

Бұл дерек 1977 жылы «Жұлдыз» журналының 12-санында Әбділда Тәжібаевтың «Есімдегілер» деген естелік әңгімесі түрінде жарияланды. Бірақ Әбділда Тәжібаев нұсқасында: «Мен қисық жолға түскен жанмын. Атымды біліп неғыласыз?» деген жолдар бар.

Осы балуанның өмірбаянын анықтаған адам – жазушы, Алаштанушы Сейтмұхамет Тәбәрікұлы. Қажымұқанды жеңген қазақтың аты – Ыбырай Түсіпұлы (суретте). 1898 жылы өмірге келіп, 1958 жылы, 60 жасында қайтыс болған. Ақынбет керейдің ішіндегі Қареке атасынан шыққан. 

"ЗАМАНА".

0 пікір