Мұстафа Өзтүріктің дінге көзқарасы
Мұстафа Өзтүріктің дінге көзқарасы
8 жыл бұрын 6570
Несіп Жүнісбаев "Мұстафа Өзтүрік"

Таңғы астан соң атақты «Айша бибінің» зиратын көруге бет алдық. Айша мен Қараханның махаббаты жайлы көгілдір көз қызымыз мұңдана айтып келеді. Ғашықтықтың ғажайып романы бір бұл емес болар, әйтсе де туған жерімізде тұрған еңселі ескерткішті әбден аралап, сыртқа бет алғанда, тұтқиылдан Мұстафаның дауысы шықты:

– Ау, азаматтар, мынау ару әпкемізге бір ауыз Құран арнамаймыз ба?! Сонау жер түбінен туғандары келгенін аруағы сезінбейді деймісіздер?

Ұяттан өрттей қызардық. Ұзақ уақыт бойы мұндай киелі жерге кірсек те, мұсылмандықтың мәзіретін де жасауға батпай, «жақсы екен», «жақсы екенмен» сырғып кете беруге дағдыланған басымыз әлгідей имандылықтан ажырағалы қашан. Дереу тізерлеп, отырыса қалдық. Стамбулдан келген жап-жас жігіт Мәмет Темір Құран сүрелерін айта жөнелді. Бәріміз "әумин" айтып орнымыздан көтерілген кезде, жанымыздың едәуір жеңілдеп қалғанын сезіндік.

Менің сұраулы жүзім әсер етті ме, әңгіме тиегін Мұстафаның өзі ағытты...

- Әлгі әрекетімді көзге түсу деп ұқсаңыз, көңілге тас атқаныңыз, аға. Ауызға Алланы алмай, ас ішпейтін мұсылман баласымыз. Иманды болудың, тәубаны ұмытпаудың не зияны, кімге кедергісі бар. Жоқ, керісінше, ұлы ел болу үшін үш нәрсе қажет деп ойлаймын. Олар – тіл, дін және әдеп-ғұрыптың тозбауы. Қараңызшы, сіздер – елде, біз– қиянда, бірақ түбіміз бір туыспыз. Алда да алқымымыз іспесін десек, балаларымызға тіл үйрету парыз. Дін – сенім. Жақсылыққа, жарқындыққа сенім. Сенім жоқ жерде өсу жоқ, өркен жаю керек. Міне, біздер, қай режимге сенуді білмей, жол айрығында отырсыздар. Дін – сенімнің қазығы. Алда қандай режим болады, оған үйренуге болар. Бірақ сенім – бәрінің қазығы. Балаларға да тәрбиені осылай берген жөн. Осыны ұғынсақ басқа жағынан жау алмайды. Батырлық, байлық бұрыннан бар қазақта. Әйтсе де, осынша жерді сойылмен қалай қорғап қалған кезінде? Ғашықтық жөні бір басқа ғой. Халқымызда сол туралы аңыз да аз емес. Ал ақындық деген екінің бірінде бар. Рас, экономика селкеулеу. Соны ширататын қыз-жігіттер керек-ақ. Ол – оқумен келеді. Жастарымызды батысқа жіберіп, білім алғызу қажет. Егеменді ел бола қалғанда да, ешкім ештеңе әкеліп бермейді. Бәрін өз қолымызбен орнатуымыз керек. Менің білетінім осы.

 

0 пікір