Әлихан Бөкейхан "Дін таласы"
Әлихан Бөкейхан "Дін таласы"
2 ай бұрын 1233
Әлихан БӨКЕЙХАН

 (Сурат кофеханасы)

Үнді жерінде, Сурат қаласында кафеханасы бар еді. Сонда талай жерден, талай елден адамдар кез болып ұшырасатын еді. Бір күні сол кафеханаға Иранның бір ғалымы кірді. Бұл ғалым тəңірінің тəңірісін танып білемін деп көп әуре болған еді. Осы турасында көп оқып, өзі де көп жазған еді. Көп оқып, көп жазып, көп ойлап, ақылы ауысып, ойы шатасып, ақырында Құдайға тіпті илануды қойған. Мұнысын Иран патшасы біліп, қол астында тұрғызбай, қуып жіберген. Сорлы ғалым тәңірліктің түбіне жетем деп, ойлай-ойлай, өзінің миы ашығанын сезбей, барша ғаламды билеуші ұлықтың-ұлығы, дананың данасы, Құдайды жоқ қылмақ болған.

Бұл ғалымның соңында қайда барса қалмай еріп жүретін бір қара құлы бар еді. Қожасы кафеханаға кіргенде, құлы тыста қалды. Үйдің күн бетінде жатқан бір тасқа келіп, үстіне қонған шыбындарды қуғыштап отыр еді. Ғалым кафеханаға кіріп, диванның үстіне жатып бір шыны аяқ апиын сұрады. Апиынды ішіп салып еді, апиын миына тиіп, ойын қозғады. Сонда ғалым құлына дауыстап:

- Ей, оңбаған құл! Сен қалай ойлайсың? Құдай бар дейсің бе? Жоқ дейсің бе? -дейді. Құл айтты:

- Əрине, құдай бар деймін, - слай деп, беліне қыстырған ағаштан бір кішкентай нəрсені суырып алып: - Міне құдай! – деді. – Жан болып жаратылғанда, мені сақтайтын осы. Біздің жұрттың табынатын біздің жақта əулие ағаш бар. Мынау нақ соның бұтағынан істелген, - деді.

Бұлардың сөйлескен сөзін кафеханада отырған адамдар естіп, таңырқасты. Оларға қожасының сұраған сауалы да, құлының қайырған жауабы да таң көрінді. Сонда отырған брахма дініндегі біреу құлдың сөзін естіп шыдап тұра алмай:

- Ей, жарым ақыл бейшара! -деді. - Құдайды адам беліне қыстырып жүре ме? Құдай кісінің беліне қыстыруға сияды деп ойлауға мүмкін бе? Өзің не айтып отырсың? Құдай брахма емес пе? Ол барша ғаламды жаратқан, барша ғаламнан ұлық. Өзгеріліп, талай аударылып үсті астына түсіп жатса да, бұл абыздардың қалпы Ғанғыс дариясының бойында ғибадатханалар салған құдай – сол. Брахмалық абыздың құлшылық етіп жалбарынатын құдайы да сол. Хақ құдайды таныған һəм анық білетін жалғыз-ақ осы абыздар. Дүниедегі істердің қалпы өзгерілген жоқ. Оларды сақтап пана болушы жалғыз құдай, хақ құдай - бархама!

Осыны айтса, отырған жұрт ден қойып иланатындайлық бархамалық мұны айтып еді, сонда отырған алыпсатар иуда оған қарсы сөйлеп тұра келді:

- Жоқ, сен олай деме! Хақ құдайды танитын жұрт брахмалар емес. Құдай пана болып сақтайтын брахман емес. Шын құдай Ибраһим, Ысхақ, Яхуп пайғамбарлар таныған құдай. Жалғыз-ақ өзінің Израйыл жұртына дүние жаратылғаннан бері құдайдың қалаған жұрты да, сүйген жұрты да біздің жұрт. Ахырында бізді дүниежүзіне адастырып, тоздырып жібергені – сүйген жұртын əншейін бейнет беріп сынамақ үшін. Бізге жіберген құдайдың уағдасы бар: “Құдысқа қайтадан жиып, Құдыс ғибадатханасын қайта орнатып, басқа жұрттың үстінен үкіміңді жүргізіп қоямын» деген, - осылай деп иһуд жылап жіберді. Ол тағы да сөйлемекші еді, оның сөзін сонда отырған италиялық біреу бөліп, иһудқа айтты:

- Дұрыс емес мұның! Сенің айтуыңша, Құдайда əділдік жоқ боларға керек. Бір жұрттан бір жұртты артық көру Құдайдың əділдігіне лайық емес. Бастапқы кезде израйыл жұртын Құдай сүйсе де, онан бері 1800 жыл болды. Сендерге тəңірінің қаһары түсіп, отансыз əр жерге тозып кеткендеріңе, сендердің осы күнде дендерің жыйылып, тұқымдарың көбейіп өспек түгіл, күннен-күнге азайып, өшіп бара жатыр. Құдайда артық я кем көрушілік жоқ. Бірақ сауап табатын жол жалғыз-ақ біздің римдік католик дінінде. Онан басқа дінде сауап табу жоқ, - италиялық бұлай деп еді, сонда отырған протестант попы сұрланып италиялыққа айтты:

- Қалайша сіз жалғыз сауап жол өздеріңде дейсіңдер? Жадыңызда болсын! Сауап табатындар Исаның дұрыс інжілімен амал қылғандар.

Сол жерде Суратта қызмет ететін бір түрік отыр еді:

- Нағыз хақ дін біздікі деп бекер айтасыңдар. 600 жыл болды Інжіл қалып, Құран келгеніне. Сауап ең ақырғы пайғамбар Мұхаммедтің жолында. Өздеріңіз айтып отырсыздар ғой: иһуд діні нашар деп; нашарлығынан тіпті жайылмай, тұқымы азайып, құрып бара жатқаны деп. Ислам дінінің артықтығы емес пе, Еуропа, Азия, тіпті Қытайда да адам жайылып бара жатыр. Оны өздеріңіз көріп тұрған жоқсыздар ма!? Сауап табады жалғыз-ақ ақырғы пайғамбар Мұхаммедке иланған адам. Онда да сунни мазһабындағылары, шийт мазһабындағылар да кəпір.

Түріктің сөзіне қарсы ирандық біреу сөйлейін деп еді, сонда отырған һəр түрлі һəр діндегі адамдар керіске кіріп, шулап-дулап кетті. Олардың ішінде һəр діннің һəр түрлі мəзһабынан адамдар бар еді. Дінсіздердің күнге табынатын, отқа табынатын, пұтқа табынатын қумарларынан жоқ емес еді. Бəрі де құдай кім екендігіне һəм оған қылған құлшылығының қайсысы дұрыс болмақшы екендігіне дауласты. Қысқасы һəр қайсысы хақ құдайды білетін һəм оған дұрыс құлшылық қылатын да біз деп таласты. Қысқасы һəр кім өз дінін қуаттап, ауыздары көпіріп, шулап-дулап таласып жатты. Жалғыз-ақ Канфутси мәзһабындағы бір қытай таласқа кіріспеді, тыныш отырды. Өзгелердің сөзіне құлақ салып, үндемей, шайын ішіп, жай отыр еді, түріктің соған көзі түсіп айтты:

- Қытай əпендім! Өзге болмаса да сенің мені қостайтын орның бар емес пе? Мен білемін, сіздің Қытай жерінде осы күнде һəр түрлі дін барып жайылып жатыр. Бəрінен де біздің Мұхаммед дінін артық көреді һəм біздің дінге кіруге сіздің жұрт бек ықыласты, - деп келген саудагерлер талай маған айтқаны бар. Менің сөзімді қуаттап, сенің қостайтын ретің бар. Əуелі Алла, екінші хақ пайғамбар турасында не ойлайсың? Айтсаңшы!» Өзгелері де: “Сен қалай ойлайсың, ойыңды айтшы” деп, қытайға жабысты...

жалғасы бар 

0 пікір