Алғашқы "ғылымхал". Дәулетбек Байтұрсынұлы
Алғашқы "ғылымхал". Дәулетбек Байтұрсынұлы
5 ай бұрын 2148
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

(Ұстазым Әбдісадық Рахымбайұлы туралы)

Орта мектепті бітіретін жыл еді. Үйге үш кісі келіп түсті. Қыстың соңы, көктемге таяу шақ. Жол бастап жүрген атамыз орта бойлы, шағындап сыпайы ғана сақал қойған аққұба өңді жинақы кісі. Көзәйнек таққан жанары тесіліп қарамай, тез сыдырта қарап өте шығады. Қасындағы бір ағамыз ұзын бойлы қараторы, қияқтай мұрты бар қағілез адам, енді біреуінің ерекше белгісі есімде қалмапты. Әке-шешем жігі-жапар болып үлкен құрметпен қарсы алып, киімдерін алып, астыларына көрпе салып әбігер болды да қалды. Бізде өз міндеттерімізді шама шарқымызша атқарып жатырмыз. Қария алыстан қайырып жөн сұрап, амандасып жатыр. Бұл маңдағы туыстардың атын атап, түсін түстеп аман-саулығын тәптіштеп отыр.

- Үлкендер бар кезде барыс-келісіміз жақсы, жиі-жиі қатынасып тұрушы едік... Ескінің көзі кеткен соң, сол байланыстар саябырлап барады, - деп бір тоқтаған ата, біз жақты көзімен бір сүзіп шығып:

-Байтұрсын, сен танығаныңмен мына балалар жағы мені білмейді, өзім айтайын. Арғы жағын айтпағанның өзінде Сүйіндіктен бергісін білетін шығарсыңдар?.. Қойсоймас, Абақ, Жайнақ деп келеді. Жайнақтан Байсерке, Жансерке, Абиыр, Байұзақ, Солтанқұл бес бала тарайды. Сондықтанда жұрт бізді «Бес-Жайнақ» деп атап кеткен. Сендер Абиырдан тарайсыңдар, мына біз Солтанқұлдың балаларымыз. Рахымбай болыстың баласы Әбдісадық деген аталарың боламын, - деп, бізді барлап тағы бір қарап алды. Айтқаным жетті ме, жетпеді ме? Осылар тыңдап отыр ма, тыңдамай отыр ма дегендей сынай қарап тұр. Сөзді баппен, сіңіріп айтуды ұнататын мінезін бірден байқадым. Әңгімесін ары қарай жалғады.

- Сендер көп жыл бойы көшіп қонып жүрдіңдер де, қайда қыстап, қайда жайлағандарыңды біле алмағандықтан іздей алмадық. Соңғы кезде аудан орталығына тұрақтапты деген сөзді құлағымыз шалды. Сондықтан мынау бауырларыңды таныстырайын, бір әңгімелесіп қайтайық деп ат басын бұрдық. Баяғыда ақсақалдар «Бармасаң-келмесең жат боласың, алмасаң-бермесең сарт боласың» деп отыратын. Басқа бір жерде кездесіп қалсақ, осы жастар танымағандықтан салам бермей өте шығатын шығар!.. Біз өте жақын туыстармыз, былай айтқанда «екі туып бірі қалғандармыз». Іргесі бөлінбеген Бес-Жайнақтың тұқымдарымыз. 

Мен түсінгендей болдым, әкемнің жазып берген ата-жөн шежіресінде бар болатын. «Жайнақ балалары Айт болысын жиырма сегіз жыл сұрапты» деген сөз ылғи да айтылатын. «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақта» деп біз жақтағы албан абайлап сөйлеп айылын жиып отыратын.  Осы мәтелді кездесе кеткеннің бәрі айтатын. 

- Мен совет өкіметінде оқыған адаммын. Отызыншы жылдардағы қаш-қашта дәм-тұз айдап осы Мұңғұлкүренің Аттың тауына келіп қоныстандық. Кейін ел отырақтасып жиналғанда Ұзынбұлақ ауылында қалдық. Сол кездің оқуымен жеті кластық білімім болғандықтан бұл өкімет мені мұғалім етіп қойды. Содан Ұзынбұлақ, Аттыңтауы, Ортамыс, Шетмыс, Қалқаты, Тасбұлақ жерінде көшіп-қонып жүріп бала оқыттым. Жалпы қырық жыл мұғалім болып, қазақтан өзге ұйғыр, мұңғұл балаларына да сабақ бердім. Шәкірттерім мыңнан асып кетті. Совет жерінде жүргенде сауатымызды ескі оқумен ашып, аптиекті бітіргеміз, Құранды оқып шығаратын қабілетіміз болды. Сол үшін соңғы кезде ауылымыздағы мешітке имам етіп сайлап қойды. Қазір Ұзынбұлақтың молдасымын.

Байқап отырмын, әңгіме түсінікті болды. Бағана келген де ақ, ішім сезіп еді. Сақал-мұрт қоюы, киінуі, көзәйнек таққанына дейін басқаша көрінген болатын. Бұл кісі оқымысты, көпті көрген қария болды. Ендеше әңгімесін тыңдаудың жөні келіп тұр...

Шешем тез қимылдап қонақтарға дастарқан даярлады. Сол қолыма кіршінің бір шетінен ұстап, сол иығыма орамал асып, оң қолыма құман ұстап кісілердің қолына су құйдым. Су құюдың да өз жөні бар, қылтаңды бүкпей тізеңді тік ұстайсың, беліңді иіп, аса сақтықпен суды аз да емес, көп те емес уыстарынан асырмай құясың.  Сорғалатып төге бермей үзіп-үзіп үш рет құясың, егер болғанын сездірсе тоқтай қаласың, тағы да уысы ашулы және тосулы болса төртінші рет құюға болады. Қолының суын сығымдап қысып сорғыта бастаса, онда болды дегені. Оң қолыңдағы құманды шамалы уақыт жерге қоя тұрып, иықтағы орамалды баппен өзің алып қолына ұстатасың, сонан соң барып келесі қонақтың алдына жылжисың... Біз бұны жасымыздан үйренгендіктен мүдірмей, төрт-бес кісі тұрмақ, тойдағы үй толы жиырма шақты адамға қыбырламай, жыбырламай, қипыжықтамай құйып шығатынбыз. Су құйып Әбдісадық атаның батасын алдым, ағаларым да ықыластарын танытып жатыр. Әңгімемен ұзақ отырып шәй ішілді, артынан соғымның сүрісі сыбағасымен алдыларына тартылды. «Еске алған кісіге ескі асын сақтайды» деп, біреу-міреу келіп қалар, ұят болмасын деп әтуерлеп соңына іркетін кәделі сүйек осы кезде қазанға түседі. 

Көп жылдан бері «адасып» қалып табысып жатқан туыстардың әңгімесі бітер емес... Кім қайда тұрады, кімнің неше баласы бар, келін алды ма, қыз ұзатты ма?.. Бес-Жайнақтың Жұңгодағы ұрпақтары, Совет еліндегі ұрпақтары, үлкендерден кім қалды... деген сөздер бірінен кейін бірі айтылып жатыр. Ата-жөн шежіресі де біраз қаузалып айналамыздағы ру-тайпалардың өткен-кеткені сөз болды. 

Дастарқан үстінде шешем екі рет орнынан тұрып сәлем жасады. Бірі шәй үстінде болды. Әбдісадық ата алдындағы бауырсақтан бір талын алып, шәйі ішіліп болған кезекті шынысына салып қайтарды, мен оны шәй құйып отырған шешеме ұсындым. Шешем шыныдағы бауырсақты көрген соң орнынан тұрып, шыныны ұстаған бойы оң тізесін басып иіліп атаға сәлем жасады. Көзінің қиығымен барлап отырған ата, «Көп жаса, бақытты бол қарағым!» деді. Шешем бауырсақты өзі алып қалып, атамыздың шынысына жаңалап шәй құйып берді. Екінші сәлем келесі дастарқан үстінде ет желініп болғанда жасалды. Табақты түбіндегі қалған тамағымен «келінге берші!» деді әкеме ымдап. Әкем шешеме алып берді, ол кісі тағы да тізесін басып, сәлем жасап құрмет білдірді. «Көп жаса, бақытты болыңдар!» деді, қария батасын беріп. «Аталар мен әжелердің сарқытын ішкен екен» деп осындай сәттерді айтса керек деп ойладым.    

Менің ендігі міндетім олардың ат-көліктерін реттеу болды. Қонақтың өзіне тамақ беру, жамбасын жұмсақтан орын салып беруден бөлек ат-көлігіне қарау да маңызды жұмыстардың бірі. «Иесін сыйласаң итіне сүйек таста» деген қазақтың ұрпағы болғандықтан мініс аттарына да күтім көрсетілуге тиіс болады. Үш ат демін алған соң бірінші жүгендерін алып ақырға байлап шөпке қойғамын, сәлден кейін суғардым, онан соң барып атдорбаларға бес қос уыстан жем салып бастарына ілдім. Жемді жеп болып, жарты сағат, әлде бір сағат өткен соң, арқасының тері кепті-ау деген шамада ертоқымдарын алып ақырды толтыра шөп салып тұрар орнына кіргіздім. Түнде оралып қалмасын деп шылбырды аяғына жетпейтіндей етіп, басы шөпке еркін жетерліктей ғана байладым.  Бір-бірін теуіп тастамасын деп арасына ұзын шанжа қойып мықтап бекіттім. Жылы қораның есігін жауып бекітіп үйге аяңдадым. Қонақтар да әңгімелерін аяқтап далаға шыққан екен, аспанда құсжолы көлбейді, жұлдыздар аспан төсіне таққан тана-моншақтай болып бадырайып нұрын шашып тұр. 

Таңғы шәйден кейін қонақтар қайтатынын айтқан соң, ат-әбзелдерін реттеп көліктерін қамдап ерттеп даярладым. Сәске түске қарай мені қасына шақырды. 

- Балам, биыл мектеп бітіреді екенсің, кешелі бері байқап отырмын, ойың сергек, қимылың қағылез екен! Сен енді, бір қатіре тауып әкеліп маған бер, намаз оқудың тәртібін жазып келесі жолы келгенімде әкеліп берейін!.. Қалған әңгімені сол кезде айтамын, - деді.  Қағаздарымның арасынан шағындау қара түсті қатірені (блокнат) әкеліп бердім. Қолына алып ішін ашып парақтап көріп шығып «Осы қатіре болады, арасында адамның қыстырма суреттері бар екен, оны өзім қырқып алып тастармын...» деп қалтасына салды. Атамыздың атының тартпасын мықтап тартып, аткөрпесін түзеп, үзеңгісін оңына айналдырып, әкем атқа мінгізді. Онан қасындағы жолдастарын құрметтеп қолтықтап аттандырып, біз ілтипат көрсеттік.

Бір айдан кейін қасында бір нөкері бар Әбдісадық атам үйге келді. Қарсы алып, қонаққа көрсетер сый-құрметтің бәрін жасап жүрміз... Шәй ішіп, тамақ жеп болған соң мойнын маған бұрды. 

- Ал, балам, бұл жолы сен үшін келдім!.. Маған жақын келіп отыр! - деді де ішкі төс қалтасынан алдыңғы жолы алып кеткен қатірені шығарды. - Бұл дәптерді сенің қолыңа беруден бұрын бірнеше сұрағым бар, соған жауап бер!

- Міллетің не? Дінің не? Жаратушың кім? Пайғамбарың кім? Кітабың не?

- Міллетім (ұлтым) - қазақ, дінім - мұсылман, жаратушым - Құдай, пайғамбарым - Мұхаммед, кітабым - Құран дедім, үлкендерден естігенім бойынша жауап беріп.

-Ім-м-м! Міллетім - Ыбырайым Халиолла деп айтуың керек, дінім - Ислам деп айтсаң дұрыс болады, Мұсылман деген сені мен біз. Жаратушым - Алла Тағала деп  біліп ал, жүз жиырма төрт мың пайғамбар келіпті, біздің Пайғамбарымыз ақырзаман Елшісі Мұхаммед Мұстафа(с.а.у.), оны дұрыс айттың! Төрт кітап түскен біздің қасиетті кітабымыз - Құран Кәрім. Аллаға шүкір, сауатың бар екен!

- Ендеше Шаһадат-Кәлима айт! - деді, маған тіке қарап. Мен мұсылман екенімді білсем де бұл сұраққа жауап бере алмадым. Шынында не деп айту керек екенін білмей сасып қалдым. 

- Білмесең айтайын, мен мына үйге кіру үшін алдымен есікті ашып табалдырықтан аттауым керек емес пе? Егер табалдырықтан аттамасам үйге кіре алмаймын, солай емес пе? - маған барлай қарады.

- Иә, табалдырықтан аттау керек! - деп өз сөзін қайталадым. 

- Сол секілді Ислам дегенді дәу сарай десек, оның ішіне кру үшін қақпасынан енесің, сол сияқты мұсылман болудың шарты Кәлима айтып жүрекпен мойындау, яғни сену! Ендеше, маған ілесіп айт!

- Әш әду әллә илаһа иллала! Әш әду әннә мұхамаддан расулалла! Мен айтқанды қайталап айт!

- Әш әду әллә илаһа иллала! Әш әду әннә мұхамаддан расулалла!. Тілім келмей, шамамның келгенінше жақындаттым. Бұрында естіген сөзім екен, бірақ, соншалықты маңызды екенін білмеппін. 

- Міне, енді дұрыс болды, сен осы сәттен бастап мұсылмансың! Мүбәрак болсын! Ислам - Алланың ақ діні, оны бізге жеткізген әз Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Кәлиманың мәні Алланың бар екеніне, бір екеніне куәлік ету, Мұхаммед оның құлы әрі Елшісі екеніне куәлік ету. Осы екі нәрседе көзқарасың анықталып, шын жүрегіңнен сенсең мұсылмансың! 

- Бұрын да мұсылманмын деп келгенмін, ендеше мен сенемін! - дедім, бар болмысыммен.

- Онда жақсы болды, міне қатіре, оқып-үйрен, жаттап айтып жүр, уақыты келгенде бес уақыт намаз оқы! Мұнда қысқаша болса да «Бісмілладан» бастап «Жаназаға» дейін жазулы тұр.

«Бісмілла!» деп қатірені қолыма алдым. Жәй бір кітапты ала салғандай емес, кәдімгідей қорқақтап, именіп барып алдым. Ақырын ішін ашып парақтадым, бірден көзіме түскені адамның суреті бар беттерін қайшымен қиып алып тастапты. Тап-таза суретсіз парақтарға Шәһадаты-Кәлимадан тартып мұсылмандық ереже, парыз міндеттер жазылыпты. Онан ары Құранның қысқа сүрелері, бес уақыт намаз оқудың парыз-сүннеттері, қиям, рукығ, сәжде, отыру, оқылар сүре, айтылар дұға ине-сабақ жібіне дейін жазылыпты. Тіпті соңына кісі дүниеден өткенде оқылатын жаназаның тәртібі, оқылатын «Төрт тәгбірлі екі ракағат намазға» дейін хатқа түсіріпті. Міне бұл, менің қолыма тиген алғашқы «Ғылымхал» болатын. Ол кезде діни кітап, Құран, Хадис деген мүлде жоқ. Тек қана мешіттердегі қойылған заңды молдалар ғана ас-той, нәзір-құзырда айтпаса, өзге жерде естімейтінбіз. Мешітке бір жылда екі рет барамыз, бірі ораза айт намазы, екіншісі құрбан айт намазы. Жұма намазына мүлде барып көрмеген шағым, бес уақыт намазды біздің туыстардың ішінде нағашымыз Рахымберді ата ғана оқыған. Мұсылман екеніміздің анық белгісі еркек баланың сүндеттелуі арқылы, бейсенбі күндері жеті шелпек пісіріп дастарқанға Құран оқу арқылы, мал бауыздағанда «Бісміллә, Аллаһу акбар!» деп айту арқылы ғана сезілетін. 

Ол кезде қазақ шошқаның етін жемейтін, бірақ, арақты суша сіміретін. Арам мен адал туралы доңыз - арам, арақ - өкіметтің тамағы болып саналып кеткен еді. Пәлен жерде біреу жабайы шошқа атып алып етін қуырдақ етіп жепті десе, ауыл болып қарғап-сілеп үйіне бас сұқпай кететін. Ал, арақ әр үйдің қонаққа құятын кәделі асына айналып кеткеніне көп болған. 

Сөйтсек екеуі де арам, екеуі де жиіркенішті нәрсе екен. Бірінің күнәсі ауыр, бірінің күнәсі жеңіл деген жоқ. Күнәнің атасы, жан тазалығын ластайтын, ақыл-ойыңа тұсау салатын сұмдық жаман нәрселер екен. 

Әбдісадық ата сол жолы шынында мен үшін келген екен, дәптерді беріп әр бетін ашып түсіндірді, Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуымен маржандай етіп көркемдеп жазыпты. Қырық жыл мұғалім болған ұстаздың қолтаңбасы да басылған мөр секілді айшықты. Ол кезде біз латын әрпімен «жаңаша жазу» бойынша оқып жүрсек те, әкемнің үйретуімен төте жазуды үйреніп алғамын, тіпті керек десеңіз, әкемнің қадағалап үйретімен советтіктердің қолданатын орысша (кирил әрпі) жазуын да білетінмін. Сол кезде ауылымыз Қазақстаннан келген хаттарды оқытып, хат жазғызып алып жатушы еді. Бұл жағынан әкем менің ұстазым, кейінгі кезде, мектепте, қоғамда  жүргенде қай жазудағы кітап қолыма тисе де оқып кете бердім. 

Әбдісадық ата мені қасына алып барынша түсіндірді. Көлемі шағын қатіремізді басынан бастап оқып, арасында тоқтап, осы жері күрделі болар деген тұсын ашып айтып отырды. Ол кезде заң басқа, заман басқа болғандықтан бірден намаз оқып кетуге жағдай жар бермеді. Мен оқуға кеткен жылдары қатіре үйде қалды да, оқуды бітіріп қызметке шыққан соң қайта қолыма алдым. Әр жолына назар салып сүрелерді, дұғаларды жаттап көңіл аударып жүрдім. Құран 90 жылдардың басында Ғазез Ақытұлының аудармасымен Бейжіңнен басылып шықты, сол жылдары «Құран хикаялары» деген кітап та жарық көріп, пайғамбарлар өмірімен таныстық. Біз алғаш рет қасиетті кітабымыз Құранмен жүздестік. Қазақстанға көшкенде ақсақалымыз берген қатірені бірге алып келдім, қызметте, жұмыста қалтамнан тастамай өзіммен алып жүрдім. Қазір «Ислам ғылымхалының» не түрлісі басылып шығып жатыр, толық, кемелді кітаптар көп. Аллаға шүкір, олар да бар, сөйте тұра Әбдісадық атамның өз қолымен жазып берген дәптері мен үшін қастерлі. Ол маған кәлиманы үйретіп, тілімді иманға келтірген кісі, жүрегіме мұсылмандықтың дәнін еккен адам.          

Мұсылманның бес парызы бар, бірінші, Кәлима-Шаһадат айту, тілмен айтып жүрекпен мақұлдау. Екінші, намаз оқу. Үшінші, ораза ұстау. Төртінші, зекет беру. Бесінші, қажыға бару. Осы бес парыздың ішіндегі алғашқы үшеуін кез-келген мұсылман орындай алады. Зекет беру мен қажыға бару жағдайы келетін дәулетті мұсылмандарға қаратылған. Ауқатты мұсылман байлығы жете тұра, соңғы екі парызға немқұрайлы қараса,  құлқы болмаса, онда оның иманының әлсіз болғанын көрсетеді. 

Мұсылман баласы алты нәрсеге иман келтіреді. Бірінші, Алланың бар екеніне, бір екеніне сену. Екінші, Періштелердің Алланың нұрдан жаралған қызметкерлері екеніне сену. Үшінші, Алланың Пайғамбары Мұхамедтің (с.а.у.) Алланың құлы және Елшісі екеніне сену. Төртінші, Алланың түсірген төрт кітабына, Құран-Кәрімге сену. Бесінші, жақсылық пен жамандық, тағдыр Алланың қалауында болатынына сену. Алтыншы, өлетінімізге және қиямет күні қайтадан тіріліп алланың алдында есеп беретінімізге сену. Міне осы нәрселерді Әбдісадық ата бір-бірден айтып түсіндірді. 

Ол кісінің айтуынша мынау дүние жалған. Оның жалған болатынын алыстан іздемей-ақ, өз басымнан өткен оқиғалар арқылы айтып берейін. Әкем Солтанқұл бай болды, болыс болды. Өз заманында бір кісіден кем болмай өмір сүрді. Кейін орыс коммунистері келіп байларды тұтқындап, жау санап соттап шетінен Сібірге айдатты, атып көзін жойды. Әкем Рахымбай да солардың қатарында, Жаркентте қызылдардың қолынан атылып кетті. Мал-дүниені қидай сыпырып конпескелеп өкімет өткізіп алды. Анамыз жесір қалып, өзіміз жетім болып, тұлдыр кедей панасыз, қорғансыз жанға айналып Қытай жеріне қашып өттік. Әкенің болыстығы қайда? Үйір-үйір жылқы, қора-қора қой қайда қалды? Бәрі бір сәтте көзден ғайып болды. Тек қана үйреткен білімі, оқытқан оқуы ғана басымызда қалды. Мынау жалған дүниенің қызығы сіріңке шырпысының «сырт» етіп жанып өшкеніндей ғана өте шықты. Сондықтан екі әлемнің байлығы иман ғана. Ақылың жетіп, аяғың барған жеріне дейін оқып білім ал, осылардың ішінде Алла жолынан адаспай өмір сүргенің бәрінен абзал!.. Үлкен міндеттерді кейін білесің, менің айтарым: "темекі шекпе, арақ ішпе, өтірік айтпа, ұрлық істеме!". Осы сөздерін миыма құйған қарт ұстаз бар ықыласымен жазып келген дәптерді аманаттап қолыма ұстатқан еді.

0 пікір