Теңге алу (ілу) - қазақ ұлттық ат спорты. Ертеден келе жатқан ойындардың бірі. Теңге ілу де ат спортына жататын ойынның бірі. Теңге алу ойыны тегіс жерде өткізіледі. Ойынға жасы 18-ден асқан адамдар ғана қатысады. Ол ертеде үлкендігі ақ тоқымдай киіздің үстінде 50, 20, 15 тиындық майда ақшаларды салып қоятын болған. Қазір тақыр жердің ойықтау тұсына ақ шүберекке түйілген зат тасталады.
Ойыншылар қос тартпалы мықты ерттелген атқа мініп 30-40 метрдей жерден шауып бара жатып, ақ киіздің үстінде жатқан тиынды немесе ақ шүберекке түйілген затты еңкейе беріп, іліп алып кетулері керек. Аңшаны ат үстінен алған адам иеленіп кетеді. Қазір шүберекке түйілген тиын, не сондай кішірек затты ат үстінен еңкейіп көтеріп әкеткен адам жеңімпаз атаңып, жүлде алады.
Ойыншылар атқа кезек мініп немесе бірнеше атпен (әркім өз атымен) кеп ойынға қатынаса береді. Алғашқы адам тиынды іліп кетсе, оның орнына тағы да тиын салынады.
Ойынға жуас жылқылар пайдаланылады. Ат ойыншының қалауынша шабады, бірақ теңге жатқан жерге келгенде, баяулауға немесе тым ағынды шабысқа салуға болмайды.
«Теңге ілу (алу)» — ұлттық ойын. Теңге ілу – бозбалалар мен жігіттердің атпен ойнайтын ойыны. Көбіне қыз ұзатылатын және сүндет тойларының думанында ойналады. Жігіттің атқа мықтылығы, ат үстіндегі самдағай әрекеті, денесін игеріп, билеп алған ептілігі сынға салынады. Теңгені іліп ала алмай, аттан ауып қалып жататындар да көп болады. Кейде бір ауылға келін ұзағырақ жылдардан кейін түсіп, беті ашылғаннан кейінгі сайранда ырым үшін де ойналады. Сонда жас келін өзінің шолпысын не алқа күмістерін орамалға түйіп, бір қарыстай терең қазылған, қолдың басы ғана сиятын шұңқырға салып қояды. Сәйгүлік мінген жігіттер жүз, жүз елу метрдей жерден екпіндете шауып келіп, сол ағынымен шұңқырдағы орамалды іліп әкетуге тиіс. Шұңқыр тұсында іркіліп, тоқтауға не аттың шабысын бәсеңдетуге болмайды. Кімде-кім орамалды іліп әкетсе, оны өзіне тартылған жас келіннің тарту сыйы деп біледі. Оны өзі алып қалмайды, қалаған адамына сыйлайды.