Қазақ айтысындағы аят пен хадистер
Қазақ айтысындағы аят пен хадистер
3 ай бұрын 1772 ummet.kz/ Фото: aruna.kz

Халық ауыз әдебиетінің маңызды бір саласы – айтыс. Сөз өнерін қадірлейтін халқымыз оны сүйіп тыңдап, айтыскерлерге үйінің төрінен орын берген. Міне, осындай қастерлі өнер туындысы – айтыс арқылы да ата-бабамыз халыққа дінді насихаттауды ұмытпаған. Дін қызметкерлері, әсіресе молдалар Ислам дінінің халық арасына кең өріс жаюы, діни термидердің халықтың құлағына сіңіп, көкірегінен орын тебуі үшін ақындарды осы мәселелерде сөйлетуге тырысқан[1].

Исі мұсылман айтыскерлеріміз де діни тақырыптарда қалыс қалмай өздерінің тапқырлықтарын байқатып отырған. Мысалы, Болық пен Елентайдың айтысында мұның жарқын көрінісін көруге болады:

Болық:
Ақын жігіт атанған Елентайым,
Өнерпаздың өнерпаз білер жайын
Жауап бер бір азырақ сөз сұрайын:
Әуелі не жаратты бір құдайым? – десе,

Елентай оған:
Болық, маған белгілі сенің сырың,
Біздерден артық емес айтқан жыры.
Бұрынғы даналардан есітемін
Жер мен көк жаралды елден бұрын,[2] - деп жауап береді.

Міне, бұл айтыста әлемнің жаратушысы Алла екені, Оның әлемді жаратуы жайлы тақырып қозғалса, Рысжан мен Әсеттің арасында өткен айтыста Исламның бес шарты баяндалған:

Рысжар:
«Ра», «мем», «нон», «хи» менен «зи» оған ерген,
Бұл бес әріп бес сөздің бесеуінде
Білдің бе мағынасы қайдан келген? – деп жұмбақ етіп жасырғанда,

Әсет ақын:
Бір сарай нұрланады Мекке-дүр «мем»,
Хажы – парыз, бай кісіге хақтан келген.
«Нон» - намаз, «ра» - руза, «зи» - зекет-дүр,
Парыздың енді бірі – иман білген,
Хажы исламның бесіншісі «хи» деген сол,[3] - деп жұмбағын жаңылмай шешіп береді. 

Сонымен қатар, ақын Әбубәкір Кердері бір күні татар ақыны Нұрыммен кездеседі.

Нұрым:
Қазағым сен білмесең мен айтайын
Қазақты бір рауаятта «кәпір» деген. 

Әбубәкір
Кәпір деп мұсылманды діннен шықтың 
Байқасаң мұның түбі бір іс болар. 

Бұл жерде Әбубәкір Кердері нық сеніммен кесіп айтқан тұжырымын мына хадистен шығарғаны белгілі: «Бір адам біреуге «кәпір» деген кезде екеуінің біреуі кәпір болады. Егер айтылған адам кәпір болса, әлгі адамның сөзінің рас болғаны. Ал егер олай болмаса, айтушының өзіне айтқан сөзі кері оралады (өзі діннен шыққан болады)».

Осындай діни мәліметтер қамтылған айтыстарда айтыскерлеріміздің хадис пен сүннеттерге сүйеніп, сөз сөйлегендерін көруге болады. Мысалы, жоғарыда айтылған Болық пен Елентайдың айтысына қайта оралайық.

Болық:
Елентай, жақсы жауап береді екен,
Сұрауға тағы бір сөз келеді екен.
Дүниенің әуелінде жер жаратылса
Қара жерді көтерген немене екен?

Елентай:
Қыз Болық, өлең айт деп қылдың тілек,
Шошымас сұрағанда біздің жүрек.
Жаралған алып болып бір көк өгіз
Тұрады мүйізімен жерді тіреп.

Болық:
Елентай сөйлер сөзге кемел екен,
Сұраса жақсы жауап береді екен.
Қара жерді көтерген өгіз болса,
Көк өгізді көтерген немене екен?

Елентай:
Жаратқан өзі жарлық қылған дейді,
Ешкім күмән қылмайды бұған дейді.
Қара жерді көтерген ол көк өгіз
Табанымен тас болып тұрған дейді.

Болық:
Бұларды ақылменен оңдай ма екен?
Мүйізі ол өгіздің талмай ма екен?
Көк өгізді көтеріп тұрған болса
Қара тастың шамасы қандай екен?

Елентай:
Қазақтың оны білер баласы жоқ,
Ішінде көп оқыған данасы жоқ.
Дүниенің айналасы теңіз дейді
Айтылған қара тастың шамасы жоқ.

Болық:
Елентай, сөйлер сөзге шебер екен.
Бұл сөзіме не жауап берер екен.
Айналасы шамасы алыс болса
Қара тасты көтерген немене екен?

Елентай:
Әр нәрсе де өзінің сыйымында,
Жарамастай нәрсе жоқ қиын мұнда.
Көк өгізді көтерген ол қара тас
Бір балықтың тұрады екен иығында[4]

Болық пен Елентай айтқан дүниенің жаратылысы жайлы мәліметтерді хадис кітаптарына енген мына хадистен көруге болады: «Жер судың үстінде, су бір жартастың үстінде, жартас болса балықтың үстінде, балық болса екі аяғы бос кеңістікте тұрған бір періштенің үстінде»[5]. Бұл хадис жайлы мұсылман ғалымдар түрлі жорамалдар айтқан. Хадисші Әлбани бұл хадисті ойдан шығарылған деп бағалаған. 

Ұлбике мен Күдері қожа арасында өткен айтыста да Ұлбике бұл әлемде алғаш не жаратылған деп сұрағанда, Күдері қожа:

Әуелі Мұхаммедтің нұрын қылған,
Он сегіз мың әлемнен бұрын қылған, – дейді.

Бұл жерде Күдері қожаның мына хадиске сүйеніп жауап бергенін көруге болады: «Алланың алғаш жаратқаны сенің пайғамбарыңның нұры, ей, Жабир!»[7].

Осы айтыста Ұлбике де есім сұраудың сүннет екенін, өзінің де осы сүннетті ұстанып, қарсыласының аты-жөні кім екенін сұрайтынын айтады. Ұлбикенің ұстанған сүннеті: «Бір кісі біреумен танысқанда атын, әкесінің атын және кімдерден екенін сұрасын. Себебі, бұл әрекет жақындықты арттырады»[8], – деген хадистен шыққаны түсінікті.

Жарылқасын ақын да бір айтыста Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне меңзеп, қарсыласына былай дейді:

Жарқыным, сәлем берсең, сәлемет бол,
Жетеді мұратына өлмеген құл.
Сіз сәлем берсеңіз, біз әлік алдық,
Сүннеті пайғамбардың қазулы жол[8], – дейді.

Осылайша айтыс өнерінің майталмандары сөздерінің өтімді, өткір әрі басымдыққа ие болуы үшін хадистерді дәлел ретінде қолдануы, оның халқымыздың діліне сіңісті болып, күнделікті қоңыр тіршілігінде көрініс табуы сүннет жолымен жүріп, хадистерді ту еткендігінің бұлтартпас айғағы болса керек. Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген сүйіспеншілігін басына тәж еткен халқымыз хадис пен сүннетті кейде тура, кейде жаңылыс қолданса да, оны рухани өміріне арқау еткенін осындай өнер туындыларынан да көруге болады.


[1] С. Мұқанов, Айтыс, 8-б. А., 1941 ж.
[2] Айтыс, 1, 304 б., А., 1998.
[3] С. Мұқанов, Қазақ қауымы, 203-б., А., 1995
[4] Айтыс, II т., 63-64-бб.
[5] Хәйсәми, Мәжмәуз-зәуаид, VIII т., 131-б.
[6] Кәшфул-Хафа, I т., 265-266-бб.
[7] Тирмизи, Зухд, 53.
[8] Айтыс, 183-б.

Ш. Әділбаеваның«Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» кітабынан

0 пікір