«Қатын» сөзі қандай мағынаны білдіреді?
«Қатын» сөзі қандай мағынаны білдіреді?
1 жыл бұрын 21781
Дайындаған Абдусамат Қасым

«Қатын» немесе түпнұсқасы бойынша «Хатун» сөзі - ескі түркі сөз. Мәліметтерге қарағанда, «Хатун» сөзі сонау Ғұндардың заманынан келе жатқан сөз.

Деректерде ол сөздің «Хақан» (қаған) және «Тун» сөздерінен құралғандығы айтылған. Мағынасы: «патшаның жұбайы», «патшайым» деген мағыналарға саяды. Кейіннен «Хақантун» («Қағантун») сөзі қысқарып «Хатун», «Қатун» болып дыбысталып кеткен. (Хақан/Қаған - Ертедегі түрік тайпалық одақтары мемлекеттері басшысының титулы, хан)1. 

Хатун сөзі ғұндардың заманынан бастап, Исламға дейінгі кезеңдердегі түркі елдерінде ханның әйеліне берілетін ресми лауазым ретінде қолданылып келген. Кейіннен түркі халықтары жаппай Ислам дінін қабылдағаннан соң, бұл сөз қоғамда өзіндік орны бар текті әйелдерге берілетін атақ ретінде араб, парсы, үрді тілдеріне өткен. Бұл сөздің түркілерден араб елдеріне Аббасит халифалығы кезеңінен бастап ене бастағандығы айтылады. Мысалы, Аббасит халифасы Харун Рашидтің әйелі «Зүбайда Хатун» осы атаумен аталған араб патшайымдарының алғашқыларынан болып келеді2.

Аталмыш сөздің «Шығыс Иран» тілі «Соғд» тілінен енген дейтін де дерек бар(3). Кезінде Соғд мемлекеті қазіргі Орта Азия елдерінінің біразын қамтығанын ескерсек(4), «Хатун» тілінің парсы «пехлеви» тілінен енген болуы да мүмкін.

Қалай болғанда да, қазақша «Қатын», ал түпнұсқасында «Хатун» болып дыбысталатын бұл сөз - «патшайым», «көсем», «текті әйел», «лауазымды» әйел деген мағыналарды білдіреді. Және де біздің тілімізде дөрекіліктің нышаны саналатын «қатын» сөзі, көне түркі елдерінде мыңдаған жыл бойы ханның жұбайы сияқты қоғамда өз орны бар маңызды әйел затына берілетін лауазым атауы болып саналып келген. Қазіргі таңда «Хатун» сөзі ең көп қолданылатын елдердің бірі Түркия елі десек, «кадын» деп оларда, кәмілет жастан асқан әйел затына айтылады. Әлхамдулилләһи Раббиль Аләмин!


Пайдаланылған дереккөздер:
1  Қазақ тілінің әмбебап сөздігі. Қаған.
2   ar wikipedia org/wiki/خاتون; almaany com/ar/dict/ar-ar/خاتون/ 
3  /islamansiklopedisi org tr sogd
4   islamansiklopedisi org tr hatun,  

Қосымша қараңыз:

0 пікір