Ер-тоқым туралы не білесіз?
Ер-тоқым туралы не білесіз?
7 жыл бұрын 31889
Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ

Ер-тоқым – ат үстіне бекітетін бүкіл тұрманы толық, атқа ерттей салып, айылын тартқан соң, жөнелуге дайын тұрған тастүйін жабдық. Аттың басарқасын баспайтындай етіп жасалған ер-тоқымның негізгі ағаш бөлігі “ер” деп аталады. Ер-тоқымның түрлеріне ретімен тоқталып отырайын.

Құранды ер – қас, қаптал түгелімен ағаш бөлшектерінен қиылып, тарамыс, желіммен біріктірілген, сырты сірімен қапталған ердің бір түрі. Ішпек тоқымның үстінен, екі қапталының астынан қойылатын екі бөлек жасалған желдігі де болады.

Ойма ер деген – алдыңғы, артқы қас, екі қаптал, белағаш деп аталатын бес бөлшек ағаштан қиылып жасалған ер түрі. Бұл ердің барлық бөлшегі жеке-жеке ағаштан ойылып жасалған. Сол себепті “ойма ер”, “ойма қасты ер” деп атайды.

Қас деген болады, қазақ ерде алдыңғы және артқы қас болады. Алдыңғы қасы ілгері қарай сәл кергітіп, тіктеу қойылады, артқы қасқа қарағанда сәл биіктеу келеді. Артқы қас – сәл аласа, үсті – кең. Ұялы, орнықты, шалқақтау қиылған. Қастың міндеті көп. Бәрінен де үстінде отырған адам оқыс құлап, сыпырылып түспеуі үшін қажет. Әсіресе артқы қас – ең керекті бөлшек. Оның қасиетін “айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды” деген мақал дәлелдейді. Ершілер ер ағашын мұқият сұрыптап таңдайды. Ағаштың табиғи үйілі мен бұйрасын, ағаш безінің алуан түрлі шұбарларын іріктеп алады да, қасты солардан ойып, неше түрлі үлгіде шығарады. Ағаштың табиғи өңін көрнектендіре өңдейді. Ал қыз-келіншекке арналған ердің қасы өрнектеледі. Қас бетін ою-өрнек салынған жұқа темірмен жабады. Ол терілер күміспен қапталады. Алтын жалатылады. Алтынның буына ұсталады. Сыздықтар, ширатпалар жүгіртіледі. Үзбелер, шытыралар қағылады. Қыз-келіншекке арналған қымбат бағалы ер-тоқымның айыл-тұрманы да қымбатқа түседі.

 

Ер-тоқымның атаулары

         Қазақ ер, қырғыз ер, қалмақ ер, орыс ер, ағылшын ер, темір ер, ағаш ер, найман ер, керей ер, адай ер, қаптағай ер, алшын ер, алтай ер, құсбас ер, шошақ бас ер, үйрекбас ер, құранды ер, қозықұйрық ер, айыл-тұрманның төрт түрі, былғары айыл-тұрман, өрмелі айыл-тұрман, түймелі айыл-тұрман, ызбалы айыл-тұрман, жұмсақ ер, қаңқалы ер, ат шомы, түйе шомы, ашамай, қом, ершік, ыңыршық, ағаш қасты ер, темір қасты ер, қазық бас ер, боқан ер, қанбас ер, ақбас ер, қоқан ер деген секілді ерлердің түрі көп. Оларды былай жіктеуге болады. Ерлер ері, әйелдерге арналған. Балаларға арналғаны – ашамай. Қыз-келіншектерге арналған ердің өзін әдеттегі ағаш ер-тұрман, күмістелген ер-тұрман, алтындалған ер-тұрман деп жіктеуге болады.

 

Ашамай

         Ашамай – жеті жасқа жетпеген бөбектерге арналған, артқа ерттелетін ер-тоқымның бір түрі. Баланың жасына қарай қолтырмаш, тепкішек байланады. Қолтырмаш – ашамайдың арқасынан екі жағына бір жақ басынан бүлдіргелеп бекітілген екі шабақ ағаш. Бала ашамайға мінгенде баланың екі қолтығы астынан сүйемелдеу үшін шабақ ағаштың алдыңғы бір ұшын ашамайдың алдына бүлдіргелеу арқылы байлайды. Аттың оқыс қозғалысы, сүрінуі, үркуі кезінде бала аттан түсіп қалмауы үшін жасалған байлау әдісі. Баланың қолтығының астынан байлағаны үшін “қолтырмаш” деп аталып тұр.

Тепкішек деген ашамайдың екі қапталына қоржын сияқты түсіріліп қойылған екі дорба. Сәндеп, ою-өрнек салып, жұқа, жұмсақ киіз дорбаға бала екі аяғын салып отырады. Баланың аяғы, екі тізесі тоңбайды. Осы киіз дорба балаға үзеңгі орнында, баланың аяғын қозғап, тебініп отыруына ыңғай тудырғаны үшін тепкішек аталғаны анық. Қолтырмашты, тепкішекті ашамай, қолтырмашты, тепкішексіз және қолтырмашсыз, тепкішексіз ашамай болып келеді. Екі ағаштан қиып жасалған алдыңғы қас, екі ағаштан қиып жасалған артқы қас, екі қаптал, бір белағаш, екі ішпек, бір терлік, екі айыл, екі қолтырмаш, екі қалталы тепкішек және аттың басында ноқта, жүген, шылбыр, тізгін болады. Қазқа көшіп-қонып жүргенде сәбилер жеті жасқа дейін ашамайға мінеді.  

Қ.Бегманов. "Этнографпен әңгіме" кітабынан

0 пікір