Нәсәф ақидасының түсіндірмесі: «Өлгеннен кейін қайта тірілу – ақиқат!»
Нәсәф ақидасының түсіндірмесі: «Өлгеннен кейін қайта тірілу – ақиқат!»
4 ай бұрын 5605
Доктор Абдульмәлік ибн Абдуррахман әс-Саъдий

"والبعث حق"

«Өлгеннен кейін қайта тірілу – ақиқат!» Имам Нәжмуддин ән-Нәсәфи (рахимаһуллаһ).

Жекелеген сөздердің түсіндірмесі: 

*Қайта тірілу – ақыр заман болғаннан кейін, қиямет қайым сәтінде жаратылыстардың қайта тірілу құбылысы. Ол денесінің бүкіл бөлшектері біріктіріліп, рухтардың денеге оралуы арқылы жүзеге аспақ.

*Ақиқат – шүбәсіз, болатындығы шындық, нақты.

(Екінші сүр үрленісімен) Алла Тағала барлық жаратылыстарды тірілтіп, бір жерде (махшар) бәрі жиналады. Амал таразылары тартылып, амал дәптерлері беріледі. Адамдардың бәрі істеген істерінің есеп-қисабын береді. Бірсыпырасының барар жері – пейіш, бірсыпырасының барар жері – тозақ. Тозақта кәпір мәңгі қалады, ал күнәһар мұсылман өзінің күнәсінің мөлшерінше азап шегеді. Осы мәселелер жөнінде жеке-жеке тоқталып өтеміз.

Біріншісі: Қайта тірілу.

Кейбір адамдар өлгеннен кейін қайта тірілу мен махшар майданында жиналуды жоққа шығарып, сенбейді. Бұл – шүбәсіз күпірлік болып табылады.

Кейбір мұсылман философтар болса, махшар майданында денемен жиналатындықтарын жоққа шығарған. Олардың пайымынша, Қиямет қайым күні денелер емес, рухтар махшарда жиналатын болады. Бұл да күпірлік (бұлай деген де кәпір болады). Өйткені, ондай тұжырым - төменде келтірілетін Нассқа (аят-хадистерге) қайшы.

Ендігі жерде, қайта тірілуді мүлдем жоққа шығарушылар: «Адам баласы өлгеннен кейін құрып, шіріген сүйекке айналады. Ол қайта қалпына келмейді» - деп сенеді. Алла Тағала Құран Кәрімнің бірнеше жерінде олардың осылай жасынға шығаруларын баяндап өткен. Сондай аяттарда кәпірлердің былай дейтіндіктері айтылады:

  • «Шіріген сүйек бола тұра (қайта тірілеміз бе)? Олай болса, ол тыйымсыз қайту екен десті»[1].  
  • «Олар өз жаратылысын ұмытып, Бізге мысал берді: "Міне шіріген сүйектерді кім тірілтеді?"- деді»[2].
  • «Адам баласы: "Мен өлген сәтте, қайта тірі шығарыламын ба?! - дейді. Біз алдын еш нәрсе емес кезінде де оны жаратқанымызды адам ойламай ма? Раббыңа серт! Сөзсіз, біз оларды да, шайтандарды да (бір жерге) жинаймыз. Сонан соң тозақтың айналасына оларды тізерлетіп әкелеміз»[3].

Философтардың пікіріне келер болсақ, олар: «Махшар майданына адамдар денелерімен жиналмайды. Ол жерге рухтары ғана жиналады. Өйткені, адам өлгеннен кейін денесі жоқ боп кетеді. Ал «жоқ нәрсені дәл сол қалпынша қайтару – мүмкін емес» - дейді олар.

Бұған былай деп жауап берілген:

Бір тамшы ұрықтан адамды жаратуға күші жеткен зат, оны қайта қалпына келтіруге де күші жетеді. Әлдебір нәрсені қайта қалпына келтіру – ол нәрсені бастан жасағаннан гөрі жеңілірек екендігі мәлім. Оның үстіне, бұрын болмаған жоқ нәрсені қалпына келтіру - әрине, мүмкін емес шығар, себебі онсыз да жоқ нәрсені «қайта қалпына келтіреді» деу ақылға қонымсыз. Бірақ, бұрын болып, кейіннен оны қайта қалпына келтірудің мүмкін нәрсе екендігін жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, бір үйдің ғимаратын бұзғаннан кейін қалпына келтіру - оны жаңадан соғудан жеңілірек. Өйткені, оның бұзылған кейбір бөлшектерін пайдалануға болады (мысалы, іргесіне қайта қалауы мүмкін, кейбір сау кірпіштерін қолдануға болады т.б.). Ал, жаңадан соғудың машақаты көп: пішінін әзірлеу керек, құрылысқа қажетті заттарды жинау керек, әкелу керек, іргесін қалау керек т.б. (Ендеше, философтардың «жоқ нәрсені қалпына келтіру – мүмкін емес» деген тезистерін адам баласының қайта тірілуіне қатысты қолдану қисынсыз).

Алла Тағала Құран Кәрімнің көптеген аяттарында жасынға шығарушыларға жауап берген. Сол аяттарда былай делінеді:

  • «Былай деп айт: "Оны - алғаш жаратқан тірілтеді. Ол, барлық жаратылысты біледі"»[4].
  • "Шынында бастапқыда жарататын да, қайта тірілтетін де – Ол"[5].
  • «Әй адам баласы! Егер өлгеннен кейін тірілуден күдіктенсеңдер, (біліп қойыңдар!) Біз сендерді (әуелі) топырақтан, кейін бір тамшы ұрықтан, кейін ұйыған қаннан, одан соң бейнеленген, бейнеленбеген кесек еттен өздеріңе тектеріңді білдіру үшін жараттық. Сондай-ақ құрсақтарда біз қалаған мерзімге дейін орналастырамыз. Кейін, оны сәби түрінде шығарамыз. Одан кейін ержетесіңдер. Кейбіреулерің қайтыс болып, кейбіреулерің әр нәрсені білгеннен кейін түк білмейтін өмірдің ең нашарына қайтарыласыңдар (қартаясыңдар). Қураған жерді көресің. Оған жаңбыр жаудырсақ, құлпырып, көпсиді де әр түрлі көркем өсімдік өндіреді. Ендеше, Алла Тағала – Ол хақ. Ол, өліні тірілтеді. Өйткені, әр нәрсеге күші жетеді. Әлбетте қиямет болады. Онда күдік жоқ. Шәксіз Алла, қабірдегілерді тірілтеді»[6].

Осы соңғы аяттағы «қабірдегілерді» деген сөз – адамдардың денелерімен қайта тіріліп, махшарда жиналатындықтарына дәлел. Өйткені, Қабірлерге рухтар емес, денелер жерленеді. (Рухтардың денеге кіріп, баз қалпында денелерімен тірілетіндіктерін меңзей келе Алла Тағала: «Қабірдегілерді тірілтеді» деп отыр).

Қиямет қайымда жаратылыстардың өз денелерімен тірілетіндіктеріне дәлел болар басқа да аяттар бар. 

«Сахих Мүслім» атты хадис кітабында келтірілген бір хадисте Айша анамыз былай деп әңгімелейді:

«Пайғамбарымыздың «Қиямет күні адамдар жалаң аяқ, жаланпұт (жалаңаш), сүндеттелмеген күйі тіріледі» дегенін естідім. Сонда мен: «Еркектер мен әйелдер бір-бірлеріне қарай ма?» -деп сұрағанымда, Ол (с.а.у.): «Айша, жағдайдың ауыр болары соншалықты, олардың бір-бірлеріне қарауға шамалары болмайды», - деп жауап берді», - дейді Айша анамыз[7].

Осы аят-хадистерде атылғандардың бәрі Қиямет күні адамдардың қайта тірілетіндіктеріне және рухтары денелеріне кірген бойда махшар майданында жиналатындықтарына ашық дәлел. Өйткені, жалаң-аяқ, жаланпұт және сүндеттелмеген қалпы, әрі сүйектерге жан бітіруі – бұлардың бәрі денеге тән ерекшеліктер. (Рухтар ғана махшарға жиналатын болғанда, аталмыш ерекшеліктер аят пен хадистерде айтылмас еді, демек, философтардың пікірлері Құранның ашық аяттары мен Пайғамбарымыздың сахих хадистеріне теріс).

"Шархуль Ақидатун Нәсәфия" атты кітаптан.
Аударып, дайындаған: Абдусамат Қасым


[1] Құран Кәрім: «Назиъат» сүресі, 11-12 аяттар.
[2] Құран Кәрім: «Ясин» сүресі, 78 аят.
[3] Құран Кәрім: «Мәриям» сүресі, 66-68 аяттар.
[4] Құран Кәрім: «Ясин» сүресі, 79 аят.
[5] Құран Кәрім: «Буруж» сүресі, 13 аят.
[6] Құран Кәрім: «Хаж» сүресі, 5-7 аяттар.
[7] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім» - Китабуль жәннәти уә сыйфату нәъимиһә уә әһлиһә - №2859.

0 пікір