Мүршид (пір) қандай болуы керек?
Мүршид (пір) қандай болуы керек?
11 ай бұрын 3159
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

*Мүршид - дұрыс жолға бағыттаушы, шейх, ұстаз немесе пір.


Бисмилләһир рахманир рахим

Сопылық жолына түскен мұсылманға мүршідсіз (пірсіз) болмайтындығы сөзсіз. (Бірақ, мүршид болар кісінің өзіндік шарттары бар, олар төмендегінше).

Мүршидтің (пірдің) шарттары

1) Дін ғалымы болу. Мүршид (ең алдымен) ғалым болуы керек. Алайда ғалымның бәрі мүршид болуға лайықты емес. Сондықтан да, мүршид - дұрыс жолға бағыттауға шебер ғалым болуы керек. Мұндай мүршидтің белгілері бар. Абыржығанның бәрі «мүршидпін» (пірмін) деп айтпас үшін, біз саған шынайы мүршидтің белгілерінің екеуін жалпы түрде айтып өтелік.

2) Дүниқозыңдықтан және мансапқорлықтан ада болу.

Мүршид болар адам мал-дүниеге деген қызығушылықты және атақ-дәрежеге, танымал болушылыққа деген құмарлықты жүрегінен шығарып тастаған болуы керек.

3). Шынайы мүршидтің тәрбиесінде болу.

Өзінің де тәлім-тәрбиесінің іргесі сондай (дүниеге және атақ-дәрежеге қызықпайтын) бір мүршидтің тәрбиесінде жүріп қаланған болуы керек (яғни, өзі де сондай мүршидтің тәрбиесінен өткен болуы керек). (Және оның мүршиді де сондай мүршидтің қолында тәрбиеленген болуы керек, мүршидінің мүршиді де, оның мүршиді де) осылай Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) барып тірелгенге дейінгі мүршідтер тізбегінің бәрі сондай сипатта болулары тиіс.

4) Нәпсі тәрбиесінен өткен болу.

Мүршид - тамақты аз жеу, аз сөйлеу, аз ұйықтау, көп намаз оқу, көп садақа беру, көп ораза ұстау сияқты риязат (нәпсіні тәрбиелеу) жолының дәмін татқан болуы тиіс, осылайша мырзамыз Мұхаммедтің нұрларынан кейбір нұрға қол жеткізген болмағы ләзім (саллаллаһу алейһи уә сәлләм).

5) Халық арасында көркем мінезімен және көркем өмірімен танылған болу.

Мүршид болар кісі күнделікті тыныс-тіршілігінде сабырлылық, шүкірлік, тәуекелділік, шынайы иман, сенімділік, жомарттық, қанағаттылық, аманатқа берік болушылық, жұмсақтық, керімділік, қарапайымдылық, тәрбиелі, мәрттік, ұят, байсалдылық, ұстанымдылық сынды көркем мінездерімен де танылған адам болуы тиіс.

Керісінше, тәкәппарлық, сараңдық, іштарлық, кекшілдік, дүниеқұмарлық, ақыретін ұмытып, дүние өміріне берілгендік, жеңілтектік сынды жаман мінездерден тазаланған адам болуы керек. Әсіресілтеушіліктен де аман болмағы ләзім.

Мұндай сипаттарға ие мүршидтің соңынан ілесу - тура жолды тапқандық. Алайда, ондай мүршидтің кездесуі өте сирек, әсіресе біздің заманда.

Бүгінде «иршәд» жолына бастаймын деушілер (пір бола аламын деушілер) көбейген, ал шын мәнісінде олар адамдарды бос, мәнсіз нәрселерге шақырады. Сондай-ақ, көптеген құдайсыздар «иршәдқа» бастаймын деген ұранмен шариғатқа қайшы дүниелерге шақырып жататын кездер болады. Сондай пірсымақтардың көптігінен шынайы мүршид-пірлер көлеңкеде қалып қойып жатады...1.


1Имам Ғазали (рахимаһуллаһ): «Хұләсатут Тасаниф фит-Тасаууф». Араб тілінде.

Абдусамат Қасым

0 пікір